Ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау – қоғам қажеттілігі

Балаларды қолдау жылында қоғамнан ерекше балалардың күтімі мен білім алуы назардан тыс қалмады.
Осыған орай, еліміздің көптеген мекемелерінде айтарлықтай жұмыстар басталып кетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп қабылдай отырып, «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағы. Сондықтан да 2022 жылды Балалар жылы деп қабылдау керек. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шараларға тіреліп қалмауы тиіс. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп айтып өткен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар жылында ерекше балаларға арнайы қолдаулар көрсетіліп келеді. Мәселен, ерекше балаларға арналған арнайы «Бақытты шаңырақ» деп аталатын қор ашылған. Соған орай, балаларға тұз шахтасын орнату үшін ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қажетті қаражат аударды.
Ал одан бөлек ерекше балаларға елімізде жасалынып жатқан қолдауларға тоқталсақ, Жаңақала білім беру бөлімі ерекше білімді қажет ететін бала тұлғасын дамыту және оны қоғамға бейімдеу, ой-қиялын дамыту, өлкенің табиғатын сүюге тәрбиелеу мақсатында «Шексіз әлем» атты байқау өткізіліп, белсенді балалар марапатталып келеді. Содан соң еліміздің түкпір-түкпірлерінде әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен сурет салудан жарыстар өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға даму ерекшеліктеріне, мінез-құлық және эмоциялық жағдайларына байланысты тиісті деңгейде білім алуда тұрақты, уақытша қиындықтары бар балалар жатады. Соған орай, ерекше білімді қажет ететін балалар денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алатын, мектеп партасында барлық балалармен теңдей білім алуға мүмкіндігі бар балалар деп денсаулық жағдайларына қарай бөлінеді. Балалардан бөлек, елімізде оқушылар мен ата-аналарына психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, қолдау жұмыстары басты назарға алынған. Осындай қолдаулар арқылы ерекше білім алатын балалар назардан тыс қалмай, қатарынан кем болмай өсетініне бар жағдай жасалынып келеді.