«Еңбек адамы»: саумалдан балмұздақ өндірген кәсіпкер
Жетісу облысында ұлттық өнімдерді жаңаша өңдеп, тұтынушыларға ұсынуға ұмтылған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың бірі – Сарқан қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Райгүл Закарияқызы.
Ол биыл жыл басынан бері үйде сүт өнімдерін өңдеумен айналысып келеді. Кейінгі кезде жас кәсіпкер ұлттық тағам дәстүрін жаңғыртып, саумалдан табиғи балмұздақ өндіре бастаған. Бұл идея алғаш кенже ұлының ұсынысымен туындаған екен.
«Бие сүтінің шипалы қасиетін ескере отырып, оны балаларға арналған өнімге айналдырғым келді. Үйдің қаймағын, табиғи балды қосып, өз рецептімді жасап шықтым. Алғашқыда тек отбасымызға арналған өнім ретінде жасалды, алайда оның ерекше дәмі мен пайдасын көргендер көп тапсырыс бере бастады», – дейді Райгүл Закарияқызы.
Оның қолынан шыққан балмұздақ жасанды қоспасыз, бояусыз, табиғи өнімдерден дайындалады. Саумалдан балмұздақ дайындау оңай емес: әр жарты сағат сайын ингредиенттерді араластырып, қоюлану процесін бірнеше рет қайталау қажет. Сондықтан кәсіпкер қазіргі уақытта өндірісті автоматтандыру үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті.
«Менің мақсатым – осы кәсіпті кеңейтіп, өнімді нарыққа шығару. Ол үшін арнайы тоңазытқыш жабдық пен миксерлер қажет. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына өтінім беріп, грант алуға дайындалып жатырмын», – дейді Райгүл ханым.
Мемлекеттік қолдау ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қазір кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасының жартылай финалисі. Бұл бағдарлама ауылдағы еңбек адамдарының жеке ісін дамытуға бағытталған. Жобаға қатысушыларға маркетинг, қаржылық сауаттылық, сату және бренд қалыптастыру бағытында тегін оқыту жүргізіледі.
Жетісу облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, ауылдағы шағын кәсіп иелерін нарыққа шығару – басты мақсат.
«Біздің аймақта еңбекқор әйелдер өте көп. Мысалы, Райгүл Закарияқызы секілді кәсіпкерлер дәстүрлі тағам өндірісін дамытып қана қоймай, ұлттық бренд қалыптастырып отыр. Біз оларға өнімді сертификаттаудан бастап, орау мен жарнамалауға дейін көмектесеміз. Биылдың өзінде 9 кәсіпкер грант ұтып, жалпы сомасы 45 млн теңгеге қолдау алды», – деді ол.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылғы 1 қазанға дейін Жетісу облысында 62 740-тан аса шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,3 пайыз артық. Ал облыста «Еңбек адамы» және «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын бизнесті дамытуға және табыс көздерін ұлғайтуға ерекше назар аударылып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр өңірде еңбек адамының мәртебесін арттыруды, өз ісін ашқысы келетін азаматтарға жағдай жасауды тапсырған болатын. Осы бағытта жүзеге асып жатқан «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» мен «Еңбек адамы» жобалары өңірлердегі нақты табыс әкелетін кәсіп түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Мысалы, Жетісуда осы бағдарламалар арқылы көптеген тұрғын өз кәсібін бастап, отбасылық табысын арттыруда. Шағын несие беру, кәсіби оқыту және бизнес-жоспар жасауға грант бөлу шараларының арқасында жүздеген адам өз ісін ашып, тұрақты табысқа ие болған. Бір сөзбен айтқанда, «Еңбек адамы» – ел дамуының тірегі.
Райгүл Закарияқызы да осы еңбекқор жандардың бірі. Оның айтуынша, табысқа жетудің басты сыры қажырлы еңбек пен жаңа мүмкіндікті тиімді пайдалануда жатыр.
«Еңбек етсең, еліңе де, отбасыңа да пайдаң тиеді. Менің мақсатым – табиғи өнім өндірісін кеңейтіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Келешекте цех ашып, ауыл әйелдеріне де табыс табуға мүмкіндік жасағым келеді», – дейді ол.
Жетісу жерінде ұлттық дәстүр мен еңбектің ұштасқан жаңа үрдісі қалыптасып келеді. Ауыл тұрғындары табиғи өнімге, жергілікті шикізатқа негізделген кәсіп түрлерін дамытып жатыр. Бұл ауыл экономикасын жандандырып, халықтың кірісін арттыруға бағытталған нақты қадам.
Райгүл Закарияқызының табысты тәжірибесі осы бағдарламалардың жемісі саналады. Ол еңбегі арқылы отбасылық кәсіпті дамытып қана қоймай, ұлттық тағамның қадірін арттыруға да үлес қосып отыр.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен ауыл азаматтарының еңбекқорлығының арқасында ұлттық тағам мен табиғи өнім өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. «Еңбек адамының» табысы елдің әлеуетін арттырады. Ал осындай еңбекқор жандардың арқасында Қазақстанның ауыл аймақтары дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді.
Елназым Қуанқызы
Жетісу облысы