«Екпенің төлқұжатын сатып әпереміз»
Баласына вакцина салуға қарсы ата-аналар осылай дейді
15 қарашадан бастап Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 12 жастан асқан балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге Pfizer вакцинасын салу науқаны басталды. Иә, науқан деп айтқанымыз артық емес. Жергілікті атқамінерлер бұл шараны барынша дүбірлетіп бастап кеп жіберді. Кеше ресейлік «Спутниктің» артықшылығын айтып жүрген шенеуніктер мен дәрігерлер осы аптадан бастап АҚШ-та шығарылған Pfizer екпесін жаппай жарнамалауға көшті.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов науқанның ашылуына байланысты әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қаладағы №25 мектепте оқушыларға екпе салудан тікелей эфир жүргізді. Парақшадағы бейнежазбаға қарағанда, екпе салуға ақ халаттылар дайын тұр екен. Мегаполистің бас дәрігері «мінекей, вакцина салайын деп жатыр», «бастайын деп жатыр» деген сөздерді қайта-қайта айтқанымен, тікелей эфир орта жолда үзіліп қалған. Дегенмен Позилов екпенің ата-аналардың келісімімен жүргізілетінін, кімдерге салынатыны туралы біраз ақпарат беріп үлгеріпті. Мегаполисте жүкті, бала емізетін әйелдерге жария түрде екпе салу шаралары да басталып кетті.
Ал бір қызығы, Түркістан облыстық әкімдігінің таратқан ресми мәліметіне қарағанда, Pfizer вакцинасы қазірдің өзінде 53 мектептің оқушыларына және 68 жүкті әйелге салынып қойыпты. Мұндай қарқынмен облыс оқушыларға екпе салуды бірінші болып аяқтауы әбден мүмкін. Мекемелерде профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Екпе егетін медицина мамандары арнайы оқытудан өткен.
–Pfizer екпесі 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен лактация кезеңіндегі әйелдерге ерікті түрде салынады. Профилактикалық екпе азаматтардың өз келісімімен ғана жүргізіледі. Жасөспірімдерді вакцинациялау тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүзеге асады, – деді осы тақырыпқа қатысты өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова. Ата-ананың келісімі арнайы қағазға қол қою арқылы алынады. Америкалық екпе де екі рет салынады. Екінші доза 21-28 күн аралығында егіледі.
Облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары Бақтыораз Елемесовтің айтуынша, өңірге Pfizer вакцинасының алғашқы 29 250 дозасы жеткізіліп қойған.
–Екпе дозасы мұздатқыш құрылғыларда –60-тан –90 градусқа дейінгі температуралық режимде қоймада сақталады. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу бөлмелерінде және ата-аналардың қалауы бойынша емханаларда жүргізіледі, – деді Б.Елемесов.
Брифингте «Екпе салдырмаған баланы мектепке кіргізбей ме?» деген сауалға Н.Нарымбетова:
–«Мектепке кіргізбейді» деген мәселе жоқ, – деп жауап берді. Бірақ ақ халаттылар коронавирус індетінен құтылудың екпе салдырудан басқа жолы жоқ екенін ескертіп отыр.
Ал ұл-қызына екпе салдыруға ата-аналардың өздері қалай қарайды? Біз осы жөнінде біраз шымкенттік ата-аналардың пікірін білген едік. Аты-жөндерін айтудан бас тартқан олардың сөзіне сенсек, қазіргі таңда екпе салдыруға ата-аналардың басым бөлігі қарсы.
«Неге?» деген сауалға олар нақты жауап бере алмайды. Бірі «екпе салдырған баланың денсаулығы болмай қалады екен» деген ақпараттың барын алға тартты. Бірақ бұл ақпараттың қайдан шыққанын айта алмайды. Жұрт ресми адамдардың сөздеріне емес, алыпқашты әңгімелерге көбірек арқа сүйейді. Неге? Мұның бәрі де ата-аналарға екпенің маңыздылығына қатысты толыққанды мәліметтер берілмегенін білдірсе керек.
Ата-аналардың бірі баласына екпе алғаны жөніндегі төлқұжатты сатып әперетінін айтып отыр. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Жалған паспорттың нарқы 10 мың теңгеден басталып, соңы су тегін жүргізілгені жасырын емес. Екпенің жоспарын орындау үшін дәрігерлер осындай амалдарға барған сияқты. Өткен аптада үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі А.Цой ТМД елдері бойынша жалпы халықтың 40 пайызы екпе алған Қазақстан мен Әзірбайжан ғана екенін атап өтті. Бірақ осы 40 пайыздың қаншасы шынайы, қаншасы өтірік?
Оқушыларға екпе салудың соңы да осылайша көзбояушылыққа, цифр қуалауға, тек жоспар орындауға ұласып кетпесіне кім кепілдік бере алады?