«Еңбек еш кетті»: Ашынған Ақсулықтар Үкіметтен көмек сұрады
Ақсулық тұрғындар ауыл шаруашылық министрінен, мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады. Себебі еккен жүгеріні өткізетін жер болмағандықтан дәнді-дақыл қазір әрқайсының үйінің алдында, тау-тау боп үйіліп жатыр. Мәселенің анық-қанығын Zhasalash.kz тарқатпақ.
Ақсу ауданына қарасты Тарас ауылының халқы ала жаздай еккен жүгерімен күн көріп отыр. Бүгінде табан ет, маңдай терінің арқасында жиналып, алты ай қысқа азықты қамдауға себі тиеді деп отырған дақылдың жарамсыз боп қалу қаупі аз-ақ алдында тұр. Жергілікті халық орылған жүгеріні қайда апарарын білмей дал. Жиналған жүгеріні 10 күн ішінде кептірмесе, оның барлығы шіріп, қаншама адамның еңбегі еш болайын деп тұр.
Ауыл тұрғыны дәл қазіргі жүгерінің жай-күйіне байланысты үкіметке арыз жолдады.
«Осы қиын кезде көмектеспесе, жоғарыдағы шенеуніктер қай кезде көмектеседі. Біздің жағдайымыз өте қиын, халықтың 70 пайызы жүгерімен күн көріп отыр. Жүгерінің 30 пайызын өткізген жоқ, тек 20 пайызын өткізді, қалғанының бәрі шіріп далада қалмақшы. Халықтың несиесі бар, қарызбыз. Халық кедей болса, мемлекетке масыл болады ғой»,- деді ауыл тұрғыны.
Жүгеріні 10 күн ішінде кептіріп, жаратпаса, қар жауғаннан кейін жарамсыз болып қалмақ. Оны малға беру үшін де алдымен кептіріп алу қажет. Алайда жүгеріні кептіретін құрылғысы бар жалғыз зауыт тек Талдықорған қаласында орналасқан.
Тұрғындар зауыттағы кептіру қызметі өте қымбат болғандықтан, ол жерде әр жүгерінің түрін таңдап, тек жақсысын алатынын айтады.
«Мұртшасы бар жүгерілерді кептіріп алса, малға жем ретінде берсе жақсы емес пе? Бірақ, олар жүгеріні таңдап тұр. Баға да шарықтап кеткен, олар таңдап кептіреді. Мұны тексеріп жатқан мемлекет жоқ. Бұл жағдайды министрлер қолға алып, бақылау жасамаса, олар білгенін жасап тұр. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыс істейтін, үкімет халықты тыңдайтын уақыт жетті», деп ашынды Тарас ауылының тұрғыны Аязбаев Нұрлан.
Тұрғындар қант қызылшасы мәселесін де айтты.
«Бізге 5 га жерге қант қызылшасын егіңдер деді. Оған 1 200 000 тг бөлінетінін айтты. Алайда бұл ақша толығымен жетпейді. Айналып келгенде 2,5 млн-ға жуық қаражат керегі анық. Ал мына 1,2 млн теңгенің біздің қолымызға тиетіні қанша, оны да білмейміз. Мына жүгері мәселесінен кейін халық қызылша себеді деп ойламаймын», - дейді ауыл тұрғыны.
Олар аталған мәселе бойынша үкіметтен бір шара қолдануын сұрады.