Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

ЕРДО мен БКБ ісі бойынша екі экс-вице-министр қамауға алынды: ҚМА тергеуді аяқтады

Н
Фото: скриншот

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқтады.

Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және пара алу күдігіне ілінген.

ҚМА мәліметінше, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жеке тұлғалардың табысы туралы ақпараттың жалғыз мемлекеттік операторы. Бұл деректер банктер мен кредиттік ұйымдар тарапынан қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау үшін пайдаланылады.

Тергеу барысында 2020 жылы ЕРДО-ның бұрынғы президенті Дәулет Арғандықов «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Руслан Омаровпен заңсыз келісім жасағаны анықталған. Бұл келісім жеке компанияға табыстың үлесін арттыруға мүмкіндік берген.

Нәтижесінде мемлекеттік оператордың табыс үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.

ҚМА мәліметінше, 2025 жылы ЕРДО-ның жаңа президенті Асет Сарбасов тағайындалғаннан кейін де келісім шарттары өзгеріссіз сақталған.

Сонымен қатар, тергеу «Бірінші кредиттік бюроға» қосымша бәсекелестік артықшылық беретін схеманы анықтаған. Атап айтқанда, ЕРДО мен БКБ арасында сұраныстарды жылдам өңдейтін арнайы сервис енгізілген. Ал Мемлекеттік кредиттік бюромен өзара әрекеттесу арналарына керісінше, процестерді баяулататын бағдарламалық қамтамасыз ету қолданылған.

Тергеу бағалауынша, мемлекетке келтірілген шығын 2 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ, 2025 жылдың маусым айында күдіктілер келісім шарт талаптарын сақтап қалу үшін 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру кезінде әшкереленгені хабарланды.

Күдіктілер ұсталды. Сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам сомаға мүлкі мен бағалы қағаздарына тыйым салынды.

Қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін берілді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.