Ел тарихындағы ең сәтсіз Азиада

2025 жылы 7-14 ақпан күндері Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтті. Құрлық біріншілігіне 34 мемлекеттен 1275 спортшы қатысып, 11 спорт түрінен 64 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.
Қытайда Қазақстан құрамасының 137 спортшысы 6 спорт түрінен 10 дисциплинада сынға түсіп, 51 жүлде жиынтығына таласты. Сан жағынан біздің құрама Қытай (170 спортшы), Жапония (155 спортшы) және Оңтүстік Кореядан (149 cпортшы) кейінгі төртінші орында тұрды.
Ең қызығы, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есеп бойынша да аталған 3 мемлекеттен кейінгі төртінші орынға жайғасты. Біздің спортшылар 4 алтын, 9 күміс, 7 қола – жалпы 20 медаль жеңіп алды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Геннадий Головкин басқаратын ұлттық Олимпиада комитеті 4-орынды үлкен жетістікке балап, мақтанышпен хабарлап жатыр.
Бірақ қысқы спортты жақсы білетін жанкүйерлер мұның «4 адам қатысқан жарыстан 4-орын алдым» дегенмен бірдей нәтиже екенін біліп отыр. Өйткені Азия құрлығында қысқы спортпен осы 4 мемлекет қана тұрақты айналысады. Ара-тұра Солтүстік Корея төбе көрсетіп қоятынын ескермесек, әр турнирдегі бар жүлдені 4 елдің спортшылары бөліп алады.
Анығырақ айтқанда, биылға дейін 9 мәрте өткен қысқы Азия ойындарында небәрі 13 мемлекет жүлде алған, алтын медаль 8 елге ғана бұйырыпты. Бірақ Өзбекстан (2), Ливан (1) және Филиппинге (1) алтын медальді легионерлер алып берген. Ал Солтүстік Корея (1) сонау 1986 жылы, алғашқы ойында бас жүлде алған. Яғни Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдан өзге Азиядағы 40 мемлекетке 39 жылда 5 алтын ғана бұйырыпты. Осының өзі қысқы Азиадада 4-орын алу мақтанатын көрсеткіш емес екенін білдіреді.
Қазақстан құрамасы қысқы Азиадаға 7 мәрте қатысып, жалпы 215 медаль (82 алтын, 71 күміс, 62 қола) алған. Мұнда да шығыстағы 3 елден кейінгі орында тұрмыз. Оның үстіне көрсеткішіміз жыл сайын төмендеп барады. Харбинде тарихтағы ең нашар нәтижені тіркедік. 2021 жылы Токио Олимпиадасында тек қола медаль алып, 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында 11-орынға жайғасып, жазғы спорттағы антирекордымызды жаңартқан едік. Сол сәтсіздік қысқы спортта да жалғасып жатыр.

Қазақстан құрамасының өзі қатысқан қысқы Азия ойындарындағы нәтижесі:
· 1996 жыл: 14 алтын, 9 күміс 8 – 2-орын;
· 1999 жыл: 10 алтын, 8 күміс, 7 қола – 3-орын;
· 2003 жыл: 7 алтын, 7 күміс, 6 қола – 4-орын;
· 2007 жыл: 6 алтын, 6 күміс, 6 қола – 4-орын;
· 2011 жыл: 32 алтын, 21 күміс, 17 қола – 1-орын;
· 2017 жыл: 9 алтын, 11 күміс, 12 қола – 4-орын;
· 2025 жыл: 4 алтын, 9 күміс, 7 қола – 4-орын.
Енді Харбиндегі IX қысқы Азиадаға толығырақ тоқталайық. Қытай жерінде 9 елдің өкілдері жүлдеге қол жеткізді. Жалпы 64 медаль жиынтығы сарапқа салынса, соның тең жартысында бас жүлде алаң иелерінің өз еншісінде қалды. Қалған 32 алтынның 16-сын – Оңтүстік Корея, 10-ын – Жапония, төртеуін Қазақстан жеңіп алған. Сондай-ақ Филиппинге Швейцариядан ауысқан кёрлингшілер, Өзбекстанға экс-ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар алтын медаль алып берді.
IX Қысқы Азия ойындарының медаль кестесі:
1. Қытай – 85 (32-27-26);
2. Оңтүстік Корея – 45 (16-15-14);
3. Жапония – 37 (10-12-15);
4. Қазақстан – 20 (4-9-7);
5. Филиппин – 1 (1-0-0);
5. Өзбекстан – 1 (1-0-0);
7. Солтүстік Корея – 1 (0-1-0);
8. Тайпей – 1 (0-0-1);
8. Тайланд – 1 (0-0-1).

Қытайға Қазақстан атынан 137 спортшы (72 ер, 65 әйел) аттанған. Соның 85-і (43 ер, 42 әйел) жүлде алды. Бізге ең көп медаль конькимен жүгіру, фристайл және шорт-тректен бұйырды. Өкініштісі, Қазақстан спортшыларының оң жамбасына келетін шаңғы жарысынан бірде-бір алтын медаль алған жоқпыз. 85 спортшы жүлдегер атанды деп ауыз толтырып айтуға болатын шығар, бірақ оның 46-сы шайбалы хоккейден ерлер және қыздар құрамасының мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Яғни 46 хоккейші бір алтын, бір күміс медаль еншіледі. Хоккейшілеріміздің бұл жетістігін олқысынып отырған жоқпыз, тек шенділер 85 спортшы жеңіс тұғырынан көрінді деп мақтанбасын деген оймен айтып отырмыз.
Туризм және спорт министрлігі IX қысқы Азия ойындарын баса назарда ұстағаны байқалады. Министрліктің ресми сайты кейінгі екі апта бойы тынбай Харбиннен хабар таратты. Тіпті «қай спорт түрінен алғаш рет жүлде алдық», «қай жеңіс ерекше» деген сияқты талдау сипатындағы жазба да жарияланып жатыр. Бұл Азиада жаңа министр Ербол Мырзабосыновтың алғашқы ірі халықаралық турнирі болғандықтан қатты «толқып», жіті бақылауда ұстап отырған сияқты. Көпшіліктің бұл министрді «пиары көп, саусағының ұшы қимылдаса инстаграмға жариялайды» деп сынап жүргенін байқадық.
Былтыр жазда өз елімізде өткен Көшпенділер ойынында тілшілер министрлік сайтынан тұщымды ақпарат таба алмай тығырыққа тірелген. Бұл жолы, керісінше, ақпарат мол болды. Бірақ бәрі спортшыларымыз жаппай жеңіске жетіп, медальден тау тұрғызып жатқандай әсер қалдырады. Құрамамыз тарихтағы ең төмен нәтижені көрсеткенін, 2017 жылы 6 алтын алған биатлоншыларымыз бұл жолы жалғыз алтынмен қайтқанын Мырзабосынов мырза айтқан жоқ.

IX Қысқы Азия ойындарында медаль алған қазақстандық спортшылар тізімін ұсынамыз.
Чемпиондар:
Хоккей. Ерлер құрамасы;
Шорт-трек. Ерлер. (5000 м) Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Әжіғалиев, Глеб Ивченко;
Фристайл-акробатика. Ерлер. Синхронды секіру. Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов;
Биатлон. Владислав Киреев.
Күміс медаль иегерлері:
Шорт-трек. Аралас эстафета. (2000 м) Яна Хан, Малика Ермек, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов;
Конькимен жүгіру. (100 м) Евгений Кошкин;
Шаңғы жарысы (спринт). Константин Борцов;
Шорт-трек. Әйелдер. (3000 м) Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмарқан, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбусинова;
Аралас фристайл-акробатика. Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев;
Биатлон. Вадим Куралес;
Шаңғы жарысы. Әйелдер. Камила Елгазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина;
Биатлон. Ерлер. Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев;
Хоккей. Әйелдер құрамасы.

Қола жүлдегерлер:
Фристайл-акробатика. Аяна Жолдас;
Конькимен жүгіру. Надежда Морозова, Кристина Силаева, Дарья Важенина;
Шаңғы жарысы (10 км). Олжас Климин;
Фристайл-акробатика. Әйелдер. Синхронды секіру. Аяна Жолдас, Ардана Маханова;
Шаңғы жарысы. Ерлер. Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин, Владислав Ковалев;
Биатлон. Әйелдер эстафетасы. Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова, Елизавета Белецкая;
Мәнерлеп сырғанау. Михаил Шайдоров.
Сондай-ақ Қытай құрамасы сапында өнер көрсететін 4 қазақ спортшысы жүлдегер атанды. Атап айтқанда, Баян Жалынқызы (шаңғы жарысы) мен Ақнар Адаққызы (конькимен жүгіру) алтын медаль алса, Самғар Серікұлы (шаңғы) екінші орыннан көрінді. Ал конькиші Қанағат Мұхаммедұлы бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды.
8 жылдан кейін өтіп отырған қысқы Азиада Қазақстан үшін аса сәтті болған жоқ. Оның үстіне Софья Самоделкина сияқты Ресейден ауып келген «жаңа қазақтар» үмітті ақтай алмады. Бірақ чемпионат нәтижесіне шенділер, Мырзабосыновтың министрлігі қандай баға беретіні қорытынды жиналыстардан кейін белгілі болады. Мемлекет Харбинде топ жарған спортшыларымызға – 10 мың, күміс жүлдегерлерге – 5 мың, үшінші орын алғандарға – 3 мың доллар сыйақы береді.
Қуаныш Қаппас