Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:04, 27 Сәуір 2023

Елдос САУЫРҚАН: Алаш қозғалысы – қазақ жәдитшілдерінің жемісі

None
None

ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында түркітілдес халықтары арасында үлкен рухани ағартушылық қозғалыс белең алды, мұны кейін зерттеушілер «жәдитшілдік» деп атады.

Қалай айтсақ да дәл осы рухани сілкініс, білімге, ғылымға деген ұмтылыс қазақ даласына үлкен өзгеріс алып келді. Заманауи үлгідегі білім берудің алғашқы нақты қадамдары жасалды, оқу ағарту ісі жолға қойылды. Көп кешікпей оның нәтижесі де көріне бастады. Әсіресе патшалық Ресейдің отарлаушы, озбыр пиғылына қарсы рухани күрес жолында үлкен күшке айналды. Біз бүгін тарихшы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері Елдос САУЫРҚАНмен  жәдитшілдіктің Қазақстанға келу тарихы, оның пайда болуының тарихи, әлеуметтік себептері және өзге де сұрақтар төңірегінде әңгіме тиегін ағыттық.

–  Ереке, әңгімемізді алдымен жәдитшілдіктің қысқаша тарихына, Қазақстанға келу жолына тоқталайықшы.

Рақмет, жалпы жәдитшілдік деген кезде ең бірінші кезекте патшалық ресей құрамындағы мұсылмандар еске түседі, соның ішінде түркі-татар мұсылмандары. Түркі-татар деген сөздің астын сызып қою керек шығар. Өйткені осы атауда астыртын көп мағына жатыр. Патшалық Ресей құрамындағы түркі-татарлар дегеніміз кімдер? Бірінші кезекте осыған нақты жауап берейік. Өйткені сол кезде патшалық Ресей құрамында мұсылман құрамдас халықтар көп болған. Соның ішінде түркі-татар мұсылмандарының жайы бір басқа. Негізінде патшалық Ресей құрамындағы түркі-татар мұсылмандары дегеніміз – Ұлық Ұлыс Алтын Орданың заңды жалғасы саналатын түркі мұсылман халықтары. Бұнымен келісесіз деп ойлаймын. Енді қараңыз, жәдитшілдік рухани ағарту қозғалысы дегеніміз – Ұлық Ұлыс құлағаннан кейінгі 300 жылдан астам уақыттан соң тарих сахнасына шығып отыр. Былайша айтқан кезде Ұлық Ұлыс Алтын Орданың қағанаттық санасы әбден жойылуға беталған шақта сілкініс берді.

Жәдиттік қозғалыс немесе жәдиттік ағартудың алғашқы оқтын-оқтын белгілері XVII ғасырдың соңы XVIII ғасырдың бастапқы кезеңіне тура келеді. Яғни патшалық Ресейдің империялық пиғылы кемеліне келіп, азуын айға білеп тұрған кезі. Атап айтқанда, жәдитшілдік қозғалыс колониялық отарлықтың асқынған тұсымен бір уақытта жүріп отыруы бізді ойландыруы керек. Өздеріңіз білесіздер, Ұлық Ұлыс құлаған соң түркі-татар қағанаты ұсақ хандықтар мен бектіктерге бөлініп, мейлінше әлсіреді. Бұрынғы қағанат орнын заты басқа халықтар басты. Ілкіде билік құрған Еуразия кеңістігін жайлаған ұлыстың салтанаты келмеске кетті, ел бүлінді, бектері жан-жаққа тартты, берекеті жоғалды. Соның зардабын бірінші кезекте тартқандар – патшалық Ресейдің отарын алғашқы болып қабылдаған аймақтар еді. Яғни Жайық пен Тең (Дон) өзендері арасындағы түркі-татар мұсылмандары. Жәдиттік қозғалыс белгілерінің бұл аймақтарда көрініс табуының түрлі себептері бар. Соның ішіндегі тілге тиек етілуі тиіс ең маңыздылары, түркі-татар мұсылмандарының отарланушы халық есебінде, яғни патшалық Ресей құрамындағы үшінші-төртінші сорттағы бағынышты халық ретінде еуропалық жаңа мәдени құндылықтарға ешқандай дайындықсыз бетпе-бет келуі еді. Шынымен де дайындықсыз болды, түркі-татар мұсылмандары отарланған халық есебінде тіке беттесті. Тағы да қайталап айтқым келеді, осы жағдайдың негізгі себептерінің бірі – Ұлық Ұлыстың құлауы һәм күйреуі және оның орнын басқа құндылықтардың басып озуы. Осы жойылулармен бірге ХІІІ-XIV ғасырларда дәурендеген түркі-татар мәдениетінің көбесі сөгілді. Көптеген мәдени ошақтар мен шаһарлар жермен жексен болды. Кейбірінің жұрнағы да қалмады. Себебі Ұлық Ұлыс құлаған жылдары әлемде жаңа мәдени һәм әлеуметтік-экономикалық құндылықтар пайда болды. Жаңа теңіз жолы ашылды. Түркі даласына тартылған сауда керуендері кілт тоқтады. Бұрын Сыр бойы мен Еділ, Жайық жағасындағы тарихи қала-кенттер әлемнің төрт бұрышынан сауда керуендерін күтіп алатын, кейін бәрі жоғалды. Олар ешқайда жоғалып кетпеді, жаңа теңіз жолы арқылы басқа құрлықтарға асып кетті. Бұрын Ұлық Ұлыс құрамында неше ондаған мың халықтар өмір сүретін алып шаһарлар бар еді, күйреу кезеңдерінде сол қалалар жермен жексен болды. Керісінше, Еуропаның кейбір шағын балықшы кенттері неше жүз мың халқы бар әлемдік шаһарларға айналды. Негізгі себебі – әлеуметтік-экономикалық фактор. Бір елдегі әлеуметтік һәм экономикалық құлдырау міндетті түрде саяси құрдымға алып келеді. Ұлық Ұлыс құлаған соң құрамындағы түркі-татарлар мұсылмандары саяси еркіндікпен бірге мәдени еркіндіктің шектеулеріне де ұшырады. Колониялық отарлау ұлттың сапалық потенциялын мейлінше шектеп, қағып тастап отырды. Есесіне, діни һәм мәдени ассимиляция мен миссионерлік қызмет қарқынды түрде жүргізілді. Сол себепті еуропалық жаңа мәдени құндылықтар мен түркі-татарлардың мұсылманшылық мәдени құндылықтары арасында көп жағдайда өркениет қақтығыстары орын алды. Бұл үдеріс бірде көрінеу, бірде көмескі жүрді.

Патшалық Ресей отарынан кейін бетпе-бет келген аталмыш түйткілді шешудің екі жолы бар еді. Бірі – еуропалық жаңа құндылықтарды қабылдай отырып медреселік байырғы оқу жүйесіне реформа жүргізу болса; Екіншісі – орта ғасырлық дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып еуропалық жаңа ықпалдастықтың рухани және саяси ассимиляция жасауынан қорғану еді. Біз бүгін жәдитшіл-қадимшіл деп ат қойып жүрген екі бағыттағы түркі-татар мұсылмандарының қозғалыс тарихы осылай басталды. Халыққа түсінікті, әрі тарихи жадыға сілкініс жасай отырып, қарапайым тілмен осылай айтуға болады. Сосын ең ескеретін тағы бір жайт бар, ол қазақ жәдитшілдігі, атап айтқанда, ұлы дала жәдитшілдігі немесе қозғалысы.

– Ол қандай қозғалыс, неге қазақ жәдитшілдігін жалпы жәдитшілдерден бөлек қарастырып отырсыз, негізі ол да соның жалғасы, сабақтасы емес пе?

Біріншіден, жәдиттік ағарту қозғалысы болу үшін оған ішкі-сыртқы тарихи, саяси һәм әлеуметтік себептер қажет. Қазақ жәдитшілдігі рухани ағартушылықпен бірге саяси еркіндікпен де тікелей байланысты. Патшалық Ресей билігі Қазақ даласын толық отарлау мақсатында хандық билікті заң жүзінде тоқтатты, бұл саяси үдеріс қазақ жәдиттік қозғалысының бастауына айналды. Яғни бірінші кезекте саяси еркіндік, сосын рухани ағартушылық. Ал патшалық Ресей құрамындағы түркі-татар жәдитшілдері бірінші кезекте рухани ағартушылықты қарастырды да, саяси еркіндікке соның реформасы нәтижесінде қол жеткіземіз деп түйіндеді. Қазақ жәдитшілдігі бірінші кезекте саяси сипат алды дейтініміз, қазақ хандығы құлаған соң да түрлі ұлт-азаттық қозғалыстар мен үлкенді-кішілі неше жүздеген көтерілістер ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіне дейін тоқтамады.

Екіншіден, қазақ жәдитшілдігі қазақтың көшпенді тұрмыс-тіршілігіне қарай сұрыпталды. Атап айтқанда, қазақ даласындағы жәдиттік ағартушылық қозғалысы көбінше патшалық Ресей шекарасымен шектесетін шаһарларда көбірек белсенді көрініс тапты. Соның ішінде патшалық Ресей бодандығын ерте қабылдаған аймақтарда айрықша сипат алды. Мысалы, Бөкей Ордасы. Яғни қазақ жәдитшілдігі Бөкей Ордасы кезеңінде саяси еркіндіктен бөлек рухани ағартушылықты тең басшылыққа ала білді. Тіпті керек десеңіз, Бөкей Ордасы арқылы қазақ даласына кеңінен тараған алғашқы жәдитшіл реформаторлар патшалық Ресей құрамындағы түркі-татарлармен кейде сәл ертерек, кейде бір уақытта тарих бетіне қалқып шықты. Мысалы, Жәңгір хан кезеңінде заманауи білім алған һәм Бұхара медресесін бітіріп, қазақ даласында жәдиттік ағартушылықпен айналысқан Қамараддин қазірет, жәдиттік қозғалыстың көрнекті тұлғалары Шахбуддин Маржанидан он бір жас, Ысмайыл Ғаспыралыдан қырық төрт жас үлкендігі бар. Қамараддин қазірет Бұхарадағы оқуын тауысып, алдымен Арқа елінде ағартушылықпен айналысып жүргенде Шахбуддин Маржанилар медресеге енді түсіп, білім алумен айланысып жатты. Сонда Қамараддин қазіретті бала күнінен баулыған Жәңгір ханды ойлаңыз.

Патшалық Ресей құрамындағы түркі-татар ғұламасы, өзі тарихшы әрі имам Шахбуддин Маржани Бұхара медресесінде енді ғана ілім үйреніп жүрген жылдары Жәңгір хан түрік, татар, шағатай және бірнеше еуропа тілдерін меңгерген, 1841 жылы Ішкі Бөкей Ордасында жаңа тұрпаттағы мектептер ашқан, 1844 жылы Қазан университетінің құрметті профессоры атанған мәдениет пен ғылым қайраткері һәм алғашқы шығыстанушы еді. Тіпті бұл уақытта Ысмайыл Ғаспыралы әлі дүниеге келмеген. Біз негізінде жалпы жәдитшілдік жылнамасын Маржани мен Ғаспыралыдан бастағанымызбен, оның алдымен қазақ даласындағы Бөкей Ордасынан бастау алып, содан кейін Қамараддин қазірет, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ғұмар Қараштарға жалғасатынын ескергеніміз дұрыс. Ыбырай Алтынсарин тұсына келгенде қазақ жәдитшілігі басқа кезеңге аяқбасты. Ғаспыралыдан он жас үлкен Ыбырайды ерекше бағалаған жөн. Бұл пікірлермен келісуіңізге де, келіспеуіңізге де болады. Қазақ жәдитшілдігі патшалық Ресейдің отарлық езгісіне ұшыраған қазақ қоғамының түйіткілдері негізінде пайда болды. Бұл жерде бір жағынан географиялық орналасуды ескерумен бірге саяси отарлықты да назардан тыс қалдырмағанымыз оң болар. Патшалық Ресейдің ішкі губернияларына жақын аймақтарда жәдиттік қозғалыстар алдымен көрініс тапты.

– Сонда сіз айтып отырған қазақ жәдитшілдігі несімен ерекшеленеді?

