Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:24, 20 Қараша 2023

Досжан Жанботаев, актер: Станиславскийді білмеген Жанботаев та «народный артист» атанды

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

«Жас Алаштың» «Менің Қазақстаным» жобасы аясында Ұлытау өңіріне барған едік. Жезқазғанда жүргенде, белгілі актер Досжан Жанботаевтың Бакуде өткен халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалінен «Жамбыл» рөлі үшін жүлделі болғанын естідік.

 Ағамызды құттықтап телефон шалғанымызда, театрға шақырды. Облыстағы Серке Қожамқұлов атындағы театрға екінті мезгілінде жеттік. Досжан Жанботаев Алматының хал-жағдайын, газетті сұрады.

– Қазір «Жас Алаш» газетінің кеңсесі қай жерде орналасқан?

– Көк базар жақта ғой. Бұрыннан сол жерде.

– Иее, Көк базар жақта ма, Көк базар десең, қайдағы-жайдағы еске түседі. Менің актерлік жолым да осы Көк базар жақтан басталған еді...

Қызық мәліметтің шетін шығарған актер бұл тақырыпқа бірден соқпады. Асықпай, өздері негізін қалаған өнер ордасын аралатып, талай жылдардың тарихынан сыр шертетін құнды мәліметтермен таныстырды. Содан кейін ғана өмірінен, балалық шағынан, қызықты хикаялар айтып берді.

Досжан Жанботаев Тұрсынбек Башар
Фото: Жас Алаш

Актер болу үш ұйықтасам да түсіме кірмеген

Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ совхозының Жалаулы деген аулында дүниеге келдім. Әкем ерте қайтты. Шешем сауыншы болып жұмыс істеді. Балалық шағым Қарасай деген қыстауда, Кіші Қарқара деген жайлауда өтті. Асық ойнап, тастан көлік жасап, асыр салып, ойнаушы едік. Көз жүгіртіп отырсам, балалық шағым қиын болса да ғажап өткен екен. Себебі қазіргі жастарға қарап таң-тамаша боламын. Кіштайынан смартфонға байланады, көзден көз, мидан ми қалмай ма деп қорқамын. Біз кітап оқушы едік. Балалық шағыма өкпелемеймін. Неге? Себебі сол қиыншылықтың бәрі төзімділікке, шыдамдылыққа, болашаққа деген бір үмітке үйретті. Қазір актер атанып, саған сұхбат беріп отырмын. Жас кезімде актер болуды армандамағанмын. Үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Менің арманым – зоотехник немесе мал дәрігері болу еді. Неге десең, бала кезімізде зоотехниктің көлігі алыстан көрінгеннен сауыншылар үстіне ақ халат киіп, шала бүлінетін. Дірдектеп, ақ киімдерімен сиыр саууға барғанда сиырлар үркетін. Олар келе жатқаннан ауыл іші азан-қазан боп шулайтын.

Сонда «ой, мыналарың пір ғой. Мен де зоотехник болмасам, өстіп келіп, сауыншыларды шырылдатпасам» деп армандайтынмын. Сол арман жетелеп, Алматыға алып келді. Зооветеринарный институтқа түстім. Оның бірінші курсын бітірдім. Бірінші курс аяқталғасын практикаға апаратын. Сауыншының баласы болғасын мені бұзау бағуға жіберді.

Керек-жарақ іздеп, Көк базарға курстастарыммен келдік. Анау-мынауымызды алдық, жасыратыны жоқ, аздап шараптан сілтедік. Содан шығып Абылай хан көшесіндегі Балалар әлеміне келдік. Ол жерден қаламсап, дәптер алдық. Сәл жүрген едік, алдымыздан Құрманғазы атындағы консерватория шықты. Ол кезде Жүргенов академиясы жоқ. Актерлер консерваторияда оқиды. Бірінші курста оқып жүргенде театрға, киноға барамыз. Сол кезде осы консерваторияның алдынан да өтеміз. Консервоториядан шыққан қыздар маған дүниеде жоқ көбелектер сияқты елестейтін. Шаштары, өздері ұзын, жүрісі қандай сұлу, құдай-ау бұлай кім жүре алады деп ойлайтынмын. Содан «кіріп көрейікші, ішінде не бар» деп тәуекелмен кіріп кеттік. Оның үстінде бойымызда жаңағы қызылдың қызуы бар. Ішіндегілер «оқуға түсуге келдіңдер ма?» деді. «Иә» деп қоямыз. Қабылдау бөліміне жіберді.

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

Кіре сала жамырап:

– Ассалаумағалейкүм, аға!, – деп амандастық.

– Әліксалам..., – деді бұйрабас біреу.

– Қалай оқуға түсуге болады?

Ол кісі осылай да осылай дей келе, өлең жаттау керек, қарасөз жаттау керек деген сайын тырқылдап күлеміз. Сыраның буы ғой... ана кісі сезіп қалды. «Өй, сендер...» деп тап берді. Тұра қаштық. «Держите!» деп айқайлап келе жатыр. Мен ұсталып қалдым. Ол кезде мұндай тәртіп бұзғаның үшін институттан шығарып жібереді. Есімді бірден жинадым. «Ағатай, көкетай» деп жатырмын. Қайда оқитынымды сұрады. Айттым. Группамды, факультетімді – бәрін жазып алды. Мұхамеджан Көлбаев деп басқа атпен құтылдым.

Келесі күні кетейін деп институт алдында тұрсақ, кешегі бұйрабас келе жатыр. «Ойбу, біткен жерім осы шығар» деп ойладым. Зейнолла Қожабеков деген ағайымыз бар. «Аға, кете берейік» деп асықтырып бара жатырмын. Лаборанттар бар еді, олар шықпай, жынымды келтірді. Бір кезде бұйрабас Зейнолла ағайды шақырды. Бір-екі ауыз тіл қатысқаннан соң ағай келді де «бірінші курстар жиналыңдар, мына аудиторияға кіріңдер» деді. Содан ана кісіге көрінбей, ең артына барып отырдым. Ана кісі «Көлбаев Мұхамеджан осында оқи ма?» деп сұрап жатыр. Зейнолла ағай «осында жұмыс істегеніме 40 жыл болды, Көлбаев Мұхамеджан деген студенті естіген емеспін» деп қояды. Артында тығылып отырмын. Терім ағып бара жатыр.

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

Ана кісі кетейін деп тұрды да, бір уақытта студенттерді араласын. Аралап келді де тауып алды. Жеңімнен тартып, алып шықты. Мен «ағатай, көкетай» деп еңіредім. Зейнолла ағай «бұл не істеп қойды?» деп бәйек болып жатыр. Ана кісі «ештеңе, жақында Мәскеуде елімізден актерлік факультетке курс қабылдайын деп жатыр, соған қазақ балалар керек» десін. «Ағатай, әртісіңіз құрсын, өзім жетім едім. Өліп талып мына оқуға түсіп едім. Кешіріңізші, енді қайталанбайды» деп ботадай боздаймын. Ана кісі көнбейді. Зейнолла ағайым: «болды жылама, бұдан керемет зоотехник шығады» деп мені мақтап жатыр. «Бүкіл қазаққа мал бақтырайын деп пе едің, бұл бала актер болады. Тілі жақсы екен. Түсіп кетер көрсін, Мәскеуге барады» деп ана кісі де қайтпайды. «Ағатай, көрмей-ақ қояйын, Мәскеу түгіл Алматыда адасып әрең жүрмін. Мәшине басып кетеді» деп жеңіммен көзімді сүртіп мен тұрмын. Сөздің қысқасы, ана кісі «міне, проректорың тұр. Бағың жанып түссең түсіп кеттің, болмаса осы оқуыңа қайтып келесің» деді. Сөз арасында мен де таласып, «бағым жанбай-ақ қойсын» деп қоямын.

Не керек, Зейнолла ағай келісті. Содан кейін «ертеңіне 10-да кел» деп кетіп қалды. Консультацияның не екенін білмеймін. Ертеңіне бардым. Кірсем құдай басқа салмасын, өңкей серілер мен перілер жүр. Қыздар әп-әдемі. Жігіттердің шашы артқа қайырылған. Арасында мен жүрмін шашым кірпі сияқты, киімім «колхоз». Зоотехникпін ғой. Әтір дегенді киін білдім. Сол әтірдің исі сұмдық. Басың айналады. Аналарды көріп терлеп кеттім. Мені ешкім менсінбейді. Дауыстары гүр-гүр етеді. Бір жігіт келді.

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

– Ассалаумағалейкүм, – деді жуан дауыспен.

– Әліксалам-әліксалам...

– Қайдансың?

– Зоовединституттанмын...

– Қай жерденсің, деп сұрап тұрмын? Абдырап қалдым. Даусым да жіңішке, шіңкілдеп шығады. Барынша жауап беріп жатырмын. Кейін білдім, ол – Дәулет Жарқынбек деген ағамыз екен. Ұзын біреу келді. Ол Жанат Хаджиев екен. 1967 жылы Мәскеуге оқуға түсу қазіргі АҚШ-ға барып оқумен бірдей. Сұмдық еді. Кейін қорытып қарасам, жазушылардың, профессорлардың балалары, әйтеуір актерлікке қабілеті болса да, болмаса да аяғы түзулердің барлығы келген екен.

13 адам қабылдады. Бір орынға 40-50 студент таласты. Жатқан жері жайлы болғыр Рабиға Қанабаева апамыз мені көріп, жабысты да қалды. Мәскеуден студент қабылдайтын Владимир Константинович Смирнов деген адамның өзі келді. Қабылданған 13-тің барлығы ауылдың балалары болып шықты. Әлгі перілер мен серілерден Жанат Хаджиев қана түсті. Дәулет Жарқынбек ағамыз да болды. Ауылдың балалары аузымыз маңқиып шыға келдік. Не орысша білмейміз. Орысша сөйлейтін арамызда Жанат, Тортай, Нұрғанат үшеуі ғана. Сонымен не керек, М.С.Щепкин атындағы Мәскеу театр училищесінің актерлік факультетінде осылай оқығаным бар. Өмірімде бірінші рет пойызға мініп, жатып алып «сорлы басым, қайда кетіп бара жатырмын, қайран зоотехнигім-ау» деп жылағаным бар. Жанат екеуміз достасып кеттік. Ол бұған дейін «За нами Москва» деген фильмге де түскен. Тәжірибесі бар. Бойы ұзын, көрікті жігіт еді.

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

Станиславскийді білмеген Жанботаев та «народный артист» болды

Оқып жүрміз. Мұғалім күнде келіп «Станиславский, Константин Сергеевич сказал так» деп бір айдай дәріс өтті. Содан «Константиннің өзі қашан келеді» деп ойлаймын. «Станиславский, Станиславский» дейді бұл мұғалім қашан келеді» деп Жанаттан сұрадым. Жанаттың ғажаптығы, пошымымды бірден түсінді. Мазақ еткен жоқ, қылжақтамады. «Макаренконы білесің ба?» деді. «Өй, білемін, мектепте оқыдық» деп қоямын. Жанат күліп тұрып: «ендеше, сол Станиславский театрдың Макаренкосы» десін. Содан соң білдім, оқып жүргенім – «Система Станиславского» екен ғой. Кейіннен достарым «Станиславскийді білмеген Жанботаев та народный артист» болды ғой деп күліп жүрді. Енді актерлікке қаншалықты құмарлығымды түсінген шығарсың. Аңғал едік қой.

Жанат Хаджиев – Қазақ театрының алғашқы реформаторы

Жанатпен достығымыз содан басталды. Бірге оқыдық, армияға бірге бардық. Кейін ол режиссерлікті оқып, бізге келді. Театрда 20 жыл режиссер болды. Біздің де сол кезде шарықтаған, гүлденген алтын уақытымыз еді. Жанат келгесін көп нәрсе өзгерді. Фестивальдерден жүлделі орындарды бермейтін едік. Жезқазған театры келе жатыр десе «Ойбай, жоңғарлар» келе жатыр деп жұрттар қорқатын. Ол – ұлы режиссер, қазақ театрының алғашқы реформаторы. Өзгеше ізденетін. Соны жол салатын. Қазірде біздің жаңалық деп жүргеніміз – Жанат ашқан нәрселер ғой деп таңғалып, қарап отырамын. Арқан арқылы сөйлеуді, арқан арқылы үй жасаудың бәрін театрға Жанат алып келген еді. Эксперимент деп жатамыз ғой. Мысалы, Жанат «Қыз Жібекте» экспериментке барып, Төлегеннен гөрі Бекежанға басымдық берді.

1967 жылы түстік, 1972 жылы бітірдік. Орысшаны үйренбеймін деген адамға қиын екен. Тіл үйренбедік қой. Орысшам қазір де шамалы. Бірақ театр терминдерін айта берем. Орта адамды түзейді екен. Мектепте үздік оқыдым деп айта алмаймын. Бағым жанып, сауыншының баласы, әкесі жоқ деп колхоздың жазып берген қағазының арқасында оқуға 3-4 бағамен түскен адаммын. Мәскеуге келгесін 10-15 күн өтіп, Мұрат Әуезов келді. «Жас Тұлпардың» тарай бастаған уақыты. «Сендер қазақсыңдар, көпсіңдер. Қазақ деген аттарыңа кір келтірмеңдер. Таза жүріңдер. Мәдениетті болыңдар. Біздің қандай халық екенімізді сендерден біледі» деп ақылын айтты. Бірінші курста жиі келіп тұрды. Содан кейін Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Сәкен Жүнісов, Сафуан Шаймерденов, Марфуға Айтхожина, Рамазан Тоқтаров – жалпы айтқанда, бүкіл қазақ интеллигенциясы келетін. Бірінші курстан кейін тағы 5 жігіт қосылды. 17 болдық, тамаша уақыттар еді. Мені орта тәрбиеледі. Әсер етті. Соның арқасында Хемингуэй, Джек Лондон, Марк Твен, Тургенов... тізе берсең көп, бәрін оқыдық. Қазақ әдебиетін де жібермей оқитынға айналдық. Солар маған әсер етті. Оқуды әдетке айналдырдым. Қазір де шамам жеткенше оқып тұрамын. Жақында Ақберен Елгезек деген ақынның «Болмаған балалық шақ» туындысын оқыдым. Қатты әсер етті. Жетім өскендіктен болар деп ойлаймын. Бақыт Беделханды да жиі оқимын.

Сонымен, пойызда отырып жылаған аңғал баладан 5 жыл ішінде кітап оқыған, актер жігітке айналып, елге қайттым.

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

Өзбекәлі Жәнібеков әкеміздей қамқорлық танытты

Талдықорғанда театр ашатын болды. Бізді соған жинады. Бір күні қою қара шашты, әдемі, жымиған жігіт келді. Торғай облысының идеология жағынан секретары Өзбекәлі Жәнібеков екен. Өзекеңнің бізге көмегі көп тиді. Әкеміздей адам еді ғой. Сол кездегі ағалардың көп көмегін көрдік қой. Ілияс Омаров қой Шепкинде қазақ бөлімін ашқан. Қапаров деген кісі кадр бөлімін басқарды. Әкеміз олай көмектеспеген шығар. 5 жыл бойы бізді асырады. Костюм тіктіріп берді. «Постоянное представительство» деген болатын. Қазіргі елшілік сияқты. Соған «Қазақстаннан балалар келсе ақша беріңдер» деп жыл сайын ақша бөлдіріп отырды. 4-5 курста дәніккеніміз сонша, үстіміздегі көйлегімізді жыртып, ақша сұрап баратын едік. «Көрінбеңдер көзіме, мына жүрістерің не?!» деп ұрсып-ұрсып алып, ақша беретін. Жарықтық адал азамат еді. Жақсы заман еді...

Ол кезде өңір театрлары мықты болатын. Біздің өнер ордасы театрлар фестивалінің бес дүркін жеңімпазы. Негізінен мұндай жүлделер басқа театрлардың маңдайына әлі біте қойған жоқ. Мықты болғанының себебі неде деп сұраң – себебі біреу ғана. Бұл жерде актерлер киноға, телевидениеге, радиоға жүгірмейді. Барайын десе де жоқ қой облыс орталықтарында. Таңертең көзін аша салып театрға келеді. Кеш батқанша дайындық, театр, театр, театр. Басқа баратын жерің жоқ. Жаңа айтқанымдай, Торғайда театр ашылғасын да Өзағаңның көмегі көп тиді. Үстімізге қыстық киім, бес айдан соң бәрімізге пәтер алып берді. Бөлек еді ғой ол азаматтар... Кейде сол ағаларды сағынамын. Іздеймін.

1988 жылы облыс жабылғасын Жезқазғанға көшіп келдік. Бір күннен соң таңертең қаз-қатар тізіп қойып, қолымызға жаңа 60 пәтердің кілтін берді. Кейін білдік, осы жерде қаншама жылдан бері кезекте тұрған кеншілер мен өндіріс мекемелерінің қызметкерлерінің аузынан жырып тұрып бізге берген екен. Мына ғимаратымыз «Металлургтер сарайы» деп аталған екен. Үш айдың ішінде жаңартып, театрға айналдырды. Міне, ол кісілердің өнерге адалдығы осындай болатын. Экономикасы алға кетіп, тарихта қалған бірде-бір мемлекет жоқ. Тарихта мәдениетпен қаласың. Өнер ғана мәңгі. Қазір де театрға адамдар бет бұрып жатыр. Сол мені қуантады. Міне, ағаңның таулы жерде туып, актерге айналып, Сарыарқаның даласында қалып қойған сыры осындай балам.

Досжан Жанботаев
Фото: Жас Алаш

P.S. Театрдан қас-қарая сыртқа шықтық. «Сендерді шығарып салайын» деген ағамыз бірге шықты.

– Аға, тауды, Қарқараның сұлу табиғатын сағынбайсыз ба?

Басқа жерге кетсем өзіме бір орын табылар еді. Бірақ өзіміз ашқан осы қарашаңырақты, марқұм Өзбекәлі Жәнібековті, Серке Қожамқұловтың аруағынан қорыққанымнан осында қалдым.

– Дегенмен Алматыға ауысқыңыз келген кезі болған шығар?

– Шақырды. Мен «Айман-Шолпанда» Жарас рөлін сомдағанда Серке Қожамқұлов сахнаға шығып, «мына Торғайдың Жарасы нағыз Жарас екен» деп батасын берген еді. Ана жаққа бізде барамыз ғой. Сол кезде «әй, мен саған батамды беріп едім, атаңның басына тастап кеттің ба менің атымдағы театрды?» десе не бетіммен қараймын, – деген ағамыз темекісін құшырланып, ұзақ тартты.

Тұрсынбек Башар