Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:25, 25 Қазан 2023

Еңбек ер мен әйел деп бөлінбейді

еңбек
Фото: из открытых источников

Қазақта «байтал шауып бәйге алмас», «әйел бастаған көш оңбас» деген сөздер айтылып жүретін. Қазір олар өз маңыздылығын жойған. Негізі әйел заты үйде, ошақ қасында отыруы керек деген ұғым тек қазаққа ғана емес, әлемге де тән еді. Уақыт өте келе, заман дамып, қоғам психологиясы өзгеріп. бұл түсініктер ескіріп қалды. Әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктері кеңейді. Олардың қоғамдағы, ғылымдағы, саясаттағы рөлі артты. Әрі мансаптық баспалдақтағы перспективалар да кеңейді.

Қазіргі таңда біздің елімізде де гендерлік бағыттағы кадрлық саясатқа баса мән берілуде. Әйелдерге қаржылық қолдаулар ұйымдастырылып, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау жағы қарқын алып, қызмет бабымен көтерілу үшін тең мүмкіндіктер беру қарастырылуда. Соның арқасында қазір елімізде кәсіпкер қыз-келіншектер көбейіп, парламентте, үкіметте, облыс пен аудандарда әйел әкімдердің үлесі артып, әскерімізде нәзік жандылар көбейді.

Соның бірі де бірегейі – Раушан Бердібекқызы. Ол қазіргі таңда 162 педагогы, 1385 оқушысы бар мектептің директоры. Панфилов ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің басшысы ұзақ мансап жолында өз маңдай тері арқылы көтеріліп, өскенін айтады. Раушан Бердібекқызы алғашында І. Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының «мектепке дейінгі педагогика және психология» мамандығы бойынша, кейіннен сол оқу ордасында «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Көп өтпей-ақ еңбек жолын бастаған ол инженер-экономика факультетінде аға лаборант қызметін атқарады. Артынан орта мектепте мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі, кітапханашы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-психолог болып бірнеше рет қызмет ауыстырады. Осылайша, өзін әр қызметте жүріп шыңдап, жан-жақтылыққа бейімделіп, біліктілігін арттырған Раушан Бердібекқызы 2005 жылы Панфилов ауданы, №6 орта мектебінде мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары болады. Ал 2011 жылы Панфилов ауданы, Қорғас орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. Бүгінде ол жоғарыда айтып өткен Панфилов ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры. 2020 жылдан бері осы оқу ордасының әр оқушысымен, әр қызметкерімен тығыз қарым-қатынаста.

«Қазір мен басшылық қызмет атқарып отырған мектептің тарихы терең, абыройы биік. Сонау 1931 жылы Жаркент өңірінде қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін мектептердің тұңғышы болды. Кейіннен мектеп жанынан интернат ашылды. 1934 жылы қазақ орталау, 1936 жылы Молотов атындағы қазақ орта мектебіне айналып, интернат ретінде жұмыс істеді. Бұрынғы 520 орындық ескі ғимараттың жанынан 2010-2011 оқу жылына қарай 450 орындық жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Ал қазіргі таңда мектепте білім алушылар саны жыл санап көбейіп келеді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеуді өзіме де, ұжымға да міндет етіп қойдым. Еліміз үшін теңізге тамшыдай үлес қоссақ та – соның өзі үлкен жетістік. Ешқашан нәзік жандымын, басқа деп жұмысқа келгенде осалдық танытқан емеспін. Барлық азаматтардың мүмкіндігі тең. Бастысы ізденіс, білім және еңбек», - дейді ол.

Раушан Бердібекқызының бұл сөзіне Жетісу облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Қожағұлқызы да қосылды.

«2023 жылдан бастап мәслихаттың рөлін, маңызын, дәрежесін арттыру мақсатында халықпен тығыз байланыс орнату мәслихат хатшысы лауазымы мәслихат төрағасы болып өзгертілді. 2022 жылы Жетісу облысы өз алдына шыққан соң мен осы лауазымға тағайындалдым.

Өзім Ескелді ауданының тумасымын. І. Жансүгіров атындағы педагогикалық институтта жоғары білім алып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Студент кезімнен көшбасшы едім. Ондай қасиет адамның бойында болып жатады екен. Кейіннен желтоқсан оқиғасына қатыстық. Студент күніміздің ең терең естелігі сол күндер. Университетті аяқтаған соң қазіргі Қарабұлақ ауылында Киров атындағы мектептен еңбек жолымды бастадым. 1991 жылы тәуелсіздіктің арқасында аудан орталығында алғашқы қазақ мектебі ашылды. Сонда ауысып, қызмет еттім. Ал 2002 жылы алғаш рет мемлекеттік қызметке келдім. Онда аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінде бас маман болдым. Ол кезде дінмен де, тілмен де, сырттан келген қандастармен де, бәрімен айналысатын ішкі саясат бөлімі еді. Қазіргідей бас-басына бөлімдер болмайтын. Тіпті сайлауға дейін араласып, жұмыс істедік. Мәдениет үйлерінің де жағдайы мәз емес болатын. Өзіміз наурызды, бірлік күнін өткізу үшін де талай жүгіретін едік.

