Ердос Қазыбеков: Балалардың риясыз эмоциясы қиындықтың бәрін ұмыттырады

Соңғы уақыттарда балалардың футболға деген қызығушылығы арта түсті. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес, екі жыл ілгері Ұлттық құрамамыз Еуро Чемпионатының есігінен сығалап қайтқан еді.
Сол кезде тұтас ел болып тақым қысып, бір желпініп қалғанымыз әлі есімізде. Одан соң «Қайрат» клубының 16 жасар талантты ойыншысы Дастан Сәтбаев лондондық «Челси» сапына өтіп, футбол сүйер қауымды тағы бір қуантқан болатын. Ал биылғы «Қайрат» клубының Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жеткен жеңісті жорығы бәрімізді желпіндіріп тастағаны анық. Әсіресе Алматының Орталық стадионындағы «Селтикке» қарсы қарымта ойындағы Темірлан Анарбековтің үш бірдей пенальтиді қайтарған ерлігі төбемізді көкке жеткізді. Футболдың мұндай маңызды, сүйіншілі жаңалықтарын «Жас Алаш» назардан тыс қалдырған жоқ.
Негізі ұлт футболының тағаны балалар футболы. Қай елдің балалар академиясы қарқынды дамыса, сол елдің Ұлттық құрамасы да нәтижелі ойын өрнегін көрсететіні анық. Балалар футболының өз қызығы мен қиындығы бар. Мұнда негізгі шаруа жаттықтырушыға артылады. Алдына келген әр баланың талантын танып, оған жүйелі жаттығу жұмыстарын үйретіп, жолын ашу да айтуға болмаса, оңай жұмыс емес. Біз бүгін балалар футболы, оның қыр-сыры туралы «Қайрат» футбол клубы, Сергей Квочкин атындағы балалар академиясының аға жаттықтырушысы Ердос Қазыбековпен сұхбаттастық, балалар футболы жөнінде маңызды мәселелерді талқыладық.
– Бала Ердос футболға қалай қызықты, қанша жасыңыздан бастап футбол ойнадыңыз?
– Мен футболды сәл кешірек, 9–10 жасымда бастадым. Шынын айтсам, футболға кішкентай кезімде қатты қызыға қоймадым. Өзім Қапшағай қаласында туып өстім. Бала кезімде мінезім томаға тұйық, ұялшақтау болдым. Әкем осы мінезімді байқап: «Балам үйде жата бересің бе, спорт залға барып, өзің қызыққан спорт түрімен айналысып көрсеңші», деді. Ондағы әкемнің ойы мені жасық, ұялшақ болмасын, айналасымен араласып, спортпен айналысып, ашылсын дегені еді. Оған дейін кейде аулада балалармен футбол ойнайтынбыз, сонда қатар өскен балалар «мен мынадай клубқа барып жүрмін», «мен мынадай жерде жаттығамын» дейтін, бала болған соң олардың айтқанын қызығып, тыңдайтынмын. Сөйтіп бір күні қалалық спорт мектебіне бардым. Бірақ спорт мектебінің табалдырығын аттағанша футболға барамын деп ойламадым. Әлі есімде, қыс мезгілі болатын, спорт мектебіне кіріп барсам, бір залда балалар футбол ойнап жатыр екен, соны көрдім де, «футбол ойнаймын» деп шештім. Міне, футболдағы алғашқы қадамым осылай басталды. Уақыт өте келе футбол менің арманыма, өмірімнің бір бөлшегіне айналды.
– Бұдан кейінгі спорт жолыңыз қалай жалғасты?
– Біраз уақыт Қапшағайда жаттығып жүрдім, кейін Алматыдағы ЦСКА спорт мектебіне түстім. Сонда жатып оқыдым, футболға дайындалдым, әскери борышымды да сол жерде өтедім. 2006 жылы алғашқы кәсіби мансабымды Өскемен қаласындағы «Восток» футбол клубында бастадым. Онда өзімді жақсы қырымнан көрсеттім. Бір жылдан соң қостанайлық «Тобыл» клубынан шақырту алдым. Кейіннен 2009 жылы алматылық «Қайраттың» сапына қосылдым. Естеріңізде болса, ол кезде «Қайрат» бірінші лигаға түсіп қалған еді. Біз бір жылдан соң жарқын нәтижеміздің арқасында қайтадан премьер-лигаға оралдық. Негізгі позициям оң қаптал қорғаушы.
– Сіз қазір «Қайрат» клубының балалар академиясында балаларды футболға дайындайсыз. Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?
– 2015 жылы футболдағы кәсіби мансабымды аяқтадым. Содан соң жаттықтырушылық жұмысқа ауыстым. Бастапқы кезде Қаскелең қаласындағы «Парасат» футбол клубында балалар жаттықтырдым, сонда екі жылдай жұмыс істедім, 2017 жылдан бері «Қайрат» футбол клубының Сергей Квочкин атындағы балалар академиясында жұмыс істеп келемін.
– Сіздермен салыстырғанда қазіргі балалардың қандай артықшылық, кемшілігі бар?
– Біздің футболға қызыққан бала кезіміз қазіргі балалармен салыстырғанда қиын болды деп ойлаймын. Қазір балалар футболында шарт жағдай жақсарған, жасыл алаңда жаттығады. Ал біз көшеде, топырақта, футбол ойнап өстік. Бірақ бір қызығы – біздің кезімізде далада шынығып өскендіктен, үнемі жүгіріп, қозғалыста болғандықтан ба, балалардың координациялық қабілеті жоғары болатын. Ал футбол үшін координациялық қабілет аса маңызды. Сәйкесінше, қазіргі балаларда осы координациялық қабілет әлсіздеу болады. Мұның бір себебі – қазіргі балалар аулада жүгіріп, қозғалысқа түспейді, көбінесе телефонға телміріп отырады, бұл да әсер етуі мүмкін.
– Сіз бала кезіңізден көптеген жаттықтырушылардан тәлім алдыңыз, қазір өзіңіз балаларды жаттықтырасыз, осы тұрғыдан қандай айырмашылық байқайсыз?
– Шынын айтқанда, біздің кезімізде сәл басқаша болатын. Тіпті ата-анамыз қасымызда еріп жүрмейтін. Жаттығуға өзіміз барып, өзіміз қайтатынбыз. Жаттықтырушымызға барып: «Менің балам қалай жаттығып жатыр» деп сұрамайтын. Ал қазір баланың ата-анасы қасынан қалмай еріп жүреді. Сондай-ақ біздің кезімізде жаттықтырушылар балаларға қатаң талап қоя-
тын, кейде тіпті айғайлап та алатын. Әрине, жаттықтырушы тектен-тек айғайламайды, бала қателігін түзесін, екінші рет соны қайталамасын деп, жаны ашып айтады. Қазіргі балалар мұндай талапқа шыдай бермейді, тіпті кейбірінің ата-анасы баласының сәл қиналғанын көрсе футболдан алып кетеді. Негізі мұндай жағдайға әуелі ата-анасы түсіністікпен қараған жөн деп ойлаймын. Кез келген жаттықтырушы балалардың дамығанын, жетілгенін, нәтижеге қол жеткізгенін қалайды. Міне, осыны ана-ана түсініп, сосын оны балаға ұғындырған жөн. Спорттың қай түріне болса да әуелі талап, тәртіп қажет.
– Баланы қанша жасынан бастап футболға тәрбиелеген жөн, баланың бейімін қалай байқауға болады? Бұл да ата-аналардың көкейінде жүрген маңызды сұрақ.
– Біз академияға баланы 6 жастан бастап қабылдаймыз. Бұл әлемдік футбол тәжірибесіне сай бекітілген жас. Сондай-ақ 6 жаста баланың сана-сезімі де қалыптаса бастайды. Соған сәйкес айтқаныңды, үйреткеніңді қабылдап, түсіне алады. Ал кейбір клубтар баланы 3–4 жасынан бастап жаттықтырамыз деп жатады, бірақ 3 жастағы бала қалай футболды түсініп, игереді, мұны да ескерген жөн. Ал біз академияға баланы қабылдағанда ең әуелі оның координациялық қабілетіне мән береміз. Кейбір балалардың табиғи қабілеттері болады, мысалы, доппен жақсы жұмыс істейді, ал кейбір балалар белсенді болады, мұны да ескереміз.
– Балалар футболында ата-ананың қолдауы аса маңызды. Бірақ кейде ата-ана балаға артық талап қоятын секілді. Жалпы осы тұрғыда ата-аналардың жіберетін қателіктері қандай?
– Кейбір ата-аналар балаларының футболына жиі араласа береді. Әсіресе бұл ойын кезінде байқалады. Негізі әр ойынға баланы жаттықтырушы дайындайды, өзіне тиесілі міндеттер мен тапсырмаларды береді, әрі соны толық істеуі үшін ойын кезінде ескертіп тұрамыз. Кейбір ата-аналар осындай сәтте ойынға араласып, өз беттерінше балаларына тапсырма беріп, «былай істе» деп айғайлап кетеді. Бала осындай кезде кімнің сөзін тыңдарын білмей, дағдарып қалады. Сондықтан мен балаларымның ата-аналарына әрдайым: «Сіздер ойынға араласпаңыздар, алаңдағы балаға не істеу керек екенін айтпаңыздар, тек қолдау білдіріңіздер» деп айтып отырамын. Ендігі бір маңызды мәселе – ата-аналар баласының футболына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл жауапкершілік әуелі баланы уақытылы, кешіктірмей жаттығуға қатыстырудан басталады. Сонымен қоса, баламен үнемі сөйлесіп, кейбір мәселелерді бірге талқылап отырған жөн.
– Кейбір ата-аналар баласын академияға да, басқа жаттығуларға да апарады, бұл балаға ауыр емес пе? Жалпы бала аптасына қанша рет жаттығуға барғаны дұрыс?
– Бұл баланың жасына байланысты. «Қайрат» академиясында әр баланың жасына қарай тиісті жаттығу жұмыстары, оның уақыты ғылыми түрде жолға қойылған. Мысалы, бала өсе келе оның бұлшықеттері де қатая түседі. Осыған сай оның жаттығатын мерзімі де ұзара бастайды. Мысалы, біз он жастағы балаларды 1 сағат, 1 сағат 10 минут көлемінде, аптасына 4 рет жаттықтырамыз.
– Кейбір балалар тумысынан әлсіздеу болады, мысалы, он жастағы баланың физикасын арттыру үшін қосымша жаттығулар керек пе?
– Жоқ, керек емес. Бұл артық салмақ, оның соңы баланы жарақатқа алып келуі мүмкін. 6–12 жасар балалар үшін ең маңыздысы – доппен дұрыс жұмыс жасауды үйрену, одан соң физикалық мәселелерді қарастырған жөн.
– Әдетте, кейбір балалар 12–13 жасында футболды тастап кетеді, оған себеп – академияға түсе алмайды немесе жалғастырғысы келмейді, мұндайда не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бізде жаттыққан балалар 12–13 жасында Тимур Сегізбаев атындағы академияға өтеді. Бірақ ол жақта іріктеліп, соңында ең мықтылары қалады. Әрине, бұл кезде кейбір балалар футболдан қол үзеді. Бұл бала үшін өте қиын жағдай, мұндайда баламен ең алдымен жаттықтырушысы сөйлескен дұрыс деп ойлаймын. Балаға мұнымен футболдың аяқталмайтынын, басқа да клубтар бар екенін ұғындырған жөн. Егер баланың арманы шынымен футбол болса ол басқа жақта жаттығып, тіпті де мықты болып, «Қайрат» академиясына лайық болып келуі тиіс. Жаттықтырушы баланы осыған сендіріп, оны қамшылау қажет. Сонда бала жігерленіп, өзін дамытып, жетілдіріп, қайтадан академияға оралады.
– Балалар жаттықтырушысы болудың қиындығы мен қызығы неде?
– Бұл жұмыстың қиындығынан гөрі қызығы көп. Әрине, қиындығы бар, алдыңа мінезі әртүрлі балалар, ата-аналар келеді, олардың әрқайсысымен тіл табысып, түсінісіп жұмыс істеу қажет. Кейбір балалардың футболды түсінуі, қабылдауы да ақырын болады, ол үшін көп уақыт, күш жұмсауға тура келеді. Бірақ күнделікті жаттығу кезінде үйреткеніңді шәкірттерің жарыс кезінде дұрыс істей алса барлық қиындықты ұмытасың, бұл жұмыстың қызығы да осында. Балалар өтірік айтпайды, ештеңені жасырмайды, бәрі жүзінен көрініп тұрады. Клубы жеңіске жеткендегі олардың риясыз эмоциясын көру де ең үлкен бақыт.
– Футболда қайсысы маңызды, талант па, еңбек пе?
– Талантты баланың бәрі бірдей болашақта футболшы болады деп айту қиын. Менің бала кезімде де, кейінгі жаттықтырушы кезімде де небір талантты балалар болды, бірақ соның кейбірі футболды ерте тастап кетті. Бала қанша талантты болғанымен, жаттықпаса табысқа жетпейді. Футбол – талант пен еңбектің нәтижесі.
– Әлі де футбол ойнап тұрасыз ба?
– Әрине, әуесқой клубтарда мүмкіндігінше ойнап тұрамын. Бұл, біріншіден, спорттық бабымды жоғалтпау үшін қажет, екіншіден, футбол біздің өміріміздің мәніне айналған, сондықтан уақытымыз болса футбол ойнаймыз.
– Қазір футбол көресіз бе?
– Ұлттық құраманың ойындарын мүмкіндігінше көруге тырысамын, ал «Қайраттың» әр ойынын жібермей қараймын, Орталық стадионға барып көремін.
– «Қайраттың» соңғы «Селтикпен» ойыны туралы не айтасыз?
– Бұл ойынды Орталық стадионнан тамашаладым. Ол кездегі эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шынымды айтсам, ойынның бірінші таймында жеңеміз деген іштей сенім болды. Өйткені біздің жігіттер өте жақсы ойнады. Кейіннен сәл қобалжи бастадым. Тіпті Анарбековтен мұндай ерлік күткен жоқпын. Тек екінші соққыны қайтарған кезде сенімім арта түсті, әрі жеңетінімізге де іштей сендім.
Кезінде «Қайратта» футбол ойнадым. Қазір академияда балаларды жаттықтырам, жаттықтырушы ретінде арманым – шәкірттерімнің Орталық стадионда ойнағанын көру, трибунада отырып, солардың жеңісті сәттерін көрсем деймін.
Сұхбаттасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