15:00, 24 Қараша 2018
«Ertis Olуmpiс» Баландин сынды чемпиондарды дайындайды
Су жаңа бассейн орналасқан нысан облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында бой көтерген.
Бассейннің ұзындығы 50 метрді құрайды. Ал нысанға атау беру мәселесі жергілікті тұрғындардың көмегімен шешілген. Осы орайда жұрттан 20-дан аса ұсыныс түсіпті. Мәселен, су жаңа бассейнді Теңіз, Ертіс, Су әлемі, Aquatika, Алтын балық, Жемчужина, Нұрсу су, Нептун, Ақтолкын, НұрАква, NurAqwaHoll, тағы басқа атау нұсқалары болған. Барлық ұсыныстарды қарап шыққан атқамінерлер болса, ақыры нысанды «Ertis Olуmpiс» деп атауды жөн санапты. -Спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. 16-шы желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік куніне орай ашылуы тиіс. Мереке алдында да ашылып қалуы әбден мүмкін дейді, -Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мамандары. Айта кетерлігі, бассейн трибунасына 300 адам сияды деп жоспарланған. Сондай-ақ, су жаңа нысан іші спортшылармен бірге мұнда келген көрермендер үшін де ыңғайлы болады деп күтілуде. Бұған қоса, нысанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық жағдай жасалынған екен. Кешен аумағы келесі жылы жасыл желекке толы болады дейді шенеуніктер. Бұл үшін биыл күзде пирамидалық теректің 70-тен аса көшеті отырғызылыпты.Жалпы, спорт кешенінің өзі демеушілердің қаражатына салынған. Оның құрылысына 1,7 миллиард теңге ақша жұмсалған. Ал құрылысты өз мойнына алған мердігер компания жұмысты биыл қазан айында аяқтауы тиіс болған. Бірақ, су жаңа бассейннің есігі әлі күнге дейін жабулы тұр. Кейін шенділер нысанның салтанатты ашылу рәсімі – Тұңғыш Президент күні, яғни 1-ші желтоқсанда өтеді деген еді. Енді Тәуелсіздік күніне орай міндетті түрде ашылады деп сендіруде.