Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:04, 15 Желтоқсан 2022

Екібастұзда – Клебанов, Шымкентте – Машкевич

None
None

Осы аптада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жылу орталығындағы апат үшін аталған кәсіпорынның қожайыны Александр Клебановтан тұрғындарға өтемақы төлеуді талап етті.

Мемлекет басшысы Екібастұздағы тозған жылу электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысты тексеру қажеттігін ескертті. Нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек екенін атап өтті.

– Орталықтың 50 пайызын мемлекетке алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн. Екібастұз қаласының тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу құны меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінсін. Соңғы жылдары қожайындары ешнәрсе жасамаған әрбір маңызды инфрақұрылымдық нысанды үкімет жан-жақты қарастырып, шешім қабылдауы керек. Осындай жұмыстарды облыс әкімдері жергілікті жерлерде де жүргізетін болады, – деді мемлекет басшысы.

Мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа Екібастұздағы апаттан кейін еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған болатын-ды. Осы мәселеге түсінік берген президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай:

– Бір-екі айдың ішіндегі бірінші төтенше жағдай емес бұл. Еске салайық, қарашаның басында Риддерде де жылу қазандығы бұзылып, 22 мың абонент суықта қалған. Президенттің жылу электр станцияларын жауапкершілігі аз инвесторлардан алып, мемлекет меншігіне өткізу керек деп баса айтқаны да сондықтан, – деген еді.

Қазақстандағы жылу орталықтарының көбі алпауыт миллиардерлердің қолына өтіп кеткелі қашан. Мәселен, 1 миллионнан астам халқы бар Шымкент қаласындағы жылу орталығы атышулы миллиардерлер Александр Машкевич, Патох Шодиевке және марқұм болып кеткен Алиджан Ибрагимовке тиесілі Eurasian Resources Group (ERG) тобының меншігіне өтіп кеткен.

Аталған компания Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Энергоорталық-3» АҚ-ның 94 пайыз акциясын 2018 жылы сатып алған болатын-ды. Бұл ақпаратты сол кезде аталған компанияның ресми сайты хабарлаған еді. ERG акцияларды «Южэнергопром» ЖШС-інен сатып алған. Екіарада қандай келісімнің болғандығы сол кезде ашық айтылмады. 

«3 Энергоорталық» АҚ-ы 2000 жылы құрылған. Ол жылу және электр энергиясын өндірумен айналысады. Оның құрамындағы электр станциясы 1981 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда жылына, орта есеппен 700 миллион кВТ/сағат электр қуаты өндіріледі. Кәсіпорында 600-ден астам адам жұмыс істейді.

Соңғы жылдары «3-Энергоорталықтың» бюджет және өзіне тауар жеткізіп беруші компаниялар алдындағы қарызы қордаланып қалған болатын. Әсіресе жылу орталығының «ҚазТрансГаз» алдындағы қарызы көбейіп кеткен еді. Кәсіпорынның жаңа қожайыны қарыздардан тезірек құтылудың жоспарын жасап, сондай-ақ электр энергиясын тиімді жолмен өндіру үшін құрал жабдықтарды жаңартуға инвестиция құятыны айтылған еді. Компания бұл міндеттемесін қаншалықты орындай алды? Бұған бір тексеру жүргізу керек.

Жуырда Шымкент қалалық прокуратурасы мегаполисте бірнеше миллиард теңге тұратын 3 табиғи монополиялық нысан – «Су құбыры және канализация басқармасы», «Қуатжылуорталық-3» және «Шымкент сушар» кәсіпорындарының сатылып кетуіне жол бермеді. Бұл жұмысты қала прокуратурасы Шымкент қаласының әкімдігімен бірігіп жүргізген. Жоғарыға жазылған хаттардан кейін аталған кәсіпорындар мемлекет меншігінде қалды. Айта кетері, мұның ішінде «Қуатжылуорталығы» кәсіпорны қалаға жылу таратумен айналысады.

Шамасы аталған нысандарды жекешелендіру үкіметтің алдын ала бекіткен жоспарына еніп қойса керек. Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жекешелендірудің құрығына ілінетін кәсіпорындардың тізімін қайта пысықтау қажет-ау. 

Тегтер: