Еденге құлап түскен нәресте көз жұмды

Теміртау қаласындағы перзентханада жас босанған ана дүниеге келген перзентінен қас-қағым сәтте айрылып қалды.
Теміртау қаласының тұрғыны 33 жастағы Айжан Шахманова 19 ақпанға қараған түні перзентханаға түскен. Түскен кезде жағдайы бір қалыпты болған, тек түнгі сағат екі шамасында толғағы күшейіп, дәрігерлерден көмек сұрай бастаған. Алайда ақ халаттылар жүкті әйелге көмек көрсетуге асыға қоймаған екен.
«Менің жүрегім айнып құсқым келді, ауа жетпей тынысым тарылды. Толғағым жиілей бастап жаным қиналған соң акушерді шақырдым. Алайда ешкім келмеді. Менің айғайыма дәрігер: «айғайлама жұрт ұйықтап жатыр, олар таңертең босанады, демалсын сен жалғыз емессің» деп жауап берді. Мені тек екінші әйелді қарағаннан кейін ғана босану бөлмесіне апару қажет деп шешті», – дейді Айжан Шахманова әлеуметтік желіге таратқан бейне жазбасында.
Алайда дәрігерлер тым кеш қимылдаған еді. Айжан босану бөлмесіне кіре бергенде бала дүниеге келіп еденге бір-ақ құлаған. Тіпті бала еденге түскен бойда жарты метрдей жерге сырғанап кеткен екен. Дәрігерлер жапа-тармағай балаға жармасып көмек көрсетпек болғанмен сәбидің өмірі үзіліп кеткен. Ақ халаттылар жан-дәрмен айғайға басып жылаған анаға бала іште жатып шетінеп кетуі мүмкін екенін айтқан. Дегенмен, сәбидің өлі туғанын не болмаса соққы салдарынан қайтыс болғанын анықтау үшін қызметтік тексеру басталған. Алайда бұл ақпарат әлеуметтік желіге тарап ел бойынша үлкен шуға айналды. Әлеуметтік желі қолданушылары дәрігерлердің кейбірі өз жұмысына салғырт қарайтындықтан, талай адамның өміріне қиындық әкелді деген пікірлерді көп жазады. Жас босанған әйелді түнде дәрігерлер дәрі беріп ұйықтатып тастаған, ол таңертең есін жинаған соң полиция шақырыпты. Оның айтуынша, перзентханадағылар полицияға бала өлімі туралы ақпаратты хабарламаған екен. Полиция департаменті бұл істің тіркелгенін, әрі бұған қатысты тергеп-тексеру амалдарының жүргізіліп жатқанын хабарлады. Үшінші перзентін асыға күткен Айжан Шахманова шетінеп кеткен нәрестенің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, ол өз ісіне салғырт қарағандар жазасын алуы қажет деп есептейді.