Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:17, 07 Желтоқсан 2023

Ерлікпен екі жүз метр шегіну. Украинаға Зеленский керек пе, Залужный керек пе?

Залужный
Фото: из открытых источников

Украинада соңғы бірнеше айдан бері президент Владимир Зеленский мен әскердің бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың араз екені туралы ақпарат желдей есіп жүр. 

Араздық туралы ақпаратты екі тарап та терістемеді. Керісінше, түрлі мәлімдемелерімен жанама түрде растап қоятын сияқты. Украина мен Батыс ақпарат құралдары да жан-жақтан там-тұмдап дерек тауып, жоғары штабтың көңіл күйін түсінуге, түсіндіруге тырысып жатыр.

4 желтоқсан, дүйсенбі күні Украинаның ең беделді басылымдарының бірі «Украинская правда» «Соғыс пен саясаттың текетіресі. Зеленский мен Залужный арасында не боп жатыр?» деген тақырыпта көлемді сараптама жариялады. Басылым мақаладағы негізгі ақпараттың көбін президент әкімшілігінде жұмыс істейтін немесе оның маңында жүретін, құпия жиындарға қатыса алатын, есім-сойы көрсетілмеген түрлі дереккөзге сілтейді. Авторлардың айтуынша, маусым айында басталған қарымта шабуылдан көңіл көншітетін нәтижеге қол жетпегеніне қатты қапалы президент Зеленский қазір майдандағы генералдармен бас қолбасшыны айналып өтіп, тіке сөйлесуді шығарған. Бұл өз кезегінде Залужныйға жайсыз тиеді. Тіпті «бір жиналыста президент бас қолбасшыны «Қалай? Ерлікпен 200 метр шегіндік пе?» деп кекеткен, ашуға булыққан Залужный жауап айта алмаған». «Украинская правда» президенттің қазір бас қолбасшыны ауыстырғысы келетінін, бірақ ол орынға одан тәжірибелі, лайық адам табудың қиындығына байланысты шарасыз күйде екенін жазады. Мақаладағы айтылғандарға қарағанда, бұл ойға Зеленский 20 қараша күні Киевке АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин келіп-кеткен соң беки түскен. Остин сол сапарында әуелі Залужныймен кездескен. Украинаның бас қолбасшысы оған майдандағы ахуалды сипаттай келе, түрлі шешім шығарарда президент пен оның айналасының, яғни саяси корпустың тілін табу оңай болмай жатқанын айтқан. Сонымен қатар Залужный соғыста тезірек жеңіске жету үшін құны шамамен 400 миллиард долларға жететін қару-жарақ, 17 миллион снаряд сұраған. Остин мұнша оқ-дәріні тұтас әлемге сауға салса да тауып бере алмайтынын білдірген. Сол күні Остин президент Зеленскиймен де сөйлескен.

Залужный мен Зеленскийдің соғыс туралы пікірі өзара сәйкеспейтіні биыл қараша айының басында байқалды. 2 қарашада Залужный The Economist басылымына мақала жазып, «майдан даласында соғыс тығырыққа тірелгенін, шайқас ұзақ жылдарға созылып, Украина үкіметін де, халқын да өте қатты тоздырып жіберуі мүмкін» екенін айтқан. Бұны Зеленский 4 қараша күні «майдандағы ахуалды тығырыққа тірелді деуге келмейді» деп, терістеуге тырысқан. Алайда «Украинская правда» сүйенген жасырын дереккөздердің айтуынша, Зеленский мен Залужный арасы 2022 жылдың көктемінде-ақ «бұзылған». Сол кезде украиналықтардың президентке сенімі 93 пайыз, бас қолбасшыға сенімі 98 пайызды көрсеткен әлеуметтік сауалнамадан соң Зеленский әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермак Залужныйға «саяси амбициясы бар күдікті» ретінде қарай бастаған. Соның әсерінен кейін саяси партияға айналып кетуі мүмкін деген қауіппен бас қолбасшыға қайырымдылық қор ашуға да рұқсат бермеген. Залужныйдың саяси жоғары лауазымды көздейтінін президенттің өзі де жанама түрде растайды. Мәселен, ол өткен қараша айының соңында ұлыбританиялық The Sun газетіне берген сұхбатында «әскери адам ертеңгі саясатты көздеп соғысса – үлкен қателікке ұрынады, дәл қазіргі сәтте саясаттың күйін – саясаткер, соғыстың жайын – әскери адам ойласын» деген.

Қазір шыны керек, батыс ақпарат құралдарында, әсіресе АҚШ басылымдарында Украина бас тақырып болудан қалған. Айтпайды емес, айтады. Көрсетеді. Бірақ CNN, Fox News, NBC News бастаған үлкен телеарналары таңнан кешке дейін көбіне Таяу Шығыс пен Американың өз ішіндегі мәселелерді талқылайды. Осы «үнсіздікті» 4 желтоқсан күні The Washington Post газеті бұзды. Газет Украинаның маусым айында басталған қарымта шабуылынан неге нәтиже шықпағанын зерттеген. АҚШ, Еуропа Одағы мен Украина билігіне жақын ондаған адаммен сөйлесіп, майдандағы командирлердің көзқарасын саралап шыққан мақалада журналистер ең негізгі деген бірнеше мәселеге айрықша назар аударады. Мәселен, қарымта шабуыл алдында АҚШ, Ұлыбритания және Украина бас қолбасшылары жоспарды пысықтап, сегіз рет бас қосқан. Осы сәтте Вашингтон орыстардың 2022 жылдың соңында Харьков пен Херсоннан оңай шегінгенін ескеріп, Украинаға шабуылды сәуір айында бастауды талап еткен. Ондағы аргумент – Ресей әскеріне тынығуға, қорғануға мүмкіндік бермеу. Бірақ Киев әскердің қолында әлі де жеткілікті мөлшерде қару-жарақ, ауыр техника жоғын айтып, операцияны кейінге шегере берген. Осы уақыт аралығында Ресей армиясы майдан даласын түгел миналап, бірнеше қабат қорғаныс шебін құрып үлгерген. The Washington Post дерегінше, АҚШ тарапынан айтылған келесі бір ұсыныс – негізгі күшті майданның Мелитополь бағытына ғана жұмсап, Азов теңізіне дейін жету, сол арқылы Ресей армиясын екіге бөліп тастау. Украина қолбасшылары бұған да келіспеген. Олар мың шақырымға созылған майданды түгел қамтып, шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік үш бағытта қатар шабуылдауға тоқтаған. Сондай-ақ Украина да, Батыс елдері жаңа жылға дейін екі мыңға жуық танкісінен, 75 ұшағынан, 200 мың сарбазынан айырылған (Пентагон дерегі) Ресейдің тағы сонша көп адамды және ауыр техниканы тез арада жинап үлгеретінін есептей алмаған. Журналистердің айтуынша, қарымта шабуыл басталмай тұрып Батыс барлаушылары оның нәтижесін 50/50 деп бағалаған. Бірақ америкалық әскери генералдар барлаушылардың дерегіне күмәнмен қараған.

7 маусымда басталған қарымта шабуыл жоспар бойынша Украина әскері Запорожье облысындағы Роботина ауылын 24 сағатта босатып, 14 шақырым алға жылжып, тез арада Мелитополь қаласын азат етуге тиіс еді. Бірақ The Washington Post газетінің жазуына қарағанда, жоспардың іске аспайтыны Украина бас қолбасшыларына бірнеше күнде-ақ белгілі болған. Алғашқы күннің өзінде шабуылдаушылар көп шығынға ұшыраған. Сол себепті қарымта шабуыл басталғаннан соң төрт күн өткенде бас қолбасшы Валерий Залужный тұтас әскерден айырылып қалмау үшін шегінуге бұйрық берген. Содан бергі алты айда Украина бар-жоғы 20 шақырым ғана ілгерлеген. Сәтсіздіктен соң Украина мен АҚШ генералдары, жоғары билігі бірін-бірі айыптаған. Сараптама авторлары Украина Батыстағы қолдаушыларынан қарымта шабуылға дейін 1 миллион снаряд жеткізуді өтінгенін, алайда Германия мен Франция бастаған Еуропа Одағы оның төрттен бірін ғана беріп үлгергенін жазады. Бұл жағынан Украинаның көршілерінен гөрі алыстағы Оңтүсік Корея жылдам әрекет етсе керек. The Washington Post дерегінше, көктемде 41 күнде Сеул Киевке жиыны 330 мың снаряд жөнелтіпті. Пентагон бір айда Украина сарбаздарына кем дегенде 90 мың снаряд қажет екенін есептеген.

Соғыс уақытында екі жақтың шығынын нақты айту қиын. Ақпарат құралдарын қойып, ресми органдардың өзі майданда қанша сарбаз мерт болғанын дәл есептей алмайды. Украина билігінің дерегінше, Ресей соғыс басталғалы бері 2023 жылдың қараша айына дейін 332 мың жауынгерін (өлгені мен ауыр жараланғаны бірге) жоғалтқан. Өз қатарындағы қаза тапқандар, жараланғандар туралы ақпаратқа сараң Кремль қарсыластың шығыны жөнінде көбірек айтуға бейіл. 5 қазан күні президент Владимир Путин «жазғы қарымта шабуыл кезінде жау 90 мың сарбазынан айырылды» деген. Жалпы ресейшіл БАҚ Украинаның майданда мерт болған жауынгерлерінің санын бұдан бірнеше есе көбейтіп көрсетеді. Қалай болғанда да орны толмайтын ауыр шығын әрі жалғаса берсе Украина көпке дейін ес жия алмайтындай тұралауы мүмкін. Путинге ұзақ соғыстың қолайлы екенін айтатын украиналық саясаткерлер, депутаттар, сарапшылар мен журналистер бас қолбасшы мен президенттің келесі жылға арналған нақты жоспарын көргісі келеді. Кейбір расталмаған қаңқу сөздерге қарағанда, Валерий Залужныйдың 2024 жылғы соғыс жоспары әлі дайын емес. Бұны Украина жоғарғы радасында отырған «Слуга народа» партиясының (Зеленскийдің партиясы) депутаттары да бірнеше рет мәселе ғып көтерді.

Батыс БАҚ-тары, саясаткерлері Украинаның қарымта шабуылынан көңілі қалса да, әлемде күш-қуаты жағынан екінші әскермен (АҚШ-тан соң) бетпе-бет шайқаста ойсырай жеңілмеген сарбаздарға құрметпен қарауға шақыратындар да бар. Соның бірі – бұрынғы бас қолбасшы Виктор Муженко. Оны Зеленский 2019 жылы президент бола салғанда бірден отставкаға жіберген. Тағы бірнеше айдан соң тіпті әскер қатарынан шығарып тастаған. Содан бері ғылыми иститутта қызмет етіп келе жатқан Муженкомен жақында BBC агенттігі сұхбаттасты. Муженко «соғыс тығырыққа тірелді» деген Залужныйдың пікірімен келіспейді. Ішкі тартыста президенттің жағында емес екенін ескерткен ол «майданда жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді» дейді және саяси элитаның (президенттің) орыстарды жылдам қуып шығып, 1991 жылғы шекараны қалпына келтіру туралы жалынды ұрандарына сын көзбен қарайды. Генерал президент пен бас қолбасшыны өзара БАҚ арқылы емес, тет-а-тет отырып сөйлесуге, кикілжің болса екеуара келісіп, бір шешімге келуге шақырады.

Отандық, ресейлік, шетелдік БАҚ жарыса жазып жатқан «араздық» туралы ақпаратты президент пен бас қолбасшы ашық растамаса да терістеген жоқ. Ал елдегі әлеуметтік сауалнамамен айналысатын «Рейтинг» тобы «темірді қызған кезінде соғып», тағы бір зерттеуінің нәтижесін жариялап үлгерді. Қарашаның соңы, желтоқсанның басында жүргізілген сауалнамаға қарағанда, қазір Залужныйдың бәсі Зеленскийден әлдеқайда жоғары. Бас қолбасшыға сенетіндер 82 пайыз, президентке үміт артатындар 72 пайыз боп шыққан.

Айгүл Баба