Елімізде AZAL жолаушыларын құтқаруға қатысқан 19 адам марапатталды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағының жолаушыларын құтқаруға қатысқан қазақстандықтар марапатталды.
Қазақстандағы «Әзербайжан әуе жолдары» әуе компаниясының апатқа ұшыраған жолаушыларын құтқаруға атсалысқан бір топ төтенше жағдайлар және медицина қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне, Маңғыстау өңірлік электр желілері кәсіпорны мен Ақтау халықаралық әуежайының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді.


19 адам мемлекеттік наградалар – ордендер мен медальдармен марапатталса, 51 адамға мемлекет басшысының атынан алғыс хат табыс етілген.

Желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшқан Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақтың Ресей аумағында "сыртқы әсер" салдарынан құлағанын хабарлады.
Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған.
28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Әлиев Қазақстан халқына Ақтаудағы AZAL ұшағы апатының салдарын жоюға және зардап шеккендерді құтқаруға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.