Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 19 Маусым 2020

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы ащы шындық

Екінші дүниежүзілік соғыстыңсебептері, барысы, салдары мен нәтижелері туралы зерттеулер жеткілікті.

Алайдасоғыс тарихының көптеген мәселелері зерттеушілердің арасында әлі күнгеайтыс-тартыс туғызып келеді. Өйткені бұрын құпия түрде сақ­талып келген,зерттеушілердің пайдалануына берілмей­тін құжат­тардың көпшілігі соңғы жылдардағылыми айналымға қосылды. Жаңа деректерді талдау нәтижесінде Екіншідүниежүзілік соғыс­тың қарсаңындағы ірі мемлекеттердің әрекетін, соғыстың ащышындығын ашуға мүмкіндік туа бастады.

Халықаралық жағдайдың шиеленiсуi ең алдымен Жапония, Италия жәнеГерманияның басқыншылық саяса­тына байланысты болды. 1931-32 жж. Жапония Солтүстiк-Шығыс Қытайды (Мань­чжу­рия) басып алдыда, «Маньчжоу-Го» деп аталған «қуыршақ» мем­лекет құрды. Ұлттар лигасыМаньчжоу-Го мемлекетiн мойын­дамау туралы және Жапония­ны халықаралық шарттардысақтауға міндеттеу туралы қарар қабылдады. Бұған жауап ретiнде 1933 жылы 27наурызда Жапо­ния Ұлттар лигасынан шығатынын мәлiмдедi.

Фашистік үкімет Германияның Бiрiншiдүниежүзiлiк соғыс­та­ғы жеңiлiсi және өте ауыр Версаль бiтiм шарты үшiн кекқайтару ұранын көтердi. Фашистiк Германия бiрiншi кезекте Версаль бiтiмшартының күшiн жоюға,  сөйтiп, шексiзқарулану мүмкiн­дi­гiн алуға тырысты. Ал қарулану Германияға бүкiл Еуропаныбасып алу және дүниежүзiне үстемдiк орнату мақсатын iске асыру үшiн қажет едi.Осындай ниеттегi Германия ендi Ұлттар лигасын өзiнiң қолын байлайтын бөгет депесептедi де, 1933 жылы 19 қазанда Ұлттар лигасынан шығып кеттi. Гитлер өкiметбасына келген бойда басқыншылық мақсат­тарын iс жүзiне асыра бастады. Италиябасқыншылық әрекетін 1935 жылы Эфиопияны (Абис­си­ния) басып алудан бастады. Ұлттарлигасы Италияны басқыншы деп айыптады. Алайда Италияға бұл шешім ешқандай ықпалжасаған жоқ, ол 1936 жылы Эфиопияны толық басып алды. Үш басқыншы мемлекеттіңбірін-бірі қолдауы нәтижесінде  «Берлин–Рим–Токио өзегi» құрылды.  

1938 жылдың 11 наурызындаГермания Версаль бітім шартын тағы да бұзып, Австрияны қосып алды да, ендіЧехословакияның Судет облысына көз тiктi. Өйткенi Судет облысы Чехосло­ва­кияныңең бiр өнеркәсiбi дамыған және әскери-страте­гиялық жағынан тиiмдi ауданы едi. Фашистікүкімет Судет облысындағы немiстер­дiң ұлттық құқық­тарын қорғау қажет дегенсылтаумен осы облысты Чехословакиядан бөлiп, Германияға берудi талап еттi.Чехословакия үкiметiнiң бұған өз бетi­мен көнбейтiнiне көзi жеткен Гитлер батыселдерi арқылы әрекет жаса­ды. 1938 жылы 29-30 қыркүйекте Мюнхен­де өткенконференцияға Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия бас­шы­лары қатысты.Чехословакия конференцияға  шақы­рыл­ғанжоқ. Төрт ел басшылары қол қойған Мюн­хен келiсiмi бойынша Судет облысыГерманияға берiлдi. Чехословакия жерiнiң 1/5 бөлiгiнен, хал­қы­ның 1/4бөлiгiнен айырылды. Судет облысы­нан Чехословакия­ның жергi­лiктi үкiметорындары, мекемелерi, әскерлерi көшiрiлетiн болды, ал шекара­лық бекiнiстер,ұшу алаңы, қоймалар, қару-жарақ түгелдей қалдырылады. Чехословакияны бұлмасқара келiсiмдi қабыл­дауға көндiрдi. Мюнхен келісімі Ұлыбритания мен Франциятарихындағы ең бір масқара оқиға болды.

Британ парламентініңдепутаты Уинстон Черчилль Мюнхен келісімін сынай келіп, біздің алдымызда «масқарашылықпен соғыстың біреуін» таңдау мүмкіндігі тұрды, «біз масқарашылықты таңдадық,енді соғысқа да ұшырауымыз мүмкін» деді. Бұл болжам расқа шықты.

Фашистiк мемлекеттер менбатыстың демократиялық елдерi ара­сында әскери қақтығыс болу қаупi Ұлыбританиямен Францияның Кеңес Ода­ғы­мен жақын­дасуы қажет екенiн көрсеттi. АлайдаМюнхен келi­сiмi Кеңес Одағы басшыларының батыс елдерiне деген сенiмсiздiгiнқоздырып, 1939 жылдың көктемiнде КСРО сыртқы саясатының бағы­ты өзгердi. Сталинүнемi батыстың демократия­лық елдерiмен жақын­да­суды, Германияға қарсы бiрiгiпкүресудi жақтайтын М.М.Литви­новты 1939 жылы мамыр айында сыртқы iстер халықкомиссары қызметiнен алып тастап, орнына В.М.Молотовты қойды. Осылайша КСРОбасшылары батыс елдерiнiң Германияға қатысты саясаты­ның түбiрiмен өзгергенiнжете бағалай алмады, алайда үш ірі мемлекет арасында келіссөздер жүргізуден бастартқан жоқ.

1939 жылы наурыздантамызға дейiн Ұлыбритания, Франция, КСРО өкiлдерi арасында кездесулерөткiзiлдi. 1939 жылы маусымда кездесулер Мәскеуде өте бастады жәнекеліссөздердің тақырыбы нақтыланды. Үш ел әскери келісім жасау мәселесінталқылауға көшті, алайда өзара көмектесу туралы нақты келiсiм жасалмай қалды.Келiс­сөздердiң тоқтап қалуына кiм айыпты деген сұраққа бүгiнгi күнге дейiн айқынжауап берiлген жоқ. Бұрынғы кеңестiк тарихна­мада ба­­тыс елдерiн және Польшаныкiнәлау орын алып келген едi. Бұл жерде Польшаның өз жерінен кеңес  әскерін өткізуге келіспеуін түсінуге болады,ол үшін Польшаның жері үш рет бөлінісіке түскенін, сондықтан сол бөлісулергеқатысқан мемлекеттерге сене алмайтынын ескерейік. Ал Франция мен Ұлыбританияныкеліссөзге келісімге қол қоюға өкілеттігі жоқ адамдарды жіберді деп айыптайды,ал шындығында, жоғары­да аталған келiссөздердiң кенеттен тоқта­тылуы КеңесОдағына Гер­ма­ния тарапынан жасалған ұсыныстарға байланысты едi.

Германия үш ірі мемлекеттің жақындасуына жол бермеуге тырысты. Ол үшін осымемлекеттердің Еуропаның кейбір аймақтарына қатысты өзіндік мүдделерін біліп,соған орай әрекет жасау қажет еді. Ал Кеңес Одағының Шығыс Еуропадағы бұрынғыРесей империясының отары болған, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін тәуелсіздігіналған Польша мен Балтық елдерін қайта қосып алу ниеті бар екенін байқаған немісдипломаттары осы факторды ағылшын-француз-кеңес келіссөздерінің жалғасуынабөгет жасау­дың құралы деп тапты.  Германия уақытты созбай,Кеңес Одағымен келiсiм жасауға жанталасты. 1939 жылдың 14 тамызында Германия сыртқыiстер министрi И. фон Риббентроп Мәскеудегi елшi В. фон Шуленбургке жеделхат жiбер­дi.Онда елшiге сыртқы iстер халық комиссары В.М.Молотовқа жолы­ғып­, ГерманияныңКеңес Одағына қатысты ешқандай басқыншы­лық ние­тi жоқ екенiн және КСРО менГерманияның жақында­суы­­на зор мүмкiншiлiктер бар екенiн хабарлауды тапсырды.«Им­­пе­риялық үкiмет, – деп жазды Риббентроп, – Балтық теңiзi мен Қара теңiзаралығын­да­ғы кеңiстiкте екi елдi толық қанағаттан­ды­рарлықтай дәрежедереттелмейтiн мәселе жоқ деп есептейдi. Бұған Балтық теңiзi жағалауындағы елдер,Поль­ша, Оңтүстiк-Шығыс Еу­ро­па және басқа жерлер туралы мәселелер жатады.Оның үстiне екi жақтың өзара саяси ынтымағы өте пайдалы болар едi». Хат со­ңын­­даСталинге Гитлердiң тiкелей сәлемiн жеткiзу үшiн Риббен­троптың Мәскеуге келуiнерұқсат алу қажеттiгi айтылды. Шу­лен­бург келесi күнi Молотовпен кездесiп,Риббентроптың сәлемiн хабар­лады.

Бұл сәтте Кеңес Одағының алдында өте маңызды қадам жасау – батыстыңдемократиялық елдерiмен одақ құру немесе Германиямен жақындасу саясатыныңбiреуiн таңдау міндеті тұрды. Кеңес өкіметі екінші жолды таңдады. 1939 жылы 23тамызда Сталин мен Молотов Мәскеуде Риббен­тропты қабылдады. Келiссөз жылдамаяқталды, Мо­ло­тов пен Риббентроп шабуыл жасаспау туралы келiсiмге және оныңқұпия хаттамаларына қол қойды. Келiсiмнiң негiзгi мәтiнi алты баптан құралған,ол ашық түрде баспасөзде жарияланды. Ал құпия хаттамалар ұзақ уақыт жарыққашығарылған жоқ. Құпия қосымша хатта­­малар­дың немiс тiлiндегi нұсқасыГерманияда бiрнеше рет жарық көр­дi. Алайда Кеңес Одағы бұл басылымдардың фотокөшірмеден  алынғанын тiлге тиек қылып, құпия хаттама­лардыңболғанын мойын­­да­май қойды. 1989 жылы КСРО халық депутаттарының съе­зiндеЭстония өкiлi 1939 жылғы 23 тамыз­дағы келiсiмге саяси және құқықтық баға берумәселесi бойынша комис­сия құруды ұсынды. Комиссия жұмысының нәтижесiнде 1989жылы 24 желтоқсанда КСРО халық депутаттары съезiнiң «1939 жылғы ша­буылжасаспау туралы кеңес-герман келiсiмiне саяси және құқықтық баға беру туралы»қаулысы шықты. Қаулыда келiсiмнiң құпия хаттамала­ры заң­ды­лық тұрғысынаналғанда мүлде негiзсiз деп көрсетiлдi. Құпия хаттама­лардың екі тілдегітүпнұсқалары Ресей президентінің архивінен табылып, 1992 жылы «КСРО сыртқысаясатының құжаттары» деп аталған ресми жинақтың 22-томында басылып шықты.

Келiсiмнiң құпия хаттамасында Германия мен Кеңес Одағының Шығыс Еуропаныықпал аймағына бөлiсуi туралы мәсе­ле қаралды. Финляндия, Эстония, Латвия,Бессарабия және Поль­ша­ның Нарев, Висла, Сан өзендерiнен шығысқа қарай жатқанжер­лерi Кеңес Одағының ықпал аймағына берiлдi.

1939 жылы нацистік Германия Польшаға Данциг дәлізін беруді талап етіп,қоқан-лоқы жасай бастады. Ұлыбритания Польшаның 1919 жылғы Париж бітімконференциясында белгіленген шекараларын өзгертуге келіспейтінін білдірді.Сәуір айында жасалған өзара көмектесу туралы ағылшын-поляк келісімін 1939 жылы25 тамызда ағылшын парламенті бекітті. Нацистік Германия енді дипломатиялықжолмен Данцигті ала алмайтынын түсінді.

1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға соғыс жарияламастан шабуыл жасады.Неміс әскерлерінің шабуылы алдында арнайы дайындалған арандату әрекеті жасалды.Үшінші Рейхтің барлық радиолары поляктар түн қараңғылығын жамылып, Гляйвицтегірадиостанцияға шабуыл жасады деп жар салды. 3 қыркүйекте Ұлыбритания менФранция Польшамен одақтастық мiндет­те­рiн орындау мақсатымен Германияға соғысжариялады. Осылай­ша Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды.

Польшамен соғыс басталған бойда Германия Кеңес өкiметiне Польшаға қарсысоғысқа кiрiсудi талап еткен ноталар жiбере бас­тады. Алайда Кеңес ОдағыПольшаның жеңiлiске ұшырауын күтiп, соғысқа жылдам кiрiсе қоймады. Шуленбург 14қыркүйекте Германия сыртқы iстер министрлiгiне салған жеделхатында Польшағакеңес әскерлерiнiң енгiзiлуiн саяси жағынан негiздеу «Польшаның қирауы жәнеорыс тектестердi қорғау» мiндетi болуға тиiстi, сондықтан Молотов немiсәскерлерi Варшаваны қашан басып алатынын хабарлауды өтiнедi деп жазды. 17 қыркүйектекеңес әскерлерi Польшаның шығыс шекарасынан өте бастады. В.М.Молотов сол күнiрадиодан берiлген сө­зiн­де бұл әрекет Батыс Украина мен Батыс Белоруссияныңхал­қын қорғау мақсатын көздейдi деп мәлiмдедi. Кеңес әскерлерiнiң ук­раин жәнебелорус халықтарын қорғау үшiн келмегенi аталған ха­лық­тар­ды топ-тобыментуған жерiнен алысқа, соның ішінде Қазақстан жеріне көшiрiп жiберуiнен көрiндi.

Польша жеңілген соң, Германия мен Кеңес Одағы ортақ шекара шегiн белгiлеугетиiстi болды. 1939 жы­лы 28 қыркүйекте «Достық және шекаралар туралы» кеңес-гер­манкелiсiмi жасалды. Келiсiмге қосымша берiлген картада Висла, Сан, Нарев өзен­дерiменөтетiн сызық кеңес-герман шекарасы болып белгiлендi. Польшаның орталығыВаршавамен қоса, Герман империясының құрамындағы генерал-губернаторлық депсаналды. Освенцим мен Майданекте концлагерьлер құрылды. 15 мың поляк зиялылары,саясаткерлері, мемлекет қайраткерлері және священниктері тұтқындалып,лагерьлерге жіберілді, олардың басым бөлігі қаза тапты. 1939 жылдың аяғындаПольшадағы барлық еврейлерді геттоларға қамады да, қоршаған ортадан мүлдеоқшауландырып тастады. Освенцимде шамамен 1,1 млн-ға жуық еврей қаза тапты.

Кеңес әскерлерi 180-250 мыңшамасындағы поляк жауынгерлерi мен офицерлерін тұтқындады. БК(б)П орталықкомитетінің 1940 жылғы 5 наурыздағы шешімі бойынша 21 857 поляк офицері Смоленскіден14 шақырым жердегі орманда түгел­дей өлтiрiлдi. Бұл оқиға «Катынь қырғыны»деген атауға ие болды. Катынь қайғылы оқиғасының құпиясы ұзақ уақыт ашылмады. 1990жылдың сәуір айында В.Ярузельскийдің Мәскеуге ресми сапарында КСРО президенті М.С.ГорбачевКатыньдағы атуды ұйымдастыруда ішкі істер халық комиссариаты жауапты дегенмәлімдеме жасады. КСРО президенті атылған поляк офицерлерінің тізімін жәнебасқа құжаттарды В.Ярузельскийдің қолына тапсырды. 1990 жылдың 14 сәуірінде Кеңесөкіметінің Катынь мәселесіне қатысты ұстанымы КОТА (ТАСС) ресми мәлімдемесіндежарияланды.

1939 жылы 14 қазанда КСРОФинляндияға Фин шығанағындағы бiрнеше аралды, Карел мой­нағы­ның және Рыбачийтүбегiнiң бiр бөлiгiн Шығыс Карелиядағы кеңес жерiнiң бiр бөлiгiне ауысу туралыжәне Ханко аралын 30 жылға жалға беру туралы талап қойды. Ханко аралында кеңесәскери-теңiз базасын салу жоспар­ланды. Финляндия негiзгi талаптарға келiстi,бiрақ Ханко аралын беруден бас тартты, бұл Финляндияның қауiпсiздiгiне нұқсанкелтiретiн едi. Қараша айында Финляндиямен шекараға кеңес әскерлерiтоптастырыла бастады. Кеңес өкіметі 1939 жылы 26 қарашада Карелия мойнағындағыМайниле елді мекенінің солтүстік-батысында бір шақырым қашықтықта тұрған кеңесшекарашыларына фин зеңбірекшілері оқ атты деп кінә тағып, нота жолдады.Шындығында, Майниле жанындағы кеңес шекарашыларына финдер жағынан оқ атылғаныдәлелденген жоқ. Кеңес өкiметi Финляндияға әскерлерiн шекарадан 25 шақырымалысқа алып кету туралы талап қойды. Фин үкiметi әскерлерін «Ленинградтан оныңқауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей жерге» алып кетуге дайын екенін білдірді.Алайда Кеңес Одағын бұл жауап қанағаттан­дырмады.

Кеңес өкіметі бір-біріне шабуылжасамау туралы кеңес-фин келісімінің күшін жойып, Финляндиядан кеңеселшілігінің қызметкерлерін түгелдей алып кетті. 1939 жылы 30 қарашада КеңесОдағы ресми түрде соғыс жарияламай-ақ Финляндияға шабуыл жасады. Соғысбасталған соң да, Финляндия үкіметі Кеңес Одағымен келіссөздер жүргізу үмітіненбас тартпады. 1 желтоқсанда фин үкіметі Мәскеудегі швед елшісі арқылы Кеңес өкіметінекеліссөздер жүргізу туралы ұсыныс жасады. КСРО бұл ұсынысқа жауап бергенжоқ.  Соғыс 1939 жылдың 30 қарашасынан1940 жылдың 12 наурызына дейiн созылды. Алғашқы күні басып алған жерінде КСРОКоминтерннің белгілі қайраткері, фин коммунисі О.Куусинен басқарған ФинляндияДемократиялық Республикасы деген жалған мемлекет құрды да, 2 желтоқсанда осы«республика» мен КСРО арасында достық және өзара көмек туралы келісім жасалды.

Ұлттар лигасында Кеңес Одағынбасқыншы ретінде жауапқа тартқанда В.М.Молотов осы «келісімді» тілге тиекқылып, кеңес әскерлері Куусинен үкіметіне көмектесуге барды деді. КеңесОдағының Финляндияға шабуыл жасауы 1936 жылғы КСРО Конституциясына қайшыкелетін әрекет еді. Конституция бойынша КСРО екі жағдайда ғана – Кеңес Одағынабіреу қарулы шабуыл жасағанда және өзара бірігіп қорғану туралы халықаралықміндеттемелерді орындау қажеттігі туған кезде – соғыс жариялай алады. Бұл соғыс1907 жылғы Гаага конвенциясының 3-бабын және 1939 жылы жарияланған Финляндияныңбейтараптылық статусын бұзу болатын. Сондықтан бұл соғысты iрi мемлекеттiң ұсақмемлекетке күш көрсетуi деп есептеп, Ұлттар лигасы Кеңес Одағына «басқыншы»деген айып тағып, оны 14 желтоқсанда лига қатарынан шығарып тастады.

Он бір мемлекет  Финляндияға әскери техника, қару-жарақ бердiжәне бірқатар елдерден 11 мыңнан астам адам өз еркімен финдер жағында соғысуғакелді. 1940 жылы 12 наурыздағы келiсiм бойынша КСРО құрамына Карел мойнағы,Выборг, Фин шығанағын­дағы аралдар, Куолаярви қаласы және оның маңындағыжерлер, Рыба­чий және Средний түбектерi кiрдi. Кеңес Одағына Ханко аралы 30жылға жалға берілді. Кеңес Одағы соғысты бастағандағы алдына қойған мақсатынорындады. Алайда соғыс Кеңес Одағының халық­аралық беделiне нұқсан келтiрдi,адам шығыны да көп болды және 1941 жылы Финляндияның Германия жағында КеңесОдағына қарсы соғысқа кіруіне себеп болды.

 Кеңес-фин соғысына Кеңес Одағындағы барлық халықтардыңөкілдері қатысты. Сондай отандастарымыздың бірі Тілеген Бекқарнаев соғысбарысында атақты Маннергейм бекінісін бұзып өтуге бағытталған шабуылғақатысқан. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ кеңес әскерлері үшін айрықшақиындық туғызған «Маннергейм сызығы» деп аталған бекіністер жүйесі болды(Финляндия мемлекеттік қорғаныс кеңесінің төрағасы Карл Густав ЭмильМаннергеймнің бастамасымен салынған). Карел мойнағында орналасқан «Маннергеймсызығы» ұзындығы 135 шақырым, ені 90 шақырым жерді қамтыған терең орлардан, сымтемірден өрілген қоршаулардан, оқ жаудыру көздерінен, қалыңдығы 2 метргежететін бетон және гранит қабырғалардан тұратын қуатты қорғаныстық жүйеболатын.  Маннергейм жүйесінде талайбоздақтар қаза тапты. Т.Бекқарнаев фин соғысына бастан-аяқ қатысып, Сайманканалы маңында соғысты аяқтап, 1940 жылдың наурызында бітім шарты жасалған соңелге оралған, кейіннен Германиямен соғысқа қатысып, Берлинге жеткен. Берлинде1945 жылы 9 мамырда жеңісті тойлап жатқанда бөлімдердің бірқатарын тап сол күніЧехословакияның астанасы Прагаға және Австрияның астанасы Венаға бекініп алып,берілмей жатқан фашистерді жоюға жіберген, солардың қатарында Т.Бекқарнаев таболған. Қазақтың қайсар ұлы соғысты 11 мамырда Вена мен Праганы азат еткен шайқастарменаяқтаған. 

Посткеңестікмемлекеттерде демо­кра­тиялық үдеріс тереңдеген сайын кеңестік тоталитаризмніңбарлық жағым­сыз әрекеттерін ашу, сөйтіп, тарихтың ақтаңдақтарын толтырумүмкіндігі көбейе бермек, демек, соғыстың ащы шындығы толық ашылары даусыз.

                                                             ГүлжаухарКӨКЕБАЕВА,

тарих ғылымының докторы, профессор,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының бөлім меңгерушісі

Тегтер: