Елімізде туризм жан-жақты дамуда

Мемлекетіміз туризм саласына көңіл бөліп, саланың ел игілігі үшін маңызы зор екенін жыл өткен сайын түсініп келеді.
Соның бір дәлелі биыл 1 қаңтардан бастап туризмді дамыту бағытында елімізде арнайы бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама аясында кешенді жоспарлар түзіліп, саланы дамытуға бағытталған көптеген нақты шаралар қолға алына бастады.
Мәселен, жоғарыдағы бағдарлама аясында егер сіз Қазақстан ішінде кемінде 5 күн саяхат жасайтын болсаңыз және өзіңізбен бірге балаларыңызды алып жүрсеңіз, 17 жасқа дейінгі барлық балаңызға да әуе билеттерін тегін ету қарастырылған. Яғни елімізді шын танығысы келген, балаларына да еліміздің артықшылықтарын ұқтырғысы келген отандық туристерге бұл жақсы мүмкіндік деуге болады. Атап өтер жайт, ниетін білдірген жандар барлық туристік маршрутты сатып алуы керек. Мәселен, Шымкентке келген турист кемінде 5 күн түнеу керек. Жататын қонақ үй, баратын нысандар туристік оператор арқылы белгіленеді. Сонда ғана мемлекет әуе билетіне субсидия жасап береді. Бұл бір жағынан өте тиімді. Яғни туристік оператор арқылы кез келген турист сол өңірдің көруге тиісті артықшылықтарын оңай таба алады. Сондықтан тиісті қадағалаушы мекемелер осы бағдарлама арқылы келетін туристердің балаларына арнап қызықты нысандарды әзірлеп жатыр. Яғни ересектерге ғана емес, балаларға да әр өңірдің есте қаларлықтай болуы қарастырылуда. Бұл еліміздің туризм саласын дамытуға назар аудара бастағанын көрсетеді. Жалпы кең байтақ еліміздің қай шеті болмасын табиғаты сұлу, тарихи жерлері кісі тартарлық деңгейде. Сондықтан жоғарыдағы бағдарлама еліміздің туризм саласының дамып, еліміздің түкпір-түкпірін дамытуға ықпал ете алса, мақсаттың орындалғаны.
Жалпы туризм дегенде елге қыдырып келетін адамдар ғана көз алдымызға елестегенімен, шын мәнінде саланың әр қыры бар. Мәселен, медициналық туризмнің де өз орны бар екенін сезініп келеміз. Қазірдің өзінде Алматы қаласына еліміздің әр шетінен дертіне шипа іздеген жандар көп ағылады. Тіпті шетелдік туристер де медицинамыздың көмегіне жүгіну үшін арнайы келеді екен. Атап өтер болсақ,жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу, онкологиялық кеселдермен күресу, басқа да күрделі оталар жасау жағынан Алматы қаласының медицинада өз орны бар екені аңғарылады. Бүгінде медициналық туризмнің жарнамасын күшейту мақсатында арнайы буклеттер әзірленген. Кейбір Орталық Азия елдерінде жоқ трансполонтология секілді салалар айналамызды қызықтырып отыр. Бүгінде медициналық туризмді дамыту мақсатында жаһанның жетекші елдерінің даму үрдісі басты назарға алынып, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша оңтайлы жағдай жасау көзделген.
Жаһандық денсаулық сақтау институтының мәліметі бойынша, 2017 жылы медициналық туризмнің әлемдік нарығы 50 миллиард доллардан асса, 2025 жылға қарай $140 миллиардтан асады деп болжануда. Осы бір статистикадан өз орнымызды алып қалу мақсатында еліміз медицина саласын дамытуға барынша ден қоюда. Бүгінде медициналық туризм саладағы жаңа бағыт ретінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан нарықтың бірі саналады. Түрлі бағалаулар бойынша, Қазақстанға жыл сайын медициналық көмек алу мақсатында шамамен, екі мың шетел азаматы келеді екен.
Түрлі деректерге сәйкес, 2017 жылы негізгі медициналық ұйымдардың стационарында емделген шетелдік емделушілер саны 1 600-ден астам адамды құраған. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш едәуір артып, 2 400-ден асып түскен. Атап өтер жайт, енді дамып келе жатқандықтан саладағы статистика тұрақты жүргізіліп отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының мәліметі бойынша, елімізге АҚШ, Испания, Израиль, Түркия, Венгрия, БАӘ, Малайзия, Сингапур, Қытай, Швейцария, Италия, Оңтүстік Корея және ТМД елдерінен арнайы келетін науқастар бар екен. Еліміздің медицинасы сапалылығымен ғана емес, бағасы жағымен де шетелдіктерді қызықтырып отырған секілді. Соның ішінде денеден тыс ұрықтандыру әдісі үшін келетін шетелдік аналар жетерлік екен. Репродуктология саласымен айналысатын қазақстандық клиникалардың ақпаратына сай, ЭКҰ қажеттілігі жыл сайын өсіп келеді және ол жергілікті халық арасында ғана емес шекараның арғы бетінен арнайы келушілердің де сұранысына ие екен.
Медициналық туризммен қатар, білім туризмі деген де түсінік бар. Бүгінде шетелдік студенттердің айтарлықтай көп екенін жаңа оқу жылында жиі байқаймыз. Әсіресе еліміздің медициналық оқу орындарынан үндістандық студенттерді жиі байқаймыз. Алдағы уақытта да олардың санын арттыру басты назарда болып отыр. Сөзіміздің бір дәлелі шетелдермен тығыз байланыста еліміздің оқу орындары көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Осы қарым-қатынасты ілгерілету мақсатында білім туризмін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Демек еліміздің туризмі жан-жақты даму үстінде.