17:38, 20 Қараша 2018
Думан БАҚЫТКЕЛДІ. Алматыда оқығым келеді...

АЛМАТЫДА ОҚЫҒЫМ КЕЛЕДІ...әңгіме«Қайрат Нұртас оттапты, тфуф» деп аузындағы қанды ауырсына түкірді.
Қайрат Нұртастың «Алматының түндерін-ай...» деген әнін, көліктің терезесін сындырып жіберердей дауысын жоғары көтерген лексус келіп Алмас отырған аялдамаға тоқтаған. Осы аялдамада түсіп қалмақшы болған қыз, жаңа ғана өздеріне қарай қан түкірген, ақ жейдесінің жағасына қан сіңіп жыртылып, жасаураған көзімен тістене қараған бұзықтан қорқып рөлдегі жігітке бұрылды. Ол қабағын түйіп бұған бірер ауыз боқтық сөзін айтып, жүріп кетті. Шалқайып біраз отырып еді, мұрынның қаны тоқтады, тек езудің жырылған жері жылымшы боп, түкірген сайын қаншылап қинайды. Көлік ұзап кетсе де Алмастың құлағында ән жаңғырып тұр. Кекете ызаланды. Анау айтқандай Алматының көңілді, тамылжыған түндерін аңсап келген еді, бірақ қайдам, күн сайын даяшылық жұмыстан шаршап қайтады.Бүгін міне, жұмыстан бірге қайтқан Үлпе қыз екеуі тунельден өтіп бара жатып топталып тұрған жігіттерге тап болды. Өзі тар тунельді жігіттер дөңгелене шеңбер жасап тұрғандықтан ортасынан жарып өтпесе шетінде жол жоқ екен. Қолдарында сыраның бөтелкесі, қарқ-қарқ күліп небір блапыт сөздерді айтып, былш-былш түкіреді. Алмас сескеніп сәл баяулады да, артқа қарай шығып кетейін десе қыздан ұялып жақындай берді. Қызбен жүрген жігітке соқтығысуға болмайды деген жігіттердің арасында жазылмаған заң бар-тын. Алмас іштей соған сенді. Жақындаған сайын әлгілердің бұларға назар аударғандары көбейе берді. Оң жақ жігіттердің арасы сәл алшақ екен, солай ыңғайланып еді, ұзын бойлы біреуі қасақана солай ығысып жолды жапты. Мейлі деп әлгінің тура жанынан өтіп бара жатыр еді, ұзын бойлыны оның қасындағы иығымен итеріп жіберді. Ол да соны күтіп тұрғандай екпінімен Алмасқа соғылды, ол еріксіз Үлпені қақты. Үлпе де сүрінгенде оң жақтағы жігіт иығынан тосып қалып, -Еу, қыз, абайласай, -деп қайта серпіді. Алмас өзін қаққанға қараса ол аржағындағы өзін итергенге ,-Байқасай дос,- деп жатыр екен. –Болды дос ренжіме,-деді іле Алмасқа бұрыла. Осы сәтте Үлпені мына жақтағы біреуі итерген екен оған бұрылып еді, -Қойшы Алмас, болды кеттік,- деп Үлпе бұны шынтағынан тартты. Қоршаған жігіттердің екінші жағы өздері-ақ жылысып өткізіп жіберді. –Че там, бар ма?-деді артқы жақтан әлдекім. – Кәнешна бро, барғо, — деп Үлпеге «абайласай» деген жігіттің дауысы шықты. Тунельдің екінші шетіндегі баспалдақтан көтеріле бергенде байқады, Үлпе артқы қалтасын ұстап, -Соткам, соткам жоқ Алмас, -деді джинсиінің қалтасын, үстін тексеріп. –Жаңа бар ма еді, түсіп қалған жоқ па?-деп Алмас алаңдап, жүрген жолға, сосын жігіттерге қарап. –Иә, жаңа түсіп келе жатқанда артқы қалта ма салғам,-деп, Үлпе де күдікпен жігіттерге қарады. –Итергенде алып қалды ғой деймін аналар, не істейм Алмас,-деп қобалжып сұраулы жүзбен жігітке қарады. –Тошна ғой иә, сенімдісің бе? Үлпе басын изеді. Екеуі аз бұрын зорға құтылған орынға амалсыз қайта тұтылуға келді. Алмас ендігі өзіне жеп қоярдай боп тұрғандарға бір, қолынан қатты қысып қорыққан Үлпеге бір қарады. –Че там дос, бірдеңе жоғалттың ба? – деді, бұл кезде қордаланып қалған жігіттердің ортасындағы біреуі. –Иә, сотка жоғалттық. Жігіттер бере салсаңдар... — Оппа, ұстап алдың ба не? – деді анау, –Қазір звондап көрейік,- деп Алмас Үлпенің нөмерін терді. Бәрі енді не болар екен деп елегізіп күтіп тұрған. Үлпенің смартфонының қоңырау үні ойнап қоя берді. Бәрі шеткерек тұрған жігітке қарады. Ол сасқалақтап смартфонның пернесін басып дыбысын өшірді де міз бақпастан қалтасына сүңгітіп жіберді. Қолын қайта шығарған жоқ. Жағдайдың күрделенгенін сезген ортадағы жігіт, -Жиги, қарап келіңдер ,-деп еді, топтан екеуі бөлініп тунельдің екі жағына жүгіріп кетті. –Дос, анау біздің сотка, бере салшы,-деп Алмас қолын созып еді, лезде артына айналған біреуі Алмастың жотасынан дүңк еткізіп бір тепті. Екбеттеп жығылып келе жатқан оны ортадағы жігіт тізесімен күтіп алып, сол қолымен шашынан ұстап оң қолымен құлақ шекеден періп қалды. Үлпе шыңғырып жіберді. «– Алмас, Алмас», — деп Үлпе жанұшыра келіп бетімен жер сүзе құлаған оны бассалды. «- Болды, тимеңдерші, керек емес сотка».Алақанының астында қалған соткасынан әлдекімге қоңырау шалғалы жатыр еді, тағы біреуі қолынан бір тепті. Соткасы қатты екпінмен ұшып түсті. Алмас тізерлеген қалпы, тепкен жігіттің жанды жерінен жұдырығымен аямай перді. Анау баж етіп бүктетіліп түсті. Жігіттердің екеуі қызды тұрғызып алып, оны жылатып қойып қалғандары Алмасты екілене тепкіледі.Әлгі ортадағы жігіт оқыс өлтіріп алып бәлеге қалмайық деп, жігіттерін тоқтатты да бұл істің арты тыныш бітетін айлаға көшті. Аузы-мұрны қан, ұйпа-тұйпа шашы, жыртылған жейдесімен Алмасты тізерлетіп қойып, смартфонының камерасын қосып видеоға түсірді. Бергі жағы «Мен малмын...» дегеннен басталатын өз намысын өзі жаншитын сөздерді айтып видеоға түскенше өле қалған әлде қайда жақсы болады. Сондықтан қанша қысаса да Алмас «Шеттеріңнен сындырам, көресіңдер әлі» дегеннен өзге еш сөз айтпады. Жігіттердің діңкесі құрыды. Бұлар ойлаған еді, ол өзін «Малмын...» деп видеоға түссе, ертең елге көрсетіп интернетке салмасын деп тып-тыныш кетеді. «Өшірші» деп талай жалынып, тәуір ақша бопсалап алуға да болады. Кез-келген «кругта» ол өзі мойындағасын ешкім оған жақтаспайды. Бірақ мына қырсық қанды ішті. Кенет «гловардың » көзіне еңкілдеп жылаған қыз түсті. Алмастың қолын ұстатқызып қойып, қыздың денесіне қол жүгіртті. -Айтқанды істемесең одан арғысын көресің,- деді. Алмас қанша бұлқынса да бірнеше жігітке шамасы келер емес… Екі оттың ортасында қалғандай күй кешті. Қыздың намысын таптапайын десе өзінің намысын таптау керек, қырсығып тұра берейін десе шырылдап жылап қиналған қызға обалсынды. Ал ана малғұндар қызық көріп тұр. Өстіп тұрғанда арғы жақтан үлкен үш кісі келе жатыр екен, соларды көріп жігіттер тым-тырақай қашты.Алмас Үлпені үйіне жеткізіп тастады, Енді міне смартфонынан айырылып, көк ала қойдай сабалып отырған түрі. Орнынан сүлесоқ көтеріліп құшынған күйі өзі тұрып жатқан жездесінің пәтеріне қарай аяңдады.*** — Әке, қашан біздің өз үйіміз болады? — Құдай бұйырған күні. — Құдай қашан бұйырады? — Алла қаласа бұйырады, балам,-деп Данияр жатқан күйі төбесіндегі бір нүктеге қадалып, шынымен құдай маған қашан үй бұйырады екен деп ойланып қалды. — Онда тұрыңыз әке, -деді Аян диван үстінде әлі шалқасынан жатқан әкесіне. Жастықтан басын көтеріп, баласын бауырына басты. Аян, ютубтен мультфильм көріп отырған, әлгі бір, аз уақытта миллионер болған жігіттің видеосы қайта-қайта басты бетке шыға берген. Көрген. Қысқасы оның айтуынша, Қазақстанда баюға мүмкіндік мол, тек жатпай еңбектену керек. Әкесінен әлде қайда жас жігіт жігерлі сөйлеп, кәсібін, үйін, көлігі мен шет елде қыдырғанын көрсетіп жатты. Бала нені қалай істеу керегін білмесе де әкесінің әйтеуір текке жатуының дұрыс еместігін білді. Осы кезде есіктің қоңырауы шырылдады.Бір бөлмелі пәтердің кіреберісі біраз аяқ киімге көбейген. Әшейіндегі тыныштықты алысқан балалардың күлкісі басып кеткен. Аян Мирасқа жиі ескерту жасап жүр. Қатты айғайлама, дүңкілдетіп секірме, көршілер естісе үйдің хозайкасына звондайды деп. Мирас біртүрлі ойланып қалды. — Звандаса не болады. Ұрса ма? — Иә, бізді үйінен шығарып жібереді, -деп бала мұңайып қалды. Осы кейіпте сәл тұрған еді құлақ шекеден тиген жұмсақ жастық селк еткізді. Мирас ойнағысы келіп, енді екенші жастықты да лақтырғалы жатыр. Аян да аянып қалсын ба, жаңағы өзіне тигенді алды да аямай дәлдеп лақтырып қалды…Ас бөлмеде Айжан мен құрбы қонағы Жанар отыр. Жанардың қолында «Oriflame» мен «MаryKay-дің» заттары. Айжанды қызықтырып барады. Өткен жолы тауары таусылғандықтан тек ақпарат беріп кеткен еді. Енді сенбесең қара дегендей. Осы желінің арқасында көтерілгенін, Айжан сияқты дипломымен мұғалім боп жүрсе қазіргі жағдайға жетудің ауылы алыс екенін айтады. Айтқанының бәрі шын екеніне, сенбейтін болса намаз оқитыны, киген хиджабы кепіл екенін көрсетеді. Айжан соңғы сабақтан шығып, кешкі кептелісте қалып автобустың аяңымен әрең жетіп, тамаққа енді кіріскенінде мына қонақтары келгенде онша қуана қоймаған. Бұлар түн жарымынсыз кетпейді. Ал ертеңгі сабақтарына қысқа мерзімді сабақ жоспарын қашан жасап бітерін ойлап қиналған болатын. Алайда қазір, Жанардың сөздері бәріне қолын бірақ сілтеуден тайынбауға әкеле жатыр.Залда Данияр мен Әділ екі баланың асыр салып ойнағанына қарап отыр. Қарап отыр дегені болмаса Даниярдың бар назары Әділдің көмірдей сақалы мен көндіре сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша, мынау сынақ жалғаннан мол сауап жинау қажет, қалай қаншалықты жинау өз еркің. Алайда Әділ сияқты астыңда джип, кең үй, бірнеше әйел алып, осы өмірді шалқып жақсы сүріп, бастысы ана дүниеде де жаннаттық болғың келсе Алланың дінін уағыздап тура жолға ертерек кел. Әділ Даниярдың өткендегіге қарағанда қызығушылықпен ден қоя тыңдағанына, дәлірек тыңдата алғанына риза боп отыр. Оның тура жолға түскеніне емес әрине, осы үшін алатын сыйақысына…Балалардың ойыны қызып кеткен. Диваннан секіріп түсіп, жүгіріп барып қабырғаға жабысып әрең тоқтайды, қайта секіріп шығады, жастық лақтырады. Аян бұрын үйде мұншалықты алысып ойнамапты. Үйдің тар болғаны ойынның осыншалық қызықты болуына себептей. Анда санда әкесіне қарап қояды. Ұрсып кете ме деп алаңдап тұрғанында, жастық кеп беттен тиеді. Осылай қорқақтап таяқ жеп жүр. Ойын болса да… Кенет қабырғаның аржағынан дүңкілдетіп төпештеп ескерту жасады. Данияр балаларға — Тыныш, алыспаңдар, Аян, білесің ғой,- деп қабағын түйіп қойды.