ЕҚЫҰ Бакудің вирус туралы жалған ақпаратпен күрес туралы заңына алаңдайды
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз құқығын қорғау бойынша өкілдігі Әзербайжанның таяуда "коронавирус жайлы жалған ақпаратпен күрес" мақсатында қабылдаған заңына байланысты алаңдаушылық білдірді.
ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир 25 наурызда "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратпен күресу маңызды екенін түсінемін, бірақ күрес тілшілер жұмысына кедергі болмауы керек" деп мәлімдеді.
"Бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі жағдайда қоғамды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, жалған ақпаратпен күресте маңызды рөл ойнайды. Заң жобасындағы өзгерістер пандемия туралы хабар таратуға тосқауыл болмауы тиіс" деді Дезир.
Арнайы заңға 17 наурызда өзгеріс енгізілген. Онда "кез келген ақпараттық интернет-ресурстың иесі интернетте жалған ақпараттың тарауына жол бермеуі керек" деп жазылған. Әзербайжан билігінің түсіндіруінше, "жалған ақпарат" деп "адам өміріне, денсаулығы мен дүние-мүлкіне қауіп төндіретін, маңызды нысандардың, қаржы, көлік, коммуникация, өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымдар жұмысына кедергі келтіретін" хабарды айтады.
Дезир бұл заң коронавирусқа қатысы жоқ, билік "қоғамға қауіпті" деп санайтын маңызды ақпараттың таралуын шектеуі мүмкін деп қауіптенеді.
Құқық қорғаушылар Әзербайжанда оппозициялық белсенділер мен БАҚ өкілдерінің жиі қудаланатынан айтады. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі жөніндегі былтырғы рейтингінде Әзербайжан 180 елдің ішінен 166-орынды иеленген.
26 наурыздағы ақпарат бойынша, Әзербайжанда коронавирусты 93 адам жұқтырып, 2 науқас қайтыс болған. 10 адам аурудан айыққан.
Оқи отырыңыз: Әзербайжан астанасы коронавирусқа байланысты жабылды