Еркін күрестен әлем чемпионы бір жыл бұрын уәде етілген пәтерді әлі ала алмай отыр
Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановқа Қазақстан күрес федерациясы бір жыл бұрын сертификат табыс еткен пәтер әлі берілмеген. Спортшы бұл туралы журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында айтты.
«Осы сертификатты алып, пәтерді алмағанына бір жыл болыпты. Өте ұят жағдай. Әлем чемпионы әлі күнге дейін бауырының үйінде тұрады. Өз отбасы бар. Өз өмірі бар. Бірақ, біреудің баспанасын паналауға мәжбүр. Жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынап жүр. Қанша уақыт жоғалтады?! Қанша жүйке жұқартады?! Масқара ғой», - деп жазды журналист.
Нұрқожа Қайпанов 2024 жылы 70 кг дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған еді.
Айта кетейік, БАҚ пен әлеуметтік желіде бұл оқиға үлкен резонанс тудырғаннан кейін спортшыға пәтер берілетін болды. Спорт журналисі Аслан Қаженовтің мәліметінше, пәтер жыл соңына дейін табысталады.