Экспериментшіл автор, түсініксіз өнер және ізденіс

Испан философы Хосе Ортега Гассеттің «Өнердің дегуманизациялануы» еңбегі ХХ ғасыр басында жарық көріп, қоғамның сын-пікіріне ұшыраған еді.
Философ еңбегінде осыған дейін өнер жалпыға түсінікті, эстетикалық ләззаты мен этикалық ықпалы күшті болса, ХХ ғасырда модернизмнің келуімен өнер жалпыға емес, белгілі бір ортаға не таңдаулы адамдарға ғана түсінікті болып, эстетикалық сипаты анық сезілмей, этикалық сипаты маңызды болмай қалғанын айтады. Бұл үрдіс әсіресе сурет, мүсін өнерлерінде анық көрінді. Шынымен-ақ, өнердің жалпы бұқараға түсініксіз болуы автор мен қоғамның ара-жігін алшақтатып жібергендей еді. Кей автор «интеллектуал» өнер жасауға тырысамын деп неғұрлым түсініксіз өнер тудырды. Ал көрермен мен оқырман неғұрлым түсініксіз, экспериментке толы туындыларды соғұрлым терең шығарма деп санайтын болды. Осы орайда бұл үрдіс өнердің эволюциясы ма, әлде қоғамдағы құндылықтардың өзгеруінің көрінісі ме деген сұрақ туындайды.
Қазіргі қазақ өнері де үлкен эксперимент алаңына айналды. Қазіргі оқырман мен көрермен дәстүрлі, жазыла-жазыла жауыр болған тақырыптардан гөрі бүгінгі күннің оқиғасы баяндалған, жаңаша туған дүниелер іздейді. Бұл қоғам дәстүрлі өнерден, әдебиет пен мәдениеттен жеріді дегеніміз емес. Десек те тың тақырып пен жаңа әдіс, жаңа ізденіс пен тыныс бәрібір керек. Бүгінгі өнердің қай саласы болмасын, ежелгі түркілік сарындарды да, мінәжат үлгісіндегі діни, батыстық бояуы қалың модернистік, постмодернистік дүниелерді де, мистикалық, мифологиялық бағытты темірқазық еткен көркем туындыларды да көп кезіктіреміз. Қалай десек те, кино немесе театр өнеріндегі, әдебиет пен мәдениеттегі эксперименттердің көптігі шын қуаныш. Бірі сәтті, бірі сәтсіз шығады. Бүгін осы тақырып аясында әртүрлі өнер зерттеушілері мен авторлардан пікір алдық. Қазіргі кино өнеріндегі эксперименттер туралы режиссер Жандос Құсайынов пікір білдірсе, жас әдебиетші Арайлым Зеберхан әдебиеттегі экспериментшілдік жайында сөз қозғады. Ал өнертанушы Назерке Шынарбек жалпы өнер мен мәдениеттегі экспериментттердің мәні мен маңызы туралы пікір білдірді.
Жандос Құсайынов:
Қазақ киносындағы кей эксперименттерді түсінбеймін
Өнердің дамуына ең үлкен ықпалын тигізетін басты қағида – эксперименттер дер едім. Ізденіс болмаса, кез келген өнердің дамуы кемшін болары анық. Соның ішінде кино өнерінде ізденіс пен эксперимент ауадай қажет. Мәселен, әлемге әйгілі ағылшын режиссері Кристофор Нолонның «Memento» деген фильмі бар. Сол фильмде оқиғаны кері хронологиямен баяндайды. Осы фильм жалпы кино өнеріндегі көптеген монтаждық немесе драматургиялық шешімдерімен жаңашылдық әкелді. Немесе Гаспар Ноэ есімді режиссердің 2009 жылы түсірген «Enter the Void» атты фильмі бар. Фильм бірінші жақтан түсіріліп, экзотикалық түстердің палитрасын қолданады. Сол секілді осы кезге дейін монтаждық эксперименттер жүргізген Броненосец «Потемкин» сынды фильмді атасақ болады. Бұл фильм монтаждың манипулятивтік күшін зерттейді. Кино өнеріне қандай да бір жаңалық алып келген осы сынды эксперименттер көрермен тарапынан да, кинотанушылар тарапынан да құпталады, оң бағаға ие болатыны анық.

Алайда бүгінгі кино нарығында спекуляциялық фильмдердің көбейгені рас. Яғни кино өнеріне, тарихына ешқандай жаңалық әкелмейді, бірақ мейлінше түсініксіз болады. Ең қызығы, сол секілді түсініксіз фильмдер бізге түсініксіз фестивальдерде жиі орын алып жатады. Сол түсініксіздікті кейде адамдар «шедеврге» балап жатады. Осындай спекуляцияны жасайтын режиссерлар болады. Бүгінде керемет фестивальдерде ұтып жатып, орын алып жатыр деген кей фильмдерді көре қалсаң, осындай спекуляцияны ғана көресің. Бірақ кино тіліне әкелген жаңалығы жоқ не жергілікті халыққа әкелген қандай да бір ізгілігі болмайды. Эксперименттерге де, авторлық фильмдерге де оң көзқарас танытамын. Алайда шын мағынасында сәтті, оң эксперимент болса ғана. Қазіргі қазақ киносындағы кей эксперименттерді мен түсіне алмаймын, бәлкім, өрем бұл деңгейге әлі жетпейтін болар. Қандай эксперимент болмасын, ізденіс пен білімді, тереңдікті қажет етері анық. Осылай дейсің-ау... Кейде университетті бүгін тәмамдап, ертең авторлық фильм түсіргісі келетін адамдар болады. Тума таланттар бар шығар, бірақ бәрі бірдей ғажап дарын иесі деп ойламаймын.
Менің ойымша, қазір қазақтардың басын қатырмай-ақ, дүниелік қажетті халықтық фильмдер көп түсірілуі керек. Сол арқылы елдегі әлеуметтік, мәдени әрі тұрмыстық мәселелерді көтеріп, шешімін көрсететін, адамды өмірге құштар ететін фильмдердің көбейгені дұрыс деген ойым бар. Ал біз көріп жүрген фестивальге арналған фильмдердің басым бөлігінде пессимистік сарын басым. Фильм арқылы қоғамға, халыққа ой тастаймыз дегенмен, әдетте бұндай фильмдер адамды ойландырып емес, қамықтырып алады. Көре қалсаң, өмірден түңіліп-ақ кетесің. Алау-жалау комедиялардың көбейгенін де құп көрмеймін. Кино өндірісте осы екеуінің, орысша айтқанда, «золотая серединасын» ұстаған жөн. Халықтық фильмдер осы екі тараптың нақ ортасы болушы еді. Эксперименттік фильмдер мен комедиялар жалпы кино нарығында 30% ғана орын алуы керек шығар деген ойым бар. Күллі режиссердің жаппай коммедия түсіруі де, не жаппай арт-хаус форматындағы пессимистік фильмдердің көбеюі де құптарлық іс емес.
Арайлым Зеберхан
Шын шебер түсініксіз жазайын деп тыраштанбайды
Меніңше, өнердің көпшілікке түсініксіз болып, элиталық сипат алуына осы екі тұрғыдан назар аударуға болады. Біріншіден, өнердің өзі табиғи тұрғыда эволюциялық даму жолынан өтуі. Өнер – динамика. Жиырмасыншы ғасырға дейінгі әбден орныққан классикалық өнер эмоция мен сұлулыққа басымдық берсе, кейінгі модернистік өнер күрделене түсті, көбіне ойлануға, интерпретацияға иек артты. Бұл – өнердің логикалық даму жолы. Ал екінші көзқарас – қоғамдағы өзгерістер әсерінен, құндылықтар ауысып, соның елесі өнерде көрініс тапты. Бұл, сөзсіз, заманалар ауысып, дүние дидары өзгерген сайын өнердің де өмірдегі тақырыпты игеруі, соған сай жаңа форма іздеуі. ХХ ғасыр индустриализация, соғыстар, ғылыми-техникалық прогресс, философиялық ағымдар (экзистенциализм, структурализм, деконструктивизм) әсерінен жаңа парадигма қалыптасты. Өнер тек эстетикалық ләззат сыйлауды емес, терең интеллектуалды толғанысты, символизмді мақсат етті. Яғни өнердің жалпыға түсінікті, қарапайым эстетикалық табиғаттан алшақтауы – белгілі бір дәрежеде эволюцияның нәтижесі. Бірақ бұл эволюция қоғамдағы құндылықтардың өзгеруіне байланысты жүрді.