Кейіннен мені сол кездегі «Нұр Отан» қазіргі «Аманат» партиясы идеология бөліміне жұмысқа шақырды. Партия беделімен жұмыс істеу де сырттай оңай көрінгенімен, іс жүзінде күрделі іс. 2007-2022 жылға дейінгі сайлауларда белсенді болдық. Сайлауға түсушілерді, делегаттарды, сол сынды партияның маңызды жұмыстарына кірісіп, өз мойныма жауапкершілік алдым. Одан бөлек бағдарламаны қадағалаумен, әртүрлі мониторингтермен де айналыстым. Өзім жеке қарттарға көмек көрсету, мәдени мұраларды сақтау істеріне ден қойып жүрдім. Соның арқасында қаншама халықтың алғысын, батасын алдым. Осы рақметтердің арқасы ма деймін, жұмысым тоқтаған емес. Солай жүргенде 2021 жылы жетінші шақырылымның депутаты болып, облыстық мәслихатқа сайландым. Сегізінші шақырылымда тағы да облыстық мәслихат депутаты болып, төраға сайланбалы қызметіне тағайындалдым.

Әрине, «әйел адам жұмысты ғана емес, отбасын да алып жүруі тиіс. Мен өзім екінші курс оқып жүргенімде отбасы құрып, үшінші курсымда тұңғышымды дүниеге әкелдім. Ата-анамыз қарасып жүріп, балаларды жеткіздік. Әрі ата-енеммен бірге 10 жыл тұрдым. Келіндік қызметтен де алыс емеспін. Жұмыстан да қалмай, үйге де үлгеріп, үш перзент тәрбиеледім. Қазір немерелі болып, қызығын көріп отырмын.

Ал осындай жетістікке жеткізген елге адал болу, жауапкершілік ала білу сынды принциптерім. Балам әскери адам, бір қызым мұғалім, бірі мемлекеттік қызметкер. Бәрін де өзім ұстанған қағидалармен тәрбиеледім. Мысалы, алты ай жалақы алмай күн көрген кездеріміз де болды. Сол кезде қаншама мұғалім жұмысын тастап, саудаға кетті. Сонда біз қалып, барлық қиындықты көрдік. Одан да өттік. Бастысы, өз ісіңе адал болу.

Ал әйел адамның қолынан көп нәрсе келе бермейді деген түсінікке келер болсақ, ол ескі заманның сарқыншағы. Осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы дүние мен қазіргі заманды салыстыру да қате. Өйткені бүгінде адамдар әлемге ашық. Менің енем айтып отырушы еді, атаң қайтыс болғанша дүкенге де барып көрмегенмін деп. Мұндай мысалдар бұрынғыны ақтара берсек көп. Ал қазір өмір салты басқа. Әйел ана ғана емес, ұлтты тәрбиелеуші ғана емес, еңбек адамы ретінде қалыптасты. Бәрімен қатар сабақ оқыдық, білім алдық, іздендік. Осы ізденгендер, еңбектенгендер арасында мықтылар алға шығады. Көшбасшы ретінде қалыптасып, өзін дәлелдейді. Ол жерде ер немесе әйел, жас немесе кәрі, тағы басқа да таптаурындар жоқ. Кімнің қолынан келеді, кім қоғамға қызмет ете алады, кімнің жігері тасып, қарым-қабілеті артық болып тұр, сол жетістікке жетеді. Қазір қай салада да осылай. Әйел затының рөлі қай саланы алып қарасақ та жоғары. Соған қарамастан, нәзіктігін сақтап, отбасыға ұйытқы болып жүргендер де – әйел заты. Бүгінде білім саласы мен денсаулық сақтау саласында нәзік жандылардың үлесі басым. Кәсіпке келсек те, іскер әйелдер артып келеді».

Міне, мектеп директоры Раушан Бердібекқызы мен мәслихат төрағасы Гүлнар Қожағұлқызының оқиғасы осылай. Бұл кісілердің еңбек жолы мен табысқа жетудегі табандылығы, қоғамның дамуына қосқан үлесі мен еңбектегі жемісі көпке үлгі боларлық. Басшылық қызметтерден бөлек, кәсіпкерлікте де нәзік жандылардың салмағы артып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан» қолдау тапқан жобалардың 51 пайызы әйелдер кәсіпкерлігіне тиесілі.

     Балауса Ділдәбек

     Жетісу облысы

Тегтер: