Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Ел спортының шынайы күйін көрсеткен жыл

1
Фото: Жас Алаш коллаж

2025 жыл Қазақстан спорты үшін қуаныш пен өкініш қатар жүрген күрделі кезең болды. Жаңа тарихқа жол ашқан ірі жеңістер де, кем-кетігіміз көп екенін көрсеткен ащы жеңілістер де кездесті.

Ең бастысы – жанкүйер қауым бұрынғыдай жылт еткен жеңіске алданып, әр медаль үшін алақайлайтын жалаң түсініктен арылып, шенділерден жүйелі жұмыс пен тұрақты нәтиже талап етуді үйрене бастады. Бұрын халық легионерлер алып берген жүлдеге де қуанып, мұның бір сәттік нәтиже екенін ескермейтін. Мысалы, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшылары 7 алтын медаль алғанда (кейін допинг дауына байланысты төртеуінен айырылдық) төбеміз көкке жеткен еді. Сол 7 алтынның үшеуін шетелден келген ауыр атлеттер алып берген. Допинг дауынан кейін үшеуі де медалін қайтарып берді.

Легионер мен натурализация – қазақ спортындағы ең күрделі проблемалардың бірі. Спорт шенділері көз алдағы нәтижені ойлап, шетелден шебер шақыруға әуес. Мұндай үрдіс кейінгі кезде сәл саябыр тартқанын байқап жүрміз. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бері талай «жаңа қазақ» көк тудың астында өнер көрсетіп, мол сыйақыға ие болғанын білеміз. Кейін соның көбі өз еліне тайып тұрды. Мұны көрген көпшілік «көк паспорт көп ақша тапқанша ғана керек пе» деп күйініп жүрді.

Дәлелмен сөйле дейтіндер үшін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2023 жылғы есебін жариялай кетейік. Антикор тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматты алғанын, оның 60 пайыздан астамы, яғни, 79-ы кейін туған жеріне оралғанын мәлімдеген.

2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін спорт саласында қордаланып қалған көп мәселе су бетіне шықты. Халық биліктен салаға реформа жасауды, легионерлер мен натурализацияланған спортшылардан бас тартуды, спортқа бөлінетін қаржыны бақылауды талап ете бастады. Осы қысымға жауап ретінде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спорттағы натурализацияға шектеу қойылатынын айтты.

Демек биыл қазақ спорты жайлы айтқанда бұрынғыдай «Қазақстанды әлемге танытты», «көк туымызды көкке көтерді» деген даурықпа ұрандарға ұрынбаймыз. Қазір жанкүйер қауым жеке спортшының жеңісі тұтас елдің жетістігі емес екенін түсіне бастаған. Спорттағы нәтижені елдің даму көрсеткіші ретінде көрсететін билік пропагандасына көп адам сене қоймайды. Яғни, 2025 жыл – ел спортының шынайы ахуалын айқын көрсеткен кезең болды.

Олимпиадалық жарыстар

Қысқы Универсиада. 13-23 қаңтарда Италияның Турин қаласында дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында 103 спортшы өнер көрсетіп, 3 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Бұл жүлде саны бойынша Қазақстанның Универсиада тарихындағы екінші үздік нәтижесі болды. Студент спортшыларымыз 2017 жылы Алматыда өткен турнирде 36 медальге ие болып, тарихтағы ең үздік көрсеткішін тіркеген.

Қысқы Азиада. 7-14 ақпан күндері Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтті. Құрлық біріншілігіне Қазақстан атынан 137 спортшы қатысып, 4 алтын, 9 күміс, 7 қола – жалпы 20 медаль жеңіп алды. Бірақ бұл ел тарихындағы ең сәтсіз Азиада болды.

Қазақстан құрамасының қысқы Азия ойындарындағы көрсеткіші жыл сайын төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Мысалы, біздің құрама 2011 жылы – 70 медаль (32 алтын, 21 күміс, 17 қола), 2017 жылы 32 медаль (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) алған. Ал Харбинде тарихтағы ең нашар нәтиже тіркелді (20 медаль). 2021 жылы Токио Олимпиадасында тек қола медаль алып, 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында 11-орынға жайғасып, жазғы спорттағы антирекордымызды жаңартқан едік. Сол сәтсіздік қысқы спортта да жалғасын тауып, ақ Азиадада асығымыз алшы түспеді.

Күрес. 25-30 наурыз аралығында Иордания астанасы Аммандада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтті. Бұл жарыста Қазақстан атынан 30 балуанымыз бақ сынады. Біздің құрама турнирде 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль (грек-рим күресі – 2 күміс, 2 қола, қыздар күресі – 1 алтын, 1 қола, еркін күрес – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола) жеңіп алды. Алтын медальге еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов пен Жәмила Бақбергенова қол жеткізді. Ең қызығы, Жәмила – төрт дүркін, Нұрқожа – үш дүркін құрлық чемпионы атанды.

Сондай-ақ 13-21 қыркүйекте Хорватия астанасы Загребте күрес түрлерінен жылдың басты бәсекесі – әлем чемпионаты өтті. Бұл сынға да Қазақстан атынан 30 балуан қатысқан. Бұл жолы еркін күрес шеберлері екі қола медальмен шектелді. Ал бұрымды балуандарымыз Хорватия төрінен медальсіз оралды. Грек-рим күресінде тарихи медальге қол жеткіздік. «Классиктер» бәйгесінде Айдос Сұлтанғали чемпион атанды. Осылайша, араға 26 жыл салып, қазақстандық балуан грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен бұған дейін өткен ғасырда, 1999 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль алған (Мхитар Манукян, Грекияда).

Дзюдо. 13-19 маусым күндері Будапештте (Венгрия) дзюдодан әлем чемпионаты өтті. Бұл сында біздің құрамаға жалғыз күміс медаль бұйырды. Бірақ сол бір медальдің өзі мыңға бергісіз маңызды жүлде болды. 48 келі салмақта бақ сынаған Әбиба Әбужақынова күміс жүлдеге қол жеткізіп, әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақстандық дзюдошы қыз атанды. Оған дейін ешбір бұрымды балуанымыз дзюдодан әлем чемпионатының ақтық сынына жетіп көрмеген.

Жалпы Әбиба қыздар арасында қазақ дзюдосының тарихын бір өзі жазып жатыр десек те болады. Осы спорт түріндегі барлық жетістік Әбужақыноваға тиесілі. Ол 2022 және 2024 жылдары әлем чемпионатында екі мәрте қола медаль алған. Яғни, Әбиба – қазақстандық қыздар арасында тұңғыш рет әлем чемпионатында медаль алған, тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шыққан, тұңғыш рет Гран-при чемпионы атанған спортшы.

Бокс. Биыл бокстан бірнеше ірі халықаралық турнир өтті. 9-16 наурыз аралығында Сербияның Ниш қаласында қыздар арасындағы әлем чемпионаты өткен. IBA турнирінде бұрымды боксшыларымыз 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Осы сында Назым Қызайбай алтын жүлде алып, үш дүркін әлем чемпионы болған тұңғыш қазақ боксшысы атанды.

Ал 24 ақпан мен 2 наурыз аралығында Болгария астанасы Софияда өткен «Странджа кубогында» жерлестеріміз күмістен тау тұрғызды. «Кіші әлем чемпионатында» қазақстандық боксшылар (ерлер мен қыздар) 6 алтын, 15 күміс, 12 қола медальге қол жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет «Странджа кубогының» жалпыкомандалық есебінде бірінші орын алды.

Әуесқой бокста қызықтың көкесі күзде басталды. Бәсекелес екі федерация – IBA мен World boxing ұйымы 2 әлем чемпионатын өткізді. 4-14 қыркүйек күндері Англияның Ливерпуль қаласында өткен World boxing турнирінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль (ерлер – 4 алтын, қыздар – 3 алтын, 1 күміс, 2 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты.

Ал 3-13 желтоқсан күндері Дубай қаласында IBA-ның әлем чемпионаты өтті. Бұл бәсекеде біздің боксшылар 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медальге ие болып, командалық есепте екінші орынға жайғасты. IBA президенті, ресейлік Умар Кремлевтің отандастары 7 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен турнирлік кестеде көш бастады. Бұл турнирдің басты ерекшелігі – жүлде қорында. IBA Дубайда алтын алған спортшыға 300 мың, күміс жүлдегерге 150 мың, қола медаль иегеріне 75 мың доллар төледі. Ал бесінші орынға табан тіреген боксшылар 10 000 доллардан алды.

Кәсіпқой спорт

Футбол. Биыл футболдан ұлттық құрамамыз 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейнмен бірге J тобында бақ сынаған біздің жігіттер 8 матчта 8 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде 4-сатыға тұрақтады. Құрама тізгінін екі отандық маман – Әли Әлиев пен Талғат Байсуфинов ұстады. Әлиев тұсында құрамамыз 5 ойында небәрі 3 ұпай еншілесе, Байсуфинов келген соң 3 матчта 5 ұпай жинады. Әсіресе соңғы турда Бельгиямен тең ойнағанымыз (1:1) ерлікпен тең нәтиже болды.

«Қайрат». 2025 жылғы қазақ спортының ең үлкен жетістігі «Қайрат» футбол клубы болған шығар. Алматылық ұжым Еуропаның басты клубтық турнирі – Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Бұл жетістіктің қаншалық маңызды екенін түсіну үшін «Қайраттың» биылғы табысын түгендесек те жетеді. Клуб иесі Қайрат Боранбаевтың айтуынша, Чемпиондар лигасындағы цикл үшін «Қайрат» шамамен 35 млн еуро (21 млрд теңге) алады. Түсінікті болу үшін айта кетейік, қазіргі ереже бойынша ҚПЛ клубтарына мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 1,2 млрд теңге бөлінуі қажет. Демек «Қайрат» бір маусымда бір клубтың 17 жылдық бюджетін тауып отыр.

«Қайрат» биыл іріктеу турнирінде 4 елдің чемпионын жарыс жолынан шығарды. Атап айтқанда, Словенияның «Олимпиясын», Финляндияның КуПС командасын, Словакияның «Слованын» және Шотландияның «Селтик» клубын жеңді. Ал топтық кезеңде «Спортинг» (Португалия), «Реал Мадрид» (Испания), «Арсенал» (Англия), «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия) және «Пафос» (Кипр) клубтарына қарсылас атанды.

Команда қазірше 6 ойын өткізіп үлгерді, бірақ әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Тек «Пафоспен» тең ойнап, 1 ұпай алды. Бірақ Алматыда өткен атақты «Реалға» қарсы матч «Қайратқа» үлкен танымалдық пен табыс әкелді. Қазақстан спортындағы жылдың ең шулы, ең жарқын сәті – «Қайрат» – «Реал» матчы шығар. Әрине, испаниялық ұжым Алматыда 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ жанкүйерлер мен клуб «Реал» жұлдыздарын «тірідей» көргенін әлі мақтан тұтып жүр...

Сәтбаев. «Қайраттың» сәтті маусымының арқасында бірқанша ойыншының жұлдызы жанды. Мысалы, негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алған соң екі жас голкипер жарқ етіп көзге түсті. 22 жастағы Темірлан Анарбеков «Селтикке» қарсы матчта 3 пенальти қайтарып, қаһарман атанса, 17 жастағы Шерхан Қалмырза «Реалмен» ойында көзге түсіп, елдегі ең танымал футболшыға айналды. Қазір оның Instagram-парақшасында 330 мыңнан аса жазылушы бар.

Ал жылдың басты жұлдызы ретінде 17 жастағы Дастан Сәтбаевты айту керек шығар. Жас шабуылшы биыл бірнеше рекордтың авторы атанды. Атап айтқанда, ҚПЛ-да гол соққан ең жас ойыншы, ҚПЛ-да 10-нан асыра гол соққан ең жас ойыншы, ұлттық құрама сапында гол соққан (Бельгия қақпасына) ең жас ойыншы, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан алғашқы қазақстандық ойыншы деген сияқты атақтарға қол жеткізді. Сондай-ақ ол УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан ең жас ойыншылардың үштігіне еніп, «Барселонаның» қос түлегі, әлем футболының үздіктері Ансу Фати және Ламин Ямальмен қатар тұр.

Кәсіпқой бокс. Қазақ спортының биылғы қуанышы – Сәтбаев болса, басты өкініші – Жәнібек Әлімханұлы болды. Орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы ұзақ жылдық қажырлы еңбегінің арқасында белбеу біріктіретін үлкен жекпе-жекке қол жеткізген еді. Жәнібек 7 желтоқсан күні АҚШ-та орта салмақтағы WBA белбеуінің иегері, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен кездеседі деп жоспарланған. Бұл жекпе-жекте жеңіске жетсе, Әлімханұлы орта салмақтағы 3 ірі белбеуді біріктіріп, абсолютты әлем чемпионы атағына жақындай түсер еді. Ең бастысы, үлкен чемпионмен кездесіп, кәсіпқой бокс әлеміндегі танымалдығын арттырар еді. Жанкүйерлер мұны «Жәнібектің жұлдызы жанар сәт» деп бағалап, 7 желтоқсанды күтіп жүрген.

Өкінішке қарай, айтулы жекпе-жекке 4 күн қалғанда, Әлімханұлының қанынан мельдоний препараты табылғаны анықталып, кездесу өтпей қалды. Боксшы тыйым салынған дәрумен пайдаланбағанын айтып, «В» сынамасын ашуға өтініш берген. Нақты нәтиже 2026 жылы 8 қаңтарда белгілі болады. Жәнібек ақталып шыға ма, әлде допинг табылғаны расталып, жазаға ұшырай ма, белгісіз.

Айтпақшы, Әлімханұлы биыл 5 сәуірде Астанада үлкен бокс кешін өткізді. Кештің басты жекпе-жегінде Жәнібек франциялық Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңіп, чемпиондық атағын сәтті қорғады. Осылайша, Әлімханұлы Қазақстанда чемпиондық жекпе-жек өткізген төртінші боксшы атанды. Оған дейін елде Василий Жиров (2001 жылы), Бейбіт Шүменов (2009, 2011 және 2018 жылы), Геннадий Головкин (2010 жылы) өз елімізде титулға таласқан болатын.

Қуаныш Қаппас