Эксперимент – әдебиеттің дамуы үшін қажет құбылыс. Ол – туындыгер үшін өзіндік стиль қалыптастыруға деген әрекет болса, оқырман үшін жаңаша көркемдік тәжірибе. Эксперименттің мәні – әдебиеттің жаңа мүмкіндіктерін іздеу.
Дегенмен «экспериментшілдер» көбейген сайын әдебиетіміз тәуекелшіл әрі кейде оғаш тәжірибелер алаңына айналып бара жатқанына да назар аударуға тиіспіз. Осы орайда, әдеби эксперименттегі негізгі проблемаларды анықтау қажет. Автор жаңашылдыққа бармас бұрын «эксперимент шынында керек пе әрі ол орынды яки қисынды ма?» деген сауалды жолбасшы етсе игі. Өзіндік стиль қалыптастырып, оқырман жүрегінен орын алып үлгерген қаламгер үшін жаңа жанрды игерудің өзі тәжірибе болары анық. Ұлы ақын Пушкин де «қаһарлы қара сөзге ауысамын» деп жаңашылдыққа барды. Бұл орайда эксперимент мәні түсінікті әрі мұндай үрдіс көп-ақ. Ал бүгінде әдебиетке енді-енді аяқ баспақ жас буынның жаңалық әкелемін деп тыраштануы суға түспей жүзуді үйренбек адамның ісіндей қисынсыз. Алдымен зор ізденіс, мол машық пен қарапайым жазуға төселудің маңызын меңзеп тұрмыз.
Сонымен әр дәуірдің өз постмодернизмі бар демекші, жаңа заманның жаңа әдебиеті болуы тиіс, ал ол әдебиет эксперимент арқылы қалыптасары сөзсіз. «Эксперименттік әдебиет эксперименттік әдебиет ретінде ғана қызық» деген пікірді қолдаушылар да табылар. Әрине, тәжірибенің бәрі сәтті емес, бірақ егер эксперимент болмаса, әдебиет тоқырайды. Дейтүрғанмен жазарман қауым шығарманы «әсіре қызыл» етіп, оқырманды әдебиеттен жирендіріп алмаса екен деген тілек білдіреміз.
Қазіргі қазақ әдебиетінде кейбір авторлар «неғұрлым түсініксіз жазсам, соғұрлым терең боламын» деген ойға сүйенетіндей көрінеді. Бұл – әдебиеттің табиғатына тән құбылыс. Бірақ түсініксіздік пен тереңдікті шатастырмаған жөн. Өз басым «Әлемдегі ең үлкен шындық – ең қарапайым нәрселер, ал ең күрделі дүниелер – ең ұлы өтіріктер» деген ұстанымдамын. Авторды қоя тұрғанда біздің оқырманның өзінде әлденені түсінбей қалудан аяқ тартатын қисынсыз қорқыныш тұратындай көрінеді. Эксперименттік қойылымдарда көрерменнің ду қол шапалағы мен мақтауынан кейін ұғынған ойын сұрасаң, мардымды жауап алмайсың. Хәкім Абай айтқан «Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді». Оқырман, көрермен «ақылды десін» деп жүр. Жасанды әсерден соң, жасанды күрделілікке құрылған шығармалар да көбейеді. Әрине, мұнымен ішкі ойлау жүйесі күрделі авторларды меңземейміз. Тек бояуы қалың, қойыртпақ шығармалар азайса… Сөз түзелсе, тыңдаушы түзелер еді. Шын шебер түсініксіз жазайын деп тыраштанбайды. Ойындағы орасан идеяны ұғынықты етіп қағазға түсіріп, оқырман таңдай қағып, сүйсіне, жалықпай оқымақ – таланттың ісі.
«Эксперимент – еліктеу» деген пікір ішінара рас. Көптеген авторлар әлемдік әдебиеттен үйреніп, сол бағытта жазуға тырысады. Бірақ әдеби эксперимент егер өз болмысымызға сай болмаса, ол – жай ғана көшірме, құрғақ форма болады. Ал егер ұлттық ерекшелікпен ұштасса, ол – жаңа бағытқа жол ашады. Яғни әлемдік өркениетте бар нәрсені автордың өз бойынан өткізуі маңызды.
Яғни эксперимент сәтті болуы үшін ол ұлттық негізден алшақ кетпеуі керек, яки шығармада автордың өзіндік көзқарасы танылмаса туындының бәсі құрғақ еліктеуден аспай қалады. Қазіргі әдебиетте эксперимент көп болғанымен, олардың шынайы құндылығына уақыт бағасын бере жатар.
Назерке Шынарбек
Жас өнер көрермен үшін бастапқыда түсініксіз
Өнердің өзіндік революциясы, әрине, бәрінен бөлек вакуумда туындаған жоқ. Өнердегі үрдістер әрқашан да қоғаммен, билікпен, саясатпен тығыз байланыста болды. Және бұл өнердің эволюциясы сол қоғамдағы құндылықтардың өзгерісімен ғана емес, ғылыми-техникалық революциямен тығыз байланысты. Фотоаппараттың пайда болуы, технологияның дамуы суретшілерді кенепте бейнеленген шынайы сюжетті ойластыруға емес, жалпы форма деген не, түс деген не, сызық, нүкте деген не деген сауалдар қоюына алып келді. Модернизмдегі кубизм, фовизм, конструктивизм, т.б. Сынды өнер бағыттарының негізгі мақсаты бұл, алдымен, әрқашанда форманы қайта қарастырып, нәтижесінде адамның өнерді қабылдау әсерін зерделеу еді. Өнерге терең бойламаған адам бұл өзгерістердің барлығын, әрине, бірден қабылдап кетпейді, оған дайындық керек.

Өнер тарихына үңілсек, жаңа, жас өнер көрермен үшін бастапқыда әрдайым түсініксіз, қабылдауға қиын. Ал қазір өнер әрдайым өзгеріске ұшырап, жаңару мен құлдыраудың арасында теңселіп тұр. Қайта өрлеу дәуірінде өнер өткенге үңілді, ал модернизмде болашақ маңызды болды. Қазір адамдар осы шағына, бүгінгі өнерге баса мән береді. Өнерде де солай, жаңа эксперименттерге ұмтылудың ар жағында осы қазіргі шақты зерттеп, үздіксіз әрі жаңа дүние жасауға, әрі өткенді саралауға басымдық берілген. Сондықтан ол бұрынғыша діни не мифологиялық сюжеттер сынды жалпыға ортақ белгілі құбылыстарды бейнелеуден бас тартып, жеке зерттеуді талап ететін контекстік мәнге ие болды. Модернизм кезеңінен кейінгі өнерді ұғу үшін сол уақыттағы тарихи, саяси контексті ұғыну керек.
Өнердің дамуы – ол түрлі эксперименттердің сатысы. Ал Қазақстанның бейнелеу өнерінің даму жолы жеке назарға алыну тиіс құбылыс. Ең алдымен, бізге кәсіби бейнелеу өнері ХХ ғасырдан бастап келгенін тілге тиек ету керек. Сол кезден бері бейнелеу өнері бір ғасырдан астам уақытта өзінің күллі батыс-еуропа өнерінің салып кеткен жолының «жеделдетілген» түрімен дами бастады. Оның негізінде Ресей академиялық реализм мектебі мен қазақ халқының қолөнері жатыр. 1920 жылдары Қастеев пен Таңсықбаевтардың шығармашылығы бастау алса, 1950 жылдары Мәскеуде білім алған Телжанов, Мәмбеев, Кенбаевтардың реализмі, одан кейін 1960 жылғы жылымық кезеңіндегі суретшілердің шығармашылығынан ұлттық тақырыптарды қозғағанымен қоса, модернизм ықпалын көре аламыз. Әр онжылдықтар сайын бейнелеу өнері үздіксіз жаңарып, жаңа суретшілер, жаңа көзқарастармен толығып отырды. 1990 жылдары еліміздің тәуелсіздік алған уақыттан бастап өнердегі соцреализм цензурасының шырмауынан босағаннан кейін түрлі өнер бағыттары дами бастады.
Мәселен, халқымыздың тарихын реалистік мәнерде баяндағысы келетін суретшілердің бір тобы болды. Бұл суретшілердің шығармашылығында ностальгиялық леп сезіледі, кейбір өнертанушы ғалымдар бұл бағытты этно-романтизм деп атайды. Бұл суретшілердің басты мақсаты тарихи тұлғалар мен оқиғаларды шынайы түрде бейнелеуге ұмтылу болатын. Енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізген елде мұндай ұмтылыстардың болуы заңдылық, дегенмен де бұл ностальгиялық картиналардың барлығы сәтті шықты деп айтуға келмейді. Кейбір туындыларда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелеуде этнографиялық қателер кетсе, бірінде ол асқан дәлдікпен көшіріле қолданылып, дегенмен туындының өзіндік көркемдік сипаты мардымсыз болғанын байқауға болады. Сондай-ақ оның ар жағында тағы Ресейдің академиялық реализмінің ықпалы жатқандықтан көп туындылардың мазмұны қазақыланғанымен, сипаты батысша болып кетеді. 90-жылдары дамыған тағы бір бағыт бұл – символизм. Тамғаларды зерттеп, жаңаша туындылар әкелген Ә.Сыдыханов секілді суретшілер де болды. Бұндай туындылардың басты ерекшелігі – мәдениетіміздің элементтерін жаңаша түрде қайта қарастыру болғандықтан, оны тереңірек зерттеу де үлкен қызығушылық тудырады. Бүгінгі Қазақстанның заманауи өнерінде эксперименттер өте маңызды, себебі толғанбаған мәселе, қаузалмаған құбылыстар әлі жетерлік.
Өнер халыққа арналғанымен, ең алдымен ол өнер адамы үшін де белгілі бір тұрғыда кәсіби біліктілік пен құзыретті талап ететін салалардың бірі және бірегейі. Мысалы, біз хирургтар адам жанын сақтап қалып, түрлі күрделі операциялар жасайтынына алғыс білдіріп, бірақ операцияның қалай орындалатынын түсінуге тырысып, түсініксіз деп сынамаймыз ғой. Сол сияқты IT, STEM саласындағы мамандардың жұмысының барлық үрдісін, күрделілігін түсінгіміз келіп, ол туралы дауласпаймыз. Бір тар саладағы ғалымдардың мақалаларын оқып, бірден түсініп кетуге тырыспаймыз. Олардың өз кәсіби ішкі «асханасына» араласпаймыз. Ал суретшілерге келгенде көп дүниеден хабарсыз болуы мүмкін көрермен оған барлығы бірден түсінікті бола кету керек деп санайды. Түсініксіз болса, өзін бірдеңеден құр қалғандай кем санауы да мүмкін. Бірақ галерея, музей секілді адамдармен ашық ортада әрекеттесуге түсетін өнер туындылары, кескіндеме, мүсін, инсталляция жұмыстары да бір кәсіби бөлек саладағы шебер суретшінің ғана емес, сондай-ақ салыстырмалы түрде бір «маманның» жұмысы екенін де ұмытпау керек. Өнер туындысы адамдарға тек рақат, не таныс сезім ғана сыйлап қоймай, оны зерттеуге, түсінуге, терең ойлануға шақыру керек. Әрине, қазіргі жасалып жатқан өнердің де бәрі сондай күрделі, терең деп айтуға келмес, жасанды жұмыстар да жетеді, ол енді бөлек мәселе.
Кез келген алғашқы эксперимент алдымен үнемі құрғақ еліктеу болады. Бұл үйренудің, жетілудің айнымас бір жолы. Эксперимент үшін жасалатын эксперименттер де бар, белгілі бір ойды жаңаша жеткізу үшін жасалатын да эксперимент бар. Онымен қоса, қазіргі таңда көркемөнер тұрғысынан жаңа дүние ойлап табу шынымен де қиын. Саған дейін барлығын шығарып қойғандай көрінеді. Салыстырмалы түрде белгілі бір деңгейде солай деп те ойлаймын. Тек құрғақ еліктеуден аспайды дегенге келісе бермеймін. Бұл жерде еліктеудің де орнын білу керек Кейбір суретшілер оммаж, сілтеме жасайды, ал кейбірі таза көшіру мүмкін. Өзінің қалыптастырған қолтаңбасына соңына дейін адал болатын туындыгерлер де бар. Ал сәтті, не сәтсіз болсын кез келген ойға түрткі салатын эксперименттердің болуына еш шектеу қоймау керек менің ойымша.
Дайындаған Ақгүлім Ерболқызы