Елорда аспанында тәуелсіздік әні, бірлік үні
Республика күні – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихындағы аса маңызды белес, ұлттық сананы жаңғыртатын, егемендік идеясын терең сезінуге мүмкіндік беретін мереке.
Бұл күн алғаш рет 1995 жылдың қазан айында мемлекеттік мереке ретінде жарияланып, оған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығы негіз болды. Республика күні ретінде 25 қазанның таңдалуы кездейсоқ емес еді. Себебі дәл осы күні, яғни 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII жарлығымен тарихи маңызы зор «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Бұл құжат сол кезеңдегі кеңестік жүйенің шеңберінде болса да, қазақ халқының өз тағдырын өзі айқындауға ұмтылысының айқын көрінісіне айналды.
Аталған декларация Қазақстанның мемлекеттік егемендігін жариялап қана қоймай, болашақ тәуелсіздіктің саяси-құқықтық және идеологиялық іргетасын қалады. Онда елдің жеке территориясы мен шекарасының тұтастығы, мемлекеттік азаматтығының болуы, ұлттық бюджеті мен дербес қаржы саясаты, халықаралық қатынастарда өз бетінше шешім қабылдау құқығы сияқты егемен мемлекеттің басты белгілері нақты бекітілді. Сондай-ақ декларацияда ұлттық рәміздерді қабылдау қажеттілігі де атап өтіліп, елдің болашақ символикасының негізі қаланды. Осылайша, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы ең алғашқы саяси манифест, рухани және тарихи жаңғырудың бастауы болды.
Дегенмен, уақыт өте келе мемлекеттік мерекелер жүйесінде бірқатар өзгерістер енгізілді. 2009 жылы қабылданған түзетулерге сәйкес, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болып, ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Нәтижесінде, ол қарапайым жұмыс күніне айналды. Бұл шешім қоғамда түрлі пікір туғызды, себебі көптеген зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар Республика күнін ұлттың саяси дербестігін жариялаған, тарихи маңызы зор күн ретінде сақтау қажет деп есептеді. Өйткені бұл күн елдің тәуелсіздікке қарай жасаған алғашқы батыл қадамының белгісі, қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруының бастауы болатын.
Араға бірнеше онжылдық салып, Республика күні өз мәртебесін қайта тапты. 2022 жылғы 16 шілдеде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерекенің ұлттық ретін қалпына келтіруді ұсынды. Президент өз сөзінде 1990 жылғы 25 қазан күні қабылданған декларацияның тарихи маңызын ерекше атап өтіп, бұл датаны ұлттың рухани және саяси жаңғыруының нышаны ретінде бағалады. Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы заң қабылданып, ол ел тарихындағы әділетті қадам, тарихи сабақтастықтың қайта орнауы ретінде қабылданды.
Биыл да Республика күні атаусыз қалған жоқ. Астана қаласының өзінде биыл үлкенді-кішілі 150-ге жуық іс-шара өтті. Қазан айы елорда өмірінде ерекше серпін мен рухани жаңғыру кезеңі болды. Республика күніне орай ауқымды бағдарлама әзірленіп, іс-шаралар легі айдың басынан бастап қала өмірінің барлық саласын қамтыды. Бұл мерекелік жоспар аясында концерттер мен көрмелер, спорттық жарыстар мен әдеби кездесулер, ғылыми семинарлар мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Іс-шаралардың басты мақсаты – ел тәуелсіздігі мен бірлігін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жаңғырту және қоғамда азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рухты арттыру еді. Бағдарлама тек орталық аймақтарда ғана емес, қала шетіндегі тұрғын алаптарда, мектептерде, мәдениет үйлерінде және спорт нысандарында да жүзеге асты.
Мерекелік кезеңде түрлі салада еңбек етіп жүрген үздік мамандар мен ардагерлер, қоғамдық белсенді азаматтар марапатталды. Ал білім беру ұйымдарында оқушылар мен жастар арасында пікірталас турнирлері, шығармашылық байқаулар, эссе және өлең оқу конкурстары, сондай-ақ патриоттық челлендждер мен танымал тұлғалармен кездесулер өтті. Қазанның алғашқы күндерінен бастап «Қаламгер ұстаханасы» атты әдеби жоба өз жалғасын тауып, жас қаламгерлер мен әдебиетсүйер қауымның басын қосты. 16 қазанда Азаматтық бастамалар орталығы «Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру: ұлттық құндылықтардың рөлі» тақырыбында маңызды семинар өткізіп, елдің рухани тұтастығы жөнінде пікір алмасты. Сол күндері Сарыарқа ауданында мұғалімдер арасында әкім кубогына арналған волейбол жарысы мен ұлттық ойындардан спартакиада өтті.
21 қазанда Мемлекеттік рәміздер алаңында тұрғындар мен жастар Мемлекеттік гимнді орындап, кең көлемді флешмоб өткізді. Сол күні Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінде «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным!» атты дәріс-концерт және «Қолжазба – тарихтың рухани қазынасы» атты ғылыми-танымдық семинар өтті. «Сарыарқа жұлдызы» патриоттық әндер байқауы мен азаматтық белсенділікке арналған жастар тренингі де көрермен ықыласына бөленді. 22 қазанда «Демеу» орталығында «Республиканың мәртебесі – халық бірлігінде» атты концерт, «Шарапат» орталығында мерекелік бағдарлама, ал «Өндіріс» спорт кешенінде қазақ күресінен жас спортшылар арасындағы ашық біріншілік өтті. Осы күні №99 мектепте «Елімнің үні – жүрегімнің үні» флешмобы ұйымдастырылып, Ұлттық музейде Есіл ауданының оқушыларына арналған экскурсия өткізілді. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Елім дегендер!» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.
Сол күні азаматтық қоғам өкілдері қоғамдық келісім мен әлеуметтік даму мәселелерін талқылаған диалог алаңында бас қосты. Достық үйінде «Дәстүр мен бірлік – бір шаңырақ астында» атты фестиваль өтті. 23 қазанда Азаматтық бастамалар орталығы «Қазақстан Республикасының эволюциясы: тарихи жол және даму келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Сол күні мектеп парламенттері төрағаларының инаугурациясы, Ұлттық архивте кітап көрмесі, Назарбаев университетінде «Republic Day» концерті және «Өндіріс» спорт кешенінде дәстүрлі «Байқоңыр барысы» турнирі ұйымдастырылды. Алматы ауданында ерекше балаларға арналған «Орда» орталығы ашылып, белсенді ұзақ өмір сүру орталығында концерт өтті. Келесі күні, 24 қазанда, зейнеткерлер арасында шахмат турнирі өткізілді.
24 қазанда қала тұрғындары «Қазақстан Республикасы: идея тарихы және институционалдық қалыптасу жолы» тақырыбындағы ашық дәрісті тыңдады. Сол күні «Нұрлы жүрек» орталығында фотокөрме, «АЛЖИР» мемориалдық кешенінде «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты акция, ал Есіл университетінде елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің қатысуымен дәріс өтті. Алматы ауданында әлеуметтік осал азаматтарға азық-түлік себеттері таратылды. Мерекенің шарықтау шегі 25 қазанда өтті. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрда «Сәйгүлік» спектаклі сахналанып, Триатлон паркінде мерекелік жүгіру шарасы ұйымдастырылды. Есіл жағалауында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтары қатысқан үлкен концерт өтті. Сонымен қатар «Mega Silk Way» және «Abu Dhabi Plaza» сауда орталықтарында домбыра тарту, музыкалық квартет өнері, балаларға арналған ойындар мен сурет салу шеберлік сабақтары өткізілді. 25-27 қазан аралығында «Дәулет» теннис орталығында әуесқойлар арасындағы турнир өтті.
Қала алаңдары мен тұрғын аймақтарында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер мен халықтық серуендер ұйымдастырылып, елордалықтар мен қонақтар Республика күнін жоғары рухта атап өтті. Бұл мереке елдің бірлігі мен тұтастығын айқындай түскен, рухани қуатты арттырған айтулы кезең болды.