Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:01

Егемендік пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылық ретінде бекітіледі

Конституция
Фото: ашық дереккөз

Бүгін жаңартылған Конституцияның жобасы жарияланды. Құжат әділеттілікке, адам құқығына, заң мен тәртіптің сақталуына басымдық береді.

Мәселен, бірінші бөлім «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгертіліп отыр. Онда Қазақстан мемлекеттілігінің негіздерін айқындау көзделген. Сондай-ақ еліміздің басқару моделі «президенттік республика» деп өзгертілді. Қолданыстағы Конституцияда басқару моделі бұрыс көрсетілгенін заңгерлер талай мәрте көтерген-тұғын. Міне, енді сол кемшілікті де түзетіліп отыр. 

Сонымен қатар Ата заң жобасында Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығы өзгертілмейтін құндылық ретінде көрсетілген.

 Осыған байланысты әкімшілік-аумақтық құрылым конституциялық заңмен айқындалатыны нақты жазылды. Бұған қоса, «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деген норма нақтыланып, екінші бапта бекітілді.Келесі назар аударатын мәселе, Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық деген нормаға «егемендік иесі» деген нақтылық қосылды. Себебі биліктің пайда болуы мен заңдылығын көрсететін «халық – билік көзі» қағидасы егемендіктің кімге тиесілі екенін толық ашпайды. Егемендік – мемлекеттің өкілеттіктері мен билік шегін айқындайтын бастапқы әрі бөлінбейтін қасиет. Ол мемлекетке емес, халыққа тиесілі. Ал мемлекеттік органдар сол егемендікті Конституция аясында ғана жүзеге асырады.

Қорыта айтқанда, Конституция жобасы мемлекеттіліктің іргетасын құқықтық тұрғыдан нақтылап, билік пен халық арасындағы қатынасты айқындады. Егемендіктің халыққа тиесілі екені, басқару моделінің нақтылануы мен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы Ата заңның логикалық тұтастығын күшейтеді.

Дәурен Сейітжанұлы