Қазақ жәдитшілдер қозғалысын түсіну үшін алдымен көшпенді қазақ қоғамын жете түсінуіміз керек. ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіне дейінгі қазақ қоғамы біз ойлағаннан мүлде басқа форматта өмір сүрді. Көшпенді қазақтар әлемді киіз үйдің шаңырағы арқылы таныды. Қазақ жәдитшілдері киіз үйді бетон сарайға алмастырмады, бар болғаны түңілігін шығыстан емес, батыстан ашуды көздеді. Яғни бағыт-бағдар ауысты. Былайша айтқанда, көшпенді төл болмысты сақтай отырып, еуропалық жаңа құндылықтарды киіз үйдің шаңырағы арқылы қабылдау һәм болмысқа бейімдеу. Сонда құндылық өзгермейді, есесіне, жаңаланады. Бұл көшпенділердің мыңдаған жылдардан бергі дала заңы. Патшалық Ресейдегі кейбір жәдиттік қозғалыстың соңғы нәтижесі оңды мәреге жетпеді, керісінше, бір мәдени кеңістіктен шығып, екінші мәдени кеңістікке жұтыла бастады. Неге? Себебі бастапқы болмыс концепциясы нақтыланбады. Сосын дәстүрлі қазақ қоғамындағы әлеуметтік, саяси һәм экономикалық құндылықтарды отырықшы халық өмір салтымен салыстыруға келмейді.

Көшпенді қазақ қоғамында құн және нарық деген көзқарастар басқаша болды. Сауда-саттық форматы тіптен бөлек. Қазақ даласына келіп, молдалық қылған татар-ноғайларға қазақы өмір салты мен құн көзқарасы майдай жақты. Сосын қазақ қоғамында эволюциялық даму жоғарыдан төмен қарай жүрді. Алдымен төре-сұлтандар қандай да бір жаңалықты қабылдайды, ол сосын қазақ қоғамына тарайды, олар да бірге қабылдайды. Ал көрші, туысқан кейбір халықтарда бұл мүлде керісінше болды. Оларда қатардағы ойлы азаматтар жаңа құндылықтарды қабылдай отырып, әкелгісі келеді, бірақ ол жоғары жік қоғам өкілдерінің жеке мүддесіне сәйкес келмейді. Сонымен конфликт пайда болады. Көшпенді қазақ қоғамы жәдиттік-қадимдік бөлінушілікке аса жол бере қоймады, керісінше, екеуінің арасында өзара түсіністік көбірек орын алды. Көп жағдайда қазақ қоғамы жәдит пен қадимді нақты айыра алған жоқ. Барлығын дәстүрлі дін және рухани ағартушылық есебінде қабылдады. Жәдит-қадим конфликті не себепті өзге халықтарда терең сипат алды деуіңіз әбден мүмкін. Себебі олардың дәстүрлі қоғамы әу бастан күрделі болды. Исламның орта ғасырдан үзілмей сақталып келе жатқан дәстүрлі мектептері жаңа жүйеге тосырқады. Оны өзгерту немесе формасын ауыстыруға деген қажеттілікті көпсінді. Соның өзінде қадимдік мектептерді сақтай отырып, жәдиттік жаңалықтарды енгізгісі келген қоғам қайраткерлері пайда болды.

– Дәстүрлі қазақ қоғамында жәдитшілдер мен қадимшілдер пікірталасы болмады дейсіз бе?

— Иә, сіз бен біз ойлағандай терең сипат алмады. Біз бүгінге дейін патшалық Ресей тарихындағы жәдитшілдік қозғалысты көбірек зерттеп келіп, ондағы жәдитшілдік пен қадимшілдік келіспеушілікті дәл сол күйінде өз тарихымыздан іздей бастадық. Бұл біздің бірінші қателігіміз. Екінші бір кемшілік дәстүрлі қазақ жәдитшілдігі мемлекеттік деңгейде толық зерттелмеді және қазақ жәдитшілдік қозғалысына нақты баға берілмеді. Оны патшалық Ресей мұсылмандары қозғалысының бір бөлігі ретінде қарастыру әлі де басым болып келеді. Бұл бір жағынан дұрыс шығар, бірақ қазақ қоғамы мен көшпенді дала жәдитшілдігі сіз бен сіз ойлап жете салғандай болмады, шын мәнінде бәрі басқаша болды.

Бір мысал айтайын, сол кездегі қазақ қоғамы жәдитшілдік ағартушылықты «төте оқу» деп түсінді. Төте оқу немесе төтеше оқу дәстүрлі ислам мектептерінің оқу жүйесіне жаңа методикалық әдістеме дайындап берді. Бұрын қазақ шәкірттері классикалық оқу жүйесімен құранды бір жылда әрең танып үлгерсе, төтеше оқу жүйесінен кейін үш айда танып үлгеретін болды. Енді қараңыз, қазақ қоғамы үшін білім саласында жәдиттік оқу дегеніміз төте оқу деп қабылданды, қадимдік оқу ескіше оқу деп қабылданды. Бізде ескіше білім алғандар кейін жаңаша білімге қалай сәтті ауысып кеткендерін өздері де білмей қалды. Тек жазбаша әдебиет қалыптасар кезінде емле-ережеге байланысты пікірталастар орын алды. Оны жәдитшіл-қадимшілдер ретінде қарастыруға мүлде келмейді. Қысқасы, Қазақтың ұлттық ағартушылық қозғалысы Жәңгір хан кезінде пайда болды, Ыбырай Алтынсарин кезінде толықтырыла түсті, Ахмет Байтұрсынұлы кезінде тіптен кемеліне жетті. Қазақ жәдитшілдерінің тарих сахнасына шығуы – Алаш қозғалысын негіздеп берді.

– Сонда Алаш қозғалысы қазақ жәдитшілдерінің жемісі ме?

– Әлбетте, тікелей қазақ жәдитшілдерінің жемісі. Жәңгір хан кезеңінен бастау алған саяси, рухани һәм мәдени ағартушылықтың тікелей жемісі. Алаш қозғалысы саяси қозғалыс ретінде 1905 жылдары бастау алады десек, қазақ жәдитшілдігі немесе жәдиттік ағартушылық қозғалыс кемінде 50 жыл алдында жүйелі түрде басталып кеткен-ді. Жарты ғасырлық рухани ағартушылық қозғалыстың жемісі негізінде Алаш идеясы саяси сахнаға жеке қозғалыс ретінде шықты. Орда деген ұғымның өзі көп дүниені аңғартады білген кісіге. Соның нәтижесінде қазақ қоғамы отарлық бөлшектенуден арылудың, оның зардаптарынан сауығудың жолдарын қарастырды. Бүгінгі түсінікті тілмен айтқанда – деколонизация. ХХ ғасыр басына келгенде жәдитшілдік ағарту қозғалысы Алаш идеясымен ассоциацияланды, былайша айтқанда, бірігіп, біртұлғаланып кетті. Сол үшін Алаш қозғалысы жәдиттік ағартушылық деген мағынаны да қамтиды.

Шахбуддин Маржани мен Исмайыл Ғаспыралыдан бұрын жәдиттік рухани ағарту ісімен жүйелі айналысқан Қамараддин Қазірет Арқа, Баянауыл мен Омбыда жүргенде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Науан Қазірет, Ақан сері, Шәймерден Қосшығұл, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ұлттық руханияттың алғашқы тұлғаларының қалыптасуына ерекше ықпал жасады. Алғашқы ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин жеке ағартушылық мектепке айналды. Оның ізін жалғастырған Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басында жалпы жәдитшілдіктің бағыт-бағытын толықтай негіздеп, ұлттық сипатын анықтады. Ахаң салған «төте оқу» концепциясы жәдиттік рухани қозғалыстың шыңы деп бағалануы тиіс еді. Төте оқу әдістемесі көрші қарақалпақ, қырғыз, ұйғыр және өзбек халықтарының ұлттық жаңғыруына идеялық сілкініс әкелді. 

– Әрине, бір сұхбаттың көлемінде бәрін қамтып айту мүмкін емес, десе де біраз нәрсенің басын қайырып, көрсетіп бергендей болдыңыз. Біздің мақсатымыз – жәдитшілдіктің қыр-сырына үңіліп, оның идеясын қайта жаңғыртуға, ұлттың игілігіне пайдалануға үндеу еді.  Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

— Сізге де рақмет.

Тегтер: