Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 02 Маусым 2022

Екі езуіміз көпіріп, отыз жыл айттық өтірік!

None
None

«Қазақ батыр болған, би болған, әділ болған. Аталарымыз Еуропа мен Азияны түгел билеген.

Өркениет бізден тараған» деген намысты қайрайтын, жігерді жанитын сөзбен өстік. Соған құйдай құлап, имандай сендік! Тіпті әжелеріміздің әлдиі мен аталарымыздың ертегісіндегі әділдіктің салтанат құратынына, жақсылықтың түбі жеңіп шығатынына сендік қой. Сөйтсек, соның бәрі өтірік екен.

Ерте заман ертегілеріндегі шылғи өтіріктерді қоспағанда, биыл биліктің өтіріктеріне – 31 жыл. 30 жыл бойы Назарбаевтың айналасындағылар Қазақстанды тонап жатса да, көрмеген болдық. Сатып жатса да, естімеген болдық. Қиратып жатса да, білмеген болдық. «Қаңтар оқиғасынан» кейін ғана соны жаңа ғана естігендей, қазір ғана білгендей, бүгін ғана көргендей бола қалдық. «Назарбаев әулетімен тонап келіпті. Жемқорлық жайлап кетіпті. Әділетсіздік салтанат құрып алыпты. Байлығымыз талан-таражға түсіп жатыр екен» деп, бәрін бүгін естігендей аң-таң болып отырмыз. Отыз жыл аузын буған тайыншадай отырған депутаттар «Ойбай, бізде сондай болып жатыр екен» деп ұйқыларынан ояна қалыпты. Жалдамалы саясаттанушылар мен сарай ақындары бәрін қазір көргендей болып жағаларын ұстап жатыр.

Отыз жыл бойы жүйе солай құрылды ғой. Соны неге айтпаймыз? Сол жүйеге ауыл әкімінен бастап Президентке дейін «адал» қызмет етті. Енді соның зардабын тартып отырмыз. 30 жылғы өтірік 31-жылы да жалғасып жатыр. Батпандап кірді, мысқалдап шыға ма, шықпай ма? Неге осыны айтпаймыз? Тағы отыз жылдан кейін білмей қалыппыз деп, өтірік айту үшін өтірік айтып отырмыз ба? 

Колхоздар мен совхоздардың ту-талақайын шығарып жатып: «20 жылдан кейін қазақтар арабтардан жақсы өмір сүреді» деді бұрынғы басшы. Сол бір ауыз өтірікке қанша жыл сендік.

«Қазақстанның мұнай қоры Кувейдтен кейінгі екінші орында екен» деді. Тезек жағып отырып соған иланғанымызды-ай! Сеніп қана қойған жоқпыз, езуіміз көпіріп, көршілерді жинап алып, көшеде талтайып тұрып айтатын болдық, әлгі өтірікті.

«Қазақстанда Менделеев картасындағы барлық элементтер бар» деген су жаңа өтірік шықты бір күні. Менделеевтің кім екенін білмесек те, Қызылқұмда қой құрттап отырып, соған сенетінімізді қайтесің?! Құдайдың құдіреті, басқа өтіріктерге қарағанда осы өтімді болды. Өйткені мұның шамалы ғылымилығы бар еді. Сосын, мұны оқыған-тоқыған химиктер де бас шұлғып растап тұратын. Содан болар, осы өтірік әлі өмір сүріп келеді.

«Уран қоры бойынша әлемдегі жалғыз алпауыт елміз» деген өтірік туып еді, урантанушылар уралап шықты. Өздері пәтер жалдап, жатақхана жағалап жүрсе де, уран қорын, уран болашағын, оны қандай өндірістерге істетуге болатынын жіпке тізіп беретін жап-жас ғалымсымақтар көп қазір.

«Ұлан-байтақ жеріміз бар. Жердің астындағы-үстіндегі байлықтың қожасы – халық. Әлем картасында жер көлемі бойынша 9-орындағы мемлекетпіз. Осы жерді қазаққа толтыруымыз керек!» дегенді тәуелсіздіктің бірінші күні-ақ естігенбіз. Ол да қып-қызыл өтірік екен. Мына ұлан-байтақ жердің асты-үстіндегі байлық қазаққа тән емес. Оның иесі – ат төбеліндей биліктегі аз шендінің шегелеп алған байлығы болып шыққан жоқ па? Қазақстанды қазаққа толтырамыз деген сөз де пафос болды. 31 жылдан бері ары тартып, бері тартып 1 миллион қазақты әрең жеткіздік атажұртына. Ал биыл 1 миллион орысты паналатсақ әлгі пафосқа көзіміз жетер.

«Жаңаөзен оқиғасын», «Қаңтар қырғынын» кім ұйымдастырғанын, мұның кімдерге қажет болғанын біліп тұрсақ та, өтірік білмеген болып отырмыз. Өйткені бұл тағы отыз жылдан кейін өтірік айту үшін керек. 

Тағы қай өтіріктеріміз бар еді? Мысалы, «Қаңтар оқиғасында» бүлік шығарған жастардың дені оқымағандар екен. (Биліктің сөзі). Енді сол білімсіз жастарды оқыту, жастарға сапалы білім беру тетіктерін қарастыратын көрінеді. Қандай әдемі өтірік еді! Президенттен бастап, директорға дейін отыз жыл бойы соны айтып келе жатқан жоқ па? Оны бүгін ғана білген жоқ қой. Осыны айтқан сенаттағы анау бір ағамыз жастарға 30 жылдан бері жағдай жасалмағанын, бұдан кейін де жағдай жасалмайтынын жақсы біледі. Бірақ біліп тұрса да, білмеген болып айтты. Отыз жылдан кейін де осы өтірікті қайталайды. Өйткені бүгінгі жүйе тұрғанда өтірікпен өмір сүруден басқа жол жоқ.

Мұндай өтіріктер барлық салада бар. Мейлі, медицина, әскер, қорғаныс, білім, ғылым, экономика, өндіріс, логистика болсын, қып-қызыл құйдай өтіріктер 30 жыл бойы өріліп келеді. Соның өтірік екенін білген Екінші Республика – Жаңа Қазақстан үкіметі сол өтіріктерін қайталауға көшті тағы. «Медицинаны дамытамыз. Қорғанысты күшейтеміз. Ғылым мен өндірісті ұштастырамыз. Жол саламыз. Ауылды көркейтеміз!». Жаңа өтіріктер емес. Бізге жаңа өтірік керек, судай жаңа. Әй, қайдам, өтірік ертегіні ойдан құрайтын баяғы әжелер мен аталарымыз сияқты ойы ұшқыр, қилы жүйрік қарттар жоқ қой қазір. Бәрібір маған жаңа өтірік керек!   

Тегтер: