Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:03, 29 Наурыз 2024

Елдос Бексұлтан, мүсінші: Ескерткіштен тұлғаның болмысы, мінезі, тағдыры көрініп тұру керек

Елдос Бексұлтан
Фото:

Кез келген қаланың көркін әдемі мүсіндер мен архитектуралық композицияларсыз елестету қиын. Алайда өзіміз тұратын қаланың тарихынан ақпар беріп, оның рухани келбетін айшықтап тұрған өнер туындыларының авторын білмеуіміз мүмкін.

 Дәл осындай жұрт көзіне көп түспей, мүсін өнерінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген мүсіншілердің бірі – Елдос Бексұлтан. Бүгінгі күнде талай ескерткіш пен мүсіннің авторы атанған өнерпаздың қолынан шыққан жұмыстарды әр өңірден кездестіруге болады. Мысалы, мүсіншінің Әлмерек батырға арнаған ескерткішінің мамыр айында салтанатты ашылуы болады. Бүгін біз мүсіншімен сұхбаттасып, мүсін өнері жайында сыр шерттік.

– Елдос аға, сұхбатымызды өткен өнер жолыңызға үңілуден бастасақ. Ең алғашқы мүсінді қашан жасадыңыз және ол кімге арналып еді?

– Бастауыш сыныпты аяқтаған соң, Алматыдағы көркемсурет мектебіне оқуға түстім. Мұны қанмен келген өнер деп ойламаймын, себебі кәсіби түрде аталарымның ешқайсысы мүсін өнерімен айналыспаған. Тек әкем суретті жақсы салатын. Сол жерде білім алып, аяқтаған соң, колледжінде мүсінші мамандығын тәмамдадым. Қазір бұл колледж Жүргенов атындағы өнер академиясына қосылып кетті. Колледжді аяқтаған соң, аталмыш өнер академиясына дизайн мамандығына оқуға түсіп, бір жылдан соң оқуымды Мәскеуге ауыстырдым. Сөйтіп Мәскеуде интерьер дизайнері мамандығын тәмамдап шықтым. Елге келген соң, өзімнің жаныма жақын мүсін саласына бет бұрдым. Ең алғашқы қойған ауқымды ескерткішім – 2010 жылы «Мәңгілік құрмет» деп аталатын аналарға арналған ескерткіш еді. Жас мүсіншілердің арасында симпозиум өтіп, үлкен парк форматында жүзеге асқан жоба еді.

Кейін Алматы-Қаскелең тас жолының 26-шақырымындағы Радуга ауылының маңында «Аналарға мәңгілік құрмет» деп аталатын аналар бейнесіне арналған тағы бір ескерткіш бой көтерді. Бұл Алматының жоғары жағынан Алатауды бөктерлей салынған тас жолының бойындағы алғашқы ескерткіш болатын. Содан кейін көптеген үлкенді-кішілі ескерткіштермен мүсіндер жасадым. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы Бесқарағай ауданының орталығында, Омбы-Майқапшағай күре жолының бойына ата кәсіпке арнап орнатылған ескерткіштің авторымын. Осы ескерткішке зер салсаңыз, бір қолына жаңа туған қозыны көтеріп, екінші қолына таяғын ұстаған Шопан атаның, яғни қарапайым еңбек адамының бейнесін көресіз.

2020 жылы карантиндік режим уақытында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін хабар-ошарсыз, із-түзсіз жоғалып кеткен жандардың құрметіне Абай облысы мен Павлодар облысының ортасына ескерткіш орнаттық. Бұдан бөлек, жеке адамдарға арнап мүсіндер мен ескерткіштерді жиі орындаймыз. Мысалы, Жақсылық Үшкемпіровтің зиратына орнатылған көлемді жұмысты атқардым. Енді бірде тірі адамның мүсінін жасауға тура келді. Дәнді дақылдардың жаңа сортын алып, рекорд орнатқан агрономға арнап, мүсінге тапсырыс берді. Азғантай жерге өнім егіп, мол өнім алатын бидайдың сортын еккен тұлға екен, бұрын билікке араласқан. Осындай үлкенді-кішілі жұмыстарды атқарып жүрмін. 

Елдос Бексұлтан
Фото: Елдос Бексұлтан

– Жақын арада Әлмерек батырдың ескерткіші ашылады. Енді осы мүсін туралы айтып өтсеңіз, ерекшелігі неде, қанша уақыт жасадыңыз?

– Әлмерек батырға қойылатын ескерткіш туралы 2019 жылы естідім. Мүсіншілер арасында байқау жарияланып, жиырма шақты мүсінші өз жобасын ұсынды. Алғаш рет Әлмерек батырдың Алматыдан отыз шақырым жерде орналасқан зираты маңындағы шырақшының үйіне жиналдық. Талай мүсіншінің арасынан 2 мүсінші суырылып шығып, жобамыз қатар тұрды. Алайда бізге қойылған басты талап – Әлмерек батырдың өмірінің соңғы жылдарындағы абыз бейнесін көрсету еді. Мен батырдың аттан түсіп, алысқа ойлы пішінмен көз тастап тұрған кезін бейнеледім, ал екінші мүсінші қолына аса таяқ ұстап тұрған шағын бедерледі. Екеуміздің жұмысымызды комиссия мүшелері бір жылдай қарастырып, ақыры менің жұмысыма тоқталған еді. Менің бұған дейін шығармашылық жолымда жасаған ең үлкен мүсін – осы. Байқауға жіберген жобамның 10 есе үлкейтілген нұсқасын жасауға 9 айдай уақыт жұмсадым, былтыр наурыз айында кірісіп, қараша айында аяқтаған едім. Тұғырын қоспағанда, мүсіннің өзі 8 метрге жуықтайды, ал тұғырымен бірге биіктігі 13 метрді құрайды. Ескерткіш процесс барысында көптеген өзгерістерге ұшырады. Негізге алған материалымыз тас болу керек еді, Румыния, Ресей мемлекеттерінде осы сипатты ескерткіштердің бір парасы тастан жасалған. Біз де Әлмерек батырдың ескерткішін тастан жасаймыз деп шештік. Алайда геология мамандарын апарып, орналасатын орнына анализ жасағанымызда, 11 метрден су шыға бастады. Тастан жасалса, ескерткіш салмағы шамамен 800 тонна болады, ал тым ауыр ескерткіштің орналасқан жерге батып кету қаупі бар. Сол үшін тиісті адамдармен ақылдаса отырып, мүсінді қоладан, тұғырын қалың граниттен жасаймыз деп түйдік. Қоладан жасалған мүсіндердің іші қуыс, салмағы 12-13 тонна болады. Қазіргі мүсіндерге көз салсаң, біріне-бірі ұқсайды, келбеті де, денесі де, сипаты да бірдей. Сол үшін Әлмерек батырды атынан түсіп тұрған кезін бейнелегім келді. Елі мен жерінің болашағына ойлана көз тастап тұрған батыр әрі абыздың, әулиенің бейнесін жасау – басты мақсатым болды. Райымбек батырға бата бергені туралы аңыздар айтылады. Мен де ел арасына беделді батырдың қарттықа жетіп, абызға айналғанын бейнеледім.

– Мүсін – адамның бет-әлпетін айнытпай келтіру ғана емес, сол тұлғаның мінезін көрсету. Тарихи тұлғалардың мүсінін жасағанда, оның болмыс-бітімі мен қабілет-қасиетін тану маңызды. Сіз тұлғалардың шығармашылығымен, болмысымен қаншалықты танысасыз? Оған арнайы уақыт бөліп зерттейсіз бе?

– Бүгінгі мүсіншілердің ең үлкен кемшілігі де – осы, жасайтын жұмыстарында ой жоқ. Мен кез келген тұлғаны жасар кезде, алдымен өмір жолымен, азаматтық болмысымен, ел арасындағы аңыздармен танысамын, асықпай талдау жасаймын. Мысалы, Әлмерек батырдың бүгінгі күнге дейін жеткен суреті де, сипаты да кездеспейді. 2014 жылы бір суретші майлы бояумен кенепке суретін салған. Алайда батырдың суретші салған суреті мен менің миымда қалыптасқан образы мүлде кереғар, мен тұлғаны басқаша елестетемін. Бастапқы кезде басында бөрік болған, кейін халық ішіндегі беделін көрсету үшін айыр қалпаққа ауыстыруға тура келді. Жалпы, кімнің мүсінін жасасақ та, өмірбаяны, еңбек жолы туралы мәліметтерді оқып, суреттерін, бейнематериалдарын қараймыз. Сосын образын шығарамыз. Қаскелеңнің жанында соғыстан оралмаған батырларға арналған музей мен мүсін бар. Екеуінің де дизайнын мен сыздым. Музейдің төбесінен қарасаң, таға пішіндес. Себебі біздің тарихымызда жаяу әскерді жиі жолықтыра бермейсің, басым бөлігі атты әскер.

Ал музейдің жан-жағы дөңгелек тастармен қоршалған. Бұның да өз мәнісі бар. Бұрын батырлар соғысқа аттанарда бір-бір тас апарып, бір жерге үйіп тастаған. Қайтарда сол тасты қайта алған. Қанша тас алынбай қалса, сонша батыр қаза тапқан деп есептеген. Талдықорған маңында Үйгентас деген мекеннің аңызы да осы оқиғаға саяды. Міне, мүсіндегі әр деталь – тұтас бір символика. Көрген адам жансыз мүсіннен ой түюі, тұлғаның азаматтық болмысын, тарихты ұғуы тиіс. Әр тұлғаның өзіндік болмысы, бітімі, қасиеті, қабілеті болады. Оған түр-кескіні мен дене бітімінің формасы әркелкі келетіндігі белгілі. Мүсінде осының бәрі ашылуы тиіс. Өз стиліңде жасап шығу уақыт пен еңбекті, ізденісті талап етеді. Сапалы мүсін тек зерттеу арқылы ғана сомдалады.

– Жұмыс барысында қандай материалдарды пайдаланасыз? Бір мүсінді толық жасап шығару үшін қанша уақыт кетеді? Шығармашылық адам ретінде ішкі күйіңіз мүсінге әсер ете ме? 

– Төбеті мен шапанына қозыны орап алған Шопан атаны бейнелеген мүсінді толық тастан жасап шықтым. Бірақ барлық мүсінді тастан қашау мүмкін емес, өте күрделі материал. Мүсінді тастан жасасаң, бетін, қолын, саусақтарын, аяғын тым шынайы жасай алмайтының анық. Барлық мүсінде тұлғаның келбетін жасау – шарт та емес. Көрсеткің келген идеяңды анықтасаң болғаны. Әр жұмыс қолданылатын материал мен мүсіннің күрделілігіне байланысты. Үлкен ескерткіштірді жасау үшін тас, қола, гранит, ағаш материалдарын пайдалансам, сыйға берілетін көлемі кішігірім мүсіндерді алтыннан да жасауға болады. Мен уақытпен жұмыс істемеймін. Осы сұраққа бір мүсіншінің берген керемет жауабы бар. Ол айтады: «Мен қашан бітті деп ойлаймын, сол кезде бітеді» деп. Көңілің соқпаса, түк те шықпайды. Тез арада бітіру керек деген ниетте істесең, сапасыздық пен көзбояушылыққа ұрынасың. Өзге адам оны байқамауы мүмкін. Бірақ мүсінші іштей түсініп тұрады. Сырты жылтырағанымен, ішкі жағы дұрыс жасалмай қалатыны бар. Мемлекеттік тапсырмаларға аз уақыт береді, сәйкесінше, мүсіншілердің жасаған жұмыстары да сапасыз болып жатады. Мүсін орналасатын кеңістігіне, тұлғасына сәйкес болуы керек. Соны ескермей, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер мүсіншіге ескерту жасайтыны бар. 

Мүсіншіге, ең алдымен, академиялық білім керек. Көп еңбектену арқылы өз стиліңді, бағытыңды қалыптастырасың. «Қайталау – білімнің анасы» дейді, ал өнер саласында біреуді қайталау – өліммен бірдей. Мүсінші алдымен, шебер сурет сала алуы – шарт. Мүсінді жасар кезде, тек еңбегіңді ғана емес, жан дүниеңді де жұмысқа бөліп бересің. Әр жұмыстан мүсіншінің қолтаңбасы сезіліп тұратыны содан. Кеңес өкіметі кезінде Лениннің мүсіні әр бұрышта тұрушы еді және әр мүсін әртүрлі болатын. Моңғолдармен шекаралас жатқан Буратияда жасалған мүсіндерде Ленин моңғолдарға ұқсап кетсе, басқа жерде мүлде басқа кейіпте. Мысалы, қазір Абайдың мүсінін ұлты орыс мүсінші дайындаса ақынды орыстарға ұқсатып қоюшы еді (күліп). 

– Жалпы, мүсін өнері өз бастауын Еуропадан алады деген сыңаржақ пікірлер жиі айтылады. Тіпті қазақ өнерінің тарихында «мүсін өнері болмады» деген пікірлерді де кездестіріп қаламыз. Осы туралы сөз қозғасаңыз…

– Маған осы сыңайлы пікірлер аса ұнай бермейді. Даламыздан жиі кездестіретін балбал тастар өзінше бір стиль, бөлек мүсін. Балбал тастарды қалай жасағаны, тасты қандай құралмен қашағаны маған шынымен қызық. Балбал тастардың тарихын тәңіршілдікпен байланыстырады, шежіресі әлдеқайда терең. Қайта еуропалықтар өнер атаулының бәрін бізден меңгерген сияқты. Өркениеттің басы деп Еуропаны айтады. Алайда бұл пікір бізде өркениет болмады дегенді білдірмейді. Тас мүсіндер ғұрыптық өнер ескерткіштері, мүсін өнерінің бастауы. Бұл мүсіндерді мыңдаған жылдар бойы көшпелі сақтар, сарматтар, түрік ашиналары, қаңлы мен қыпшақтар тұрғызған. Ескерткіш олардың наным-сенімнің, берекесі мен байлығының, мәңгілік пен тұрақтылықтың белгісі іспеттес болған. Бұл салада дұрыс зерттеулер жасалып, жазылу керек. 

Елдос Бексұлтан
Фото: Елдос Бексұлтан

– Кез келген өнердің зердеден өтуі – оның институциялану деңгейіне байланысты. Мысалы, елімізде белгілі бір өнер түрлері туралы салиқалы зерделеу жасап отыратын құрылымдар жеткіліксіз, анығы – олардың потенциалы жеткіліксіз. Қазақстанда мүсін өнері тиісті бағасын алды ма? Қазір өнердің бұл түріне қызығатын жастар көп пе?

– Кезінде Орал Таңсықбаев атындағы өнер колледжінде директордың орынбасары боп қызмет атқардым. Сол кезде мүсін өнеріне байланысты сабақтардың сағатын қысқартуға күш салдық. Бір өнер колледжі болғанымен, мүсіншілер мен бейнелеу өнерінде оқитын жастарды әртістермен араластырып керек емес. Өнер десе тек әншілер мен актерлердің жұмысы көбірек насихатталады да, біздер солардың тасасында қалып қойып жататынымыз шындық. Колледжде қызметте жүріп, көрші елдерде іс-сапармен болдым. Өзбекстан мен Қырғызстанда мүсін мен бейнелеу өнеріне арналған бөлек оқу орындары бар. Бізде ол жағы қарастырылмаған, тіпті кейде көрме ашылуға бір апта қалғанда ғана хабарланады. Неге екенін білмеймін, кей кезде ешқандай да хабар келмейді. Бала құрсақта тоғыз ай жатуы керек қой. Сол сияқты мүсіннің де мезгілі болады. Бұл оңай жұмыс емес. Екіншіден, мұндай күрделі жұмыс тәжірибелі маманға берілуі тиіс. Кейінгі кездері мүсінді кез келген жасай беретінді шығарды. Әуесқойлар көбінесе сапасыз мүсін жасайды. Байқауларда мүсіншілер таныс-тамыр арқылы жеңіске жетеді, сапасына мән бермейді.

 Қай өңірде болсын, кейінгі кездері көп мүсіндер орнатылып жатыр. Өкінішке қарай, көпшілігі аяқ астынан жарқ ете қалады, үстірт істелгені білініп тұрады. Іріктеуден өткенімен, шындығына келгенде, сапасы сын көтермейді. Қазір қай жерде қайсыбір мүсін ашылып жатқандығынан бейхабармыз. Әркім өзінше әрекет етуде. Кеңес кезінде Мәскеуден суретші, мүсінші, сәулетшілер жайлы журналдар оқырманға жол тартатын-ды. Шетелден келетін басылымдар да баршылық еді. Сол журналдардан жер-жерден хабар-ошар алып отырушы едік. Ақпарат пен насихаттың салдарынан сапасыз жұмыстар алға шығып, шын таланттардың жұмысы айтылмай жатады. Бірінен-бірі аумайтын мүсіндер мен ескерткіштер, қазақша стиль десе, шаңырақ пен ою бейнелене беретін жұмыстар көбейіп кетті. Шын мәнінде, әр оюдың өзіндік тарихы, қолданатын орны болады. Шапанның етегіне бейнелейтін оюды жағасына салуға болмайды. Мысалы, бурят халқынан шыққан Даши Намдаков есімді мүсінші өз халқының менталитетіне сай жұмыстар жасап жүр. Астанаға қойылған Томирис ескерткіші сол кісінің жұмысы. Ол жұмыс қойылмай тұрып, мен 2003 жылы Мәскеудегі көрмеден «Сібір ханшайымы» атауымен байқадым.

Кейін Астана қаласына Томирис ханшайымның мүсіні деп орнатты. Осындай олқылықтар жиі кездеседі, мұның барлығы шынайы насихаттың, зерттеудің аздығынан деп ойлаймын. Алайда бұл жағдайды зерттеп, мән беріп жатқан ешкім жоқ. Аталмыш мүсінші өз елінің этно-стилінде жасаған жұмыстары әлемнің бұрыш-бұрышына қойылып жатыр. Лондонға Шыңғыс хан мүсіні орнатылды. Бізге де өз болмысымызды, ұлттық танымымызды бедерлейтін жұмыстар керек. Сапалы жұмыс істеп жүрген жастар жоқ емес, бар. Насихат, қолдау аз. Біртіндеп, әлемдік аренаға да шығып келе жатырмыз.

Сұхбаттасқан
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