Елімізде 300 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалған
Бас прокуратурада Берік Асылов прокуратура органдарымен бизнес өкілдерінің жыл сайынғы кеңесін өткізді.
Жоғары қадағалау органының алаңында мемлекеттің экономикаға қатысуын барынша азайту, бизнестің шығындарын азайту, қылмыстық жазаны жеңілдету және кәсіпкерлік қызметке араласқан лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту мәселелері талқыланды.
Диалогқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р.В.Скляр, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Е.Н. Жиенбаев, Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары, Бизнес-омбудсмен, ҚР Премьер-Министрінің Төралқа Төрағасы қатысты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «АТАМЕКЕН» АЭС өңірлік өкілдері, «KAZAKH INVEST» ҰК басшылығы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, жеке бизнес өкілдері мен инвесторлар. Сонымен қатар, облыс және аудан прокурорлары, облыс әкімінің орынбасарлары, кәсіпкерлік басқармаларының басшылары мен «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдері онлайн режимде қосылған.
Отырысты ашқан Бас Прокурор Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы елдің экономикалық әлеуетін кеңейту мен инвестициялық ахуалды жақсартудағы жаңа әрі шешуші шараға айналғанын атап өтті.
Бизнеске қажетсіз шектеулерді алып тастау, салық жүктемесін және бюрократиялық кедергілерді азайту елдің инвестиция ағыны мен экономикалық дамуына ықпал етеді. Бұл Мемлекет басшысының бүкіл мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың алдына қойған міндеттері».
Кездесудің ерекшелігі бизнесті қорғау және инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа функциялар мен құралдардың тұсаукесері болды. Олар Президенттің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығымен прокурорларға жүктелген және заңдармен реттелетін болады.
Бұл, ең алдымен, прокурорлардың өтінім беруден бастап жобаны толық іске қосуға дейінгі елеулі инвестициялық жобаларға қолдау көрсетуі.
Бүгінгі таңда прокурорлар шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінен нақты қорғалатын құны 32 триллион теңгеден асатын 770-тен астам осындай жобаға назар аударып отыр.
Жиынға қатысқан испандық инвестор «Big Farm» ЖШС өкілі өзінің Қазақстан нарығынан кетудің алдында тұрғанын айтты. Ауылдық жерлерден 400 жұмыс орны бар заманауи агроөнеркәсіп кешенін салуға 3 жыл бойы жер ала алмай жүрген. Жоба прокурордың қадағалауына алынғаннан кейін ғана учаскені бөлу туралы қажетті келісімдер жасалып, жоба іске қосылды.
Ал мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Бір жарым жыл ішінде прокурорлар Қазақстан нарығында жобалары сақталып қалған 350 инвесторды қорғауды қамтамасыз етті. Олардың ел экономикасына салған инвестициясының жалпы құны 6,4 триллион теңгені құрайды. Жақын арада Бас прокуратура өз сайтында прокурорлық қолдауда болатын жобалардың бірыңғай пулын орналастырады. Тағы бір негізгі қадағалау құралы инвесторларға бір жылдан астам уақыт бойы өз жобаларын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Прокурорлық сүзгі» болып табылады. «Прокурорлық сүзгі» шеңберінде мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың шектеуші сипаттағы барлық шешімдері прокурор бекіткеннен кейін ғана қабылданады.
Прокурордың «келісімінсіз» салықтық тексерулер тағайындалмайды. Бүгінде инвесторлардың мүддесін қозғайтын 2 мыңнан астам шешім сүзгіден өтіп, оның 270-ін бекітуден бас тартылды.
Экономиканың ырықтандыруына қарай сүзгі шекарасы кеңейіп, инвесторларға қатысты әкімшілік жаза қолдану, сот ісін қозғау және тексеруді тағайындау кезінде прокурордың келісімі міндетті болады.
Негізінде, «прокурорлық сүзгі» шенеуніктердің жосықсыз шешімдеріне тосқауыл болып, инвестиция саласындағы әрбір әрекеттің заңды болуының кепілі болмақ.
Үкімет жүзеге асырып жатқан «Жасыл дәліз» және «Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформа» жобалары инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды құралына айналады.
Олар инвесторлардың қазақстандық нарыққа шығуы және инвестициялық жобалардың барлық кезеңдерін цифрландыру үшін жеңілдетілген жағдайларды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда «ақылды» жүйе прокуратураға шара қолдану туралы белгі береді.
Осы және басқа да дабылдарға жедел әрекет ету үшін әр аймақта инвесторлар мен бизнес үшін Фронт-офистер ашық, тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталықтар және кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жедел ден қою үшін мобильді топтар жұмыс істейді.
Фронт-офистердің жұмысына барлық мемлекеттік органдар, Бизнес-омбудсмен, «Атамекен» ҰКП және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қосылып, «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде.
«Бүгінде бизнес прокурорға алдын ала жазылусыз тікелей хабарласып, жедел жауап ала алады», - деп атап өтті өз сөзінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов.
Еліміздегі ең ірі кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы прокуратураның атқарып жатқан жұмысы мен оның бизнес пен инвесторларды қорғаудағы рөлі орасан зор екеніне тоқталды.
Мұны кәсіпкерлердің 300 мыңнан астам қорғалған құқықтары растайды, оларға қатысты 2,5 жыл ішінде прокурорлар 16 мыңнан астам заңсыз тексерулерді, 13 мың атқарушылық өндірісті, 22 мың шектеу шараларын және 2,2 млрд теңгеге 12 мың негізсіз әкімшілік айыппұлдарды жоюға қол жеткізді.
«Біз бұл жүйелілік пен заңнамалық реттеуді талап ететін ауқымды жұмыс екенін түсінеміз. Осы бағытта Елбасының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасы аясында алдымызда көптеген бірлескен жұмыстар тұр», - деп түйіндеді сөзін Райымбек Баталов.
Бизнес-омбудсмен мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерінде жүйелілік пен ашықтықтың маңыздылығын атап өтті және бизнесті қорғау және бизнес-ортаны дамыту мәселелерінде ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Жиынды қорытындылай келе Берік Асылов облыс және қала прокурорларына бизнес қауымдастығы үшін «Ашық есік күндерін» өткізіп, әрбір түйткілді мәселені тез арада шешуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласында заңдылықты қамтамасыз етуде басты рөлді Бас прокуратураға жүктеді. Ал біздің ортақ мақсатымыз – әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты жойып, елде бизнес жүргізу мен инвестициялау үдерісін барынша ашық әрі жүйелі ету», – деп түйіндеді Жоғарғы қадағалау органының басшысы.
Кездесу нәтижесінде Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, онда алдағы уақытта бірлескен жұмыстың нақты мақсаттары айқындалды.