Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Дүйсеновті немістер қорғамаса, Қожамжаровтан қайыр жоқ

Мақсат Дүйсенов
Фото: ашық дереккөз

Жақында бұрынғы Бас прокурор, экс-сенатор және қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаров қамауға алынды.

Оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және заңсыз табысты заңдастыру баптары бойынша айып тағылып жатыр. Бірақ бұл істің түп төркінін түсіну үшін оның айналасына қарау жеткілікті. Кейінгі айларда Қожамжаровтың сенімді серіктері Талғат Татубаев пен Олеся Кексель «азаптау» бабы бойынша ұсталды. Енді кезек тағы бір жақын үзеңгілесі, қашқын прокурор Мақсат Дүйсеновке келді.

Қазақстанның құқық қорғау органдары көптен бері іздеу салған бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов қыркүйек айының соңында Германия аумағында тұтқындалды. Қазақстан ІІМ сұранысы бойынша Интерпол желісі арқылы Германияның Фюрт қаласында қолға түскен Дүйсеновтің Қазақстанға экстрадициялануы әзірге тоқтаған болуы мүмкін. Себебі ол неміс жерінде саяси баспана сұрауға ниет білдірген. Қазақстан билігі Дүйсеновті қаржы жымқыру, алаяқтық және пара алу баптары бойынша айыптап отыр. Ресми мәліметке қарағанда, оны неміс құқық қорғау органдары қыркүйектің 24-і ұстап, қамауға алған. Осылайша бірнеше жылдан бері шетелде жүрген бұрынғы прокурордың ісі енді Германия сотының шешіміне тәуелді болмақ. Егер Германия оған баспана берсе, Қазақстанның экстрадиция талабы орындалмай қалуы мүмкін.

максат дуйсенов
Фото: Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталы

Мақсат Дүйсенов кім?

Мақсат Дүйсенов – Қазақстанның бас прокуратурасы мен қаржы полициясы саласында лауазымды қызметтер атқарған тұлға. Ол 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры болды. Осыған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығы мен «Самұрық-Қазына» қорында жауапты қызметтер істеген. 2012 жылы Дүйсенов Алматыдағы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің (қаржы полициясының) жетекшісі болып тұрғанында қарамағындағы қызметкерлері пара алғаны үшін қызметінен қуылған еді. Дүйсенов біраз жылдар бойы Қайрат Қожамжаровтың жақын серіктерінің бірі ретінде танылды. Сондықтан оның шетелде тұтқындалуы Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры, экс-сенатор Қайрат Қожамжаровтың төңірегіндегі серіктеріне қатысты басталған қылмыстық тексерулердің жалғасы ретінде қабылданды.

Аты шулы «Қорғас ісі»

Мақсат Дүйсеновтің аты аталып отырған негізгі эпизодтың бірі – көп жылдан бері қоғам назарында келе жатқан «Қорғас ісі». Бұл іс Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде 2010 жылдардың басында анықталған ауқымды коррупциялық схемаға байланысты. 2011 жылдың соңында қаржы полициясы Алматы облысындағы шекара бекеттерінде жүйелі жемқорлық пен контрабанда жүріп жатқанын мәлімдеген. Тергеу деректеріне сай, бірнеше адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жылдар бойы кеден бекетінде заңсыз әрекетпен айналысқан. Оның құрамында қылмыстық орта өкілдерімен қатар кейбір мемлекеттік орган қызметкерлері де болыпты. Бұл топ шекара арқылы тауар тасымалын кедергісіз өткізу үшін тиісті лауазымды тұлғаларға пара беріп отырған, осылайша миллиондаған доллар заңсыз табыс айналымы қалыптасқан делінеді. Аталмыш іс бойынша біраз кеденшілер, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеуге тартылып, кейбірі сотталғанын бұған дейін де жаздық.

Алайда «Қорғас ісінің» астарында тек экономикалық контрабанда ғана емес, оны тергеу кезіндегі заңсыз тергеу әдістері де бар болып шықты. 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Бас прокуратурасы «Қорғас ісі» бойынша тергеудің қайта басталғанын ресми растады. Тергеу барысында анықталған деректер бұрын бұл істі тергеген кейбір лауазымдылардың өздері заң бұзуға жол бергенін меңзейді. Атап айтқанда, экс-бас прокурор Қожамжаровтың қарамағында қызмет еткен Ұлан Мәдиев есімді бұрынғы қаржы полиция қызметкері 2023 жылы азаптау айыбымен ұсталды. Сол уақытта бірқатар ақпарат құралдары «Қорғас ісін тергеу қайта жалғасты» деп хабарлап, Қожамжаровтың қол астында істеген адамдарға тек азаптау ғана емес, күдікті әйелді зорлау айыбы да тағылғанын жазды. Тергеу материалдарында Қожамжаровтың адамдары ретінде аталған күдіктілер тізімінде жоғарыдағы Мәдиевтен бөлек қаржы полициясының тағы екі бұрынғы басшысы Талғат Татубаев пен Сергей Потанин бар екені айтылды. Тіпті «Қорғас ісі» бойынша басты куәгердің өлтірілуіне Қожамжаров қарамағындағыларының жанама қатысы болуы мүмкін деген мәлімдеме де жасалды. Бұл айыптаулар «Қорғас» ісін тергеу кезінде тергеушілер небір заңсыздықтарға барғанын көрсетеді.

Татубаев, Қожамжаров, Кексель
Фото: Жас Алаш коллаж

«Қорғас» ісіндегі Дүйсеновтің рөлі

Мақсат Дүйсенов жоғарыда аталған Қожамжаров командасының мүшелерінің бірі ретінде «Қорғас ісі» бойынша тергеліп жатыр. Ресми ақпараттарға сүйенсек, тергеу материалдарында Мақсат Дүйсенов «Қорғас» кеденіндегі контрабандадан пайда көрген лауазымды тұлғалардың бірі ретінде аталады. Яғни қаржы полициясы басшылары Ұ.Мәдиев, Т.Татубаев сияқты Дүйсенов те заңсыз табыс тапты деп күдікке ілінген. Ал бұл қылмыстық схемалардың негізгі бас пайда табушысы ретінде тергеушілер Қайрат Қожамжаровтың өзін көрсеткен. Бұл жерде сөз Қожамжаров қаржы полициясын басқарған жылдары оның қол астындағы кей қызметкерлер шекарадағы жемқорлық жүйесімен байланыста болып, содан өздеріне және жоғары жаққа үлес алып отырды деген тұжырым туралы болып отыр. 2012 жылы Дүйсеновтің қызметінен қуылуы да қаржы полициясындағы жемқорлық жанжалынан кейін болғаны айтылады. Бұл фактілер Дүйсеновтің «Қорғас» контрабанда желісі мен оны тергеу барысындағы әрекеттерден тыс қалмағанын аңғартады. Тергеу күдігі бойынша, Дүйсеновтің пара алу, алаяқтық істерге қатысы бар. Әзірге тергеу құпия жүргізіліп жатқандықтан, нақты қандай әрекеттер үшін Дүйсеновке айып тағылғаны ашық айтылмады. Дегенмен Бас прокуратура ресми мәлімдемесінде Дүйсенов пен басқа да тұлғалардың азаптау және қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша тергеліп жатқанын растады.

Қайрат Қожамжаров
Фото: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Қайрат Қожамжаров

Мақсат Дүйсенов Қайрат Қожамжаровтың заң саласындағы көп жылғы серігі екенін жоғарыда айттық. Бүгінде Қазақстанның күштік құрылымдары тек Дүйсеновті ғана емес, Қожамжаровтың өзін де тергеп жатыр. 2025 жылдың 6 қыркүйегінде Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровқа қатысты ресми тергеу басталғанын хабарлады. Оған қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және түрлі басшылық лауазымдарда болған кезеңдерінде қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша іс қозғалғаны мәлім болды. Қожамжаров Назарбаев билігі кезінде ықпалды тұлғалардың бірі болғаны белгілі. 2017–2019 жылдары екі жыл бойы Қазақстанның бас прокуроры қызметін атқарды, одан бұрын және кейін жемқорлыққа қарсы бірнеше мекемелерді басқарды, Президент кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін иеленді. 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен күні оны Сенат депутаты етіп тағайындаған. 2023 жылдан бастап Қожамжаров мемлекеттік қызметте емес, сол уақыттан бері оның төңірегіндегі бірқатар тұлғаларға қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, Қожамжаров басқарған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы жетекшісі Талғат Татубаев 2023 жылы қамауға алынды, ал Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің экс-басшысы Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды. Осы тізімге енді, міне, Мақсат Дүйсенов те қосылып отыр. Бұл деректер билік органдарының назары тікелей Қожамжаровтың өзіне және оның айналасына ауғанын көрсетеді.

Рахат Әлиевтің әмияны

Жақында Мақсат Дүйсенов Германияда тұтқындала салып, құқық қорғау тақырыбындағы ARGA YouTube-арнасына сұхбат беріп үлгерген. Сол сұхбатында 2019 жылғы билік ауысу кезеңіндегі жасырын ойындар туралы мәлімдемелер жасады. Дүйсеновтің айтуынша, сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті президентке Қожамжаров пен оның командасына қатысты жалған мәліметтер ұсынған екен. Атап айтқанда, ҰҚК-нің сол кездегі басшылығы: «Қожамжаровтың құқық қорғау органдарында өзіне адал 200 адамы бар, ал Дүйсеновтің шетелдік қылмыскерлермен байланысы бар» деген сарында анықтамалар берген. Мұндағы мақсат – Қожамжаров Бас прокурор қызметінде қала берсе, жаңа билікке кедергі келтіруі мүмкін деп сендіріп, президентті оны орнынан босатуға көндіру болған. Нәтижесінде, 2019 жылдың 19 наурызында Назарбаев президенттіктен кететін күні Қожамжаровты бас прокурорлықтан босатып, сенат депутаты етті. Дүйсеновтің сөзінше, сол күндері ҰҚК басшылығы президентке Қожамжаров пен оның командасы «жемқорлыққа белшесінен батқаны» туралы жалған баяндама ұсынған. Саяси инсайдерлердің айтуынша, Дүйсеновтің мұндай мәлімдемелері өзіне қарсы биліктің ашуын күшейтіп, оның экстрадициясын тездетуге түрткі болуы да ықтимал.

Дүйсенов 2019 жылдары оның қызметіне қатысты тексеріс басталған кезде елден шығып, біраз уақыт Біріккен Араб Әмірліктерінде бой тасалаған. Жақында Мақсат Дүйсеновтің туған інісі Асхат Дүйсеновтің Дубайдың элиталық ауданынан құны бірнеше млрд теңгеге бағаланатын пәтерлерге ие екені белгілі болды. Оған Jumeirah Beach Residence аймағындағы Jumeirah Gate Tower кешенінен екі апартамент тиесілі болған. Жерасты автотұрағындағы екі орынмен бірге активтердің жалпы құны 5 млн доллар. Алайда Асхат Дүйсенов ірі кәсіпкер саналмайды. Керісінше, оның аты салық қарыздары, сәтсіз инвестициялар және қылмыстық кезеңдеріне байланысты. 2007 жылы Мақсат Дүйсенов Атыраудағы экономикалық қылмыспен күрес департаментінде жұмыс істеп жүргенде Алматы полициясы Асхат Дүйсеновке іздеу жариялаған. Ол «адам ұрлау» және «ОПГ құру» баптары бойынша күдікті саналған. Кейін ол аты шулы «Нұрбанкгейт» ісіне байланысты ұсталды. Бұл іс – екі банкирдің өлімімен аяқталған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қылмыстық оқиғалардың бірі. БАҚ-та Асхат Дүйсенов «Рахат Әлиевтің әмияны» деп аталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бизнесмендерді Әлиевтердің саяжайында ұстауға көмектескен. Дегенмен сотта оның аты не айыпталушы, не куәгер ретінде аталған жоқ. Асхат Дүйсенов биыл жазда ақша жымқыру және капиталды шетелге шығару ісі бойынша қайтадан қамауға алынған.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан» бағыты аясында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы ықпалды топтардың бірқатары жауапкершілікке тартылып, қызметтен кетті. Мысалы, Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалды сотталып, мемлекетке ірі активтері қайтарылды, Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин мен ұлы Нұрхан Нығматулинге де қылмыстық іс қозғалды. Осындай тазалау толқыны енді Қожамжаровтардың «кланына» да келген сияқты. Олай дейтініміз, Қайрат Қожамжаров атына байланысты дау-дамай жылдар бойы айтылып келгенімен, оған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. «Қорғас ісі» де, өзге резонансты тергеулер де оның ықпалын шайқалта алмады. Сарапшылар мен телеграм-арналар оны «элитаға компромат жинаған», «қол сұғылмайтын» тұлға деп сипаттап келді. Тіпті кей деректерде Қожамжаровтың Ленинград мемлекеттік университетінде Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевпен бірге оқығаны, осы байланыс оны ұзақ жылдар саяси қорғанысқа алғаны айтылатын. Алайда бәрі өзгеріп жатыр. Қожамжаровтың беделі біртіндеп қирап, серіктері қамауға алынып жатқан тұста, оның Мәскеудегі курстасы болған Дмитрий Медведевтің ықпалы да енді көмектесе алмайтын сыңайлы.

Тұрсынбек БАШАР