Екібастұз трагедиясы. Елдегі былыққа үкімет кінәлі!
Екібастұздың жаңалықтары елді әлі дүрліктіруде. Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұз жылусыз қалды.
Жергілікті ЖЭО-да қазандық істен шығып, жұмысын тоқтатқан.
Қала тұрғындары отыз градустық аязда жылусыз қалды. Жұрт пәтерінде етік-пима киіп, тонға оранып, әрең жылынуға мәжбүр болды.
Екібастұздық бір әйелдің жазбасы желіде тарады. Ол қаладағы жағдайды нағыз катастрофа деп атады. Жылуды қалпына келтіру жұмыстары жөнді жүргізілмей жатыр, Сәтбаев көшесіндегі бір үйде жағдай өте қиын деді. 9 қабатты үйдің пәтерлерінің бәрінде батареялар жарылған екен. Радиаторлар жетіспей жатыр.
«Қайдағы бір актілер керек дейді. Фото, видео түсіріп әкеп, дәлелде дейді. Коммуналдық қызметтер үнсіз. КСК қашып кетті, телефондарын көтермейді. Өз күшімізбен тырысып жатырмыз. Жөндеушілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Әйелдер оларға тамақ дайындауда», – дейді әйел.
Оның сөзінше, электр жылытқыштардан пайда жоқ. Соның кесірінен трансформаторлық будкалар күйіп жатыр.
Қазақстан қоғамы ЖЭО қожайыны – олигарх Клебановты жауапқа тартуды талап етуде. Ол – Екібастұз ЖЭО мен жылу желілеріне иелік ететін «ЦАЭК» АҚ-ның басты акционері. Қала тұрғындарына Клебановтың өзі де үн қатқан.
Видеосын қарасақ, олигарх бар жауапкершілікті өзінен алып тастап, ЖЭО жұмысшыларына іле салғысы келеді екен. Ресми нұсқа бойынша Екібастұздың жылусыз қалуына ЖЭО жұмысшыларының қателіктері себеп дейді.
Ал жылу желілерінің әбден тозғанын, жылдар бойы жөндеу көрмегенін айтпайды. Бір жылда қаладағы 422 шақырым жылу желілерінің 400 метр құбырын ғана жаңартқан.
«Время» басылымының журналисі Ирина Волкова жазғандай, жылу желісіндегі апаттың алғашқы күні құбырлардың 73 жерден жарылғаны табылды.
«Анықталғандай, құбырлардың көптеген жерден жарылуына су қысымының бір сәтте күрт көтерілгені себеп дейді. Бірақ бір сәт дегені қалай, егер 27 қарашада құбырлар 43 жерден жарылса, сосын 28 қарашада тағы 30 жерден жарылса» деп жазады Волкова.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовты отставкаға жөнелтті, кәсіби жарамсыздығы үшін. Қаладағы апаттан кейінгі жағдай оңып тұрған жоқ. Екібастұздықтар көшеде от жағып жылынды, ал волонтерлер жылытқыштар әкелгенде жұрт бірін-бірі таптап кетердей таласты.
Апат салдарын жою жөніндегі облыстық штабты бірінші вице-министр Роман Скляр басқаратын болды. Журналистер сұрағына жауап берген Скляр жауапкершілік туралы айтуға әлі ерте деді. Алдымен қанша ақша бөлінгенін, жөндеуге қанша жұмсалғанын, басшылықтың қай әрекеті апатқа әкеп соққанын анықтауымыз керек деді.
«Қозғалған қылмыстық іс аясында бұл апатқа баға беріледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», деген жауап берді Роман Скляр.
Ал олигарх Александр Клебанов Екібастұзға барған да жоқ. Апаттан кейін баспасөзде сөйлеген Клебанов ЖЭО-ны мемлекетке бір теңгеге сатуға дайынмын деп дүңк еткізді.
