«Ел қайда, су қайда?» қанқыз қоңызы
Күз айының жайма-шуақ күндері тау қойнауындағы жолмен жоғары көтеріліп, табиғаттың әсерлі бейнесі күздің әртүрлі түске боялған көрінісін көптеген демалушылар тамашалайды.
Тау ормандарында өсетін орман ағаштары мен бұталарының жапырақтары және кейбір ағаштардың қылқандары (балқарағай) осы уақытта айға жуық қызыл, жасыл, сары түске енеді.
Күзде күннің жылымық тартып, жайма-шуақтанып тұратын мезеті қысқа болады. Бұл мезгілде таңертең кеш күн суытып, түсте ғана жылиды. Сондықтан да Ұлттық парк аумағында мекендейтін көптеген тіршілік иелері жаппай күн шуағы көп түсетін әрі жердегі жылы орындарды іздейді. Солардың бірі – Қанқыз қоңыздары, яғни, «ел қайда, су қайда» деп, әсіресе балалардың қолынан ұшырып ойнайтын қоңызы. Олар жылылықты іздейді, айналасы ашық асфальт жолдарда, күнгей беткейлердегі өсетін бұталарда жиі кездеседі. Қала, елдімекен, саябақ жолдарында да көзге шалынады. Көп жағдайда қазан-қараша айларында жаппай ұшып, қыстайтын жайлы орын іздейді. Олар көбінесе адамдар қоныстанған үйдің шатырлары, қора-қопсының қуыстарында, жерге түскен қалың жапырақ астында жайлы, қауіпсіз мекенде қыстауға тырысады.
Қанқыз немесе қызыл қоңыз (Coccinelidae) жәндіктер класы қаттықанаттылар отрядына жататын жыртқыштар тұқымдасының аралас қоректі қоңыздарының бір түрі. Қанқыз жер шарында кең тараған; қорек таңдамайтын отряд тармағының қоңыздар тұқымдасы. Бұлардың 2 мыңдай түрі белгілі, ал Қазақстанда 120-ға жуық түрі бар. Олар тек есейген кезеңінде ғана емес, дернәсіл кезеңінде де жыртқыштық тіршілік етеді.
Олардың денелері жартылай шар тәріздес болып келеді. Бізге бәрінен жақсы танысы – жеті ноқатты қанқызы. Арқа қабықшаларында қара ноқаттары бар ашық-қызыл қоңыз, сондай-ақ сары және қара қанқыздары да тіршілік етеді. Олардың денесінде жолақ, үтір немесе таңба бейнесіндегі өрнектер болады, арасында бояуы қанықтары да ұшырасады. Қоңыздың реңі өзінің туабітті түсінен басқаша болса, оның жеуге жарамсыздығынан хабардар етеді. Егер кесіртке немесе қандай да бір құс бәрібір қанқызын жеуге оқталса, онда оның аяғының мүшелерінен улы сұйықтың тамшылары бөлінеді, сонымен қоса жағымсыз иісі аңқып тұрады. Көптеген әлем халықтарында қанқызды бітелердің, ұсақ құрттардың, өрмекшілердің бітіспес жаулары ретінде сипатталады. Негізі қанқыздың көптеген түрлері пайдалы. Қолайлы ортада қанқыз саны тез өсіп, зиянды жәндіктерді жейді. Мысалы, ересек жеті ноқатты қанқыз қоңыз бір тәулікте 80-ге жуық алма битін жояды. Таңғаларлығы қоңыздардың дернәсілдері бір сағатта 40-қа дейін, ал күніне 300-400-ге дейін бітелерді жоя алады. Қанқыз өсімдік бітесі, бүрге-шіркей, жапырақ бүргесі, өрмекші, кене, т.б ұсақ жәндіктерді жояды. Ашық дереккөздерінде кейбір бақша қанқызы, картоп қанқызы, т.б екпе өсімдіктерді жеп зиян келтіретіндігі жөнінде де айтылады. Іле-Алатауында энтомофагтардың рөлі зор. Солардың ішінде, Coccinellidae (Adonia Coccinella Hippodamia және басқалары) өсімдіктерде өмір сүретін, Anthicidae (Быстрянка) орман жамылғысында өмір сүретін, Histeridae (Капузики), көңде және ағаш қабығының астында орман зиянкестерін аулайды. Іле-Алатауы фаунасында Г.И.Савойскаяның айтуынша, қанқыздардың 32 түрі кездеседі. Олар туыстары бойынша көп түрлі келеді. Қанқыздардың ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердегі өскіндерде, таудың төменгі бөлігінде транспалеарктикалық және еуропалық түрлері кең таралған. Жапырақты және қылқанжапырақты орман аймақтарында негізінен еуропалық-сібірлік түрлері кездеседі. Іле-Алатауын мекендейтін қанқыздардың көпшілігі белгілі бір аймақтарға сәйкес өмір сүрсе, олардың аз ғана бөлігі барлық жерде кездеседі.
Жәндіктер дүниесіне кейде мән бермейтін жайттарымыз өте көп. Содан кейін еккен дақыл, өсіп тұрған ағаш, гүлдер зиян шекті деп налимыз. Әртүрлі химиялық препараттарды қолданып, зиянкестерді жойғанымызбен, кері салдарының болатыны тағы бар. Сондықтан да қазіргі жағдайда ғалымдар биологиялық препараттар мен биологиялық әдістерге көшуді ұсынуда. Солардың бірі табиғи мекенінде қорғалуы, көбеюі тиіс энтомофаг ретінде қанқыз қоңыздары. Негізі осы уақытқа дейін қала ішіндегі барлық асфальтті және тастақ жолдарда адам аяғына тапталып өлген жәндіктер өте көп кездесетін. Дегенмен биылғы күзде мұндай келеңсіздік көзге көп шалынбады. Аталған қоңыздың пайдасын ескеріп, жаяу жүргіншілер қоңызды басып жаншып, езіп өтпей, ақырын ғана көтеріп алып, жол жиегіндегі ағаштарға, өсіп тұрған шөп арасына жібере салса сол пайдалы. Болмаса, баспай өте шығу керек-ақ, өзі шымқай қызыл түсті жәндік көзге тез шалынады. Ойын балаларына да жыбырлаған жәндіктің көзін құрт деп нұсқаудан бұрын оның қандай тіршілік иесі екенін білген жөн. Үй қабырғаларында, қора-қопсыда қоныстанғандарына зиян тигізбей, жасыл өскіндерге қоя берсе маңызы ерекше. Табиғатта бәрі өзара байланысқан. Қанқыз қоңыздар – қоректік тізбектің маңызды буыны, өйткені олар көптеген құстар, жорғалаушылар және жәндікқоректі сүтқоректілер үшін азық болады. Олардың жойылуы немесе санының азаюы экожүйедегі бұзылыстарды көрсетеді. Жарқын түстерінің арқасында олар көзге оңай байқалады және кеңінен танымал, бұл оларды қоршаған орта жағдайын бақылауға қолайлы индикатор етеді. Осындай «биоиндикаторлар» қоршаған орта сапасын бағалауға және экологиялық мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Тауға жаз мезгілінде көтерілсеңіз немесе үйдегі бақ ішінде де кейде қызықты жайттарға тап боласыз. Мысалы, өсімдік сабағында жабысып, тұтасып тұрған қара-қоңыр майда жыбырлаған бітелерді көрген боларсыз. Сол зиянкестерді қара, сарғыш құмырсқалар қызғыштай қорғап, өз шамалары жететін жыртқыштарды жолатпайды. Енді бірнеше минут тапжылмай қарап отырсаңыз, кенет ұшып келген қанқыз қоңызды байқайсыз. Олар келген бойда қомағайлана бітелерді жей бастайды, ал құмырсқалар қоңызды ығыстырып қууға тырысады. Құмырсқаның бітелерден алар пайдасы, олардан өсімдік шырынын сорады да, қанқыз болса бітені жояды. Екі жыртқыш та бір зиянкес жәндіктен қорек алады. Бұл жерде тек қанқыз қоңызы өсімдікті сақтауға пайда келтіреді де қалған екеуі зиянды болып шығады. Өмір сүру үшін омыртқасыздар арасында осындай жанкешті тартыс жүріп жатады.
Кейбір елдерде қанқыз қоңыздары ерекше қорғалады. Мысалы, Ұлыбританияда олардың түрлері, соның ішінде екі дақты қанқыз қоңыз сол елдің Қызыл кітабына енгізілген. Германияда да бірнеше түрі – тоғыз дақты және он төрт дақты түрлері қорғауға алынған. Австралияда «Хоупа қоңызы» деп аталатын бір түрі жойылу қаупінде тұр. Қытайда да осы жәндіктердің бірнеше түрін Қызыл кітабына енгізген. Ресей мемлекетінің де Қызыл кітабына Палласс қанқыз және Менетрье қанқыз қоңызы сияқты түрлер енгізілген.
Бұл таңғажайып жәндіктердің популяциясы экожүйелердің тұрақтылығын, әсіресе ауыл шаруашылығындағы тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқаратындықтан, адам тарапынан қорғауға әбден лайық. Алдағы уақытта отандық ғалымдар осы салаға үлкен жобалар дайындап, энтомофагтарды қолдан өсіріп пайдаланылады деген сенім мол. Ал табиғи мекендейтіндеріне қасақана тиіспеу керек.
Тұңғышбек Жапарқұлов,
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері