Елге емес, еңбегіне сенген. Шетелге кеткен қазақтар
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында елден 13 мыңға жуық азамат көшіп кеткен. Оның 10 мыңдайы ТМД елдеріне, қалғаны алыс шетелдерге қоныс аударған.
Ең ауыр тиетіні – бұлардың 70 пайызы еңбекке қабілетті жастағы, ал төрттен бірі жоғары білімді мамандар. Басым бөлігі техникалық сала өкілдері және экономистер мен педагогтар көш бастап тұр. Медицина қызметкерлері мен заңгерлер, сәулетшілер де көп. Одан бөлек, алқаптағы ауыр жұмыс пен зауыт-фабрикалардағы төменгі қызметтерге жалданып, жағдайын жасағысы келіп жүргендер де көбейіп бара жатқанын көріп жүрміз. Кәрі-жасына, біліміне, басқасына қарамай, бәрі өзге елден береке іздеуге көшкендей. Бұл ненің белгісі? Шетелден жұмыс істеп жүрген отандастарымызға өзіміз жұмыс тауып бере алмай отырмыз ба? Осы мәселе төңірегінде жұмыс істеп, қарекет қылу үшін шетел асқан жастарымызбен, ғалым-зерттеушілерімізбен арнайы тілдестік.
Қазақстандағы айлықпен күн көру қиын
Еділ Самат (сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) бір ай бұрын досының шақыртуымен БАӘ-ге жұмысқа кеткен. Ол Қазақстанда газ тарату желілері бойынша, кейіннен банкте, одан соң мемлекеттік сатып алулар бағытында жұмыс істеген. Бірақ ол айлықпен күн көру қиын болыпты.
– Бір ай бұрын Шарджа қаласына көштім. Жұмысым жақсы, жалақы жоғары. Мұнда біздің елдегі Kaspi.kz пен «Яндекс такси» қосымшаларының біріккен нұсқасы бар. Аталған компания тұрмыстық техникалардан бастап тамаққа дейін әртүрлі тауарлар мен өнімдерді жеткізумен айналысады. Менің қызметім тапсырыстарды жеткізуші курьерлерге бөліп беру және клиенттерге көмек көрсету. Жалақым 5 мың дирхам (628 мың теңге). Оның үстіне бонустары тағы бар. Ең жақсысы жататын орнымыз бен тамақ толықтай тегін. Әзірге бәрі жақсы. Жарты жылға деп жоспарлап келіп отырмын. Ары қарайғысын алдағы уақытта көрерміз, – дейді ол.
EХРО-ны өткізіп бірақ қайтамыз
Қуаныш Абдуллаұлы есімді тағы бір азаматымыз осыдан 5 жыл бұрын Оңтүстік Кореяға көшкен. Ол да алғашында Еділ секілді жарты жылға жоспарлап кеткен екен, енді 2030 жылы бірақ оралмақ.
– Көп қатарластарым осында жұмыс істеуге кетіп жатты. Артынша бірі Кентаудан үй алды, екінші бір досым өзі тұрғызды. Соған қарап мен де 2018 жылы осында көшіп келдім. Жазда алқапта, қыста күн батареяларының бөлшектерін өндіретін өндіріс орнында жұмыс істеймін. Мұнда менен басқа қазақтар да, өзге шетелдіктер де көп. Әсіресе Бангладеш, Пәкістан, Үндістан, Өзбекстаннан келгендердің қатары қалың. Қазақтардың да саны жылдан-жылға артып келеді. Өйткені мұнда жалақы жақсы, еңбек қорғалған. Заңды, заңсыз жүргеніңе қарамастан, айлықты уақытылы береді. Ақыңды жеу, бермей қою деген нәрсе мүлде кездеспейді. Айына орта есеппен 700 мың теңге табамыз. Ал біздің елде мұндай табыс қайда? Осында жүріп әкеме көлік әпердім. Тағы талай жоспар бар. Әуелде бәріміз жарты жылда қайтамыз деп келгенбіз. Бірақ көбінің жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды, ешкімнің қайтқысы жоқ. Осы бес жылда бірде- бір рет Қазақстанға бармадым. 2030 жылы EХРО көрмесі Пусанда өтеді. Соған орай қазір Пусан жақтамыз. EХРО-ны өткізіп барып қайтамын деп жоспарлап отырмын, – дейді 26 жастағы отандасымыз.
Әңгіме барысында Қуаныштан «Кореяға барарда жұмыс таба алмай қалсам ше, қайда жатамын, қалай өмір сүремін деп қорыққан жоқсыз ба?» деп сұрай бастағанымыз сол еді: «Бұл жақтан жұмыс табу Қазақстаннан жұмыс табудан оңай», – деп кесіп айтты. Сөзінше, Кореяға келгенде ұшақтан түсіп, ұйқыға жатқан. Ояна салып бірінші күннен жұмысқа кірісіпті, содан әлі жұмыста. Жақында жанына інісі де келіпті. Сұрастыра келе бауырының 2005 жылы туғанын, әрі мұндай жас балалардың көп екенін білдік. Тіпті осыдан жарты ай бұрын 2007 жылғы бала анасымен бірге келіп, жұмысқа кірісіп кеткен. Онда қазақ жігіттері ғана емес, қыздары да баршылық.
Бұл біз сөйлескен бірер қазақтың жайы. Ал енді әлемнің төрт бұрышында қатарынан қалмай үй алып, көлік мініп, адамша өмір сүрсем деген тағы қанша қазақ өзге елдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргенін есептеген жан бар ма? Оның үстіне жас қайраты тасып тұрған ұл-қыздарымыздан бөлек, оқып-тоқып, кемел жасқа келіп қалған білікті мамандарымыз да сырттан жұмыс іздейтін болған. Ғалымдарымыз ана елден шақырту алыпты, мына компания ұсыныс білдіріпті деп, мақтанып айтып жүрміз. Ал оның астарына үңілсек, біз өз дарындарымыз бен шеберлеріміздің білімін бір арнаға тоғыстыра алмай, мықты зерттеушілерге жағдай жасай алмай отырғанымызда жатқан жоқ па?
Осы туралы АҚШ-та тұрып жатқан математик-ғалым Уәлбай Өмірбаевқа бірнеше сұрақ қойдық.
Шенеуніктердің ішінде ғылым адамы жоқ
– Алматыдағы физика-математика мектебін бітіріп, Новосибирск қаласына оқуға түстім. Сонда аспирантураға дейін оқып, 1985-1995 жылдары сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ бердім. Артынан докторлық алып, Шымкентке бардым да, 2001 жылға дейін қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқытушы болдым. Сол бес жылда мен ғылымнан қалдым. Алтыншы жылы Бразилияға түпкілікті барып, бір жыл толықтай ғылыммен айналыстым. Одан кейін 2001-2007 жылдары Еуразия ұлттық университетінде сабақ беріп жүрдім де, сол жақтан АҚШ-қа көштім. Өзім ашық тұрған орынға конкурсқа құжат тапсырдым да жұмысқа орналастым, содан бері осындамыз. Өзім математиканың ішінде алгебра бағытында жұмыс істеймін. Қазақстанда Асқар Жұмаділдаев, Мәскеуде Асқар Туғанбаев, БАӘ-де Қанат Әбдіхалықов деген ғалымдарымыз осы салада.
Бір кездері қазақ ғылымындағы үрдіс үзіліп қалды. Қалыптасқан кеңестік ғылым жолы тоқтап қалды да, 1990-1995 жылдары мүлде қозғалыс болмады. Бертін келе, 2010 жылдардан бастап қайта тірілді. Бірақ қарыштап дамып кетті дей алмаймыз. Қазірдің өзінде НУ мен ҚБТУ-да болмаса, басқа ЖОО-ларда ғалымға жағдай жасалмаған. Өйткені министрлікте отырғандардың, шенеуніктердің ішінде ғылым адамы жоқ. Олар не істеп отырғанын, ЖОО-лардағы профессорлардың жағдайын мүлде түсінбейді. «Екі қойың бір сом». Жақында ғана естіген бір жағдай – екі ғалым бірігіп зерттеу жасаған, сөйтсе оларға тек бір грант береміз депті. Бұл мамандардың қолын байлау. Одан бөлек, шетелдік соавтор болған, онымен келісімшарттарың жоқ деп тағы шүйліккен. Сонда ғалым құжатпен жүгіре ме? Ақша іздей ме? Әлде зерттеумен айналыса ма? Өкініштісі, осындай бюрократиялық, түсініксіз жүйеден жақын арада құтыла алмайтын секілдіміз. Ал дамыған елдерде шенеуніктер бұлай ғылымға кедергі келтірмейді. Бітпейтін тексеріс, жиналыс, қағаз, қаржыландыру көзін іздеу деген мәселе жоқ. Айтсам таңғаласыз, 10 жыл жұмыс істеген ректорымыз осы жақында ғана жасы келіп, жұмыстан шықты. Оны осыдан үш жыл бұрын бір-ақ рет көрдім. Проректорды да дәл солай. Өйткені әркім өз жұмысымен босамайды. Шешу керек мәселелер болса, факультет деканы бар. Оның өзінде байланыс көбіне хат арқылы. Ал жалпы жиналысымыз жылына бір-ақ рет. Демек, мұнда ғалымның ғылыммен айналысуға уақыты бар. Біздің елге осындай қарапайым мәселелерді шешіп, кейіннен ғылыми орта қалыптастыруға тырысу қажет. Бұл орайда мен бір идеяны айтқым келеді. Ендігіде математика институттарын мемлекет қаржыландырмақ. Осы институтқа жылына бір рет елдегі барлық ғалым-профессорларды жинап, семинарлар өткізілсе, ортақ зерттеулер мен «публикациялар» жасалса, бұл институтқа да, университетке де, ғалымдарға да пайдалы болар еді. Мұны тұрақты үрдіске айналдыру арқылы қазақ ғылымындағы ортақ процестің қалыптасуына, ілгері жылжуға оң әсер ете аламыз. АҚШ-та сипатталған процесті Макс Планк жүйесі дейді. Оған сәйкес, 3 жылда бір рет оқытушылардың семестрін бос қояды, сабақтардан босатады. Ал біз бұл демалысты әдейі жазға ыңғайлап аламыз да, 4 ай емес, 8 ай жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Онда жатын орын, тамақ, басқа да қажеттіліктер дайын тұрады. Ештеңе ойламайсың, тек жиналып жұмыс істейсің. Қазақстанда да осы нәрсені енгізу керек. Ол үшін оқытушыларға арнайы ғылыми позициялар беріп, оларды бір семестр арнайы босатып, іскерлік сапармен институтқа барып жұмыс істеуіне жағдай жасалуы тиіс. Осылай-осылай ғылымның дамуына, ғалымның жұмыс істеуіне қолайлы орта жасай алғанда мамандарымыз шетелден жұмыс іздемейтін болады. Ал негізі, жастардың сыртқа барып оқуы, жұмыс істеймін деп талпынуы дұрыс нәрсе. Ізденіс керек. Бірі болмаса екіншісі отанға қайтып, елге қызмет етері сөзсіз.
Біз де ізденіс үшін, ғылым үшін көштік. Өзімнің Қазақстанға қайтамын деген жоспарым бар. Бірақ балаларым: «Елге барсақ жемқорлыққа батып жұмыс істейміз бе, қалай болады?» деп сұрайды. Мұндай ой орынды да. Өйткені елімізде жемқорлықпен күрес әлі де жоқ. Айтылып жауыр болған тақырып қой... Ал жемқор ғылымда жүре алмайды, ғалым жемқор бола алмайды. Ғылымда тек идеалдар болу керек. Дәл осы себептен қазір Қазақстандағы ғылымға қайтудан ешқандай нәтиже бола қоймайды, онда жұмыс істеу мүмкін емес. Сенім пайда болмай, адамдар бір-біріне сенбей, бұл нәрсе оңалмайды.
Ғылымның ғана емес, көптеген әлеуметтік салалар мен жалпы қоғамның дамуына тұсау болып отырған жемқорлық туралы АҚШ-тағы тағы бір отандасымыз, зерттеуші-ғалым Дубек Қазыкен де айтып берді.
Ғылым адамына Қазақстанда дамуға мүмкіндік жоқ
– Мен жоғары білімді биотехнология мамандығы бойынша оқып, диплом алған соң Астанадағы Ұлттық биотехнология орталығына орналастым. Қатарластырып Еуразия ұлттық университетінде магистратураға түстім. Жалпы биология бойынша білім алып, зерттеулерімді бастадым. Магистратурадан соң кіші ғылыми қызметкер позициясына өсіп, артынша, 2009 жылы сол ЕҰУ-ға докторантураға түстім. Академиялық бағдарлама бойынша алғашқы жылы АҚШ-тағы Техас штатына барып, қатерлі ісік орталығында бір жыл жасушаның ішіндегі сигнал жолдары тақырыбында іздендім. Оқуымды Жапонияның Осака қаласында жалғастырып, сондағы Ұлттық биомедициналық инновациялар орталығында 10 айдай зерттеу жүргіздім. Осылайша, сырт елдің ғылымын, жұмыс процесін танып келдім.
Докторлығымды алған соң, сол баяғы ҰБО-да аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеп жүрдім. Сол уақыттарда ақырындап шетелден жұмыс іздей бастадым. Өйткені ғылымда дамығысы келетін маман үшін Қазақстанда мүмкіндік жоқ деуге болады. Ақыры АҚШ-қа көшемін деп шештім. Сөйтіп, 2015 жылы Мичиган штатындағы Мичиган университетінің медицина факультетіне орналастым. Жасуша және биологиялық даму кафедрасында 6 жыл бойы постдокторантура бойынша жұмыс істеп, одан кейін зерттеуші-ғалым болып еңбектеніп келемін. Мұнда менен де басқа қазақ биотехнологтар жетеді: Қасым Қабысқақ есімді ғалым 20 жылдан бері осында, Рүстем Омаров 10 жыл Техаста еңбектеніп жүр. Менің жарым Гүлжан Райымбек те университетте ғылыми қызметкер болып 6 жыл жұмыс істеді. Қазір декреттік демалыста. Көзді ашып-жұмғанша 8 жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін 3 жобаға араластым. Енді алда үлкен бір жобамыз бар. Жұмыс бітпейді ғой. Бірақ елге әйтеуір бір қайтамын деп ойлаймын. Дегенмен әзірге ондай жоспарым жоқ, нақты қашан екенін дөп басып айта алмаймын.
Қазақстанда ғылым адамына дамуға мүмкіндік жоқ, перспектива аз. Оны көпшілік қарастырылған қаржының жетіспеушілігінен деп жүр. Мұндай мәселе баяғыда болатын, ал бүгінде бөлінетін қаржы тіпті де аз емес. Бұдан көпті біздің экономикамыз көтере де алмайды. Салыстырмалы түрде, экономикасы бізбен қарайлас елдерге қарағанда қаржы жақсы бөлініп жатыр. Ақсап тұрғаны – соны игеру жағы. Олай деуге негіз бар, себебі ақша ғалымның қолына келіп тимейді, толығымен жобаның өзіне жұмсалмайды. Соның айқын бір мысалы – мемлекеттік сатып алулар. Міне, осы арада көп ақша жоғалады. Онда қажетті затты тіркеу үшін құжат дайындайсың, он адамның қолын қойдырасың, тіркейсің, кім ұтатынын күтесің. Таза бюрократия. Екі-үш ай зарықтырғанда ол саған керек құралды әкеле ме, әлде соның баламасын немесе әйтеуір соған ұқсас дүниені әкеле ме, ол да белгісіз. Ал ғылымда әр зат, әр деталь маңызды. Одан бөлек, ғалымның уақыты да ысырап болады. Жай ғана құралдар үшін екі айдан бастап жарты жылға дейін ісі бөгеледі. Ол уақытта қол қусырып отыруға мәжбүрсің. Сөйтіп сабылып жүргенде жылдың соңы, міндетті есептер келіп қалады. Ал ғалымдарда өтірік есеп беруден басқа амал қалмайды. Мұндай жағдайды өз көзіммен көргем. Енді ғылым қалай дамысын? Бұған ғалымдарды да кінәлай алмаймыз. Өйткені ашықтық пен мемлекет қаржысының орынды жұмсалуын қамтамасыз етуі тиіс жүйе тиімсіздеу қолданылып жатыр. Ал ғылымға бөлінген ақша ғылымға қолданылмайды, жетіп үлгермей жолда-ақ сарқылады. АҚШ-та процесс жеңіл. Бюджет басшының бақылауында, уақыт та, қаржы да ғалымның ырқына бағынады. Бюрократия мен жемқорлық жоқ деуге болады. Осындай ашықтыққа, тікелей әрекетке негізделген жүйеге ұмтылу керек.
Сонымен қатар мұнда ғылыми орта, біртұтас процесс бар. Мәселен, жаңа айтқан жасушаның ішіндегі бір ғана сигналды зерттейтін 100-ге жуық институт бар. Демек, саланы білетін, ізденетін мамандар көп. Ал бізде тура сен зерттеп жүрген тақырыпты зерттеп жүрген басқа ғалымды табу ықтималдылығы өте-өте төмен. Абай айтпақшы, білгенімді кімге айтамын, білмегенімді кімнен сұраймын? Кадр мәселесін айтсақ, тағы айналып, жаңа сөз болған мәселелерге, қаржыға, жалақыға тірелеміз. Шынында әлемде ғылым дамып кетті. Ал біз артта келеміз.
Көріп отырғандарыңыздай, білімі бар маман да, екі қолға бір күрек іздеген жастар да тек жақсы табыс қана емес, әділетті жүйе мен қолайлы еңбек ортасын іздей бастаған. Бұл тенденцияның бірқатар себебін кейіпкерлеріміз айтып өтті. Ал салдары қалай болмақ? Халқымыз 20 миллионға жетті деп жүргенде мигранттардың көбеюі неден?
Бұл туралы әлеуметтану ғылымының докторы Мансия Садырова былай дейді:
– Шетел асып жатқан азаматтардың басым бөлігі 16-45 жас аралығындағы қазақтар. Бұл біздің сапалы жұмыс күшінен айырылып жатқанымыздың белгісі. Әрі сауалнама нәтижесінде 29 жасқа дейінгі қазақ жастарының үштен бір бөлігі шетелге кеткісі келетінін көріп отырмыз. Өйткені қазіргі ата-аналар мен жастар шетелден оқып келу жақсы мансапқа алғашқы қадам деп түсінеді. Бұл ұмтылыстың астарында өзгерген құндылықтар жатыр. Қазіргі адамдардың басты құндылығы – терминалдық, яғни материалдық құндылықтар. Мамандықты да, жұмыс орнын да ең алдымен табысына, престижіне қарап таңдайтынымыз да осыдан. Маған ұнай ма, жаныма жақын ба, осы ел ме, басқа ел ме деген сұрақтар ескеріле бермейді. Ал сыртта оқыған, жұмыс істеген жасөспірімнің әлеуметтенуі де сол жақтың өмір дағдысына, таным-түсінігіне сай қалыптасады да, сырттан келгісі келмейтін күйге түседі. Мұндай жағдайдың көптігін көз көріп отыр. Әрі онда жалақымен қоса, өмір сүру деңгейі де біршама жақсы. Қазақстан осындай бірқатар қажеттіліктерді қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыспен қамту, баспанамен қамту жағынан осалмыз. Басты себеп – осы. Әрине, материалдық игіліктерден бөлек, идеология да маңызды. Елге деген сүйіспеншілік пен патриотизм рухын қалыптастыру керек. Себебі бәріміз мемлекет маған не береді дей берсек, ол мемлекетті кім дамытпақ? Дәл осы себептен мен не бере аламын деген ой да болғаны дұрыс. Бұл орайда ұлттық идеология дұрыс жұмыс істеуі керек.
Бұл кеше ғана туындаған жеңіл-желпі немесе бір-екі бағдарлама арқылы шешілетін мәселе емес. Ең алдымен, мемлекеттік, жүйелік мәселелерді шешуден бастап, одан халықты еңбекпен қамту көрсеткіші артып, өмір сүру деңгейі өссе, жат жұртқа жалданып жұмыс істейтіндер азаяр ма еді?
Бұл орайда тұрақтылық пен болашаққа сенім де үлкен рөл атқарады дейді саясаттанушы, адам құқықтарын қорғаушы Ақжол Мәлік.
– Қазіргі таңда институционалды кризис әлемге ортақ құбылыс. Ал көшетіндер салыстырмалы түрде институттары тұрақтырақ елдерге қоныс аударуда. Сондықтан да көпшіліктің таңдауы Еуропа, Англия, АҚШ, Жапония, Корея сынды елдерге түседі. Ешкім де Нигерияға, Сомалиға, Кенияға көшіп жатқан жоқ. Әрі әлемдегі тұрақсыздық пен соғыс, яғни сыртқы дағдарыстар мен елдің ішкі мәселелері адамдарға тыныш, қауіпсіз, болашаққа сеніммен қарауға болатын елге көшу қажеттілігі бар деген сигнал береді. Соның әсерінен миграция қазір теріс сальдо көрсетіп отыр. Ал енді шешу жолына келер болсақ, біз сыртқы саясатта үлкен актор емеспіз. Сондықтан ішкі жағдайға үңілеміз. Алдымен фрустрацияға себеп болатын елдегі орындалмаған уәделер мен халықтың билікке сенімінің төмендігі, тұрақтылықтың болмауы мен заң үстемдігінің әлсіздігі, реформаларға көңіл толмаушылық сынды ауқымды жүйелік проблемаларды шешуіміз керек. Сонда ғана халық болашағына сеніммен қарай бастайды. Тұрақтылық орнап, көшу туралы ойлар мазаламайтын болады, – дейді саясаттанушы.
Баян Мұратбекқызы