Ел тілегінің күші
Жетісу облысының Бақалы ауылдық округінің Тасқұдық ауылында 50 орындық бастауыш мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бір ерекшелігі мектеп толықтай ауыл азаматтарының қаражатымен бой көтерген.
250-ге тарта тұрғыны бар ауылдағы мектептің ескілігіне байланысты 2020 жылы жанашыр азаматтар күш қосып, мектеп құрылысын бастаған. Сөйтіп биыл 3 қараша күні жалпы ауданы 225 шаршы метр болатын, заман талабына сай жабдықталған мектеп ғимаратының ашылу салтанаты өтіп, бүлдіршіндер жаңа мектептің алғашқы қоңырауын соқты. Қазір мектепте мұғалімдер мен қызметкерлерді қоса алғанда 12 адам жұмыс жасаса, 1-4 сынып аралығындағы 28 оқушы білім алады. Атқарылған игі шаруаның мән-жайын толығырақ осы Бақалы ауылдық округінің әкімі Әсет Таңатарұлы тарқатып айтып берген болатын.
—Ауылға мектеп салу кімнің бастамасы болды?
— 2020 жылы сол кездегі ауыл әкімі Арын Тұрсынханұлы деген азамат аудан әкімі Талғат Қайнарбековті шақыртып, осы Тасқұдық ауылының мектебін көрсетеді. 70 жылдары салынған, өте ескі, жағдайы қазіргі талапқа сай келмейтін ауыл мектебін көріп, аудан әкімі бұл мәселені шешуге бел буып, ауданның қоғамдық кеңесін жинап, Жанат Мұқашев басқаратын «Бабалар рухы» қорын жұмылдырған. 2020 жылы сол «Бабалар рухы» қорының қолдауымен мектеп құрылысы басталады. Іргесі қаланып, қаңқасы қалқиып, біршама жұмыс атқарылып қалған кезде жоғарыда айтқан округ әкімі де, аудан әкімі де аяқ астынан қайтыс болып, құрылыс жұмысы тұралап қалды. Бірнеше жыл там-тұмдап ғана қозғалып, өткен жылдан бастап мүлде тоқтап тұрған істі бізге қайта жандандырып, соңына дейін жеткізу керек болды. Қазіргі аудан әкімі демеуші табылғанша күте тұруды ұсынды. Дегенмен істің арты сиырқұйымшақтанып бара жатқасын ауыл азаматтарын жинап, ақылдасып, осынау бітіп тұрған шаруаны шамамыздың жеткенінше өзіміз аяқтасақ деп келісіп, жұмыла кеттік. Ауылымыздан шыққан Құсайын Хасеналин, Совет Мамырбаев сияқты азаматтар бастап, әр отбасы 100 мың теңгеден жинайтын болып келісті. Сырттан, көрші ауылдардан да көмек қолын созғандар болды. Сөйтіп әркім өз шамасынша, біреу ақшалай көмек берсе, біреу қолда бар техникасын салып, әр апта сенбілік жасап, асарлатып жүріп бітірдік.
—Үкіметтен қаржы бөлу жағын қарастырып көрмедіңіздер ме?
- Мемлекет тарапынан ауылдағы 28 оқушыны орталық мектепке автобуспен тасымалдауға ұсыныс болды. Алайда мектеп құрылысына арнайы ақша бөлінген жоқ. Осы ауылдағы 28 оқушы орталық мектепке автобуспен барып-келіп оқыса да болар еді. Дегенмен ауылымызда толық дерлік салынып, дайын тұрған мектепті бітіріп, азаматтардың бастап берген игі ісін соңына жеткіземіз деп шештік.
—Қазір қоғамда әркімге қол жайып, «алма піс, аузыма түс» деп отыратындар көбейіп барады. Мұның себебі неде?
—Қазақта «Жүргенге жүреген жолығады» деген керемет сөз бар. Адам әрекет етсе, берекет өзі-ақ келеді. Біздің осылай бірігіп іс басында жүргеніміздің өзі ел болып ұйысуымызға әсер етті. Оның үстіне тікелей өзің араласып, қолың тиген соң да, құдды келешек ұрпақтың іргесін өз қолыңмен қалап жатқандай ерекше күйде болады екенсің. Ауыл болып осылай біріге берсек, талай игі істер атқарыла берер деп ойлаймыз. Келесі жылға осы мектептің тұсынан бақ ашып, балалар алаңын, спорт алаңын салдыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің ауылдан жазушы Кәкімжан Қазыбаев, медицина ғылымының докторы Нұрлан Арын сияқты талай зиялы азаматтар шыққан. Әлі де талай елге қызмет ететін тұлғалар өсіп жетілеріне сеніміміз мол. Осы игі істің атқарылуына себеп болған да сол сенімнің арқасы.
Мектептердегі орын жетіспеушілігі еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Қазірдің өзінде білім ошақтарындағы дефицит 225 мың орынды құрайды. 2021 жылғы президент жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу міндеті көзделген еді. Дегенмен 2020-2022 жылдар аралығында салынған 340 мың орыннан тұратын 626 мектептің салынуына қарамастан, орын жетіспеушілігі еселенбесе, азаймай отыр. Осы себепті елімізде жекеменшік мектептердің салынуы, білім саласындағы олқылықтарды түзетуге халықтың да атсалысуы маңызды болып отыр.
Қосқанат Бауыржан
Жетісу облысы