Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:50, 19 Қараша 2018

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ. Махаббат қаласының сиқыры

МАХАББАТ ҚАЛАСЫНЫҢ СИҚЫРЫ (Осы қаланың қаһарман таксишісінің басынан кешкен шытырман оқиғаларға толы 1001 хикаясы)Кітаптың кілтіДжоан Роулинг тәрізді жазушы болуға бекіндім!
        Мен қарапайым ғана таксишімін. Әрине әуелгі мамандығым инженер болатын. Ауылшаруашылығы институтына түскенде арманым қандай биік еді десеңші! Бәріне балта шапқан өзім. Әлбетте көтеріліске қатысқаныма өкінбеймін. Әрбір «қазақпын!» деп кеуде ұрғандар немесе еркекпін дегендер ол көтеріліске қатысуы қажет еді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды мақтаныш етемін. Екі күн қатарынан қазандай қайнап жатқан алаңда жүрдім. Жалпы мен қызуқандымын. Төбелес десе, жо-жоқ, сіз түсінбей қалдыңыз, әлсізге біреу тиісіп жатса немесе әлдекімдер әділетсіздікпен өктемдік етсе онда мен шыдамаймын! Әрине бұл мінезім таксиші болғанға дейін тіптен масқара еді. Ал таксишіні көптеген менменсіген жандар адам қатарында көрмейді. Қанша жынды болғаныммен олардың өктемдігіне, қорлауына шыдап бағамын. Өйткені күнкөріс мені соған мәжбүрледі. Ескертіп қояйын сіз егер намысыма тисеңіз мен құтырған бурадаймын. Менің ұлтым да маған ұқсаған. Бәлкім ұлтыма мен ұқсаған болармын. Қазақ деген ұлтым өте момын. Ол бұрын батыр болған, жылқы мінген халық еді. Кейін ғой, момын болып, құлдықтың қамытын кигені. Момындығынан халқым талай нәрселерден айрылды. Қазағым момындығына қоса өте қонақжай халық. Марко Поло деген жиһанкез бағзы бір замандарда біздің ата-бабаларымыз өмір сүрген осы өңірді аралапты. Сонда ол кісі таң қалып: «Егер де дәл осындай қонақжай халық бүкіл әлемде орналасса, онда қонақ үйдің қажеті жоқ болар еді-ау» депті. Бұл бәлкім қонақжайлылық емес дарақылық болар. Ол жөнінде алдағы уақытта әлі де тереңдетіп айтатын боламыз.    Менің айтайын дегенім біздің солтүстігімізде орыс деген халық өмір сүріп жатыр. Сол орыс аяқ астынан күшейіп жан-жағындағы елдердің бәрін жаулап алады. Оның ішінде біз де бармыз. Біздің тарихшылар әрқилы айтады. Олар біздің қожайынымыз болғалы үш жүз жылдай болыпты. Жеріміздің бәрін тартып алған. Отарлап білгенін істеген. Аштыққа да ұшыратып, қынадай қырған. Желтоқсан көтерілісі осы қорлықтардан кейін бұрқ ете қалған. Көтерілістен соң біздей бейбақтарды ұстап алды да, соттады. Мына сіздердің алдарыңызда сайрап отырған міскін жан үш жылдай түрменің азабын көріп келген. Оқудан шығып қалып, кейін ақталып, бітіріп шықтым-ау, әйтеуір.    Алланың қалауымен тәуелсіздік алдық. Жегіштер, жемқорлар бай ауылдарды тонады. Біздің ауыл да солардың құрбандығының бірі. Біз жансебіл іздеп қалаға келдік. О-о, менің қалам ең сұлу да, сиқырлы қала! Алғашқыда арба айдадым. Құлдардың қатарында тұрып денемді, еңбегімді саттым. Енді мінеки таксишімін. Алып қаланың бар құпиясы көкірегімде сайрап тұр. Небір таңғажайып оқиғаларды бастан кештім.    Менің білгір бір жолаушыма осылардың шет жағасын айтып едім, жатты да жабысты. Кітап шығаратын баспагер екен.    − Сіз Джоан Роулингті білесіз бе? – деді ол аптыға сөйлеп.    − Білем, Гарри Поттерді жазған жазушы ғой, − деп мен де білгішсіндім. Анау таң қалды да бұлай деді:    − Сіз кітап оқисыз ба?    − О-о, оқығанда қандай! Міне, қобдишамда бір емес екі кітап жатыр. Бальзакты, Мопассанды қайта оқып жүрмін. – Мен қобдишамды ашып екі дәу кітапты суырып алдым.    − Мәссаған! Мен баспагер болсам да мұндай кітаптарды оқуға уақытым жоқ. Менің айтайын дегенім кітап дегеніміз ол бизнес. Жақсы кітаптарды сатып баюға болады. Айтпақшы сіз әңгіме жазып көрдіңіз бе?Жолаушының мына сұрағына сасып қалдым. Сәл ойландым да:    − Күнделік жазамын. Міне, мынау күнделігім, − деп қалың блокнотты көрсеттім. Ол менің күнделігімді парақтап, кейбір жерлерін оқып біршама отырды. Менің жолаушым қызық. Аяқ астынан айқайлап жіберді.    − Тамаша! – деді ол кабинамның ішін дүр сілкіндіріп. – Тура кәнігі жазушыдай сілтейсіз. Джоан Роулинг те жәй мұғалім, аудармашы болған. Сізге мынадай тапсырма бар!    − Қандай тапсырма? – деп шамданып қалдым.    − Жалпы, сіз Джоан апамыз сияқты байығыңыз келе ме? Мен білем мына таксишілдігіңізбен өмірі байымайсыз.    − Иә, оны мен де білемін. Сіз өзіңіз қызықсыз. Кім байығысы келмейді дейсіз? Әрине, байығым келеді.    − Ендеше мына күнделігіңіздегіні, ана көкірек сарайыңыздағы барыңызды қағазға түсіресіз. Қысқасы мамандығыңызды өзгертіп, жазушы боласыз. Сіздің кітабыңызды шығарушы мен боламын. Ағылшын тіліне де аударамыз. Қалай келістік пе? – Баспагерім әшкейін жөндеп қойып маған тесірейе қарады.    − Кітаптарды сатып байимыз ба сонда? – деп таңғала сұрадым. – Оны кім сатады?    − Ол жағын маған қалдырыңыз. Келістік пе, кәне? – Ол оң қолын маған ұсынды.    Мінеки, мен сөйтіп аяқ астынан жазушы болып шыға келдім. Бірақ жазушы болу оңай емес екен. Алдымен хикаятымның атын қойып алғым келді. Менің кітабымдағы оқиғалар түгелімен осы қалада өткен. Мен осы қаланы жақсы көремін. Оның әрбір көшесі, түкпірі, қиыр-шиыры маған етене таныс. Оның небір құпияларын білемін. Алдымен кітаптың атауын «Таксишінің күнделігінен» деп қойдым. Кейін оны көп өзгерттім. Содан ең соңында «Махаббат қаласының сиқыры» деп атап, оны әйелім Сәлима қолдады.    Енді жазуға отырдым. Қалай бастарымды білмедім. Оқиғалардың бәрі өре түрегеліп «Мені жаз! Мені жаз!» дейді таласып. Неде болса балалық шақтан бастап, кітап оқуға қалай ғашық болғанымды жазайын деп бекіндім.Қадірлі оқырман! Мен қарапайым таксишімін. Кітабымның кемшілігі болса кешіріңіздер. Ал мінеки, бастадым! Бисмиллахир рахмани рахим! Шытырман оқиғалардың құлпыашарыБала кезімде махаббатқа қалай уландым?    Сіз Сандыбадты білесіз бе? Әрине, білесіз. Ол ең алдымен «Мың бір түннің» атақты кейіпкерлерінің бірі болды. Кейін мөлтек фильмнің кейіпкері болып өмірге қайта келді. Шахризаданың ертектерінің ішінде ол менің есімде ерекше әрі мәңгіге қалып қойыпты. Иә-ә, мен «Мың бір түннің» махаббат хикаяларымен бала кезімде «уландым». Ол кезде жасым бар болғаны он бір-он екіде ғой деймін ұмытпасам. Түн ортасында ұрлыққа түстім. Өмірімдегі ең бірінші ірі ұрлығым еді. Алматы деген үлкен шаһарда оқитын әпкем Райхан осы таңғажайып кітапты жазғы демалысында ауылға әкелді. Анау-мынау емес, төрт том. Менің ол кезде кітап оқуға құнығып жүрген кезім. Кітапханаға жиі-жиі сапар шегетінмін. Алдымен әрине, үшінші класта батырлар жырларымен ауыздандым. Ойын баласымыз ғой. Бірақ кітап оқып отырғандарды көргенде қатты қызығатынмын. Әкем трактор айдайтын. Анам балабақшада жұмыс істейді. Екеуі де кітапқа құмар-тын. Бір жақсы кітап қолдарына түссе таласып оқитын. Әкем тіпті оқып жатқан кітабын трактріне салып, жұмысына да алып кететін. Мен үшін бұл алғашқыда қызық көрінді. Үшінші-төртінші сыныбымда ғой деймін әке-шешем жинаған кітаптарды қарап, қайсысын оқырымды білмей ортасында отырғанмын. Осы кезде апам жаныма келіп, басымнан сыйпады.    − Балам, сен кітап оқығың келіп отыр ғой, ә? − деді мейірлене сөйлеп.    − Иә, − дедім мен маңыздана үлкен кітапты алдына қойып.    − Талғатжан, алдымен мына батырлар жыры кітабы мен қазақ ертектерін оқудан баста. Балам, кітап оқыған адам әлемдегі ең бай адамға айналады. Ондағы кейіпкерлер сенің нағыз сырлас достарыңа айналады. Мінеки, мына Алпамыс батыр бабаң туралы қиссаны оқышы. Қызық оқиғалардың ішіне бір кірсең шыға алмайсың. Бүгін кітап оқуды осы қиссадан баста! – деп апам асығыс түрде кетіп қалды.    Алғашында сүлесоқ кірістім. Бір кездері қиссаға кіріп кетіппін. Алты жасар Алпамыс тез-тез өсіп бірден батырға айналады. Одан кейін жорыққа аттануы… Мыстан кемпірдің алдауына түсуі… Қозы баққан Тазша бала… Қиссаны кешке дейін бас алмай оқыдым.    − Ойбо-ой, балам-ау, қиссаға кіріп кетіпсің ғой. Талғатжан, қалғанын ертең оқисың. Бүгінге жетер. Әкең айтқан шаруаларды тындыр, сабағыңды оқы!    Мінеки кітап оқу да бір сиқыр екен. Апам енді мені тоқтата алмады. Ал енді «Мың бір түнді» қалай ұрлағанымды аяғына жеткізейін. Біздің отбасымызда жеті бала бар. Әпкеміз Райхан ең үлкеніміз. Ол да кітап оқығыш. Ол әкелген «Мың бір түннің» кітаптарын көргенде көзім шырақтай жайнап кетті. Кітаптың әрқайсысын кезек-кезек қолыма алып, ішін ақтарып, қызыға, құмарлана қарай бастадым. Кітапқа деген қызығушылығымды байқап қалған әпкем менің қолымдағы кітапты жұлып алды.    − Бұл кітапты оқуға саған әлі ерте, сары бала. Мұнда тек махаббат жайлы жазған. Түсіндің бе, балақай? – деді әпкем қатаң түрде.    − Неге оқуға болмайды? Мен қазір үлкен жігітпін. Жасым он екіде. Әпкетай, оқиыншы. Қызық кітап екенін бірден байқап қойдым, − деп мен де қоймадым.    − Өтірік айтпа, Талғатжан. Он бірден енді ғана астың. Бұл кітаптар ересек адамдарға арналған...    Ішім удай ашып, ызаланып кеттім. Көзім жасқа толды. Бірақ шыдадым. Түн ортасында тұрып, күндіз қолым жетпеген кітапты ұрлап алдым. Таңға дейін әлі күнге есімде Шахризаданың хикаяларын Һорон Рашид патшамен бірге «тыңдадым». Кейде сәтін салған кезде күндіз ұрлыққа түсіп, далаға барып тығылып оқитынмын. Сонда ғой Сандыбадпен «танысқаным». О-о, не деген қайсар жан! Қаншама рет өліммен бетпе-бет келсе де, сапарларын жалғастыратын батыр Сандыбадтан өмірде үлгі алдым.    Кітабымның алғашқы құлпыашар тарауын бірден кітап оқудан бастаған себебім сіздерге түсінікті болу керек деп ойлаймын. Ал Сандыбадпен менің тағдырым ұқсас. Сандыбад ұзақ сапарларға шығып, талай рет өліммен бетпе-бет кездессе, ал біздің таксишілердің өмірлері күн сайын қауіп-қатерлерге толы. Жалпы «Мың бір түн» кітабын бүкіл халық жақсы көріп оқыды. Неге? Оған бала кезімде жауап бере алмайтыным анық еді. Кейін ойлансам біздің қанымыз да, жанымыз да, тіптен тегіміз де ислам дінімен әбден суарылған екен. Мың жыл бұрын осы дінді ата-бабаларымыз қабылдады. Кеңес өкіметі мың жылдық дініміз бен салт-дәстүрлерімізден біржола айырып, мәңгүрт еткісі келді. Қызылдардың мемлекеті немесе оны басқарушылар өздері құдай болып бар дүниені алақанының астына басты. Бізді тарихы жоқ, надан халық деп өзімізге-өзімізді мойындатып, құлақкесті құлға айналдырды. Ол үшін барлық айла-тәсілдерін қолданды. Зорлық пен қорлықтың неше түрін жасады. Олар осы арқылы өздерінің надан екенін дәлелдеді. Тарихқа үңілмеді. Мәселен мүрдесі Лондонда жатқан Перғауынның тағдырының соңы қандай қасіретпен аяқталғанын олар білген жоқ па? Білді. Құдайсыз мемлекет қанша қуатты болғанмен ол күйрейтіні анық. Ақыры не болды? Қызыл империя да тұздай еріп жоқ болды.    О-о, сіздердің миларыңызды ашытып жібердім-ау деймін. Сәл шыдаңыз! Менің түпкі айтайын дегенім «Мың бір түн» де ислам мемлекетінің туындысы. Онда қалай болғанда да әпкем айтпақшы махаббатпен бірге иман әлемі бар. Сусап, шөлдеп тұрған біздей мұсылмандар бұл кітаптан иман нәрін алдық. Ол кітаптың кейіпкерлері жүрегімізге жақын. Яғни жүрегімізді жылытты. Мен беташар тарауымды осымен бітірсем болар еді. Бірақ төрткүл әлемде соңғы болып жатқан оқиғалар, соғыстар, оларды жасап жатқан зұлымдар менің балалық шақтағы сақталған жып-жылы көріністердің барлығын тас-талқан етті. Бағдатты қиратты. Мысырды күйретті. Олармен бірге менің пәк балалық әлемімдегі ертегі ғажайыптары көзден бал-бұл ұшты. Жақында бір көріністі көріп жүрегім тас төбеме шықты. Сирияда басы жоқ ананы сәбиі еміп жатыр… Отызыншы жылы ашаршылық кезінде де дәл осындай суретті көргенде қатты шошып едім. Біз, адамзат, неге соншама зұлым болып бара жатырмыз? Неге? Неге! 1-оқиғаТәкаппар келіншектің сағынышы    Жаз биыл ыстық та қапырық болып тұр. Бүгін де үп еткен жел жоқ. Жан-жағын алып таулар қоршағандықтан ба, менің қаламда әу бастан жел соқпайды. Бұған әбден үйренгенбіз. Бір жақсы жері сол көгілдір Аспантаулар баурайындағы қаласына жиі-жиі бұлттарын жіберіп, шомылдырып алатыны бар. Ондайда желпіген хош иіс көкірек сарайыңды ашып, қала құлпырып сала береді. Жаңбыр жауғанда жолаушылар да көп болады. Бүгін аса жолым болмады. Күн ыстығынан ба, тұрғындар үй-үйлеріне тығылып қалғандай бейне. Көк базар мен Саяхат жақты бір шарлап келдім. Екінші вокзалдан қырықтың о жақ бұ жағындағы әйел ауыр сөмкісін сүйретіп әзер шығып келеді. Жүзі таныс сияқты көрінді. Ол да мені танығандай қалт тұрып қалды.    − Такси керек пе? – деп едім ол сөзге келмеді. Шынында да сөмкісі ауыр екен. Тау жақтағы саяжайлардағы мекенжайын айтты. Сомасын шамалап айтып едім, оған да көнді.    − Өз үйіңіз бе ондағы? − деп едім маған ол одырая қарады.    − Үйім болмаса сатып әперейін деп пе едің… – Тілімді тістедім. «Момын» келіншек емес екен.    − Кешіріңіз, жәй сұрағаным ғой.    Ол да, мен де көпке дейін үндеген жоқпыз. Тау аңғарына кірген соң ғана амал жоқ, тілімнің тұсауын шешкім келіп, сөйлеуге ыңғайлана бердім. Себебі екі тарам жолдың дәп ортасына келіп тұмсық тіреген едім. Қырсық келіншек менің алдымды орап кетті.    − Оң жағына бұрыл! – деді ол әмірлі үнмен. Менің «Жигулиім» биікке көтерілгенде ыңырана қиналды. Бірақ мұндайдың талайын көрген мен газды баса түсіп, мынау жыныма тиіп келе жатқан қырсық келіншектен тезірек құтылғым келді. Жотадан аса бергенде алдымыздан жалт-жұлт еткен әдемі, биік үйлер жамырап шыға келді.    − Оһо! Таксиші болып мынадай ертегідей қалашықты қалай көрмей жүрмін, ә?! – деп мен қанша сөйлемеймін десем де таңданғаннан айқайлап жібердім.    − Бұл байлардың қалашығы. Жұмақ жер. Сенің мына дөрендәлетіңді мұнда кіргізбейді. Асығыс болған соң сені амалдың жоғынан жалдадым. Жалдағанымның тағы бір себебі бар. Оны үйге барған соң айтамын. – Келіншектің неге кергіп келе жатқанын енді түсінгендей болған мен бұл сөзді айтқан оған жалт қарадым. «Ойпырмай, мына келіншекті қай жерден көрдім?» деген сұраулы ой миымда тағы да жылтылдады.    − Неменеге қарайсың аңырайып? Әне-еу, гүлзарды айналып өт те, көлденең жолға түс!   «Қап, мынаны-ай!» деп кіжіне ойласам да үндемедім.    Қалашықтағы небір биік те әсем үйлерді көріп таңданып келемін. «Бұлар қайдан келген байлар? Мына үйлердің қай-қайсысы болсын пәлен миллион доллар тұрады. Ол соншама ақшаны қайдан алған?» деп ойлап қойдым. Осы үйлердің шет жағында әсем үйге жақындағанда:    − Әй, ауылбай, ана үйдің қақпасынан машинаңды кіргіз. Әйтпесе мына дөрендәлетіңді көрсе біздің ауылдың байлары өртеп жіберер.    Әйелдің дөрекі сөйлегеніне етім үйренейін деді ме, әйтеуір бұл жолы анау айтарлықтай ызаланбадым. Біз жақындағанда қақпа өзінен-өзі жоғары жаққа ысырылып ашыла бастады. Әсем де биік үй алыстан айбарлана көрініп еді, енді қақпа ашылғанда сыланған сұлудай ол жарқ ете түсті. Кең аула… Гүлзар. Шыршалар, қарағайлар жеке-жеке қол ұстасып тізбектеле көрінді. Мен байлықтың салтанатын көріп өзінен-өзі ыңғайсыздандым.    − Мен кетейін рұқсат берсеңіз. – Дауысым міңгірлеп әзер естілді. Машинадан жұлқына шыға берген келіншек әмірлі дауыспен бір ауыз сөз айтты.    − Кетпейсің! Бүгінгі табар ақшаңның бәрі менің мойнымда!    Жан дүниемде алапат қарсылық бой көтергенмен неге екенін өзім түсінбеймін, үндемедім. Тек таңқалғаным «Кетпейсің!» дегені. Неге олай деп кесіп айтты? «Бұл келіншекте не күш бар?» деп ойладым. Үйден бір еңгезердей жігіт шығып сөмкіні алып кетті. Менімен сәлемдескен де жоқ.    − Қазір келемін. Тұра тұр! – деп біртүрлі іштарта сөйлеген келіншек те кіріп кетті. Айналаға көз салып біраз тұрып қалдым. Үйдің ар жағында демалатын кең жай бар екен. Қыздың жанарындай дөңгелек әуіз. Отыратын әсем орындар. Айналасының бәрі гүл, шырша, аршалар. Аузым аңқиып таңданып тұрып қалыппын. Кенет ту сыртымнан қыздың сыңғырлаған дауысы шықты.    − Сізді Шырын ханым ішке шақырып жатыр. – Жалт қарадым. Әдемі сұлу қыз маған жымия қарап тұр.  − Жүріңіз, − деді ол сыпайы түрде. Мен амал жоқ соңынан ердім. Мәрмәр еденнен аяғым тайып кетем бе деп қорқып абайлап жүріп келемін. Бөлме- бөлмеден өтіп бір үлкен залға кірдік. Ұзынша үстел орындықтары әппақ. Үстел үсті неше түрлі тағамға толы. Шарап, ішімдіктің түр-түрі тұр. Қарным ашып келген мен қалт тұра қалып, тағамдарға ашкөздене қарадым. Сөйтіп тұрғанда арт жағымнан сыбдыр естіліп, жалт етіп қараймын дегенімше бір нәзік алақан көздерімді басты.    − Кім, кім бұл? – дедім. Әрине, менің көзімді басқан нәзік жанды әйел заты екенін біліп тұрмын.    − Есіңе түсір. Айтшы, мен кіммін? – Шырын ханым болар бұл. Егер Шырын ханым бағанағы мен әкелген тентек келіншек болса ше? Әй, қайдам… Мына хош иісі еліткен әйелдің дауысы жан жадыратып тұрған жоқ па?    − Неге үндемейсің? Сен мені танымадың ғой, білем. Егер танымасаң саған қояр шартым бар. Орындайсың ғой?    Сәл үндемей тұрдым да:    − Мақұл, орындаймын! – дедім тәуекелге баса нық сөйлеп. Ол қолын босатты. Мен еңсеріле шалт бұрылдым. Денем дір ете түсті. Мен әкелген келіншек! Бірақ мүлдем басқаша кейіпте. Жүзінде нұр, қарақат көздерінде шуақ. Алдына бұрымын салған сұлу келіншек маған мейіріммен, іштарта жымия қарайды. Құдайым-ау, кім, кім бұл? Жүрегім неге менің атқақтай соғып кеудеме сыймай тұр? Кенет көз алдыма көрші ауылдағы бұрымды қыз Қаракөз елестеді. Сол, сол ғой. Мен сүйген қыз. Алғашқы махаббатым! Өмірбақи ұмытпай көкірек сарайыма сақтаған бейкүнә періште қыз!    − Қаракөз, Қаракөзсің ғой сен!    − Иә, иә, зорға дегенде таныдың ғой. – Мен оны еркімнен тыс құшақтай алдым. Теңіз толқынындай лап еткен сағыныш мені шыдатпады білем. Ол да менің ыстық құшағыма, ыстық сезіміме көміліп қалғандай қарсылық білдірмеді. Қырықтан асып елуге бет алған біз қас қағым сәтте жастық шағымызға қарай біржола аунап түскендейміз... 2-оқиғаБұқамен жекпе-жек   … Көрші ауылдың сұлу қызы. Бұрымы тілерсегін соғады. Көздері қарақаттай. Әппақ бойжеткен. Ауылы оның Шырын есімін ысырып тастап Қаракөз атап кеткен қыз. Мектеп бітіретін әдемі, әсем шағымыз. Көрші ауылда ұйғырлар көп. Шырынның әкесі ұйғыр, анасы қазақ. Қазақ болып біте қайнасып кеткен отбасы. Көрші ауылдың жігіттері мен балалары бәсекелес. Спорт жағынан, әсіресе футбол, волейбол, баскетболдан жарысып, бірде олар, бірде біз жеңіп, жеңіліп жатамыз. Кейде төбелесіп те қаламыз. Оның негізгі себептерінің бірі – қыз. Бірақ соған қарамастан төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып жатады. Шырынның анасы біздің ауылдың қызы. Екі жақ келіспей қиянпұрыс жағдайға ұшырап, ақыры қызымыз да, олардың ұлы да «Егер қосылмасақ өлеміз!» депті. Әке-шешесі амал жоқ көніпті. Енді мінеки біз Қаракөз екеуміз  де «махаббатымыз үшін өліспей беріспейміз!» деп шештік. Мен де өзімше ауылдағы мықты бозбаланың бірімін. Күрестен де, бокстан да дес бермеймін. Барлық спорт түрлеріне қатысып, екі ауылдың қыздарының ауыздарында жүрген көрікті жігітпін. Біздің арамызға бізден бір жыл бұрын бітіріп кеткен Қаракөздің ауылынан бір жігіт түсті.    − Бала, − деді ол бір кездескенде. – Қаракөз менің атастырылған қызым. Сен одан аулақ жүр! Әйтпесе...    Әрине, мен одан тайсалып Қаракөзімді тастамадым. Ол мені сүйді, мен оны сүйдім. Бір-бірімізді көре алмасақ тұра алмайтынбыз. Әлгі жігіт менің оңай көнбесімді біліп жекпе-жекке шақырды.    − Қорқақ, сужүрек болма. Сен жекпе-жекке шық. Далада бокстасамыз. Қолғабыңды ала кел, − деді ол уақытын белгілеп. Мұны қалай, кімнен естігенін кім білсін, Қаракөз естіп жанұшыра мені мектепке іздеп келіпті.    − Жекпе-жекке шықпа! Ол сенен жасы да үлкен, күші де басым. Бұқа сияқты бәле ғой! – Мен көнбедім. Қаракөз ағыл-тегіл жылады. Мені аяп тұр.    − Жылама, Қаракөз. Мен одан қорықсам жігіттігім қайда? Сен жігітіңнің намыссыз емес, намысты болғанын қалайсың ғой, − дедім.    Айлы түн. Қалғып тұратын таулар бүгін ояу. Мамыр айының түні маужырап тұр. Біз екеуміз. Әлгі жігіт, қарсыласым тас-түйін. Біздің ринг алаңымыз айдала. Аяқ астымыз көгал. Дәл осы сәтте:    − Талғат, мен де келдім! – деген қыздың сыңғырлаған үні естілді. Қаракөз! Жанында құрбылас досы. – Апамызды алдап кеттік.    − Бекер келдің ғой. Оның не, жаным-ау? − деп тебіреніп кеттім.    Қарсыласым кенет өз талабын жариялады. «Кім жеңсе қыз сонікі!» Қаракөз шыр етті. «Көнбе оған!» деді. Бірақ мен оған «Солай болсын!» дедім.    Жекпе-жек басталды. Қарсыласым бірден дүлей күшпен, алапат шабуылмен бастады. Жаңбырдай жауған соққыларды дарытпауға тырысып, бірден тактикалық әдіске көштім. Ойым Қаракөз айтпақшы бұқа жігітті шаршату. Әрине, оның соққылары мірдің оғындай соққылар. Бірақ олардың біреуі тиеді, екі-үшеуі далаға кетеді. Ең бастысы ол соққыларды жанды жерлеріме тигізбеу. Яғни жаттықтырушымның үйреткендерін пайдаға асыру. Тәжірибем бар. Біршама рингке шыққанмын. Мақтанғаным емес, бәрін жеңіппін. Сол қолымның соққысы алапат. Аңдып жүріп иектен соғамын. Кез келген қарсыласым есеңгіреп не нокдаунға, не нокаутқа кетеді.    Байқап жүрмін Бұқа шаршаған сияқты көрінді. Әр соққысын ырс-ырс етіп соғады. Ырс-ырс етіп демалады. Маған да оңай емес. Бірақ күнделікті жаттығу жасап, үнемі жүгіруім пайдасын тигізіп тұр. Бір жағынан:    − Талғат! Талғат! – деп екі қыздың айқайлауы маған рух, күш берді. Бірде қарсыласым шаршады ма, білмеймін бетін мүлдем ашық қалдырды. Бар күшімді жинап, сол қолыммен еңсере ұрдым. Ол қалт тұрып қалды. Енді оң қолыммен аямай соққанда ол шалқалай құлап, жерді ауыр денесімен солқ еткізгендей болды.    − Урра! – деген қыздардың шаттанған дауыстары мен шапалақтары қатар шықты. Мен екі қыздың құшағында қалдым. Бұқа жігіт сәлден соң есін жиып басын көтеріп, тұрмақшы болып еді, қайта сылқ етіп құлады. Бірақ ол кейін уәдесінде тұрмады...    Маусым айының соңы. Біз табиғатқа шықтық. Қаракөз екеуміз ғанамыз. Түн еді тағы да. Бұл махаббат жекпе-жегі еді. Енді бірнеше күннен соң оқуға аттанамыз. Мен де, Қаракөз де алтын медальмен бітірдік. Арманымыз биік те көп болатын. Біз айлы түнде мәңгілік бірге болуға серттестік. Көп сүйістік. Алайда қанбадық. Міне, қатар жатырмыз.    − Не деген сұлусың! – деймін мен ынтығып. Біз-бірімізге жақындай бердік. Деміміз жиілеп, денеміз бір ысып, бір суынып ғажайып бір тылсым дүние құшағында ұшып кетіп бара жаттық, кетіп бара жаттық. Қаракөздің қос анары дір-дір етіп көзімді арбайды. Иә, біз екеуміз өзімізді-өзіміз ұстай алмайтын халге жетіп едік. Алқызыл еріннен құшырлана сүйіп, ақ тамақтан, көзінен сүйіп, қолым қыздың төмен жағына жүгірді. Ол еш қарсыласпады. «Мен сендікпін!» деген сертін орындап, маған бар ынтық сезіммен жауап қатып жатты.    Кенет бір мақұлық тура жанымыздан зу етіп өте шықты. Түлкі! Кәдімгі түлкі! Бізді қорғаныш көргендей тура ығымызға келіп тоқтады. Әбден шаршаған болуы керек. Тілі салақтап ентігіп кетіпті. Артынан қуып дәу ит келді екпіндеп. Бізге бата алмай түлкіге ол айбат шегіп арс-арс үрді. Мен есімді әзер жинап, итті қуып жібердім. Бізді ыстық сезім құшағынан суырып алған ол оқиғаны айтып Қаракөз екеуміз кейін күліп жібердік.    Иә, ана бұқа жігіт уәдесінде тұрмады. Қаракөздің әке-шешесімен келіскен болу керек Алматыға кетерден бір күн бұрын менің әппақ аруымды таудағы жездесінің үйіне алып кетіпті. Оны кейін естідім. Себебі мен Қаракөзді Алматыдан күтіп аламын деп келіскенмін. Сайрамда ауылдан келетін автобусты күтіп екі-үш күн торуылдадым. Өткеннен де, кеткеннен де сұраған сормаңдай мен болдым. Ал Қаракөзді алып қашқанын естіген сәтте қатты есеңгіредім. Жатақхананың ту сыртында парк болушы еді. Сонда барып ал кеп жыла! Қаракөзімнен тірідей айырылдым. Ол менің түсіме жиі кіретін. «Мен кінәлі емеспін!» дейтін ол еңіреп жылап.    Қаракөзді мен содан кейін жолықтырған жоқпын. Мінеки жиырма жылдан соң кездестірдім. Тура сол алапат ыстық сезім оянды. Деміміз жиілеп, денем бір ысып, бір суынды. Қаракөз де солай болуы керек. Ернін тосып, қарақат көздерін жұма берді. Шөлдеп қалғандай ернінен өбіп, ақ тамағын аймаладым.    − Неткен сұлусың, жаным! – дедім мен ынтыға қарап.    − Мен бұл сұлулығымды саған сақтадым, арыстаным! – деп сыбырлай сөйледі аруым. Біз махаббатқа, сезімге мас болып қанша тұрғанымызды білмейміз, бір кезде ыстық алақан көрші бөлмеге сүйрей жөнелді. Әппақ ақ шымылдық ішіне қойып кеттік...    − Мен сенімен тар төсекте кездесемін деген жиырма жылдық арман-шымылдығым осы! – деді Қаракөз.    Біз осылай екі түн, екі күн ажыраспадық. Тамақ ішеміз, қайта жатамыз. Әңгімелесеміз, жиырма жылдан аса уақыт жиналған оқиғалар, шер мен сырлар айтылды. Қысқартып айтсам Бұқаның басшылығымен екі-үш жігіт қызды машинамен алып қашады. Ол көнбейді, шыңғырады. «Талғат!» деп мені шақырады, тепкілейді, тырнайды. Болмаған соң мұның аузы-мұрнын шүберекпен басып есінен тандырады. Тұрған кезде төсекте жатыр екен. Сылқ түсіп, жылап, бүк түсіп, тамақ ішпей екі-үш күн жатады. Ақыры көнеді. Бірақ Бұқамен жатқанда сұп-суық жатады. Ол білгенін істейді. Бұл селсоқ. «Тек сені ойлай бердім. Жатсам да, тұрсам да сен ойымнан шықпадың. Өмірбақи сенен басқа ешкімді сүйген жоқпын, арыстаным! Ақыры арманыма жеттім. Аллаға сыйындым күні-түні. Сені вокзалда көргенде бірден таныдым. Келгенше өзімді өзім танытпайын деп өтірік дөрекі сөйлестім» деді Қаракөз күліп. «Бұрымымды да саған сақтадым. Сұлулығымды сақтау үшін үнемі спорттық жаттығуларды жасап тұруды үзбедім. Қыз денем ақыры иесіне бұйырылды. Бірақ тым кеш!» Қаракөздің бота көздеріне жас толды.    Қаракөз Бұқамен екі жылға жуық уақыт әрең тұрады. Кілең қызғанады екен. «Мұздай суықсың! Тәнің менде, жаның Талғатта!» деп арақ ішіп келіп мұны соғып тастайды. Бірнеше рет таяқ жеп, көкала қойдай болып үйіне де қашып келді. Әке-шешесі сонда ғана барып қыздарының обалына қалғанын біліп, үйіне қайтып келуге рұқсат берді. Бұқа бір-екі рет келген. Оны «Сотқа береміз!» деп қорқытқаннан кейін қайта жоламады.    − Өмірімді жаңаша бастаймын деп Алматыға келдім. Сені таппадым. Содан маған бір бай жігіт ғашық болды. «Оқытамын, тоқытамын» деп артымнан қалмай қойды. Зорға күнімді көріп жүрген мен көндім. Той жасады. Шынында да бай жігіт екен. Ол бірден көп дүниені менің атыма аударды. Заң оқуын бітірдім. Бала болмады. Ол жігіт қаншама асты-үстіме түскенмен оған жібімедім. Сен ойымнан шықпадың. Бір күні күйеуім апатқа ұшырады. Жалғыз қалдым. Ол өлетінін білгендей маған барлық кәсібінің қыры-сырын үйретіп кетті. Қолға алдым бәрін. Шүкір, жаман емес. Мына үйді көріп тұрсың. Мейрамхана, асхана, наубайхана бар. Сен менің бірінші шартымды орындадың. Енді екінші шартымды тыңда! – деді Қаракөз маған тығыла түсіп.    − Ол не шарт? – Қаракөз сәл ғана ойланғандай үнсіз отырды да, әңгімесін жалғастырды.    − Арыстаным, мына екі күн, екі түнім менің өмірімдегі ең бақытты шақтарым. Осы бақытты шағым ұзағынан сүйіндіргей деп тілеймін. Ол тек саған байланысты. Мен сенің тоқалың болуға дайынмын. Енді мен сенен айрылмаймын. Әйеліңмен таныстыр. Мына дүниенің бәрі сенікі. Ал да әрі қарай жүргіз, бәрін қолыңа ал. Сен ойлама, мен сені дүниеммен қызықтырып жатқан жоқпын. Маған байлық керек емес. Сен ғана қажетсің маған. Мені тастамашы, жаным!    Қаракөз жылап жіберді. Мен жұбатып әлекпін. Тастамауға уәдемді бердім. Үшінші күні далаға шықсам «Жигулиім» ұшты-күйлі жоқ. Үш жап-жаңа жеңіл машина тұр тізіліп.    − Арыстаным, мына тұлпардың бірін таңда! – деді Қаракөз. Мен Алланың құдіретіне таң қалдым. Мына үйге тақыр кедей болып кіріп едім, енді баймын. Ең бастысы жылдар бойына іздеген аққуымды таптым. Жай тауып қана қойған жоқпын, мәңгілік бірге боламыз деп шешіп қайтып барамын. Кетерімде Қаракөз тағы бір сөзімен қуантты.    − Сенің үш балаң бар екен. Мен бала тумаған әйелмін. Осы балаларыңа мен бар аналық махаббатымды арнағым келеді... ***    Мен таксиші мамандығыммен осылай қоштасқандай болдым. Бұл оқиға менің кітабымның ең соңына таман тұруы тиіс еді. Бірақ неге екені белгісіз кітабымның беташары ретінде менің өмірімдегі ең маңызды оқиға, ең маңызды шақ болып орын алды. Ал кітап жазып баюға деген талабым бұл оқиғаның алдында болғанын оқырманыма ескерте кеткім келеді. Алдағы болатын оқиғалар бұдан да қызық. Олардың арасында өмір мен өлім арпалысқан, оқиға атақты Шаңырақ көтерілісі жайлы шындық, жеңгетайлардың адам айтқысыз күнәлары, рэкеттердің тайталасы, қазақ мектептерін ашудағы қазақ жігіттерінің ерлігі дейсіз бе, бәрі-бәрі бар. Сандыбадтың сапарлары сияқты таксишінің қайсарлығы осы оқиғалармен астасып, Махаббат қаласы сиқырының сырлары да тізбектеліп, оқырманымды жалықтырмайды ғой деген ойдамын.    Айтпақшы көп жылдардан кейін кездескен махаббатымның маған «тоқал боламын» деген өтініші орындалды ма?» деген сауал оқырманымды мазалайтыны анық. Ол сауалдың жауабын ойлана келе жазбаларымның соңында жария етуге шешім қабылдадым. 3-оқиғаЖабайы базар өмірлерін өксіткен әйелдер    Жексенбі күні Алматы тыныштық құшағына бөленеді. Көшелерде де көліктер сирек. Бір жаманы жолаушылар аз. Таксишілер олардың шоғырланған жерлерінде тышқан аңдыған мысықтай торуылдап тұрамыз. Мұндайда кітап оқимын. Одан жалыққанда бізге ой серік. Ауылдан келуін келгенімізбен байып кеткеніміз шамалы. Әйтеуір өлместің күнін көріп жүрміз. Тәуелсіздік алған кезде қатты қуанғандардың қатарында мен де бармын. Ол кезде ауылдамыз. Жұмысымыз бар. Уайым жоқ. Көп ұзамай ауыл адамдарына қолайсыз оқиғалар бола бастады. Он мыңдаған қой мен мыңдаған ірі қаралардың қайда кеткенін білмей де қалдық. Біздің ауылда білесіз бе, жиырма мыңдай тұрғын болды. Бізде адам баласының жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған еді. Киім тігетін фабрика, шағын зауыттар сағат тіліндей істеп тұрды. Айлықты да уақытында алатынбыз. Оның үстіне отбасымызда бір-екі сиыр, оншақты қойымыз бар. Кейбіреулеріміз құс асырайтынбыз. Огородта да жеміс ағаштарын, көкөніс өсіретін едік. Кеңес өкіметі малдың санын одан асырмайтын.    