Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 23:49

Дулат Исабеков өмірден өтті

Дулат Исабеков
Фото: Ернар Алмабек

Белгілі жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков өмірден өтті. 

Бұл туралы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов facebook парақшасында жазды.

"Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он - он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді... Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын, - деп жазды  Жазушылар одағы төрағасының орынбасары.

Жазушының бұған дейін ауырып жатқаны туралы БАҚ беттерінде жазылған болатын.

Дулат Исабеков - 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесi «Лениншiл жас» газетiнiң үш нөмiрiне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңiнен таныстырды.

«Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын»(роман, 1980) т.б. кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ»,«Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.

Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. 2014 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында «Қазақ әдебиетінің апталығы» деген айдармен Д.Исабековтің шығармашылығына қатысты мәдени іс-шара болып өтті. Кембридж университетінде жазушының «The little pearl and other stories» («Гауһар тас») деген әңгіме-повестері мен пьесасы еңгізілген ағылшын тіліндегі жинағының тұсаукесері; Лондонның «Giant Olive Theatre» театрында Orzu Arts-тың ұсынуындағы «Өкпек жолаушы» спектаклінің премьерасы болды. 2015 жылы 23-26 сәуірде Лондон қаласында «Қазақ мәдениетінің күндері» деген атпен өткен фестивальда ағылшын тіліндегі «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесті «We never know the war...» деген атпен жарық көріп, 23 сәуірде тұсауы кесілді. 2016 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен театр фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында Д.Исабековтің ағылшын тіліндегі «Аққу-Жібек» (Song of the swans / Sekection of plays. Аударған – Катарина Жудельсон) пьесалар жинағы мен Short Stories: Dedicated to the 25th Anniversary of Kazakhstan Independence атты электронды нұсқадағы кітабының тұсаукесері өтті.

2018 жылы «Қарғын» романы француз тіліне, «Ержеткенше» повесі БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.