Екі жылда 100 млрд доллар: Сыртқы қарызды қалай жабамыз?

Қазақстанның сыртқы қарызы 170,732 млрд долларға жетті. Бұл – Ұлттық банктің биылғы жылдың екінші тоқсаны бойынша таратқан мәліметі. Оны қалай төлейміз? Бүгінгі әңгімеміз осы туралы болмақ.
Қарызда да қарыз бар
Сыртқы қарыздың құрылымы 2024 жылы былай бөлінген: мемлекеттік кепілдік берілген сыртқы қарыз 15,2 млрд доллар, банктер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қарызы 16,9 млрд доллар, жекеменшік сектордың қарызы 132,6 млрд доллар. Енді осы қарыздардың ішінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы ішкі және сыртқы борышын қоса алғанда жалпы мөлшері 63,3 млрд доллар деңгейінде тұр. Бұл көрсеткіштер елдің ЖІӨ-нің шамамен 25 пайызы шамасында.
Жалпы, сыртқы қарызға қатысты жиі шатастырылатын, бірақ өте маңызды экономикалық айырмашылық бар. Мәселен, сыртқы қарыз – елдің барлық секторының шетел алдындағы жалпы қарызы. Яғни, мұнда тек үкіметтің ғана емес, сонымен қатар ұлттық компаниялардың (мысалы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп»), банктердің, жеке кәсіпорындардың және кейбір халықаралық серіктестіктердің қарыздары.
Сондықтан Ұлттық банк жариялаған 170,7 млрд доллар – бұл Қазақстан экономикасының жалпы сыртқы қарызы. Ал мемлекеттік қарыз бұл – тек үкімет пен мемлекеттік органдардың өз атынан алған міндеттемелері.
Оған мыналар кіреді: үкіметтің тікелей алған ішкі және сыртқы қарыздары, мемлекет кепілдік берген, бірақ квазимемлекеттік сектор алған қарыздар, жергілікті атқарушы органдардың қарыздары. Осылайша, 63,3 млрд доллар бұл үкімет пен мемлекеттің тікелей ішкі және сыртқы борышы.
Енді «айырмашылық неліктен осындай үлкен» деген сауал туындайды. Өйткені Қазақстанда ірі корпорациялар мен банктердің сыртқы қарызы өте жоғары. Мұнай-газ секторындағы компаниялар шетелден инвестиция мен несие алады. Банк секторы халықаралық нарықтардан қарыз тартады. Квазимемлекеттік ұйымдар, мысалы, «Бәйтерек» холдингі, ҚазАгро, «Даму» банкі де сыртқы займ алады. Жоғарыда түсіндіргеніміздей, бұл қарыздар үкіметтің емес, жеке сектордың міндеттемелері болып есептеледі. Демек, олар елдің жалпы сыртқы борышын көбейтеді.
Десек те, Қазақстанның мемлекеттік сыртқы борышы соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Осыған байланысты сыртқы қарызды өтеу мерзімдері де көңілге түрлі ой салмай тұрмайды. Мәселен, Ұлттық банк ұсынған сыртқы қарызды өтеуге байланысты деректерге көз жүгіртсек, 2025 жылы III тоқсанда15 025 млн доллар, IV тоқсанда 12 689 млн доллар, жалпы көлемі
27 713 млн доллар қарызды өтеуіміз керек. Ал 2026 жылы І тоқсанда 12 047 млн доллар, II тоқсанда 11 330 млн доллар, III тоқсанда 7 518 млн доллар, IV тоқсанда 6 556 млн доллар, жалпы 37 451 млн доллар қарыз төлейміз. 2027 жылы I тоқсан: 5 595 млн доллар, II тоқсанда 6 570 млн доллар қарызды өтеуге тиіспіз. 2027 жылдың екі тоқсанындағы өтелетін қарыздың жалпы сомасы 12 165 млн долларды құрайды. 2027 жылы екі тоқсанның ғана өтейтін сомасы көрсетілген. Сонда екі жылда жиыны 77 329 млн доллар қарызды өтеу керек болады. Ал 2027 жылдың ІІІ-ІV тоқсанындағы қайтарылатын қаражатты шамамен қосатын болсақ, 2027 жылға дейін қайтарылуы тиіс қарыз сомасы 100 962 млн доллар.
Қарыздың көптігі бізге қалай әсер етеді?
Енді екі жылдың ішінде 100 млрд доллардан асатын сыртқы қарызды қайтара аламыз ба? Бұл, экономикамызды қандай тәуекелдермен бетпе-бет әкеледі деген сұрақ туады.
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков бұл бірінші кезекте валюталық қысым тудыратынын, яғни, теңгені әлсірететінін айтады. Себебі мемлекет пен жеке сектор қарыздарын шетел валютасында көбіне АҚШ долларымен өтейді. Сондықтан борышты төлеу кезінде валютаға сұраныс күрт артады да, бұл теңге бағамына қысым түсіреді. Нәтижесінде теңге әлсірейді, импорт қымбаттайды, инфляция өседі, халықтың нақты табысы төмендейді. Былайша айтқанда, қарызды қайтару – валюта нарығындағы тепе-теңдікті бұзады. Екіншіден, қарызды өтеу – бұл мемлекеттік бюджеттен тікелей шығатын шығын. Өтейтін сыртқы борыш аз болсын, көп болсын, үкіметке тиесілі болса, онда жыл сайын миллиардтаған доллар тек қарыздың пайыздық төлемдері мен негізгі сомасын өтеуге кетеді. Салдарынан әлеуметтік бағдарламаларға, білім мен медицинаға бөлінетін қаржы азаяды, бюджет тапшылығы ұлғаяды, жаңа қарыз алу қажеттілігі туады. Үшіншіден, инвестициялық климат нашарлайды. Қарыз жүктемесінің жоғары болуы елдің несиелік рейтингіне әсер етеді. Бұдан Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Жаңа шетелдік инвестициялар азаяды. Қарыз алу құны, пайыздық мөлшерлемелер өседі. Басқаша айтқанда, мемлекет пен компаниялар үшін сырттан ақша тарту қымбаттайды. Төртіншіден, қайта қаржыландыру тәуекелі артады. Қарыздың бір бөлігі қысқа мерзімді, яғни, бір-екі жылда қайтарылуы тиіс болса, үкімет пен бизнес ескі борышты жаңа борышпен жабуға мәжбүр болады. Егер халықаралық қаржы нарықтарында пайыздық мөлшерлемелер жоғары болса, қайта қаржыландыру өте қымбатқа түседі. Бесіншіден, валюталық резервтер азаяды. Сыртқы қарызды өтеу үшін Ұлттық банк пен үкімет халықаралық резервтерді пайдаланады. Қазіргі резервтер шамамен 35-40 млрд доллар болса, оның едәуір бөлігі қарыз төлемдеріне жұмсалса, қаржы тұрақтылығы әлсірейді. Артынша, елдің сыртқы «шоктарға» төтеп беру қабілеті төмендейді, капиталдың сыртқа кету қаупі артады. Алтыншыдан, қарыз өтеу кезеңінде мемлекет пен ірі компаниялар қаражаттарын инвестиция мен өндірісті дамытуға емес,борыш төлеугебағыттайды.Бұл экономикалық белсенділікті төмендетіп, өсу қарқынын баяулатады. Былайша айтқанда, қарызды өтеу – экономиканы уақытша «тежеп», жаңа жұмыс орындарын ашу мен инвестицияны азайтады. Ал өтемесе онда бізге деген сенім азайып, сырттан капитал тарту мүмкін болмай қалады.
«Біз осы уақытқа дейін сыртқы борыштың басым бөлігі жеке сектордікі, ұлттық компаниялардікі, одан қорқыныш жоқ деп келдік. Бірақ олар қарызды алып-алып, жалпы борыштың санын өсіріп отыр. Қазір дамыған елдер де, дамушы елдер де квазимемлекеттік сектордағы компанияларының сырттан қарыз алуына қатаң шектеу қояды. Ал біздің бұл сектордағы компаниялардың тапқан табысынан қарызы көп. Қазақстанның жалпы қарызы 170,732 млрд доллар десек, соның 132,6 млрд доллары жеке сектордікі болып отыр. Негізінде жағдайды бұған жеткізбей, бақылауды қатайту керек еді. Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» былтыр таза табысы 492 млрд теңгені құрапты. Ал жалпы қарызы3 967 млрд теңге болды. Табысынан қарызы көп бұл компанияға сырттан қарыз алуды әлдеқашан шектеу қажет еді. Сол тәрізді «Қазақстан темір жолы» компаниясының да қарызы бастан асады. Тіпті Аудит палатасы «ҚТЖ дефолт жағдайында тұр» дегенді де айтты. Тізе берсек, ұлттық компаниялардың батпандай қарыздарынан көз тұнады. Мысалы, үкімет 2023 жылы «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингтері үшін сыртқы қарыз алу лимиттерін бекітті. «Самұрық-Қазына» үшін сырттан қарыз алу лимиті 2024 жылы 12,5 млрддоллар, ал «Бәйтерек» үшін 5 млрд доллар болып бекіді. Осы тәсілді ертерек енгізу керек еді»,– дейді экономист.
Қарыз арзан кіріп, қымбат шығады
Экономист Мақсат Халық жалпы сыртқы борыштың ең үлкен бөлігі фирмааралық берешекке тиесілі дейді. Бұл шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына беретін ішкі трансферттері. Мұндай берешек халық пен мемлекет үшін тікелей қауіп төндірмейді. Алайда сарапшы квазимемлекеттік секторлар, яғни, ұлттық және мемлекеттік компаниялардың қарыздары статистикада «басқа секторлар» деп көрсетілетініне назар аудару керектігін айтады.
«Мұндай қарыздар болашақта мемлекеттің мойнына жүктелуі мүмкін. Егер ондай статустағы компания қарызын өтей алмаса, жауапкершілік үкіметке ауысады. Халықаралық институттардың пайыздық мөлшерлемесі төмен болғанмен, қарыз доллармен беріледі және сол валютамен қайтарылады. Ал доллардың бағамы өзгеретінін ескерсек, бұл Қазақстан экономикасы үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Қарызды басқаруда мұндай тәуекелдер ескерілмесе, жағдай дефолтқа ұласуы ықтимал», – дейді сарапшы.
Тағы бір экономист Қуанышбек Дүйсенов қазір квазимемлекеттік секторда жалпы 27 000-дай кәсіпорын бар екенін айтады. Олардың жұмсайтын қаражаты да аз емес. Сондай-ақ біздегі ұлттық компаниялар Парламентке келіп есеп бермейді, жұмыстарының орындалу барысын айтпайды.
«Квазимемлекеттік кәсіпорындар халық алдында – халықтың биліктегі өкілдері мәжіліс депутаттары алдында есеп беруге міндетті. Есеп беру өз алдына, ұлттық компаниялардың шешім қабылдауы да ашық болуы керек. Мысалы, жоғары деңгейдегі басшыларға табысына қосылатын «бонус» берілуі қалай жүреді, қаншалықты дұрыс шешімдер қабылдап жатыр, ел бәрін біліп отыруы керек. Бізде мұндай ашықтық жоқ. Ұлттық компаниялардың атаулары өзгеріп, басқарма төрағалары ауысып, құрамы жаңарады да жатады. Бұл табыстылыққа қанша әсер етті? Әсер етпесе оның себебі қандай? Бұл біз үшін үлкен құпия».
Деректерге жүгінсек, 2016 жылдан бастап Қытай үкіметі жергілікті әкімшіліктер мен мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарыз алуына қатаң шектеу енгізген. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылда Қытайдың жалпы мемлекеттік борышының өсу қарқыны бәсеңдеді. 2001 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Түркия үкіметі де мемлекеттік және корпоративтік сыртқы қарызға шектеу қойды. Бұл елдіңқаржы министрлігі әр тоқсан сайын шетел валютасындағы қарыз лимитін белгілейді. Мемлекеттік компаниялар мен банктер шетелден қарыз тарту үшін министрліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Нәтижесінде, Түркияның мемлекеттік қарызы тұрақтап тұр. Индонезияда 1997-1998 жылдардағы Азия дағдарысынан кейін барлық мемлекеттік және жеке сектор сыртқы қарыздарын қаржы министрлігі мен орталық банкке тіркеуге міндетті. Шектеудің арқасында Индонезия соңғы жылдары экономикалық тұрақтылықты сақтап келеді.
Қазақстан осы халықаралық тәжірибелерді енді ғана ескеріп жатыр. Қазір Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі сыртқы борышты бақылау жүйесін күшейттік деп есеп беріп жүр. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздары бойынша 2023 жылдан бері ғана лимиттер бекітілді. Бұл шектеулер қарызға қаншалықты әсер етеді? Уақытында көреміз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