Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:26, 21 Қазан 2022

Ел президенті Алматы қаласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді

None
None

«Қуатты өңірлерді дамыту – ел дамуының ұлттық драйвері» жобасы аясында Алматы қаласының бірнеше аудандарында қаланы көркейтуге қатысты жұмыстар атқарылып келеді.

Соның ішінде Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жүзеге асырылуы мен 2030 жылға дейінгі Бас жоспарын әзірлеу барысы бойынша әлі де жұмыстар жалғастырылатыны жоспарда көрсетілген.

Осы орайда, Алматыны қайта гүлдендіруге, жандандыруға қатысты аталмыш жоба бойынша ескі үйлерді сүру, скверлерді жаңартуға қатысты қаланың бірнеше аудандарында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келді. 9 айдың ішінде қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, есеп берген болатын.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың есеп беру баяндамасында ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында атқарылған жұмыстарды айта отырып, қысқамерзімді экономикалық индикатор өсімі 105 пайызға жеткенін айтты. Оның баяндауынша, экономикалық индикатор бойынша өңдеуші өнеркәсіп экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналған. Яғни, бұрынғы кезеңмен салыстырғанда инвестицияның көлемі 22,1 пайызға артқан. Сол себептен, Алматы қаласы жеке инвестициялар көлемі жағынан өзге өңірлерден 22,4 пайызбен бірінші орында келеді. Атқарылған жұмыстардың арқасында өңірдегі іскерлік жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Нақты айтқанда, 2022 жылдың 9 айының ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің көрсеткіші айтарлықтай 37,2 пайызға артты, – дейді қала әкімі Ерболат Досаев президентке берген есебінде.

Сондай-ақ кездесу барысында қала әкімі алдағы уақытта Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы мен 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективаларды дамыта отырып, қаланы дамытудың перспективаларына тоқтала отырып, 2040 жылға дейін Алматы қаласын дамытудың бас жоспары әзірлену үстінде екенін айтты.

Қала әкімі айтпақшы, бұған дейін «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» жобасы талқылауға ұсынылған болатын. Жобада түйіні шешілмей келе жатқан қордаланған мәселелер мен әлеуметтік зерттеу нәтижелері, халықаралық тәжірибе, Алматының тарихи кезеңі, мәртебесі, экономикасы мен алдағы уақыттағы жоспарлары ескеріле отырып, қаланы дамытудың нақты басымдықтары көрсетілген болатын.

Сонымен қатар аталмыш жобаны экономистер, урбанистер, экологтар, қаланы жоспарлаушылар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер секілді қырықтан аса тәуелсіз сарапшылардың талқылауымен «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Смарт сити», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Қауіпсіз қала», «Жасыл Алматы» секілді жеті бөлімге бөлініп, қарастырылған еді.

Жоба бойынша аталған жұмыстардың барлығы қала әкімі Ерболат Досавтың баяндауымен ел президентіне таныстырылды.

Ерболат Досаевтың есеп беру баяндамасынан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы жандандыруда әлі де біршама жұмыстардың атқарылуына қатысты және өңірдің экономикасы мен инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде қала әкіміне бірқатар тапсырма берді.

Тегтер: