Елге керек екі әңгіме

«Жас Алашты» үзбей оқимын. Жақында жазушы Қуандық Түменбайдың «Күнәнің бергі беті» деген әңгімесін оқып, бір айызым қанды (№6, 25 қаңтар 2023 ж.
). Украинадағы соғыстан қашып, Қазақстанға босқын боп келген мәскеулік орыс Жуковқа Ажарбай көкем пәтерін жалға беріп, ақырында, «бір жылға дейін үй менікі» деп, орыс өктемдігін жасап, күш көрсете бастайды. Мұның астарында қайран қазақтың кең пейілділігі мен қонақжайлылығы, өзіне болмаса да өзге үшін өзегін суырып берер ақеден көңілі бізді тарихтың өзі осылай тәрбиелегендігі арғы-бергі тарихи өткелдер арқылы шынайы суреттеледі. «Путин соғысты өзі бастады, өзі аяқтасын» деген қашқынның сөзі, «Бізде мемлекет те, шекара да болған емес» деген елбасымыздың сөзін оқып, кейіпкерлердің «аузы» арқылы қышыған жерімізді қасығандай болдық. Мұсылман баласын малша айдап, соғыстың алғы шебіне салған кәдімгі Маршал Жуков пен қашқын Жуков бейнелері қатыгездіктің суретіндей боп әдемі астасып тұр. Әңгіменің орындалуы өте шынайы әрі көркем. Кейіпкер күнәсі – соңынан атбайлар ерте алмаған қала зиялысы мен өзгенің арбасын сүйреткеніне мәз шала қазақтар, ұлт болып қалыптасу үшін ұлтжандылықтың жетіспеуі.
Әдеби порталдарды да үнемі қарап жүремін. Осы автордың «Қаламгер» порталынан жақында «Аула сыпырушы» деген әңгімесін оқыдым. Екі әңгіменің идеясы ұқсас екен. Мұнда да атышулы індет кезіндегі әртүрлі ұлт өкілдерінің көңіл күйі, жергілікті ұлтқа үстемдік жасап үйренген орыс шовинизмін әшкерелеу, оларға тыйым салуға келгенде құқық қорғау органдарының бұра тартып, жалтақтық жасауы ашып көрсетілген. Осының бәрі зиялылар мекендеген үйдің аула сыпырушысы кәріс Кимнің іс-әрекеті арқылы шынайы суреттеледі. Ақырында Ким академик Власовтың індет кезінде әркімнің нанын жұлып жеп жүрген қарғыбаусыз кеткен итін сойып алып, басын иесіне тартып, істі болады. Бірақ ауладағылардың бәрі сотқа қатысып, аула сыпырушыны қолдайды. Ол тірлігіне адал, анадан таза боп туған жан. Әңгімеде ұлт теңсіздігі мен тәуелсіздігіміздің қиын жолдары айқын көрініс тапқан. Желтоқсан көтерілісі мен Қаңтар қырғыны да өмірден ойып алынған.
Ең дұрысы, екі әңгімені оқу керек. Осы автордың жазғандарын қашан да іздеп жүремін. Бұрын Абай ескерткішін баспана қылған қаңғыбас туралы «Өмір ғой» атты әңгімесін оқып, айызым қанып еді, бұл да өмірдің нағыз өзі, ащысы мен тұщысы. Бізге қазір осындай шығармалар керек. Жазар көбейсін, қаламгер дегім келеді.