Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:04, 29 Наурыз 2018

Ермак Сәлімов: «Құдай сақтасын деп отырмыз»

Кеше Семейдегі Түйемойнақ аралынан шұғыл түрде 192 адам ТЖ қызметінің көмегімен, қаладағы «Семей» және «Турист» қонақ  үйлеріне орналастырылды.
Қаладағы 70 шақырым жердегі  Шүлбі ГЭС-інен Ертіс өзеніне су жіберілуі қала тұрғындарының қалыпты тіршілігіне қауіп төндірді.Алып өзеннің төменгі қабатындағы мұздың да жылдағы деңгейінен жоғары болуы су деңгейінің 506 см-ге жетіп, сондықтан Түйемойнақ аралының тұрғындарын тез  арада көшірілген. Сонымен қатар Мирный және Шығыс кенттерінің Ертіске жақын орналасқан көшелерін су басу қаупі төніп тұр.Біз  бұл аралда 1997 жылы Шар қаласынан көшіп келгелі тұрамыз. Ертістің жағасында су деңгейінің көтерілуі жыл сайын болғанымен, дәл бүгінгідей жайылып кеткен емес,- дейді арал тұрғыны  Асылғазы ӘДІЛБЕКОВ. — 2015 жылдың желтоқсанында қыста бір күнге көшіріп, қайта оралған едік. Шүлбіден су жіберіп азайтпаса тағы болмайды, түсініп отырмын. Бірақ, мұны қала билігі бұған дейін де бақылап көріп отырды ғой. Шүлбіден су жіберетіндерін алдын-ала айтып, халықты дүрліктіргісі келмеген шығар. Бірақ, бір күн бұрын келіп, ертең әзір отырыңыздар деуіне  болатын еді. Таңертең елең-алаңда келді де, жаппай арал тұрғындарын шығара  бастады. Бірінің күйеуі, бірінің балалары жұмысқа  кеткен. Әйтеуір, халық жағдайды дер кезінде түсініп, еш шуламай-ақ кетіп үлгердік. Бір жағынан қыста -45 градусқа дейін барған қатты аяздың Ертістегі мұз қабатының қалыңдауына әсер еткені де байқалады. Судың аралға шамадан тыс жайылып кетуіне ол да себеп. Қазір аралдағы үйлердің аралығын түгел су алып кеткенін естіп отырмыз. Судың баспанамызға зақым келтірмеуін тілеп-ақ отырмыз. Өзге не айта аламыз?!Ал зейнеткер Қайныш Құрманғалиеваның пікірінше, ТЖ қызметі мұзды бұған дейін наурыздың алғашқы он күндігінде жарып үлгеріп, өзен ағысын қалыпқа түсіріп келген екен. Яғни, жергілікті атқарушы  билік дәл жандары мұрнының ұшына келгенде барып қимылдап жатыр.Айтпақшы, қалалық әкімдік тарапынан арал тұрғындары баспаналары жарамсыз болған жағдайда қандай көмек беретіндіктері әлі  айтылған жоқ. Әрине, қала әкімі Сәлімовтің «Бәрін де жасаймыз, үй де береміз, ақша да береміз» деп уәде беретіндей облыс әкімі Ахметовтікіндей құдіреті жоқ. Қонақүйге орналасқан тұрғындармен кездескен қала әкімінің орынбасары  Н.Шарова да хал-жағдайларын сұрастырғанымен, бұл тұрғыда ештеңе айта алмай кетіпті.Ертіс өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген Ермак Сәлімовтен Семейдің төтенше жағдайлар қызметінде техника мен қажетті құралдар қаншалықты жеткілікті екендігін сұрағанымызда «Құдай сақтасын» деп отырмыз» дегеннен өзге  жарытымды жауап болмады. Ал облыс әкімі Даниял  Ахметов Үкіметтің селекторлық отырысында қажетті құрал-саймандар мен техникалардың жеткіліксіздігін  айтқаны белгілі.Әкімдіктің хаббарлауынша, Ертіс өзеніндегі мұзды қопаруға 3600 тонна жарылғыш зат жеткізілген. Бүгін өзеннің төменгі бөлігіндегі мұз қабаттарын жару жүргізілетін болады.

Сәтжан Қасымжанұлы, Семей

Тегтер: