Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

«Екі ғұмыр» сыртқы мәртебе мен ішкі әлсіздіктің тартысы

кинотеатр және балалар
Фото: Getty Images

Ұлттың рухани тынысын айқындап, қоғамның көзге көрінбейтін жарасы мен жүректегі дірілін сахна тілімен сөйлете алатын ең көне әрі өміршең өнер – театр.

 Әлемнің қай елін алсақ та, қоғамдық ойдың серпіні, әлеуметтік өзгерістердің лебі, адам жанындағы нәзік толқындар алдымен театр сахнасында көрініс табады. Қоғам өзін бақылап, көзайым болар айна іздесе, театр сахнасы оған өзінің айқын бейнесін көрсетеді. Ал қоғам дағдарысқа түссе, театр соның себебін ашып, дауасын айтады. Ұлт болмысынан алыстап бара жатса, театр оны қайтадан адамгершіліктің, жауапкершіліктің, рухани биіктіктің соқпағына шақырады. Қазақ топырағында да театр әр кезеңде халықтың көкейіндегі сөзі, қоғамның ар-ожданын қорғап келген өнердің айғағы бола алған. Кеңестік цензураға қарамастан, талай драматургтер адам тағдыры, ұлттық болмыс, рухани тартыстар туралы сөз қозғады, тәуелсіздік жылдарында театр қоғамдағы күйзелістерді, өтпелі кезеңнің жараларын ашық айтты. Бүгін де қазақ театры жаңа әлеуметтік мәселелердің күрделі сұрақтарына үн қатып, жас көрерменге ой тастау деген миссияны арқалап жүр.

Осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» ұсынып отырған «Екі ғұмыр» атты әлеуметтік драма – қазіргі қазақ қоғамының өзегіне түскен ең ауыр, ең жан күйдірер мәселелерді астарламай, ашық әрі өткір түрде көрсететін терең туынды. Қойылым тек бір отбасының ішкі драмасы емес, тұтас қоғамның қасіретін көрерменге сахна тілінде жеткізетін терең психологиялық драма. Қойылымның авторы Қолғанат Мұрат көрерменді бірден қоғам бізден жасырып жүрген, кейде біздің өзіміз көргіміз келмейтін шындықтың дәл ортасына алып барары сөзсіз. Сырт көзге үлгілі, абыройлы, ел алдында сыйлы тұлға – Жұмағұл Сәдуақасовичтің отбасы сахнада біртіндеп қасіреттің шымылдығын аша бастайды. Қоғам жиі қолданатын «отбасы – құндылықтар мекені» деген түсініктің астарында кейде көзге көрінбейтін, бірақ адам тағдырын өзгертіп жіберетін үнсіз трагедиялар бар екенін автор шеберлікпен суреттейді. Әсіресе бұл қойылымда отбасының әр мүшесі бір-бір әлем, бір-бір жара, бір-бір шындық. Әкенің сыртқы мәртебесі мен ішкі әлсіздігі, ананың төзім шегіне жеткен рухани күйзелісі, қызы Гүлімнің тағдыр талқысы, ұлы Ермектің шындыққа деген жанкешті ізденісі – бәрі көрерменнің жүрегіне салмақ түсіріп, адамгершілік пен заң, қоғам мен тұлға, қылмыс пен ар арасындағы күрделі шекараларды қайта ойлануға итермелейді.

Қойылым арқылы автор «шындық үшін үн қатуға біздің батылымыз жете ме?» деген сұрақты күллі қоғамға қойып тұрған сияқты. Автор кейде дәл осы үнсіздіктің трагедияға айналатынын, үнсіздік көбейген сайын қоғамның моральдық іргесі сөгіле беретінін көркем тілмен, жанды сахналық көріністер арқылы жеткізеді. Астана қаласы Мәдениет басқармасының 2024-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында ұсынылып отырған бұл премьераны тек спектакль деп қарау жеткіліксіз болар. Осындай қадамдар арқылы есірткімен күрес әлеуметтік-профилактикалық жобаға айналып отыр. Есірткіге қарсы иммунитет тек дәріс, жиналыс, ескерту арқылы қалыптаспайтынын ескерсек, ол адамның эмоционалдық қабылдауында, қоғамдық санадағы моральдық рефлексте пайда болады. «Екі ғұмыр» туындысы бір отбасының күйреуі арқылы тұтас қоғамның қандай қауіп алдында тұрғанын, есірткімен улану бір адамның ғана трагедиясы емес, тұтас буынның, тұтас қоғамның бүлінуі екенін көрсетеді. Жас көрерменге әсер етудің ең тиімді жолы – оның жанын тербетіп, эмоциясын оятып, өмірлік ұстанымын қалыптастыратын шынайы өнер десек, бұл қойылым осы міндетті толық атқара алған сияқты.

Қоюшы-режиссер Бауыржан Нұрбай туындыны мінсіз драматургиялық логикамен, психологиялық тереңдікпен өріп, көрерменді оқиғаның эмоционалдық қақ ортасына әкеліп тастайды. Айдана Еңгебай жасаған сахналық шешімдер символикалық мәнге толы. Әрбір зат, әрбір жарық ауысымы, әрбір реквизит адамның ішкі күйін жеткізетін көркем құралға айналған. Жұмағұл Сәдуақасовичті сомдаған Ақеділ Иманғали мен Қазыбек Есқара кейіпкердің ішкі қақтығысы сыртқы бедел мен ішкі күйреудің күресін айқын сездіреді. Ермектің бейнесінде Ілияс Өтетілеу мен Айдос Амандық сомдаған журналистік адалдық пен адамдық жауапкершілік арасындағы тартыс көрерменді терең ойға батырады. Гүлімнің рөліндегі Аружан Темірхан мен Айдана Болат жасөспірім қыздың нәзік тағдырын, оның қателікке кету жолын, қоғамның оған лайықты тірек бола алмағанын өте әсерлі жеткізеді.

Осы орайда белгілі режиссер Асхат Маемиров «Екі ғұмыр» қойылымы көрерменді тек көруге емес, ойлауға, сезінуге, өз ішіне үңілуге, қоғамға тарап кеткен үнсіздіктің себебін түсінуге жетелегенін айтады. ««Нашақорлықтың қоғамдағы келеңсіз жағдайларға ұшыратуы, оның отбасындағы үйлесімді бұзуы, осындай сұрақтарға автор да, режиссер да, театр ұжымы да жауап іздейді. Әсіресе мұнда ата-ананың ұрпақты тәрбиелеудегі міндеті басты арқауға айналған. Неге? Себебі жас ұрпақты тәрбиелеуді тек мектепке, колледжге, университеттерге ғана жүктеп қоймауымыз керек. Үйдегі ата-ана ұл-қызымен жиі сырласып отыруы қажет. Өйткені отбасылық сырласу, адами диалог жоғалған кезде, бала кез келген сұраққа жауапты басқа ортадан іздейді. Ал ол кезде теріс жолға түсіп кетуіне қауіп көп», – дейді режиссер.

Қойылымның қаузаған тақырыбы – адами құндылықты жоғалтпау, отбасының ішкі жарасын сауықтыру, жастарды қауіпке қарсы иммунитетпен қаруландыру. Театр осылайша тек өнер туындысын ұсынып қоймай, қоғамдық санаға түрткі болатын, қоғамның рухани климатын өзгертетін күшке айналып отыр.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Астана қаласы

Тегтер: