Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Екінші дүниежүзілік соғыс – жеңіс емес, арылу күні болуы қажет

арман жұмәділ
Фото: ашық дереккөз

Бұл соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс деп атаған дұрыс. Соның ішінде КСРО мен фашистік Германияның арасындағы Ұлы Отан соғысы деп нақтылап алғанымыз жөн.

Біз Ұлы Отан соғысы дегенде оны Екінші дүниежүзілік соғыстан бөліп аламыз. Бұл дұрыс емес. Біз бұл соғыстарға сталиндік тұрғыдан баға беріп келеміз. Екінші дүниежүзілік соғыстың авторы ретінде тек гитлерлік Германияны атаймыз. Ал шын мәнінде КСРО осы шайқастардың соавторы. Германиямен құпия келісім жасау – Польша мен Балтық елдерін бөлісуі, Финляндияға басып кіруі оккупацияның көкесі ғой. Біз оларды не үшін жасырып қаламыз? Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына КСРО-ның да қатысы бар.

Қазір ол заман жоқ. КСРО ыдырады. Ол кездегі идеология өшті. Соғысқа қатысқан ардагерлеріміздің өзі саусақпен санарлық. Енді олар қайтыс болғасын да «Ұлы Отан соғысы» деп жалаулатып жүреміз бе? Мысал айтайын. Бірінші дүниежүзілік соғысқа патша жарлығымен еліміздің қанша азаматын соғысқа айдады. Одан кейінгі аштық, репрессия қаншама адамды қырды. Қудаланған 100 мың адамның 27 мыңы зиялы қауым. Одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, тағы да қаншама азамат қасап қырғынға аттанды. Оның бәрі сұрапыл соғыста қырылып қалды. Екі соғыс арасында адамзат санасында не өзгерді? Пропаганда әсерінен қаншама жас майдан даласында жан тапсырды. Бұл соғыстың тағы бір қыры барын ұмытпауымыз керек. Алдымен соғыс бастала сала шамамен 3 миллиондай совет әскері тұтқынға түсті. Себебі сол кездегі қолбасшылар, қарапайым халық соғысқысы келмеді. Оған дейін совет халқының бұл үкіметтен көргені тек зұлымдық еді. Алайда 1943 жылдары қайта тәрбиеленген, совет пропагандасын санасына сіңірген жастар ұрыс даласына кірді. Сталинградтағы соғыс даласында, Мәскеу түбінде майдандағы жағдай өзгерді. Содан кейін КСРО әскері алға жылжыды. Польша және басқа елдердегі қасап қырғынды көзімен көрді. Сол кезде өмірі күлмейтін адамдар пайда болды. Ондай жауыздықты санаңмен қабылдау қиын болатын.

Ал сталиндік үкімет неге соғыс үшін кешірім сұрамады дегенге келетін болсақ, Сталин қаншама адамның өмірін қиғанын сезді. Сондықтан 1945 жылдан кейін жеңіс парадын өткізген жоқ. Жеңіс парады 1965 жылы ғана Брежнев басшылығы кезінде өте бастады. Сталин дәуірінде «несіне қуанамыз, тойлайтын оқиға емес» деп түсінген шығар. Бұл да Сталиннің өз ішінде арылуы болса керек. Қазіргі заманда «жеңіс күні» деп тойлайды. Негізінде бұл тойлайтын нәрсе емес. Бұл арылу күні болуы қажет.

Арман Жұмаділ, тарихшы