Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:32, 30 Желтоқсан 2022

«Ел тағдыры» елді неге алдайды? (видео)

None
None

Жуырда ғана еліміздің әділет министрлігі «Ел тағдыры» партиясының құжаттарын тіркеуге қабылдаған болатын.

2022 жылғы 22 желтоқсанда құжаттардың ұсынылғаны расталды, – деп жазылған министрлік хабарламасында. Әрине, партияны тіркеу үшін бірнеше кезеңнен өту керек.

Бүгінде «Ел тағдыры» партиясының лидері Жұматай Әлиев осы мақсатқа жету үшін қулыққа басқан сыңайлы. Бүгін Алматыда аталмыш партияның съезі өтіпті-мыс. Ең қызығы, қолымызда бар деректерге жүгінсек, бұл съезге  партия өкілдері халықты алдап шақырған.  Шараға қатысқандар өздерінің саяси  жиынға қатысып отырғандарын да білмеген. Оларды «концерт тамашалайсыңдар, фрушет болады» деп шақырған. Бұл ақпаратқа төмендегі видеодан хабардар болуға болады:

Тіпті халықты шақырушылар «жинала қалсаңдар көпшілікке үш, бес мың теңгеден  ақша да таратамыз»  деп жария жар салған.  Бізге жіберілген скриншоттар мұны айғақтай түседі.

Бұдан бөлек аталмыш партияның съезінің беташары ғана мемлекеттік тілде  басталып, қалған шарасы түгелдей ресми тілде өрбіген. «Ел тағдыры» деген үлкен атауды иемденген бұл партия тіпті «қазақша сөйлеңдер, орысша түсінбейміз» деп айғайлаған елдің базынасына да құлақ аспаған.

Ол видеоны мына сілтемеге өту арқылы көруге болады.

Осылайша «Ел тағдыры» халықты алдағанымен қоймай, алға қойған мақсаттарын да  «ұлы тілде» жеткізген көрінеді.

Біздің білеріміз,  партия лидері Жұматай Әлиев қазақ тілін біледі, қазақша ойлай алады. Ендеше ол  неліктен барша жұртты жиып алып, ресми тілде сайрап,  халықты алдап съезд өткізіп жүр?! «Концерт өткіземіз, ақша төлейміз, алдарыңа ас қоямыз» деп елді алдау қаншалықты қисынды?! Әлде «думан-жиын жасап, фрушет ұйымдастырып халықтың қарны тойса  болғаны ел соңымнан ереді» деп ойлады ма екен? Бұл  «Ел тағдырын» ойлайтын азаматтың қылығы ма?!

Қалай десек те, қазір «қайығын судан өткізіп алу үшін» шенеуніктер түрлі қитұрқылықтарға барып жатыр. Сол тәрізді Әлиев те  партиясын тіркеп алудың бір амалы осы деп ойлаған болар. Бірақ елді алдағанның есесі кететінін бұлар қашан ұғынады өзі?!  «Ел тағдыры» деген атағы дардай атты иемденіп алып партияның елді алдауы халықты мазақ ету емес пе?!

Тегтер: