Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:49, 09 Наурыз 2021

Екі азаматтығы барларды елден шығарып жіберу керек

None
None

  Шымкентте қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың екінші азаматтығына қатысты дау-дамайға әлі нүкте қойылған жоқ.

Басқарма басшысының Ресей азаматтығын алып қойып, заңға қайшы әрекетке барғанын былтыр желтоқсанда ұлттық қауіпсіздік органдары анықтаған.  Осыған байланысты қаңтарда қалалық полиция департаменті Почиваловтың Ресей азаматтығын алғанын тіркегенін, нәтижесінде оның Қазақстан азаматтығынан айырылғанын жария етті. Алайда шымкенттік шенеунік құзырлы органның шешімімен келіспей, сотқа шағымданды. Сот оның талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды.

 Енді, міне, ғаламторда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Почиваловты қызметінен босату туралы өкімі жарияланды. Осыдан кейін  іле-шала Почиваловтың адвокаты Евгений Яворскийдің  бейнемәлімдемесі таралды. Адвокат сот шешіміне міндетті түрде апелляциялық шағым берілетінін, сонымен бірге соттың Почиваловты азаматтығынан айыруды тоқтатып тастағаны туралы ұйғарым шығарғанын, ал Почиваловтың өзі қазіргі уақытта денсаулығына байланысты демалыста екенін хабардар етті.  Яғни басқарма басшысы  енді қалалық әкімдікпен жасырынбақ ойнауға көшкен тәрізді. Оған бұл не үшін қажет?

 Біз Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының Почиваловқа қатысты шығарған қаулыларымен, ұйғарымдарымен, шешімімен танысып шықтық. Онда Почиваловтың азаматтықтан айыруын тоқтату туралы ешқандай ұйғарым немесе қаулы жоқ. Е.Яворскийдің қандай ұйғарымды айтып отырғанын өз басымыз түсіне алмадық.

Қысқасы, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» нағыз өзі.   Сотта  Почивалов Ресей азаматтығын алмағанын мәлімдеген. Бірақ оны растайтын ешқандай дәлел ұсынбаған. Сонда, бұл не? Заңды, баршаға ортақ тәртіпті тәлкек қылу ма, әлде мемлекеттік қызметті мазақ ету ме?

Бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған құжаттарға сенсек, Почивалов ең алғаш рет Ресей паспортын 2007 жылы Мәскеу облысынан алған. 2020 жылдың наурызында, яғни Шымкентте лауазымды қызметке тағайындалардан үш ай бұрын ол 45 жасқа толуына байланысты көрші елден алған төлқұжатын сол Мәскеу облысынан жаңалаған. Бір қызығы, оның жұбайы мен ұлының екінші азаматтығы жоқ. 

Осыншама айғақ, дәлел бола тұра, Почиваловтың сотқа шағымдануы ақылға сыймайды.   Шенеунік заңды аттап өтіп,  екінші азаматтық алады. Осы әрекеті арқылы мемлекетті алдады. Енді, міне,  шындықтан жалтарып, сотты да алдап отыр. Бұған дейін де жазғанымыздай, Қазақстан Республикасының азаматы болып та­былатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам өзге елдің аза­маттығын алған күнінен бастап 30 күн ішінде бұл туралы іш­кі іс­тер ор­гандарына немесе Қазақстан Республикасының шетел­дердегі меке­ме­леріне хабарлауға жә­не  төлқұжаты мен жеке куә­лі­г­ін тапсыруға міндетті. Егер ол адам бұл талапты орындамаса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға немесе республика аумағынан шығарып жіберуге апарып соғады. Сот шешімі күшіне енген соң, Почивалов осы заң талабына сәйкес, жауапқа тартылуы тиіс. 

Қазақстанда тұратын, бірақ Ресейдің азаматтығын алып қойғандарды анықтау шаралары енді басталған сияқты. Президент тапсырмасынан кейін қос азаматтыққа қатысты әрқилы әңгімелер айтылып жатыр. Күдікке іліккендердің ішінде білдей мекеме басқаратын дөкейлер де бар көрінеді. Сондықтан бұл тақырыпқа алдағы уақытта қайта айналып соғатын боламыз. 

Тегтер: