Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 24 Наурыз 2025

Экрем Имамоғлу Түркия президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды

Экрем Имамоғлу
Фото: Ekrem İmamoğlu / Х

Оппозициялық Республикалық халық партиясының праймеризіне қатысқан 15 миллион азаматтың 13 миллионнан астамы тұтқындалып, биліктен қуылған Стамбул мэрінің кандидатын қолдады.

Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясы жексенбі, наурыздың 23-і күні биліктен қуылған және түрмеде отырған Стамбул мэрі Экрем Имамоғлуны президенттікке кандидат етіп ұсынды. Республикалық халық партиясының праймеризіне барлығы 15 миллион түрік азаматы қатысты, бұл елде тіркелген сайлаушылардың төрттен бір бөлігін құрайды. Олардың 13,2 миллионы мэрді қолдады.

Республикалық халық партиясының төрағасы Өзгүр Өзел Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанды ​​мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге және Экрем Имамоғлумен бәсекелесуге шешім қабылдауға шақырды.

Бұл күні оппозицияның он мыңдаған жақтастары Стамбул қалалық әкімшілігінің алдына жиналып, Ердоғанның қарсыласын саяси себептермен қудалауға қарсылық білдірді. Президенттікке үміткерЭкрем Имамоғлуның әйелі Дилек Кая да ереуілшілер алдында сөз сөйледі.

Наразылық білдірушілер баррикадалар тұрғызуға әрекеттеніп, полициямен қақтығысты, деп жазады Milliyet. Нәтижесінде, оның мәліметінше, 66 наразылық білдіруші тұтқындалып, бес полиция қызметкері жараланған.

Еуропа елдері Стамбул мэрінің тұтқындалуын айыптады

Германия үкіметі белгілі саясаткер және Стамбул мэрі Экрем Имамоғлу мен басқа да көптеген түрік оппозиция өкілдерінің Түркияда тұтқындалуын қатаң айыптады. Германия Сыртқы істер министрі Анналена Баербок мұны «Түркиядағы демократияға ауыр соққы» деп бағалады.

«Біз оппозициялық саясаткерлерге арналған кеңістіктің тарылып жатқанын анық көріп отырмыз», - деді ол.

Бербок сайланған өкілдердің құқықтарын құрметтеу «құқықтық мемлекеттің жұмыс істеуінің орталық шарты» екенін атап өтті.

Германия Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Экрем Имамоғлуның қамауға алынуын саясаткерге қарсы күшейген заңдық қысымдардың бірі деп атап, Анкараның Еуропалық Одақ мүшелігіне үміткер екенін және Еуропа Кеңесінің мүшесі ретінде демократия мен заң үстемдігінің негізгі принциптерін ұстануды жақтайтынын еске салды.

Еуроодақ Анкараны құқықтық нормаларды сақтауға шақырды

Сстамбұл мэрі Экрем Имамоғлуның тұтқындалуы және жыл басынан бері шенеуніктерге, белсенділерге, азаматтық қоғам мен бизнес өкілдеріне және журналистерге қарсы жүргізілген қысым Түркияның бұрыннан келе жатқан демократиялық дәстүрлеріне адалдығына қатысты сұрақтар туғызады, деді Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас.

Брюссель Түркия үкіметін толық ашықтықты қамтамасыз етуге және барлық заңды процедураларды орындауға шақырды. Мәлімдемеде Еуропалық Одаққа үміткер ел және Еуропа Кеңесінің ұзақ мерзімді мүшесі ретінде Түркия ең жоғары демократиялық стандарттарды сақтауға міндетті» делінген.