Ерлан Қарин: Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі ИСЕСКО тізіміне енуі – ұлттық мұрамызды халықаралық деңгейде мойындатудың маңызды қадамы
Қазақтың дәстүрлі «Ою-өрнегі» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енді. Тиісті шешім 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында қабылданды.
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, ою-өрнек – мәдени бірегейлігіміз бен тарихи сабақтастығымызды нығайтуға ықпал ететін негізгі этномәдени код.
«Ою-өрнектің ИСЕСКО-ның беделді тізіміне енуі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам», – деді Ерлан Қарин.
Ол бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны енгізілгенін еске салды.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президенттің Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанның мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.