Дос Көшім, саясаттанушы: Ұлтаралық қақтығыстар ұлтқа айтылған жаман пікірден туады
Алдымен айтарын-айтып, артынан кешірім сұрау, қоғамның оған бейжай қарауы дұрыс емес. Мұны қылмыс деп қабылдасақ та болады.
Өйткені айтылған сөздің мағынасы ұлт арасындағы араздықты қоздыру немесе өзге ұлтты жамандау сияқты сарында ғой. Мұндай жағдайда жауапкершілік міндетті түрде болуы керек. Кешірім сұрай ма, басқа қыла ма, мәселе онда емес. Жауапкершілік пе, жаза ма, міндетті нәрсе болуы тиіс. Сонда ғана ол қайталанбайды. Бізде қазір бұл заңдылыққа айналып кетті. Айтылады, ол халыққа тарайды, елдің ашу-ызасын тудырады, артынан кешірім сұрайды. Олай кешірім сұрау алдыңғы әрекетті жуып-шайып кетпейді. Бүйте берсек басқа адамдар да соны қайталайды. Біз айтады екенбіз, артынан жылап отырып кешірім сұрайды екенбіз, болды. Осы нәрсе соңғы үш-төрт жылдың ішінде заңдылыққа айналып кетті. Оған мемлекет тарапынан, прокуратураның, идеологияны қадағалайтын тараптардан жауапкершілік болу керек. Ол заңда да болуға тиіс. Соны қолға алмаса, бұл дерт белең ала береді. Оны тоқтату керек.
Әуелгі кездері кешірім сұраған адам кешірімін сұрап қоя салатын болды. Алғашқыда ол қайталанады деген ой ешкімге келмеді. Ал бірақ кейіннен қайталанды ма? Яғни біздің кешіріміміз еш нәтижесін, пайдасын берген жоқ. Бұл біздің жалпақшешейлігіміз. Жаңағыдан соң көбейіп кеткенін көргенде-ақ күрт бұрылып, заңдық негізге көшуіміз керек еді. Олар сонда да жазаға тартыла отырып кешірім сұрауы керек. Сонда жазаға тартылған уақытта кешірім сұрамай қала ма? Сұрайды. Қылмыстық кодекске емес, әкімшілік кодекске жататын шығар деп ойлаймын. Алғашқыда айыппұл міндетті болуы керек. Ал қайталанған жағдайда қылмыстық кодекспен қаралсын.
Арандатушылық пікірлерді айтатындар әртүрлі. Біреулер шынымен жай ғана айта салуы мүмкін, ал енді біреулер тамырын басып көрелік деп саяси сипатта, белгілі бір мақсатпен айтуы мүмкін. Тағы біреулер мас күйі телефонда отырып та айтып жатыр. Бірақ қандай мақсатпен айтылғаны айтушыны ақтамайды. Бастысы – оның айтылған және қоғамға қалай әсер еткені. Айтылды ма, жазаға тартылуы керек. Қазақ қоғамы, халқы ашуға булығады, сондай сөздер айтып отырғандардың ұлтына негативті көзқарас қалыптасады. Сондықтан мұндайға жол бермеген жөн. Өйткені ұлттар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа сызат түсіреді мұндай пікірлердің бәрі.
Сезіп жүрген ойларды ауыздарынан естісең жаман көзқарас пен сенімсіздік қалыптастырып алатынын өздері де білмейтін сияқты. Оның бәрі айналып келіп өзінің ұлтына тиетінін сезбейді. Себебі олар қазақтың қалай қабылдайтынын бағамдай бермейді. Бірақ сондайға жол бермеу деген саясат, сондай мемлекеттік ұстаным бізде жоқ. Осы мәселенің өзі идеологиялық жұмыстардың әлсіздігінің көрінісі.
Егер, ұлттар арасында дүрдараздық, кикілжің туындаса кезіндегі кешірім сұрағандары, айтқандары есте тұрады. Біздің көкірегімізде ащы нәрселер жинала береді ғой. Көбіне ұлтаралық қақтығыстардың, қанды оқиғалардың дені осындай ұлтқа айтылған негативті пікірлерден жинақталады. Осыны түсінбейді. Түсіндіретін идеологиялық жұмыстар жоқ.