Сол жақсы өмірімізді кенеттен бір дүлей күш ұрлай бастады. Бәрі де көз алдымызда өтті. Ақшамыз ауысты. Өзіміздің Ата-заңымыз, президентіміз, парламентіміз және әнұран дей ме, әйтеуір жас мемлекетімізге керекті рәміздерінің бәрі пайда болды. Шаттана қуандық. Ленин, КПСС және оған қатысты кітаптардың бәрін лақтырдық. Қызыл көсемдердің ескерткіштерінің кейбіреулерін қирата бастадық. Қысқасы мүлдем жаңа өмір бастадық. Енді бір қарасақ айналамызда күн көретін ештеңе қалмапты. Ең бастысы жұмыс жоқ. Екі қолымыз бос қалды. Болмаған соң малымызды саттық. Оларды да сатып алатын адамдар таппай қиналдық. Алса да жарымайтын ақшаға әзер алатын. Тыржалаңаш қалғандаймыз бейне. Зауыт, фабрикалар жаппай жабылды. Совхоздың малы түгілі техникаларының бәрі аз күнде зым-зия жоқ болды. Ел өздері өлмеудің әрекеттерін жасай бастады.    Коммерсанттар дегендер пайда болып, ала қоржын арқалап сауданы қыздырды. Бұрын «алыпсатарлар, саудагерлер» деп өкімет қудалап, ел оларды жек көретін. Ауылда ондаған шаруа қожалықтары пайда болып, бәріміз шетімізден бастық атандық. Бірақ ескі-құсқы техника ештеңеге жарамай, азын-аулақ мал жеуден артылмай олардың өмірлері ұзаққа бармады.    Шынын айтсам сауда менің қолымнан келмеді. Әйелім Айша кішкентай сәбиімен отыр. Үш баламыз бар. Не істеу керек? Далбасалап облыс орталығына барып қайттым. Сөйтсем олардың күні де күн емес. Облыс орталығы деген мәртебесінен айырған соң шағын қала өмір сүруін тоқтатқан. Әрі-бері ойланып «Жигулиімді» жақсылап жөндеп астанамыз Алматыға тарттым.    Қарап отырсам мұнда өмір сүруге болады екен. Өмір қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Көтерме сауда базарлары, барахолкалар қаланың әр-әр жерінде ашылған. Бұрын Көкбазар қаладағы жалғыз базар болатын. Біз ауылдың адамдары, тіптен бүкіл қала осы базарға келіп қажетімізді табатынбыз. Тастақтағы әмбебап базар кейін ашылды. Ал мына тәуелсіздігіміздің тұла бойы базардан тұратын сияқты. Тәуелсіздігіміз адамдарды ең бастысы саудаға үйретті. Ала қоржын арқалағандар тіптен қисапсыз көп. Олардың дені ауылдардан. Мен өзім ауылдан болған соң ба оларды бірден танимын. Арасында пысықайлары да жетерлік. Базардың, сауданың жолын дұрыс таңдағандардың ішінен кәдімгідей байып, жанды менсінбей кеткендерді де білем. Негізінен біздің қазақ бар ғой, жаңалықты тез қабылдайды. Мәселен «Ана тіліңді ұмыт, орыс тілін біл! Сонда күшті адам боласың» деген бұйрық түсіп еді, көбіміз қара орыс болып шыға келдік. Енді өмір сүрудің кілті саудада екенін білген қазекеңдер бұл саланы өзбек акалардан артық меңгеріп алды.    Әрқилы заттарды арзан бағаға сататын жерді базаршылар Барахолка деп атап кеткен. Мен алғашында ол жерге жүкші болып орналастым. Сауда жасайтындар негізінен әйелдер. Олар ауыр жүктерін көтере алмаған кездері көмекке біз келеміз. Өзіміздің қоятын бағамыз бар. Кешке дейін кәдімгідей ақша табамыз. Кейін жүкшілер бір-бір арба сатып алып, жүкті сонымен таситын болды. Мен де жинаған ақшама тәп-тәуір арба сатып алдым. Дөңгелектері резеңкемен қапталған. Зат тұратын жердің жан-жағын дәнекерлеушіге айтып қоршатып алдым. Бір қатынағанның өзінде арбама талай жүк кетеді. Неғұрлым көп жүк апарсаң соғұрлым ақшаны көп аласың.    Кешке аяқ-қолым салдырап, бүкіл денем қара тастай ауырлап қарға адым жердегі үйіме әзер жетемін. Арбамды шынжырлап құлыптауды әсте ұмытпаймын. Сыртқы келбетім, бет-бейнем әп-әдемі жігіт едім. Бойым жүз сексен сантиметрден асады. Аққұба келбетті әдеміше жанмын. Қыр мұрын, көзім көгілдір мендей жігіттер аз болған соң ба мектепте де қыздар маған өш болатын. Өз ауылымды қойып көрші ауылдың сұлу қызымен жүрдім. Енді қазіргі жағдайымды сол қыздар көрсе бәрі теріс айналатынына шәк жоқ. Мына жабайы базарда үсті-басыма онша қарамаймын. Жазда футболка, қыста жеңі қырқыла бастаған ескі пальто. Аяқ киімім де жетісіп тұрған жоқ. Дәу, алды добалдай етік. Бұтымдағы джинси ғана тәуір. Бірақ бұл да ескінің көзі. Баяғыда шетел тарихын оқығанда күніне он-он екі сағат жұмыс істейтін құлдар жөнінде оқитынбыз. Сол құл мінеки, жаңа суреттеп өткендей тура алдыңызда тұр. Біздің тарихтағы құлдан қай жеріміз артық? Менің осы құлдық өмірден қоштасуыма қатты ауырғаным себеп болды. Қаһарлы қыс базаршылар үшін өте тиімсіз уақыт. Мәселен арбакештер үшін аяз бір тоңдырса, екіншіден қалың қар мен мұз арбаның аяқтарына тұсау салады. Әсіресе таңнан кешке дейін тұратын әйелдерді аяймын. Мұрындарынан су аққан олардың жұп-жұқа етіктерінің табандарынан өткен суық қайбір оңдырсын. Байқаймын тоңғаннан соң олар арақ-шарап ішеді екен. Содан ба
Тегтер: