Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:48, 20 Қазан 2025

Егемендіктің айнасы: Әлем елдері Республика күнін қалай тойлайды?

Республика күні

Республика күні халықтың өз тағдырын өзі айқындауға ұмтылған ерік-жігерін, тәуелсіздікке жету жолындағы қажыр-қайратын бейнелесе керек.

Дүниежүзінің көптеген мемлекеттері бұл мерекені өздерінің тарихи жолы мен мәдени болмысына сай түрлі салт-дәстүрлермен атап өтеді. Әр халық Республика күнін өз мемлекетінің дүниеге келген сәті ретінде қабылдап, оны ұлттың мерейлі мерекесіне айналдырған.

Мәселен АҚШ халқы Республика күнін жыл сайын 4 шілдеде тойлайды. Бұл дата – 1776 жылы қабылданған Тәуелсіздік декларациясының күні. Сол құжат арқылы Америка Құрама Штаттары өз егемендігін ресми түрде жариялап, жаңа мемлекет ретінде тарих сахнасына шыққан еді. Сол күні елдің түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Әдетте аспанды түрлі-түсті отшашулар, қала көшелерінде парадтар, карнавалдар, жәрмеңкелер мен концерттер ұйымдастырылады. Отбасылар барбекю дайындап, далада пикник өткізеді. Мемлекет басшысы мен билік өкілдері халыққа арнайы құттықтау жолдайды, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің маңызын еске салады. Сол сияқты Қытай Халық Республикасында да Республика күні аса салтанатты түрде аталып өтеді. Қытай халқы бұл мерекені жыл сайын 1 қазанда тойлайды. Себебі 1949 жылы дәл осы күні Қытай Халық Республикасының құрылғаны ресми жарияланған болатын. Сол күннен бастап Қытай халқы жаңа дәуірге қадам басып, халықаралық аренада біртұтас мемлекеттің өкілі ретінде мойындалды. Бейжіңнің жүрегіндегі әйгілі Тяньаньмэнь алаңында дәстүрлі әскери шеру ұйымдастырылып, елдің қуаты мен бірлігін паш етеді. 1959 жылдан бастап мұндай шерулер тек мерейтойлық даталарда ғана өткізіледі, алайда мереке аптасына созылады. Бұл кезең «Алтын апта» деп аталады. Себебі дәл осы уақытта халық демалып, ел бойынша мерекелік көңіл-күй орнайды. Қала көшелерін фейерверктер мен жарық шамдар безендіреді, ал адамдар өз отбасымен, достарымен бас қосып, мейрамды ерекше қуанышпен қарсы алады. Қытай үшін бұл күн – мемлекет пен халық бірлігінің, ғасырлар бойғы еңбектің нәтижесі ретінде қабылданады. Посткеңестік елдер қалай тойлайды дегенде саясаттанушы Айдана Талғатбекқызы жауап берді.

«Посткеңестік елдердің арасында да Республика күнін айрықша атап өтетін мемлекеттер бар. Мәселен, Әзербайжан Республикасы бұл мерекені жыл сайын 28 мамырда атап өтеді. 1918 жылы дәл осы күні Әзербайжан Демократиялық Республикасы құрылып, Шығыстағы алғашқы зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде тарихқа енді. 1990 жылдан бастап бұл күн ұлттық мейрам мәртебесіне ие болды. Бакуде әскери шерулер өтеді, ал халық ұлттық ән мен күйге толы концерттерге жиналады. Мерекенің құрметіне «28 мамыр» метро станциясы ашылып, арнайы ескерткіш тақта орнатылған. Бұл күн елдің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен ата-бабалар рухына тағзым ету күні іспетті. Еліміздің тәуелсіздігі де осы күннен бастау алады. Сондықтан бұл – ұлық мереке деп қабылдануы тиіс». Және заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, Республика күні – еліміздегі жалғыз ұлттық мейрам. Демек, ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртып, республика деңгейінде кең көлемде атап өту тарихи шешімнің маңыздылығын да арттыра түспек», - дейді маман.

Беларусь үшін ерекше тарихи мәнге ие күн. Бұл күні ел халқы «Беларусь Республикасының күні» мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік басқыншылардан азат етілген Минск қаласының мерекесін қатар атап өтеді. 1996 жылғы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде бұл күн мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Беларусь халқы оны «Тәуелсіздік күні» деп те атайды. Әр жылы бұл мереке ел астанасы Минскіде салтанатты шерулермен, әскери техника көрмелерімен және мерекелік концерттермен өрнектеледі. Кешкісін алаңдарда аспанды жарыққа бөлейтін отшашулар атылады. Бауырлас Түркия Республикасы да өз Республика күнін зор құрметпен тойлайды. 1923 жылдың 29 қазанында Түркияның негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік жаңа конституция қабылдап, мемлекетті ресми түрде республика деп жариялады. Бұл шешім Осман империясының дәуірінен кейінгі жаңа кезеңнің басталғанын білдірді. Бүгінде Түркияның барлық өңірінде бұл күн үлкен ықыласпен аталып өтеді. Әсіресе Анкара қаласында мерекелік шаралар Ататүрік кесенесіне тағзым етуден басталады. Ел басшылары, министрлер, қоғам қайраткерлері мен қарапайым халық Ататүріктің рухына тағзым етеді. Шаһар көшелерінде алқызыл байрақтар желбіреп, халық бір кісідей сап түзеп, шеру өткізеді. Бұл мереке кезінде ел бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, әрбір үй мен ғимаратта мемлекеттік ту ілінеді. Ал Италияда Республика күні жыл сайын 2 маусымда өтеді. Бұл күн италиялықтар үшін мемлекеттің жаңа басқару жүйесінің дүниеге келгенін білдіреді. 1946 жылы 2 маусымда өткен референдумда халық монархиялық биліктен бас тартып, республика құруды таңдады. Әйелдер алғаш рет сайлауға қатысып, тарихи шешім қабылдауға өз үлесін қосты. Осылайша, ел жаңа дәуірге қадам басты. Сол күннен бастап Италия халқы бұл мерекені ерекше ықыласпен атап өтеді. Ел астанасы Римде дәстүрлі әскери парад ұйымдастырылып, шеруге барлық әскер түрлері қатысады. Құрлық, теңіз және әуе күштері қатар сап түзеп, президент алдынан өтеді. Eurofighter ұшақтары аспанда Италия туының түстерін бейнелеп, ел рухын асқақтатады. Бұл күн италиялықтардың демократияға деген адалдығы мен ұлттық бірлігін паш ететін ерекше символға айналған.

Осы мысалдарға қарағанда, көптеген елдер Республика күнін жылдың жылы мезгілінде атап өтеді. Бұл табиғи жағынан да, рухани тұрғыдан да халыққа ортақ қуанышты кең көлемде тойлауға мүмкіндік береді. Шеру, мерекелік концерттер мен отшашулар – бәрі елдің бірлігін, азаматтық рухын дәріптеудің құралына айналады.