Дүмше от қояды, депутат май құяды
Қазақ қоғамы алатайдай бүлініп тұр. Бұрын руға, жүзге бөлінетін жұрт енді дінге бөлініп алып, бір-біріне дес бермейді.
Әрине, діни сеніміне байланысты алауыздық азаматтар арасында бұрыннан бар еді. Биыл осы жағдай ерекше ушығып тұрған сияқты. Дау әлеуметтік желі қолданушылары арасынан асып, депутаттар мен министрлер деңгейіне жетті.
Жыл сайын тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында мектеп оқушыларына хиджаб кигізу жөнінде дау болады. «Хиджаб кигізбесе, баламды мектепке жібермеймін» дейтін ата-ана мен оранған қыздарды мектепке кіргізбей қойған мұғалімдерді жылда көріп жүрміз. Қоғам мұндайға таңғалмайтын да болған. Бірер ай шу болып басылатын. Даудың себебін анықтап, оны түпкілікті шешу биліктің қолынан келер емес.
Бірақ биыл бәрі басқаша болып тұр. Бұған ең алдымен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың солқылдақ ұстанымы себеп болған сияқты. Оқу маусымы алдында министр оқушы қыздардың орамал тағуына рұқсат беру туралы сұраққа «бұл мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ақылдасу керек» деп, екіұшты жауап берді. Онымен қоймай, «мектепке хиджаб киіп келгісі келетіндердің тізімін жасауды» ұсынды. Министрдің мұндай ұстанымы бықсып жатқан шоқты үрлегендей болды. Тіпті жұрт арасында «мемлекет мектепте хиджаб киюге рұқсат бергелі жатыр» деген ақпарат тарады. Конституция бойынша діни бірлестіктер мемлекет ісіне арала алмайтынын біле тұрып, Бейсембаев неге ҚМДБ-дан кеңес сұрағалы жүргені түсініксіз күйінде қалды. Білдей министр ақыл сұрап отырған соң ҚМДБ да үнсіз қалған жоқ. «Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз», – деп жазды мүфтият.
Конституцияның 30-бабы 4-тармағында «мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек» деп жазылған. Демек, бұл мәселені мүфтияттан ақыл сұрап, талқылаудың қажеті шамалы еді, бәрі заң аясында шешілгені жөн. Бұл азаматтардың дін ұстану еркіндігіне қол сұғу емес, өйткені кәмелетке толмаған оқушылар жалпыға ортақ стандартқа бағынады.
Министр Бейсембаевтан кейін депутат Айгүл Құспан: «Елімізде діни мектептер ашу керек. Және ол мектептерді мемлекет жартылай қаржыландыруы керек», – деп, айды аспанға шығарды.
Біздің ел осылай проблеманың бетіндегі көбігін ғана қалқып, қалғанын жылы жауып қоюға әуес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облыстық ІІД полицейлерге шабуыл жасауды жоспарлаған 147 радикалды топ өкілін ұстады. Ең қызығы, сол кездегі ІІД басшысы Махамбет Абисатов жоғарыға берген есебінде: «Жақсылық жария болмауы керек. Біз мұны ешқандай пиарсыз, тып-тыныш жасадық», – деп мәлімдеді. Ол бір облыстан 150 адамның діни ұстанымына байланысты полицияға оқ атуға оқталғанына мән берген жоқ, қылмыскерлердің ұсталғанына мәз. Ол «жақсылығының» жария болғанына емес, «бұл адамдар неге өз еліне өзі жау болып жүр, оның алдын қалай аламыз?» деген сұраққа бас қатыруы керек еді.
Ал тағы бір депутат Ринат Зайытовтың: «Елдегі алаяқтардың 80 пайызы намаз оқитындар» деген мәлімдемесі дауды тіпті ушықтырып жіберді. Айтыскер Ринат сахнада қарсыласын жеңу үшін сөзді оңды-солды қолданатын әдетіне басса керек, нақты дәлелі болмаса да 80% деген цифр айтыпты. Оның бұл сөзі радикалды ұстанымдағы діндарларға ұнамайтыны белгілі, өретүрегеліп, Ринатты төпелеп жатыр. Ең өкініштісі – депутат сөзі өз бетінше намаз оқып, тыныш тіршілік етіп жүрген азаматтарға да тиіп кеткен сияқты. Мұндай асығыс мәлімдемелер қоғам алауыздығына себеп болуы мүмкін.
Бұл азаматтардың екіұшты немесе ұшқары пікірлерін неге теріп отырмыз? Өйткені бұл қазіргі қазақ қоғамындағы діни мәселелердің айқын көрінісі. Мұндай сөздерді екінің бірі күнде айтып жүрген, тек ресми тұлғалардың аузынан шыққан соң ғана қоғам талқысына түсіп отыр. Бейсембаев болмаса да оқушы баласына хиджаб кигізгісі келетін ата-ана көп. Айгүл Құспан айтпаса да діни мектепті аңсап жүргендер аз емес. Ринатқа дейін де діни атрибутқа арқа сүйеген кей азаматтың оғаш әрекетіне наразы жұрт болған. Екінің бірінің ойында жүрген осы сөздер жарияға шықты. Енді мәселенің мәнін тарқатып, шешімін іздейтін кез келді.
Қазақ қоғамында дін ұстанатындар мен ұстанбайтындар арасында неге үлкен жік пайда болды? Қазір сүзгіден өтпеген сансыз ақпаратқа уланған халық кімге сенерін білмей жүр. Осыдан барып, көзі қарайған там сүзеді болып, әркімнің жетегінде кетеді. Арабияға барып алты ай, Түркияға барып төрт ай дін үйреніп келгендер қазақтың қадым заманғы құндылығына топырақ шашатын болған. Бесіктен белі шықпаған қыз-жігіттер әлеуметтік желіде «домбыра харам, беташар ширк» деп сарнап отыр. Оларға «әй» дейтін молда, «қой» дейтін билік болмай тұр. Әсіресе діни тақырыпта бір кітап оқымаған, әркімнен естіген уағыз-насихаттарына сүйеніп жүрген жастар жұрттың жүйкесін жұқартып болды. Осыдан барып қоғамда дін ұстанғандардың бәріне сыпыра сыни көзбен қарайтын тенденция қалыптасты.
Қылмыскер де өзінің әрекетін дұрыс деп санайды. Сол сияқты радикалдар өздерін ең дұрыс жолда жүрміз деп есептейді. Сол үшін олардың көзіне дін ұстанбайтын, тіпті дінге бейтарап көзқарастағы адамдардың өзі «кәпір» болып көрінеді. Ал оларға ара-ағайындық жасап, оң-солын түсіндіріп жатқан не билік, не зиялы қауым жоқ. Әркім өзінікін жөн санап, қарсы тарапты атарға оғы болмай жүр.
Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы азаматтар арасындағы мұндай көзқарас алауыздығына саяси сананың төмендігі себеп болғанын айтады.
«Біріншіден, бізде экстремизм, терроризм, радикализм әрекеттері болып, халықтың дінге деген көзқарасы аздап салқындап қалды. Қоғамда исламның радикалды формасы жайлы көп айтылғандықтан, халықтың дінге деген қорқынышы пайда болды. Көп адам радикал мен қарапайым дін ұстанушыны ажырата бермейді. Ата-бабамыз ұстанған таза дінге деген сағыныш осы радикалдар кесірінен су сепкендей басылды деп ойлаймын. Екіншіден, елде жастар жаппай дінге бет бұрып, мешіттер көптеп салына бастағанда осы үрдісті тоқтату үшін исламофобияны өршітіп, өзге ұстанымдағы азаматтарды қамшылап отырған адамдар бар болуы да мүмкін. Азаматтардың көзқарасы бір бағытта қалыптасқаны біреулерге тиімсіз шығар. Дегенмен дінге салқын қарайтын адамдар қарасы көбейіп бара жатқаны байқалады. Бірақ әлеуметтік желі жалпы қоғамның айнасы емес, сол үшін қоғам дінсізденіп барады деп айта алмаймын.
Домбыра харам деп жүргендер, өзінен басқаны кәпір санап жүргендер – радикалды бағыттағы адамдар. Мұндай көзқарастағы адамдар бұған дейін де болған. Дәл биыл осының бәрі қатар келіп, үлкен шу шығып кетті. Мүмкін осының бәрін біреулер әдейі ұйымдастырып, исламофобия тудырғалы отырған шығар. Демократиялық ел болғандықтан, өз көзқарасын, талабын айтуға әркімнің қақысы бар. Кей ата-ананың баласына хиджаб кигізуге рұқсат сұрауы да заңды құбылыс. Бірақ оның қандай құқықтық негізі бар, орамал тақса не болады, тақпаса не болады дегенге анализ жасап, талқылайтын арнайы органдар бар. Солар нақты шешімін шығару керек. Халықты қырқыстырып қойып, қарап отыруға болмайды. Мәселе оң шешімін таппаса, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін білмеген халық радикалды топтың соңынан ілесіп кетуі мүмкін. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Рухани, діни бірегейлік саяси бірегейліктен маңызды.
Адамдар өзара түсінісіп, бір-бірін діни көзқарасы үшін кінәламай, бейбіт өмір сүру үшін ең алдымен саяси сана көтерілу керек. Әлеуметтік жағдайға байланысты адамдардың көңіл күйі өте нашар, ешкім сөз көтермейді. Дамыған елдерде халық басқа адамдардың орамал таққанына, намаз оқығанына назар аудармайды. Біз басқа адамды қабылдай алмаймыз. Бұрын сонша көп ұлтпен бірге жасасқан, кеңқолтық ел едік, дәл осы діни мәселеге келгенде төзімсіздік танытып жүрміз. Радикализммен күресті дінмен күреске айналдырып жібермеу қажет. Билік діни алауыздыққа жай қарамағаны жөн. Қазір әлеуметтік желі жақсы дамыған, адамдар тез ұйымдасады, бір-бірінің көңіл күйіне тез әсер етеді. Бір ғана оқыс оқиғаның соңы үлкен жанжалға ұласуы мүмкін. Мысалы, радикалды ұстанымдағы адамдарды біреулер қаржыландырып, қоғамда бүлік салуға шақырмасына кім кепіл?» – дейді маман.
Біздің елде радикалды ұстанымдағы аса танымал тұлғалар бар. Олар әдетте мемлекеттің саяси өміріне мүлде араласпайды, заңсыз істер болса да бұғып жатады. Тек дінге қатысты әңгіме шықса ғана бас көтеріп, белсенді пікір айтады. Қарсыласының жеке басына шабуыл жасап кемсітеді, тіпті үркітіп-қорқытудан да тайынбайды. Оның үстіне, қоғамда белгілі спортшыларды, өнерпаздарды радикал топтар өз қатарына тартады деген ақпарат бар. Халыққа айтыскер, әнші ретінде танылған кей азаматтың мүлде басқа ұстанымға көшіп, қазақ құндылығына қарсы сөз айтқан кезі де болған.
Белгілі теолог Ерзат Төлешұлы ислам діні жайлы ресми білім алмаған, шала сауат уағызшалар туралы айтты.
«КСРО кезінде дін мен салт-дәстүрге қарсы жұмыс жасап, 70 жылда тамырымыздан белгілі деңгейде ажырап қалдық. Тәуелсіздік алған кезде дәстүрлі дінімізді сақтап қалған тұлғалар көп болған жоқ. Сол кезде арнайы мамандар болмағандықтан, кеудеміздегі руханиятқа деген бостықты өзін «дінтанушы» атаған шетелде білім алып келген мамандардан үйрендік. Санасы шетел құндылықтарымен уланған азаматтар сол жақтың менталитетіне сай үгіт-насихатын жүргізді. Халық Меккеге барған, қажыға барған деген адамдарды әулие санап, оларды ұйып тыңдады. Кеудедегі бостықты осы адамдардан естіген әңгімемен толтырды. Кей азамат ұлттық құндылыққа сай келмейтін жат ағымға ергісі келмеді. Ал кейбірі сол ағымдарға имандай сеніп, соның соңынан кетті. Олар өздеріне қосылмаған азаматтарды мұсылман қатарына қоспай, агрессия таныта бастады, «кәпір» деген сөздер айтты. Мұндай айыптауға қазақ қоғамы төзе алмады, содан барып екіге жіктелу, бөліну пайда болды», – дейді ол.
Көзқарас қайшылығы Ислам дінінде ғана болып жатқан жоқ. Әлемдегі ірі діндердің көбі секталар соғысының шаңына көміліп жатыр. Мысалы, кейінгі бір жылда мыңдаған христиан діні үшін өлтіріліп, 2100-ден аса шіркеу жабылыпты. 124 мыңнан аса христиан сенімі үшін елінен безіп, 15 мың адам босқынға айналған. Демек, діни мәселе қай ел, қай қоғамда болса да өте ұшқары тақырып. Сәл ағаттық кетсе, мемлекет үшін қауіпті болуы мүмкін. Сол үшін көп ел дінді биліктен бөліп, саясатқа жақындатпай отыр.
Қуаныш Қаппас