ЕЛ БАСЫ деген КІМ?

Заң ғылымының кандидаты, Мухамадиев Айыпқанмен сұхбат
– Айыпқан Ұлықпанұлы, сіз тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен екінші президент – Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттіктері жайлы ашық жазып жүрген бірден бір заңгерсіз десем, қателеспеспін… Айтыңызшы, кешегі Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кету жайлы мәлімдемесін заңдық тұрғыда қалай бағалайсыз?
– Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтардағы мәлімдемесінде, «… мен 2019 жылы президенттік өкілеттігімді Қасым-Жомарт Тоқаевқа бердім, сол уақыттан бері зейнеткермін...» – деді. Енді Назарбаевтың осы сөзіне құқықтық тұрғыдан сараптама берейік. Өйткені «қайғылы қаңтарға» дейін президент Қ.Тоқаев парламент палатасының төрағалары, депутаттар, министрлер, әкімдер, прокуратура, Конституциялық кеңес барлығы Н.Назарбаевты Елбасы деп келді. Ал жоғарыда көрсеткеніміздей, Назарбаев «мен 2019 жылы жылдан бері зейнеткермін, сендердің басқа президенттерің бар» деді. Басқаша айтқанда, менен әрі жүріңдер, бәлелеріңнен аулақ, мынау төңкеріске еш қатысым жоқ дегені ғой… Назарбаев дұрыс айтты, ол заңға сәйкес, биліктен толық кеткен адам.
Сіз атап өткендей, мен 2019 жылы осы «қос биліктік» мәселесіне көңіл аударуымның себебі халық сайлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасын неге «Елбасы» деп өзінің өкілеттіктерімен арнайы 09.10.2019 ж., №184 жарлық шығарып, бөліседі деген сұраққа негіз бар ма деп ізденуімнен басталды. Ал бұл заңға қайшы әрекет. Президенттің өкілеттілігі 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда бүкіл Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияда бекітілгендіктен, бұл нормаларды ешбір тұлғаның өзгертуге құқы жоқ. (Бұл жайлы Президентке, газетке жазғанмын «Деловая Неделя» 08.11.2019г., ADYRNA 04.06.20ж)
– Сіз осыған дейін көптеген жазбаларыңызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Елбасы дейсіз, Қазақстанда Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев емес пе? Сонда бір елде екі Ел басы болғаны ма?
«Елбасы» Нұрсұлтан Назарбаев деуіміз, бұл Ата заңға, мемлекетке жасалған қиянат, ол қалай басталды зерделеп айтайын. «Елбасы» сөзі алғаш рет Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2010 жылғы 14 маусымдағы № 289-IV Конституциялық заңында «Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне» деген сөздерден кейін – «Елбасына» деген сөзбен ресми толықтырылды. Дәл осы күні тағы бір Қазақстан заңы №290-IV қабылданып Елбасына қатысты қылмыстық жауапкершіліктер көрсетілді.
Басты сорақылық мынада, осы заңдар парламентпен қабылданғанымен оның заңды күші жоқ, өйткені 2010 жылы бұл заңдарға президент Н. Назарбаев қол қоюдан бас тартқан болатын-ды.
Неге бұлай дегенімізді түсіндірейік. Аталған заңдардың 2-бабында: «Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» депті. Ары қарай былай жазылыпты: «Осы Конституциялық заң парламент сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, парламент мәжілісінің төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, премьер-министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды» делінген.
Ел Конституциясы 62-бабының 20-тармағында: «Республиканың заңдары Республика президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi», ал 44 бапта президент парламент сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді деп бекітілген, мұны ешбір лауазымды тұлғаның өзгертуге өкілеттігі жоқ. Сол кезде Н.Назарбаев заңға қол қоймады, жарияламады, демек өзгерістер заңды күшіне енбей қалды.
Осы заңдардың Конституцияға сай емес, керегі жоқ екенін кезінде з.ғ.д профессор З.Кенжалиев былай деп түсіндірді: «Конституцияда 40-баптың 1-тармағында «ел», «мемлекеттің басшысы» деген сөздер жазылған. «Елбасы» сөзін арнайы қабылдаудың керегі жоқ, мына заңды орыс тілінде дайындағандықтан, оны байқамаған. «Ел» бұл «Мемлекет» сөзінің синонимы деді. Конституция – «Ел басшысы», «Ел басы», «Елбасы», «Мемлекет басшысы», «президент» сөздерін синонимдер ретінде қатар қолдануға толық мүмкіндіктер береді. Біздің елдің кез келген президенті сайланғаннан кейін Конституцияға сәйкес бірден «Ел басшысы» немесе «Ел басы» – «Мемлекет басшысы» аталады» деді. Біз де Конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д профессор З. Кенжалиевпен толығымен келісеміз.
Енді біз осы «Елбасы» ұғымы жайлы әдеби-тарихи сөздікті қарап, ұсынамыз: «Қазақ сөздігі біртомдық – 2013» «ЕЛБАСЫ – мемлекет басшысы, президент». Осы сөздіктерде баспадан шығарғанда, төраға деп з.ғ.д., профессор М.Құл-Мұхаммед көрсетілген және де президент Н.Назарбаевтың алғы сөзі берілген. Демек қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтардағы мәлімдемесінде, «… мен 2019 жылы президенттік өкілеттігімді Қасым-Жомарт Тоқаевқа бердім, сол уақыттан бері зейнеткермін...» дегені ақиқат, Конституцияға сай айтылған. Н. Назарбаевты 2019 жылы өз еркімен президенттіктен кеткенінен кейін «Елбасы» деп атап, «Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық» қызмет атқаруға заңды негіз жоқ болған. Мемлекеттік органдар, жоғары биліктегілер президент Қ.Тоқаевтың басқаруына кері әсерін тигізіп, мемлекетке де қиянат жасап отыр.
– Сонда осы уақытқа дейін 2019 жылы президенттіктен кеткен Н. Назарбаевты «Елбасы» деп билікті, халықты шатастыруымызға кім жауапты болады?
– Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар үкімет, парламент. Конституциямыздың 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Қазақстан аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Келесі 72-бап бойынша: Конституциялық Кеңес парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестiгiн президент қол қойғанға дейiн қарайды, Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi, жыл сайын парламентке Республикадағы конституциялық заңдылықтың жайы туралы жолдау жiбередi деп бекітілген. Алайда осы мемлекеттік органдар Конституция талабын орындамай, заңсыздықтарға жол берді. Зейнеткер Н. Назарбаевты «Елбасы» деп бүкіл халықпен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевты да шатастырып, түбі мемлекетті тығырыққа тіреп, арты осы «қаңтар қырғынына» әкеп соқты. Сондықтан Бас прокуратура басшылығы, Конституциялық Кеңестің барлық мүшелері қызметінен кетуі тиіс.
– Осы аптаның жұма күні «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде партияның төрағасы белгілі болады, Сіздің ойыңызша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалыққа сайланады ма?
Зейнеткер Н.Назарбаев соңғы сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада партия төрағасы болып сайланады деді. Басты сұрақ, елді аздырып, халықты тоздырған, Ел басымыз Қ.Тоқаевтың өзі күні кеше ғана айтқан, «Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында. Осы ретте, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды… Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес» – осы мүмкін емес жағдайға жеткізіп, халықты зарлатып, сорлатып отырған, мемлекетті – 165 миллиард долларға қарызға батырған, Елдің 200 миллиард доллар ақшасын шет елге қашырған «Нұр Отан» үкіметі, билігі емес пе? Президент съезге барсын, сөйлесін, тапсырма берсін, осы съезде ресми түрде «Нұр Отан» партиясынан шығатынын мәлімдеп, бір жеңілдеп «Ақ Ордаға» қайтса дұрыс болар еді.
– Неге партиядан бас тартуы керек дейсіз?
«Нұр Отан» – Отанымыз емес! Соңғы жылдары байқағанымыз, премьер-министр, министр, облыс әкімдері, жоғарғы сот мүшелері, бас прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, қорғаныс, денсаулық, ішкі істер, энергетика министрі, көптеген генералдар, елдің мүддесін қорғайды деген жүздеген жоғары лауазым иелерінің коррупциялық қылмыс жасап, сотталып жатқанын жиі естіп, көрудеміз. Бұл Отанға жасалған опасыздық, диверсия деп аталады. Түптеп келгенде, соңғы күндері байқағанымыздай, бұл Қазақ мемлекетінің тамырына балта шабу, тізе бүктіру әрекеттері.
Бір масқарасы, бұл азғындар мен сайқалдарды президент Н.Назарбаев жауапты лауазымдарға тағайындады, кейін қылмыс жасап, 5-10 жылға сотталғандарды рақымшылық жасап, кешірген президенттің өзі бостандыққа шығарды. Ал бұл әрекеттер қолданыстағы заңдарға сәйкес, ұйымдасқан қылмыстың белгілері. Осы қаңтар дүрбелеңінде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыпталған бейбіт халықтың қырылуына, аяусыз жазалануына апарған Кәрім Мәсімовті де «Нұр Отан» президенті, үкіметі, парламенті бекітті ғой. Сын сағатта «Нұр Отан» басшылары бұғып қалып, ел таппай қалды. Енді осындай масыл «мұра» түгелдей, Қ.Тоқаевқа өтпей тұрғанда, бұл партиядан аулақ жүргені дұрыс. Қолданыстағы Конституциямыздың 43-бабының 2-тармағында президент өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деп көрсетілген болатын, алайда 2007 жылы мұны «Nur Otan» парламенті заңмен алып тастағанымен іс жүзінде солай қалды.
Партия басшылығы 2019 жылғы Шымкенттегі халықтың билікке жазғы наразылық шеруіндегі «Nur Otan» партиясының туын жұлып алып тастағанынан сабақ алмады, оң қорытынды жасамады. Қазіргі қаңтар қақтығысында да ереуілге шыққандар опасыздар мен коррупционерлер ордасы – «Nur Otan» әкімшілігі мен партия ғимараттарын өртеп, отпен аластады. Бұл оқиғалар партияның тарих қойнауына кетуіне екі-үш айлық өмірі қалды деген белгі. Қазір мемлекет тез арада осы қаңтар айында қаза болған, жараланған адамдарға, олардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан төлемдер беруі керек.
Қорыта келе айтарымыз, егер Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі кемеңгер тұлға Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарман жауынгері, өнегелі жазушы – Кемел атамыз тірі болса, осы қаңтар қырғынында қазақ жастарының әділдік сұрап, митингіге шыққанда, «террористер» деп атылғанын көргенде, майдангер- ақын Жұбан Молдағалиевтің 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жазалауынан кейін Колбинге «Қазақ жастарының бұлай қорланып, қырылғанын көргенімше, майданда өлгенім дұрыс еді!..» деп, айтқан сөзін баласы Қасым-Жомартқа қарап тұрып айтар еді деп ойлаймын...
– Әңгімеңізге рақмет!