Екі айда 35 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан
Қазақстанда 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 131,5 мың адам қатысты. 110,8 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 35,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындарына 75,5 мың адам орналастырылды. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарымен 6,6 мың адам, жастар практикасымен 3,8 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 55,0 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 2,2 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 22 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 7,9 мың адам жұмыспен қамтылды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 12,6 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 11,2 мыңы оқуды аяқтады.
Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 8,1 мың адам қамтылды, оның ішінде 4,7 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Қызмет саласын таңдау мақсатында 45,1 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық 5 млн теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру көзделген.
Сонымен қатар, өткен жылы 963 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылған.
Ел халқын жұмыспен қамту саласындағы қызметтің негізгі түрлері азаматтарды мемлекет қаржыландыратын тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарымен қамту болып табылады.
Жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған жұмыс орындарына орналасуға қажетті тәжірибесі, біліктілігі, дағдылары жетпеген жағдайда Мансап орталықтары жұмыс іздеушілерді қысқа мерзімді оқуға жібереді. Бұдан басқа, өздігінен білім алуға құштар болған азаматтар үшін Электрондық еңбек биржасында дағдысын арттыру немесе жаңа кәсіптік дағдыларды игергісі келетіндер үшін онлайн-оқудан тегін түрде өтуге мүмкіндік қарастырылған.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 963 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Ұлттық жобалар шеңберінде 265,1 мың азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 198 мыңнан астамы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 382,4 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 316 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 50 %-дан астамы немесе 472,9 мыңы – 35 жасқа дейінгі жастар», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі.
Сондай-ақ, ол өңірлер бөлінісінде Түркістан (14%), Жамбыл (6%), Алматы (6%) облыстары мен Алматы (11%), Астана (6%), Шымкент (6%) қалаларына жұмысқа орналастырылған азаматтардың 52%-ы тиесілі екенін айтты.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралардың тағы бір бағыты халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік гранттар және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған жастарға жеңілдетілген микрокредиттер беру болып табылады.
«Өткен жылы 5733 азаматқа микрокредит берілді. 2024 жылы 5,8 мың адамға микрокредит беру жоспарлануда, бұл мақсаттарға 29 млрд теңге бөлінді.
Азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беретін қайтарымсыз гранттар беру жыл сайын іске асырылады. Биыл 9 мың азаматқа грант беру үшін 13 млрд теңге қарастырылған», – деді Олжас Ордабаев.
Бұдан басқа, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес 559 мың азамат немесе отбасылардың 58%-ы жұмысқа орналасу арқылы өздерінің әлеуметтік жағдайын түзетуге мүмкіндік алғанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, вице-министр бекітілген өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде осы жылға арналған жұмыспен қамту жоспарлары туралы айтты. 2024 жылы барлығы 948,1 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
«Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, түрлі тұжырымдамалар мен салалық жобалар шеңберінде 68,8 мың азаматты жұмыспен қамту қарастырылған. Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына 193 мыңнан астам адамды, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 341,3 мың адамды, бос жұмыс орындарына – 314,9 мың азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда», – деді ол.
Брифинг барысында Олжас Ордабаев Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы айтты.
«Электрондық еңбек биржасында дербес онлайн-оқыту мүмкіндігі бар, биыл 40 мың адамды оқыту жоспарлануда. Порталда барлығы 181 мамандық бойынша 475 онлайн-курс орналастырылған, оның 241-і тегін. Бүгінгі күнде 307,1 мың адам оқудан өтіп сертификат алды. Сондай-ақ, «Бастау – Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін тегін негізде оқытудың толық жүйесі қарастырылған», – деді вице-министр.