Еңбек адамының мәртебесін қалай арттырамыз?
Астана қаласындағы Сервис және туризм колледжінің 700 студенті «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ерекше әлеуметтік жоба жүзеге асырды. Олар колледждің гимніне айналған «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсіріп, жастар арасында еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеу мақсатын алға қойды.
Биыл жұмысшы мамандықтарын дәріптеудің маңыздылығы, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау қажеттігіне ерекше басымдық берілуде. Осы үндеуге жауап ретінде Сервис және туризм колледжінің студенттері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» Арайлым Рахым бірлесіп, аталмыш әнге бейнебаян түсірді.
«Еңбек адамы» әнінің сөзін Қуат Ежембек, музыкасын Арман Қуандық жазған. Бейнебаян колледждің шеберханаларында және колледж жанында орналасқан жылыжайда түсіріліп, еңбек адамының шынайы бейнесін көрсетуге бағытталды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында еңбек адамының идеологиясын ұлықтау, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын көрсету және еңбекқорлықты тұлғалық басты құндылық ретінде насихаттау. Бейнебаянда әрбір студент – болашақ шебер, маман және еңбек иесі ретінде көрініс тапқан.
Бұл жоба жастарды еңбекке баулып, олардың кәсіби мақтанышын арттыруға бағытталған маңызды қадам. «Еңбек адамы» бейнебаяны – еңбекке деген құрмет пен жауапкершілікті арттырудың тамаша үлгісі әрі жастардың бірлігі мен жігерін айқындайтын туынды.
Астана қаласы әкімдігі мен колледж ұжымы бұл жобаны жоғары бағалап, жастардың кәсіптік тәрбиесін арттыруға әрі қарай да қолдау көрсетуге ниетті. Жалпы, Астанада түрлі салаларда еңбек ететін мыңдаған адам бар. Қала құрылысы, өнеркәсіп, білім беру, медицина, қызмет көрсету және тағы басқа көптеген салаларда еңбеккерлердің еңбегі елдің болашағын айқындайды. Әсіресе құрылыс саласындағы жұмысшылардың еңбегі ерекше бағаланады, себебі Астананың заманауи, көрікті көрінісі осы еңбексүйгіш азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Сонымен қатар Астана қаласы кәсіпкерлік пен инновацияның орталығы ретінде де дамып келеді. Мұнда кәсіпкерлер жаңа жобалар мен стартаптарды жүзеге асырып, экономиканың өсуіне үлес қосуда. Еңбек адамына көрсетілетін қолдау мен мүмкіндіктер артқан сайын, қала да өркендеуді жалғастырады.
Еңбек адамының еңбегі – қоғамның тірегі. Астана сияқты ірі мегаполисте еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Қала тұрғындары мен қонақтары еңбек адамдарының қажырлы еңбегін көріп, оларға құрметпен қарайды.
Жалпы, Астанада еңбек адамына арналған шаралар жыл бойы жалғасты.
2025 жылы Астана қаласында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамына құрмет көрсету, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және жастар арасында еңбек идеологиясын насихаттау бағытында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
Осы жылдың басында өткен City of Working Professions Festival кәсіби шеберлік пен еңбекке деген құрметті арттыруға бағытталған ең ірі оқиғалардың бірі болды. Бұл фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Астана қаласынан 40 мыңнан астам адам қатысты. Онда колледждер, кәсіптік оқу орындары, жұмыс берушілер мен жастар бір арнада шеберлік сайыстарын өткізіп, кәсіби дағдыларын көрсетті. Жас мамандарға арналған WorldSkills және JasSkills сияқты чемпионаттар да осы фестиваль аясында ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Астанада қалалық кәсіби шеберлік чемпионаттары өтті. Бұл жарыстарда 49 құзырет бойынша 500-ден астам қатысушы бәсекеге түсті. Осындай байқаулар жастарды еңбекқорлыққа, нақты мамандықты меңгеруге ынталандырып, кәсіби құндылықтарды насихаттауда үлкен рөл атқарды.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі Астанада өткен халықаралық конференция «Жастарды жұмыспен қамту және кәсіптік дағдыларды дамыту»болды. Конференцияда ұлттық және халықаралық сарапшылар жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту, кадр даярлау сапасын арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.
Еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатында қалада «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» форумы ұйымдастырылып, онда еңбек жолында ерекше үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл шара еңбеккерлердің еңбегін мойындап, жастарға үлгі боларлық іспетті.
Жастарды еңбекке тарту үшін жұмысшы мамандықтарды таныстыру экскурсиялары мен экологиялық акциялар да өткізілді. Бұл іс-шаралар жастарды өндіріс пен экологиялық мәдениетке тартуға бағытталды.
Сонымен қатар Астанадағы кәсіпкерлер палатасында техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өтті. Бұл жиындарда жұмысшы мамандықтардың дамуы, білім беру сапасын жақсарту және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Барлық осы шаралар бір мақсатқа қызмет етті – еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы орнын нығайту және жастарды еңбекке баулу. Астана қаласының әкімдігі мен әртүрлі ұйымдар жастардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуді жалғастыра береді.
Әнуар Қайырбек
Астана қаласы