Қысқасы, халықты мазақ етті. ЖЭО-ны қалпына келтіруге шығын шығарғым келмейді дегендей айтты.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, олигархтар өз меншігіне өз меншігіндей жауапкершілікпен қарауға міндетті.
Оның айтуынша, олигархиялық топтар бұл нысандардың пайдасын сүліктей сорып, енді мәселені мемлекетке, халықтың мойнына ілмекші. Сондықтан ол кәсіпорындардың жұмысына шұғыл аудиттік тексеру жүргізуді ұсынып отыр.
«Энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу, жылу электр орталықтары, магистральді трубалардың тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тарифтердің инвестициялық бөліктерінің қайда кеткенін анықтауды, энергетика саласына қоғамдық бақылау орнатуды сұраймын», – деді Саиров депутаттық сауалында.
Депутаттың сөзінше, қаладағы магистаральды желілердің 91% тозған. Бірақ ЖЭО-ны жөндеу мен дамытуға инвестиция жоқ.
Айтпақшы, құбырлардың жағдайына алаңдаған тұрғындар жазда-ақ шағым айтқан. Шенеуніктерге ескерткен болатын, мұның арты жақсылыққа әкелмейтінін.
«ЖЭО-дағы жабдықтардың 90 пайызы толықтай тозған. Бірақ басшылықтан ешкім біздің шағымымызға қараған жоқ. Неге өйтеді олар, неге жағдайды осындай апатқа дейін жеткізеді»деген сауал тастайды қала тұрғыны Роза Рақашқызы.
Екібастұздағы қысқы апат ешкімді бей-жай қалдырмады. Қоғам қайраткерлері, блогерлер мен біраз атақтылар пікірін айтып жатты.
Әнші Димаш Құдайберген де кінәлілер жазасын алады деп үміттенетінін жазды.
«Екібастұздағы халықтың жағдайы үшін алаңдап отырғанымды айтпасам да түсінікті болар. Менің парақшамды көптеген басқа мемлекеттің адамдары оқитын болғасын, ішкі мәселемізді сыртқа шығарғым келмеп еді, бірақ мына далада қалған аналарымыздың көз жасы зая кетпесін десеңіздер, ЖЭО басшысынан бастап, кінәлілердің барлығы жауапқа тартылып, жылуы жоқ түрмеде жазасын өтейді деп сенемін», – деп жазды әнші әлеуметтік желіде.
Жасылдар партиясы «Байтақтың» төрағасы Азаматхан Әміртаевтың пікірінше, кінәлілер президентке кір келтірді. Оларды аямай жазалау керек. Ешкім жазаланбаса, бұл жағдай түзелмейді.
Кінәлілер дегеннен шығады. «Форбс» журналының дерегінше, олигарх Клебанов Қазақстанның ең бай 50 адамының тізімінде жүр. Байлығы 580 миллион долларға бағаланады.
Егер ертең шенеуніктер Екібастұз тұрғындары үшін тарифтерді көтерсе, Клебановтың байлығы миллиард долларға дейін өседі екен. Әне, халық қиналған сайын Клебанов ұтатын боп тұр. Қазақстанда – солай.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр да қызық. Ол да шарасыздық танытуда.
Скляр соқыр ма? Өзіне бағынышты мемлекеттік құрылымдардағы коррупцияны, жаппай ұрлықты, Екібастұз апатына әкеп соққан үлкен былықтарды байқамай ма?
Біледі ол бәрін. Көріп отыр. Бірақ қайтеді, коррупциялық жүйеге өзінің де қатысы бар болуы бек мүмкін.
Екібастұздағы апатқа қазақстандық олигархтар мен шенеуніктердің ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығының тірлігі себеп болды. Клебанов сияқтылар халықты тонайды, Скляр сияқтылар олармен ауыз жаласып, көзін жұма қарайды.
Кеше ғана «Жас Алашқа» мақала шыққан, «Склярдың да сазайын береміз» деген тақырыппен. Аз қалды-ау...