– Көрдің бе, бала емін еркін ойнауы керек. Адамнан емес Алладан ғана қорқу керек. Бала болған мен балалығы болмаса несі қызық,-деп Әділ ыңғайлы сәтті пайдаланып айтып қалды.Данияр үндемеді. Намыстанып тұр. Мирастың еркелігі мен ұлының жасық, қорқақтау екенін байқады. Осындай қынжылған кезде, шешім қабылдар сәтінде домбырамен сырласатын. Ілулі тұрған домбыраны әкеп құлағын бұрап күйге басты. Әділ Даниярдың бұл мінезін білетін. Әйтсе де домбыраға іші жыли қоймады. Ішкі ызасын күйден алып күмбірлетіп жатыр еді, әлгі қабырғаның аржағынан тағы дүңкіл естілді. Данияр сәл баяулатып барып басылды.Айжанның асы дайын болыпты. Қол жуып дастархан басына енді жайғасқанда есіктің қоңырауы шырылдады. Айжан мен Данияр сағатқа қарады да, Алмас келді деп, Аянды жұмсады. Аян көзі бақырайып жүгіріп келіп -Бабушка хозяйка,- деді. Даниярдың зәресі ұшып кетті. Орнынан тұрып есікке барды. Үй иесі мен бағанағы қабырғаның арғы жағындағы көрші екеуі келіпті. — Ренжімеңдер кеш мазалағаныма, көршілерің хабарласты, сендер тыныштық берер емес, ескертсек те елер емес деп арыз айтқасын келдім,- деді. Осы кезде бөлмеден сақалын саумалап Әділ, оранып алған Жанар, артынан Айжан, шашылған ойыншықтар мен жастықтардың арасынан Мирас көрінді. Орыс апа қонақтарды көріп біртүрлі болып қалды. Көршісі орыс апаның бұрынғы жақын танысы екен, зырылдап бұларды жамандап жатыр. Осы кезде жағасы далдұл, қан қан боп Алмас кіріп келді. Бабушканың көзі бақырайып кетті. — Мына бір бұзық та осында тұрады,- деді көршісі. — Айда құрыңдар, полиция шақырам,- деді сызданып. Алмас сыныққа сылтау іздеп тұрғанда дәл үстінен түскеніне, жездесінің тағы да пәтер іздеп тентіреуіне себеп боларына өзін кінәлі сезінді. Қатты қысылды. Полиция келсе мына түрі, төбелесі үшін тағы бір әуре басталарын білді. Әпке жездесінің, сұрақтарына да, қал дегеніне де қараған жоқ. Дайын тамағын да ішпестен киімдерін алып, кешірім сұрап кетіп қалды.Полиция қызметкері оларға ешкімге ренжімей, артыққа бармай тез арада жиналып кетсеңіздер жөн деді. Хозяйканың психикалық сәл ауыратынын, арыз жазып бәле шығарарын ескертті. Амалсыз, аса көп жүктері де жоқ, ойда жоқта осындай келеңсіз күйге түсті де қалды. Өз үйің болмағасын осы да деп күрсінді. Оларды Әділ үйіне шақырып еді, барғысы келмеген. Алайда түн ортасы амал жоқ. Қонағына қонақ болуға кетті.***Кеше вокзалда түнеді. Бүгін жұмысқа келген. Бастығы Алмастың түріне қарап, клиенттерді көгерген көз, ісіккен бетпен шошытасың деп шығарып жіберді. Жақсы жұмыстарды интернеттен асықпай отырып қарар еді. Смартфоны жоқ. Бұл құрғыр керек кезінде жоқ бола ма, әлде жоқ болғасын керегі сезіле ме, қажеттілігі жиі байқалып жатыр!Аялдамада жабыстырылған хабарландырудан бір саунаға күзетші іздеген екен. Мекен-жайын жазып алып сонда барды. Азырақ жалақы болса да, жатын орыны, тамағын сол жерден ішетін болып келісті.Алмастың Алматыға келгеніне бірнеше күн ғана болған. Мектеп бітіргесін Астанаға оқуға түссе де, көп оқыған кітаптарда суреттелген Алматыны, сұлу қаланың ауарайын, көркем табиғатын, мол мүмкіндіктерін жазушылардың естелігіне еліктеп ол да сағынатын. Магисратураны қалайда Алматыдан оқимын деп өзіне мақсат қойған. Айдана есімді құдашасының ақылы бойынша құжатын Абай атындағы университетке тапсыруға шешім қабылдаған. Алайда ағылшын тілінен өз біліміне сенбегендіктен, емтиханнан өте алмасам далада қалмайын деп ертерек мектептерден жұмыс іздеген. Екі күнде әр түрлі бірнеше мектепке барды, бірақ бәрінің айтары бір. Стаж керек, аз сағат және жалақысы тіпті мардымсыз.Ертеңгілік ауысымын өткізіп берді де, түске қарай магистратураға тапсыруға Абай атындағы университетке барды. Мамандық, түсу ұпайы, шарттарын, сабақ беретін кісілерді, басшылық құрамын қарап шықты. Атағы жер жарған, алып бара жатқан ешкім жоқ екен. Қажетті құжаттардың тізімін алды да жинауға кірісті. Университетке жақын маңдағы мектептерге де кіре кетуді ойлады. Екеуі сол бұрынғы сарындағы әңгімені айтты да, жаңа салынған көрші мектептен табылар деп солай жол сілтеді. Ашылғанына екі-ақ жыл болған жаңа мектеп екен. Директор әйел күліп қарсы алды. – О, Астанадан бітірсең жақсы екен, бізге негізі өзіңдей жас мамандар керек,- дей келе,- бірақ, сағаттар әлі бөлінеді, сен сияқты мамандар күзге дейін тағы да келеді, сондықтан нақты жұмысқа алам деп уәде бере алмаймын. Ертерек қамданғаның дұрыс. — Иә, иә рақмет, дұрыс айтасыз,- деді Алмас сәл де болса үмітті сөздер естіп. Директор Алмастың түрінен ол меңзеген нәрсені түсінбегенін байқады. — Дұрыс айтқанда, мені түсіндің бе? — Иә түсіндім, жұмысқа тұру қиындау екен, айттым ғой біраз мектепке бардым, бәрі стаж сұрайды. — Сен түк түсінген жоқсың, стаж сұрамайды, — деп директор Алмасқа шамданып қалды. Басын шайқады да, сыртқа қарап,- Анау тұрған завхозды шақырып жіберші. Кетіп қалма бірақ,- деп ескертті.Завхозды кіргізіп жіберіп, күтіп тұрған. Ол кісі тез шықты. Жан-жағына қарады да, -Бауырым былай жүрші,- деп, есіктен алыстап барып тұрды. — Жұмыс іздеп келдің бе? — Иә, мұғалім қазақ тілі мен әдебиеті. Сағаттар бар ма еді негізі? — Бар ғой, саған болмай тұр бірақ. Сен «пакет» былай-былай, риза қылу дегенді білесің бе өзі? — Не, неге? Қандай, жоға, — деді Алмас, әңгіме кәдімгі пакеттен маңыздырақ нәрсе жайлы болып жатқанын түсініп. — Жұмысқа кіргің келсе,- деді сәл ойланып, қалай айтсам деп оқталып тұрды да, терезенің арғы жағында дәлізді жуып жүрген тәтені нұсқап,- анау кісі жұмысқа кіру үшін, «пакет» берген, яғни дирекорға біраз, — деп бас бармағы мен сұқ саусағын үйкелеп. Алмас аузын ашып қалды. — Бәсе, бәсе, сонда қаншалық шамамен? — Енді қанша сағат алам десең соншалық. — Сонда директорға ақша беріп кіріп, жұмыс істеп сол ақшамды қайтадан жалақым етіп алады екем ғой. Ой Аллай. Істемегенім мектеп болсын. Рақмет аға, — деп кетіп қалды.Кешкісін күзетшілік жұмыста тұрған, тұраққа қымбат нөмірлі әдемі көлік келді. Көліктен түскен кісі ағасы жан-жағына қарады да, артқы есікті ашып, қолынан ұстап қызды шығарды. Алмас оны біреуге ұқсатып шырамытты. Түрі қазаққа келмейді, еуропалық стильде киінген, түрі ағылшын не французға ұқсайды. Есінде екен, күндіз универге барғанда суретін көрген Франциялық Сарвонна университетінің АГУ-дің жанынан ашылған филиалының ректоры, иә дәл өзі. Алмас таңғалды. Ректорға емес, ректормен бірге шығып келе жатқан өзінің туған құдашасы, жездесінің мақтанып жүрген қарындасы Айдананы да бірден таныған. Ал ол теріс айналып тұрған күзетшіге мүлдеп назар салмаса керек, еш алаңсыз аш белін барбиған қолдың жұмсақ жетегінде жүріп өтті.Админстратор қыздан сұрап еді, әр сенбі сайын бірге келіп тұратын тұрақты клиенттер екен. Олар шығарда Алмас әдейі танысын дегендей есіктің жанында тұрды. Шықты. Айдана оны бірден таныды. Беті от боп кетті. Басын төмен салып, бетін басқан күйі ректордан озып тез шығып кетті.Алмас Айдана үшін намыстанып, мына жүрісін бұлай қалдырғысы келмей біраз ойланды. Админстратор қыздан жездесіне қоңырау шалып Айдананың нөмерін алып, сосын оны кездесуге шақырды. Келді, салқын амандасты. Бұрынғыдай мақтанып, шаттана сөйлеп қалжыңдаспайды. «Астанадан келгесін Алматыда оқы, магистратураға біздің универге тапсыр, студенттер ұйымының жетекшісімін өзім көмектесем» деген еді, екеуі құда бала, құдаша боп соңғы рет сөйлескенде. Алмас Айдананың ағасына айтып қояр деп қорқып отырғанын байқады.– Айдана мұның не, жездем сені ерке қарындасым ерекше ақылды, мен жетпеген биікке сол жетеді, ата-анамызды қуантумен келеді деп мақтанып отырады.– Алмас керегі жоқ, айтпашы, — деді төмен қараған қалпы жыламсырап.-Қазақтан жігіт таппағандай, ұят емес пе? Өзіңмен жасты болса бір жөн. Дәл сенен мұны күтпем ем,-деді Алмас бастырмалатып. Айдананың ашуына тиіп кетсе керек, жұлып алғандай,– Қай қазақтың жігіті, сен сияқты күзетші ме, әлде ағам сияқты базарда арба сүйреп, кім көрінгенге жалданып жүргендерге ме? Алмас осы жолы не дерін білмей тұтығып, — Енді бар ғой жақсы, мықты жігіттер, -дегені сол еді, –Иә бар, көргеміз. Бақытты қылам деп бақытын ұрлайтын, сөзбен сүйетін жігіттерді айтарсың мүмкін. Солай ма? Өзің айтшы неге? –деп көзінің жасын сүртіп тұрып кетті. Алмас үнсіз ойланып қалды.***Қабылдау бөліміне келіп, құжаттарын өткізіп, корпустан шығып бара жатқанда Алмасты күтіп тұрса керек, бір жігіт келіп: — Бауырым қал қалай, қателеспесем сен магистратураға тапсырып жатырсың ғой деймін, ағылшының қалай? Көмек керек пе,- деді. Алмастың ойында ештеңе жоқ, — Иә, қандай көмек,- деп еді.-Енді бауырым әр түрлі. Мысалы, емтиханға кіреріңде күзетшілерге ескертіп қоямыз, тексергенде көрмегендей болып телефонмен өткізіп жібереді. Ұсталып қалмай өзің суретке түсіріп бізге жіберсең шешіп саған жауабын жібереміз. Немесе кіргенде біздің адамдар болады, сенің нұсқаңды біліп, дайын жауаптарын апарып береді. Одан қорықсаң орныңа жақсы білетін адам кіргіземіз. Бағасына байланысты. Тіпті ақшаң болса тынышы ILTS сатып ал, жарты «лимон», автоматты 100 ұпай. Қалғаны мың доллардың ар жақ бер жағы. Ойлан бауырым, екі жылда степендияңмен қайтарып аласыңғой. — Көрейін аға, ойланып… — Онда мен сені сен мені көрген жоқсың. Керек болса біз сені осы маңнан өзіміз тауып аламыз,- деді. Алмастың ойы астан кестен. Бұрында естіген, ақшамен шешудің жолы барын. Бірақ дәл осылай түрлі ұсыныспен, емін еркін сатылып жатыр деп күтпеген. Алмас алаңдай бастады. Дипломмен мектепе жасар жұмыстың түрі анау, ағылшын тілінен біраз білгеніне сенейін десе, мынандай білім базарынан бұған бәсекелестер, анығырақ ертеден өтіп тұрғандар жетерлік сияқты. Ары ойланып, бері ойланып әпкесіне барып ақылдасып, ол кісінің телефонымен ауылдағы ата-анасына айтып көрейін деді.Әпке-жездесінің жаңа мекен-жайын білмегендіктен, ол кісіні сабақтан шыққасын күтіп алды. Көрмегелі бір айға толмаса да, әпкесі азып кетіпті. Жүзінде әлде қандай ауыр мұң бар. Қаланың шеткі жағынан жалдаған жер үй екен, тозыңқы. Бауырының алаңдап, Айманның жүзіне қарап, енді мынау алаңдап, сүреңсіз үйінің кейпіне қарап, қалай не деп сұрарын білмей қиналып тұрғанын біліп, шай қойып жатып әңгімесін бастады.– Алмас, — деді ол,- өткенде сен келгенде үйде қонақтар болып еді ғой, Жанар мен Әділ. – Ол иә есімде, айта беріңіз дегендей басын изеді. – Жанардың желілік маркетинг деген шырмауына түсіп қалдым. Қысқасы, ақша керек болып үйдегі бар құнды заттардың бәрін ломбардқа өткізгем. Жанар да мен де алдандық. –Жездем не қарап жүр?-деді бірден. –Жездең де жетіспеді. Жанар мен бірге келген Әділдің айтқанымен кетті. Уағыз айтып миын улады ма білмейм жездең бұрынғы Данияр емес қазір. Бір апта бұрын «сенімен ажырасам, саған талақ бердім» деді. –Алмастың көзі бақырайып, -Қалай сонда, қалай жайдан жай талақ деді ме,- деп тыпыршып әпкесінің қолынан ұстады. Айманның көзінен жас ағып бетінен сырғып түсіп жатыр. Алмас оны қатты аяп кетті. Аянды үйде шығар деп ойлап келген еді, көрінбегесін оны да сұрады. – Маған «ұлымды сен кәпір қылып тәрбиелейсің» деп Аянымды алып кеткен,-деп аузын басып өкіріп жылады. Алмас біраз басу айып, өзі ашуланды: — Сонда жездемнің тірлігі не, сіздерді зар жылатып тастап кеткенде? — «Ахи» дей ме, «шейх» дей ме біреулерді айтатын болған соңғы кезде. Сол ұстаздарынан діни білім алады. Үстіндегі киімі өзгеріп, сақал өсірді, шалбарының балағын қиып тастапты. Олар Даниярға көлік алып беріпті, үйренгенін таксист болып жүріп халыққа таратып, уағыздау керек екен. Егер көп адамды шейхтары айтқан тура жолға тартып сауап тапса, сол мінген көлігін сыйға беретін көрінеді… Өксігі басылып өзін ретке келтіріп алғаннай кейін шай ішіп отырып Алмастың жайын сұрады. –А, дұрыс екен, ала ғой хабарласып көр, не дейді екен,-деп ұялы телефонын берді. Әкесіне амандасып халдерін сұрап жатқанда, Айман,- Мен туралы ештеңе айтпа бәрі жақсы де, -деп сыбырлады.Ауылдағы Берік баласының оқуына деп, жайлауда жүрген жерінен екі бұзаулы сиырын сатып ақшасын дайындады. Алматыға баратын жолаушыдан санап отырып 350 мың теңгені аманаттап беріп жіберді.Сайран автовокзалынан ақша әкелген кісіні күтіп алды. 50 мыңға смартфон және өзгеде керегін алды да қалған ақшаны сөмкесіне салып АГУ-дің қабылдау комиссиясына келді. Ағылшын тілінен емтихан тапрсыруға рұқсат қағазын алып, ондағы тапсыратын күні мен орынды білді. Рұқсат қағазды қолына ұстап шығып, жан-жаққа қарап әлгі білім саудагерлерін іздеді. Екі жігіт сөйлесіп келе жатыр екен біреуі Алмасқа қарай бұрылды. Жақындағында таныды, өткендегі жігіт. — Аға, қалыңыз қалай? Өткендегі шаруамен сізді іздеп едім,-деді Алмас қос қолын ұсынып. — Ойландың ба, қайсысына дайындадың?- деді жылдам сөйлеп. — Аға бұл тошна болатын нәрсе ме, алдап кетпейсіздер ме? –деді күдігін жасыра алмай. — Бауырым біз қалжыңдаспаймыз. Өзіміз айтқан мүмкіндікті жасап береміз, қалғаны өз қолыңда. Тез айт, керек пе жоқ па? Басқа клиенттер күтіп қалды. — 300 мыңға қайсысын істей аласыз? — Соткамен кіргіземіз, бізге жібересің, шешіп жауабын береміз. Бірақ мұнда Listening-ді өзің шешесің. Біз қандай аудио келетінін білмейміз ғой. — Ааа, неше баллға гарантия бересіздер? — 60 балл минималды. — 300 мыңға 60 балл ма аға? – Алмас аз ұпайға ақшасын қиғысы келмеді. — Енді тыңдалымнан өзің он балл қоссаң жетіп қалады ғой. Спецтен қойып береді ғой өздері. Сомен бол, саудаласып тұрмайық. Өзің біл, кеттім мен. — Болды, жақсы аға келістім…Емтихан күні мекен-жайға ертерек келді. Басқа университеттің ғимараты. Кіреберісті темір торлармен қоршап қойған екен. Бергі жағында толған талапкерлер. Арғы жағында биіктеу баспалдақта бірнеше күзетші тұр. Келісілгендей жазып берген номерге хабарласты. Ер кісі алды: — Қали аға, — Иә, бұл кім? — Маған келгенде Марат деген кісі сізге хабарлас деді. — Так, қайда тұрсың, үстіңде қандай киім? Бері қарай жақында. — Көк жейделі, қолымды көтерейін бе?,- Алмас қолын көтерген. — Болды түсір қолыңды, ақырын, көрдім. Менің артымда тұрған кісіні көрдің бе рация ұстаған. Сол кісіге айтам, жақындап көрін оған да. — Иә иә, көрдім. Қазір. — Сәке, соңғы тоғызыншы адам келді, — деді смартфонның аржағындағы дауыс.Кіретін уақыт болып, талапкерлер есікке қарай ағылды. Алмас сасқалақтап дірілдей бастағанын сезді. -Біссімілла, несіне қорқам бәрі дұрыс,- деп өзін тыныштандырды. Тексеретін есікке жеткенде бағанағы күзетші Алмастың иығынан ұстады, бұл искательмен іздейтін рациядағы кісіге мынаны жібер дегені. Оған жеткенде кеудесінен аяғына дейін тексерді де, «таза» деп көзіне Алмастың бетіне қарады да өткізіп жіберді. Төсқалтасында смартфоны аман-есен өтіп кетті. Аудиториядағы қызметкерлер талапкерлерді рұқсат қағазындағы орындарына отырғызып жатыр. Алмастың жанына бір қыз келіп отырды. Кемедегінің жаны бір дегендей екеуі бірден танысып, ағылшын тілінде деңгейлерін, қайдан қайда тапсырғалы жатқанын сұрастырды. Алмас тыңдалым бөлімінен жақсы біліп түсінсе көмектесер деп еді, өкінішке орай қыздың өзі мына жігітке сеніп отыр екен. Алмас сұранып дәретхана барып смартфонының байланысын, камерасын қосып, бірден ватсаптан жіберетін нөмірді ашып дайындап қойды. Қайтып келсе тура Алмастың артындағы партадағы кісі көзіне оттай басылды. –Ассалаумағалейкум, сіз де тапсырып жатырсыз ба, қай универге, қандай мамандыққа?-деді. Анау кісі сүлесоқ қана жауап берді.- АГУ-ге, әдебиеттануға,- деді. Алмас қуанып кетті, Мәссаған мен де соған, бұйыртса группалас болады екенбіз ғой аға. –Аха бұйыртса,-деп қойды. Алмас мәз. Қазақ әдебиетінің қазіргі күндегі шоқтығы биік Есенжол Кеңбаев деген сыншысымен бірге оқитын болдым деп. Қызметкерлер емтихан барысын толық түсіндіріп, уақытты белгілеп бастады. Тыңдалымның аудио подкасты оқылған сәтте бәрі тынып тыңдай қалды. Сол жақтағы қатардағы көршісі өзгелер назарын тыңдауға аударғанда анау кітапшаны тізесіне қойып сыртылдатып суретке түсірді. Алмас қобалжығаннан жұтқынды. Бұл мүмкіндік сәті екенін ұғып, камерасын ашып түсіре бастады. Тексерушілер магнитафон жақта тұрса да, Алмас қобалжып қолы дір-дір етіп, қайта-қайта соткасын тығып, қайта алып алаңдап сасқалақтап біразын суретке түсірді. Қасындағы қыз қарап басын шайқап отыр. Арнайы аппаратпен ұялы байланысты өшіріп тастапты. Жіберген суреттерінің біреуі де бармаған. Аудио екінші рет қайталанғанда, тыңдады. Кең аудиторияда жаңғырып дұрыс естілмейді. Тек анда-санда ғана кей сөздерді түсінді. Оның өзі, қала аттары немесе кісі есімдері.Екінші бөлім басталды. Лексика-грамматикалық сұрақтар. Білгенінше оқып көрді. Мына ағылшын, Алмастың мектеп пен университетте оқыған ағылшынынан басқа сияқты. Таныс емес сөздер өте көп. Осылай отырғанда бір кісі кіріп келіп әлгі байланысты ұстап тұрған аппаратты өшіріп кетті. Бағанадан кітапшаны ұстап отырғандардың түгелге жуығы қолдарын партаның астына жүгіртті. Алмас та жұрттан қалыспай соткасына қарап еді, суреттер жіберіліпті. Енді тек күту қажет. Аудиториядағы өзгелер не істеп жатыр екен деп назар салды. Біреулері қасындағы көршісіне әр сұраққа мың теңгеден келісіп жатқандарды да, кезекші кісінің ақырын келіп жауабын қойып кеткенін де, куәлікте басқа отырған оған сәл ғана ұқсайтын басқа адамды да көрді.Үшінші бөлімі мәтін бойынша сұрақтар бөлімі. Соткасына қарайды жауап әлі жоқ. Қорқа бастады. Алдап кетті ме деп. Түспей қалса қайтпек, мұғалім бола ма, жоқ даяшы не күзетші бола ма, ата-анама қай бетіммен қараймын, деген сияқты сауалдар миын шырмап алды. Бірақ бүйтіп отырсам болмас, бірдеңе жасау керек дейді, ішкі түйсігі. Артына қарап қояды. Сыншы ағасы сырылдатып бояп жатыр жауап парағына. Қалғандары соткасынан көшіріп белгілеп жатыр. Жауап келді. Бағана қорыққаннан сасқалақтап еді, енді қуанғаннан сасқалақтап отырып белгіледі. Шаршап шықты. Кешкісін нәтижесін қарады 100 ұпайдан 68 алыпты. Басқаларды көрмекке арнайы нәтиже шығарылған тақтаны қарады. Есінде қалған аттары бойынша көршілерін іздеді. Ағылшынның «The» сөзін «тхе» деп оқып отырғандар тәп-тәуір ұпай жинаған екен. Көмектескен кісілер неше алғанын сұрады. Сосын «Сау бол, жақсы оқы.» деген жауап келді. Одан кейін ол нөмірлер байланыс аясынан тысқа кетті.Қуануға әлі ерте. Келесі емтиханның сұрақтары сайтта жарияланыпты. Шығарып алып бір шолып шықты. Біразын өзі білетін сұрақтар екен. Кешке қарай бой жазып, ойын сергітейін деп саябаққа, сосын Есентайдың бойына серуендеп қайтпақ болды.Жағада музыка тыңдап келе жатқан. Анадайда өзін суға лақтырғалы тұрған жігітті көзі шалып қалды. Жетіп барып жұлқып алды да шапалақпен тартып жіберді. Жас жігіт қапелімде түсінбей қалды.Есімі Ауғанбай, он сегіз жаста. Айтуынша 11-сыныпты Қытайдан келіп Талдықорған жақта ауылда тұратын, ертеректе көшіп келген туыстарының үйінде жатып оқып бітірген екен. ҰБТ-дан жоғары ұпай алған. ҚазҰУ-ге журналистикаға құжат тапсырған. Шығармашылық емтихан кезінде қасындағы жігіт жалынғасын көмектесіп мақаласын жазып берген. Бүгін көп күттіріп кешке қарай нәтижесі шығыпты. Грант санаулы. Әлгі мақаласын жазып берген бала түсіп бұл түсе алмай қалыпты. Кімге не дерін білмей, өзін ғана кінәлап паркке барған. Сол жерде ағаштардың қалқасындағы қараңғыдағы орындықта көңілі босап, Қытайдағы ата-анасының «Өзіміз бармасақ та сен бар, оқы, бар үмітіміз сенсің», деп сенім артып жібергенде, жыл бойы екі туып бір қалғаны болмаса да құшақ жайып қарсы алып, үйіне жатқызып ас суын тегін дайындап «Ата-анаңның үміт ақта балам» деп жіберген аталарға не бетімді айтамын деп өкініп отырады. Сол жерде жүрген бұзақылар жалғыздығын пайдаланып, ақшасын смартфонын «жұлып», өзін ұрып кетеді. Далада қаңғырып қалады. Қайда барарын, кімге хабарласарын білмейді, Алматыны көргені кеше ғана. Содан келе жатып, өмірден түңіліп тұрғанда Алмас келіп қапты. — Солай де, ештеңе етпейді бауырым, біраз бұрын менде сен сияқты таяқ жегем, менен де тартып алған. Ал бүгін ағылшыннан менде құладым, сен сияқты менде ойланып сәл өкініп келе жатқам. Бірақ сол үшін өмірді тәрк ету ақымақтық. Әлі-ақ түсіп кетесің оқуға,- дейді жұбатып. Жатқа білетіні тек атасының нөмірі ғана екен. Алмас қоңырау шалып жағдайды түсіндіріп айтты. Сіздерден ұялып бір ақымақтық істеуге аз қалды. Ешкімді танымайды, қаланы білмейді екен. Қайтесіз ата деп еді. -Балам Алла разы болсын, бүгін сен бас көз бола тұр. Ертең Құдай қаласа өзім барамын,- деді.Ертеңгілік Ауғанбайдың атасын ертіп ректорға кірді. Алайда, «Өкінішке орай министрлікке шешім шығып жолданып кетті» деген сыңайда уәж айтып қайтарды. Факультет корпусының ішінен қарап жүріп қабырғада ілінген сол жердегі оқытушылармен танысты. Мұндағы бір кісіні Алмас жақсы таниды. Ұлт, ел, жер мәселесін айтып теледидардан көсілтіп жиі сөйлейді. Бірнеше кітабы бар. Осы универден кейін бітіргендер айтатын, емтиханда сол кісінің кітабымен дайындалмасаң степендиядан құлатады деп. Оның өзі басқа кісілердің кітабынан жырмыштап көшірген мәтіндер. Алмас бұл кісінің абыройы бар, дейтұрғанмен атаққа алданатынын білді. Ертесінде олар журфактағы әлгі профессорға хат жазды. «Құрметті Бәленбаев мен сізді соноу Қытайдан білем, өмірімде көрем деп ойламаған ем. Осы жаққа келгенде де сізді әлде қашан қайтыс болған кісі екен десем. Бақытыма орай тірі екенсіз. Менің бір арманым сіз аман тұрғанда алдыңыздан білім алып шәкіртіңіз болсам деймін. Тек оқуға түсе алмай, жолын білмей сол асыл арманым аяқ асты болайын деп тұр. Қолыңыз ұзын сөзіңіз өтімді кісісіз ғой. Бір көмегіңізді беріп болашақ журналист жұлдыздың бағын жағып жіберсеңіз...» деген мәтінді жазып жібереді.Бұл нәтижелі іс болды. Ректордың қолынан келмегенді, әлгі профессор біраз қоңыраулар соғып шешіп берді. Жырғып айтып мақтанып жүр. «Мені соноу Қытай елінде оқиды екен. Тіпті шәкіртім болу үшін арнайы іздеп кепті» деп.***Алмас Данияр жездесінен қатты көңілі қалды. Әпкесіне қандай көмек берерін білмей шақша басы шарадай болды. Әдеттегідей саунадағы күзетшілікте болатын. Админстратор қызбен әңгімелесіп тұрған. Жұмыс телефоны шырылдады. Көтеріп еді бүгін сенбі кешкілікке екі кісіге тапсырыс берді. Кім екенін сұрап еді, өткендегі Еуропалық ректор екен, қасында қыз бар. Сол Айдана шығар деп ойлады. Шынымен солар екен. Бұл жолы Айдана беті бүлк етпестен, әдейі Алмасқа есік аштырып, енді қайтесің дегендей кердеңдей басып, майысып өтті алдынан. Алмас ызалынып қорланып қалды. Тістеніп тұрып ойына жақсы бір идея келді. Дереу Айман әпкесіне қоңырау шалып Данияр жездесінің жаңа таксист нөмерін алды. Ректор мен Айдана шығардан бұрын ректордың көлігінің дөңгелегін тесіп тастады. Олар шыққанда көлікті көріп біреулерге қоңырау шалып алып кетуін өтінді. Алмас админстраторға такси шақырта қойды. Кілтті Алмасқа тастады да, ректор Айдананы құшағына қысқан қалпы таксиге кіргізді. Рөлде сақалды жігіт. Клиенттер қымбат қонақ үйге жеткіз деді.Данияр саунадан отырған екеуіне алдыңғы айнадан әлсін әлсін қарап, тісін қайрап келеді. Қарындасы Айдананы отыра салғанда қапелімде танымаған еді. Үш ұйқтаса түсіне кірмейтін жайт. Танығанда жарылып кете жаздады. Ана еркектің құшағында қалай-қалай қылымсиды ит-ай, ит-ай. Әшейіндегі «субханалла», «астағфирулла» деген сөздері мына ашуын, мына көріністі бейнелеуге аздық етердей. Бағдаршамға келіп тоқтағанда, айнадан қарап еді екеуі сүйісіп жатыр. Данияр жарылудың шақ алдында, рөлді тас қылып қысып, мытып отыр. Тек іштей сабыр етіп қана келеді. Смартфонын алып ватсаптан Әділге бірнеше жігітпен адам сирек жүретін қаланың шеткі көшесіне келуін өтінді. Қонақ үйге келе жатыр деп отырған ректор есілдерті қызды аймалап отырып байқамапты. Көлік тоқтағанда бөтен сүркейлі жерге келгенін ұқты. Данияр көліктен шығып артындағы есікті ашты, келесі есікті лып еткізіп Әділ ашты. Айдана мен еркекті шығарып алды. –Ей кімсіңдер, неге тоқтадың, қайда келдік, қонақ үй қайда?-деп шет елдік қорқақтап тұр. Қараңғылау жер болғандықан ағасын Айдана әлі танымаған. Кенет, -Ұятсыз кәпір,- деп шапалақпен тартып жібергенде көзі жарқ еткендей болды. Есеңгіреп бұрылып еді, шапалақ тағы тиді. Баж ете қалған ректорды Әділ мен қасындағы жігіттер өлімші етіп сабады. Қарындасын бауыздаймын деп ұмтылған Даниярды жігіттері ұстап қалды. Данияр Айдананың жылағанына қарамай бетіне түкіріп тастап кетті.Түн жарымында, Франция елшілігін елеңдетіп, ішкі істер министрлігіне хабар беріп, полицияны аяғынан тік тұрғызды. Жәбірленуші министрлікке дейін шыққан. Жерді көше-көшені кезген полиция қызметкерлері, қаланы қопара тінтіп түндегі Франциялық ректорды сабап кеткендерді іздеп жатыр. Айдана ағасының мекен-жайын айтқанымен, күдіктілер ол жерден әлде қашан көшіп кетіпті. Дін істер агенттігі шейхтың құтын қашырып, құлағын шулатты. Даниярға дым қатысы жоқ, өзге саладағы ахилердің біразы тұтқындалды. Талай жоспарларының күлталқаны шықты. Ашуланған шейх бәлені бастап, қайдағы бір халықаралық адамды соққыға жыққаны үшін даулы Даниярдың дымын шығармай табыңдар. Әйтпесе бізді де ұстап береді деп ахиларға тапсырма берді. Істің насырға шапқанын сезген Әділ Даниярға қоңырау шалып: — Данияр, шейх сенің көзіңді құртпақшы, аман қалам десең қаш, — деді. — Неге, не деп тұрсың? Ол кісі ондай қылмыс жасамайды емес пе?-дейді әлі түрін көрімеген шейхқа имандай сенген Данияр. — Данияр ахи, кешір, сені осы былыққа қосқан мен едім, санаңды уладым, шаңырағыңды ортасына түсірдім. Сенің алдыңдағы бір күнәмді жуайын. Жақсылығым осы болсын кешір, Айман мен балаңды алып қаладан алысқа кет, — деді.Данияр Аянды алып Айманның үйіне келді. Айманнан кешірім сұрап көлігіне отырды да ауылға қарай тартты.***Алмас екінші емтиханға бар күш қуатын салып дайындалды. Ағылшынның ұпайы көңіл көншітерлік болмағасын, мамандық пәнінен өте жоғары ұпай қажет. Интернетте жоқ ақпараттарды кітапханаға барып оқыды. Бірнеше рет кітапханашы апай келіп оятып кетті.– Балам ау, сені оятып аламыз ба деп аяғымыздың ұшымен жүрдік қой,-деп езу тартып қалжыңдады. Алмас ұялып: — Түнде ұйқтамаған едім апай содан болар, — деп уақ-уақ мойнына су салып, бетін жуып сергіп келіп отырды. Тыңғылықты дайындықтан соң, емтиханға кірді. Аудиторияға кіріп, емтихан алушыларды көріп шалқасынан түсе жаздады. Әлгі француз ректор әдебиетшілердің емтиханының төрағасы екен. Таңданып тұрғанда ол да бұған қарап әлдекіммен шатастырғандай жүзін шырамытып, қайдан көрдім дегендей ойлы көзбен қадалып біраз тұрды. Билет таңдады. №17 билет.Құжаттарын ақтарып отырып біреуі,- Неге дипломың көк түсті,- деп сұрады. Алмас өзі жайлы еркін сөйлеп, қобалжуын басып аураға үйреніп алғысы келіп сөзін бастады. -Бізде, әдебиетті емес әдебиет туралы оқытты ғой. Сол жүйе ұнамады. Бірде оқытушы тақырыптан ауытқып өз басының әңгімесіне ойысып бара жатыр еді, бір студент тұрып «Кешіріңіз, мен мұнда сіздің проблемаңыз бен үйдегі жағдайыңызды білуге емес мамандығыма сай білім алуға келдім. Сол үшін ақы төлеп жатырмын. Бос ақпараттармен уақытымызды алмаңыз» деді. Бәріміз риза пейілмен, батылдығына тәнті боп қалдық. Содан маған да желік бітіп әріптердің шығу тарихы туралы сабақтың мұғаліміне, «Маған сіздің сабағыңыз түкке керегі жоқ, оданда сол уақытта кітап оқығаным жөн» дедім, оқыт